ЖЕР ҚАДІРІН БІЛМЕГЕНДЕР

ЖЕР ҚАДІРІН БІЛМЕГЕНДЕР

ЖЕР  ҚАДІРІН   БІЛМЕГЕНДЕР
ашық дереккөзі

Жер шарында тапшылық көп қазір. Су тапшылығы, тамақ тапшылығы, көмірсутегілер тапшылығы, тіпті таза ауа да тапшы бүгінде. Ал ең негізгісі – жер тапшылығы. Осыдан 100 жыл бұрын Жер тұрғындарының әрқайсысына 15 гектардан жер телімі тисе, бүгінде бұл көрсеткіш 2 гектарға қысқарыпты. Есесіне, Қазақстанда әр адамға – 17 гектардан.

Қазақтың асты мен үсті байлыққа толы жерге иелік етуі – Алланың сыйы. Теңдессіз байлық. Әрі «құстың сүтінен басқаның бәрі бар» базардан адамның көңілі қалаған нәрсенің бәрін сатып алуға болар, бірақ жерді сатып алу әсте қиын. Алайда қазақтың бүгінгі ұрпағы Жер Ананың қадірін біліп отыр ма?

Қазақстандағы жер телімдерін тиімді және ұтымды пайдалану мәселесі күн тәртібіне шыққан. Осыған байланысты ҚР Президенті Н.Назарбаев соңғы жылдардағы Қазақстан халқына Жолдауларында еліміздің экономикасын модернизациялау, оның ішінде жер қатынастарын дамытуға қатысты мәселелерді көтере отырып, жерлерге кешенді түрде түгендеу жүргізу туралы Үкіметке арнайы тапсырма берген болатын: «Жер табиғи байлықтармен және жылжымайтын мүліктермен қатар экономиканы көтеріп тұрған киттердің бірі болып табылады». Үкіметке арналған осы нұсқауында Президент пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін, оның ішінде уақытша пайдалануға алған жерлерді пайдаға асыруға құлықты емес азаматтардан жер телімдерін қайтарып алып, айналымға енгізу бойынша кешенді ұйымдық-құқықтық шаралар қабылдау керектігін айтқан. Бұл бабадан балаға мирас болатын құндылық – жерді ысырап етпей, тиімді пайдалануға сеп. Апта басында Мәжіліс үйінде Палата төрағасының орынбасары Қабиболла Жақыповтың басқаруымен «Жер ресурстарын тиімді пайдалану бойынша атқарылатын шаралар туралы» деген тақырыпта үкіметтік сағат өтті. Отырыс барысында баяндама жасаған Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы Қадырхан Отаров: «Біздің еліміз Еуразиялық құрлықтың 272,5 млн. гектар кең аумағын алып жатқанын, жер көлемі бойынша ең ірі он мемлекеттің құрамына кіретіні баршамызға мәлім. Ал еліміздің бір тұрғынына шаққанда 17 гектар, оның ішінде – 1,5 гектар егістік жермен қамтамасыз етілгендігін айта кетуіміз керек. Бұл нәтиже әлемдегі ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі болып табылады. Еліміздің жер қорында барлығы жеті жер санаты бар, бұл оның ел экономикасының қай саласында болса да үлкен әлеуеті (потенциалы) бар екенін көрсетеді. Осы жерлердің тек қана төрт санатының бағалау құны 4,5 трлн. теңгені құрайды. Жер учаскелерін нысанды пайдалану мақсатына сәйкес тиімді меншік иелері мен жер пайдаланушыларға заңнамада белгіленген тәртіпте беру үшін біздің мемлекетімізде барлық жағдай мен мүмкіншіліктер жасалған» дей келе, жер учаскелерін жеке меншікке сатып алу, жердің пайдалану құқығын ауыстыру механизмдері реттеліп, жерді иеленуді жүзеге асыру және оның алдағы уақыттағы тағдырын анықтауға заңнамалық жағынан қамтамасыз ету жүйелері белгіленгенін көлденең тартты. Оның айтуынша, бүгінде 1,5 млн. гектардан астам жер жеке меншікке берілген, ал республика көлемінің 34 пайызын құрайтын 92 млн. гектардан астам жер уақытша жер пайдалану құқығымен тапсырылған.

Елбасының жерді тиімді пайдалануға қатысты нұсқауын негізге алған Агенттік биыл жеке тұрғын үй құрылысына берілген жер учаскелерін түгендеуге кірісті. Анықталғаны, еліміздегі ауыл шаруашылығына арналған жер телімдерінің 5,6 млн. гектары, яғни 71 пайызы игерілмеген. «Егер де жайылымдық алқаптар айналымға енгізілсе, жалпы айналымға енгізілген жер учаскелері саны одан да көбірек болар еді, бірақ жайылымдарды пайдаланудың және оны айналымға енгізудің бірден-бір кедергісі оларды суландыру мәселесі болып отыр. Түгендеу жұмыстарының қорытындысы негізінде, көлемі 14 млн. га жайылымдарда 14 мың суландыру құрылыстарының көздері анықталды, оның тек қана 15 пайызы – жарамды жағдайда, ал қалғандары – қайта құруды, күрделі жөндеуді немесе есептен шығарып тастауды қажет етеді» деп мәлімдеген Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы Қадырхан Отаров еліміздегі су тапшылығы проблемасын қозғады. Осыған байланысты бүгінде «Жайылымдар туралы» Заң жобасы әзірленіп жатқан көрінеді: «Құжатта көрсетілген мәселелерге қатысты қоғамдық қатынастарды реттеу қарастырылады, бұл өз кезегінде жайылымдарға қатысты мәселелерді шешудің басты тетігі болып табылады деп есептейміз».

Қазір Үкімет «Қазагро» Ұлттық хол­дингімен бірге жайылым жерлерді пайдаланудың мәдениеттілігін арттыру мен оның инфрақұрылымын жасау жөніндегі пилоттық және кредиттік жобаларды қарастыруда. Өйткені мақсатты түрде пайдаланылмаған жердің ауқымы тым көлемді. Мәселен бос жатқан жер 108 млн. гектар немесе еліміздің есептегі жер қорының 41 пайызына тең. Олардың ішінде қолайлы табиғи және экономикалық жағдайдағы өңірлерде орналасқан жерлер де бар. Агенттік ауыл шаруашылығы айналымына тиімді тарту тұжырымдамасын әзірлеуді аяқтауға жақын, бұл тұжырымдамамен айналымға ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылмайтын жерлерді ғана емес, сонымен бірге босалқы санатындағы жерлерді де енгізу қарастырылған. Кеңестер Одағы кезінде жердің сапасына қарамай, жаппай игеру белең алған болатын. Қазақ Үкіметі керісінше топырақтың сапасы мен қасиетіне қарай келешегі бар нақты ұсыныстарға көңіл бөлуді қалайды. Ғылыми-негізделген жайылымдар айналымын енгізу үшін геоботаникалық зерттеулер және жерге орналастыру жөніндегі жұмыстардың көлемін арттыру қажет, бұл мәселені республика деңгейінде пысықталып, осыған орай 2013 жылдан бастап геоботаникалық зерттеу жұмыстарының көлемін бірнеше рет арттыру көзделіп отыр. Бұл шаруаның басқа бағыты – ауыл шаруашылығы мақсаттағы жерлерді ұтымды пайдалану жөніндегі іс-шараларды әзірлеу және оларды аумақтарды дамытудың өңірлік бағдарламаларына енгізу.

Қазір Үкімет ауыл шаруашылығын дамытуды басты назарда ұстап отыр. Саланы әртараптандыру мақсатында шаруа қожалықтары және агроқұрылымдарды ірілендіру қолға алынған. Бұдан басқа ауыспалы егістер енгізу жерлерді жоспарлы түрде және тиімді пайдалануға жол ашады, сонымен қатар ол үстіміздегі жылдың наурыз айында күшіне енген Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді ұтымды пайдалану Қағидаларын (ережесін) сақтауға ықпал жасайды. Аграрлық салаға арналған жердің 99 пайызы жалға берілгендіктен, Агенттік жер телімдерін уақытында тиімді түрде пайдаға асыра алмағандардан қайтарып алып, өзге шаруаларға үлестіре бастады. Мақсат – ысырапшылдыққа жол бермеу.

Бүгінде Агенттік Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы жер учаскелері және олардың субъектілері туралы мәліметтер банкін өңдеу және жинақтап жүргізу, сонымен қатар басқа да жер-кадастрлық ақпараттарды электронды түрде жүргізуге кіріскен. Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі республикалық деректер қорында 4,5 млн. жер қатынастары туралы мәліметтер бар. Республикалық орталықтың интернет-сайты арқылы 606 мемлекеттік органдар мен мекемелердің пайдаланушыларына республикалық деректер қорына кіру мүмкіндігі берілді және де оны он-лайн режимінде алу мүмкіндігі жүзеге асырылған. Сонымен қатар «Электрондық үкімет» аясында жеке және заңды тұлғаларға 4 түрлі қызмет көрсетіледі. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және бизнес-үдерістерді оңтайландыру мақсатында, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 2013-2014 жылдары жер учаскелеріне құқықтарды рәсімдеу бойынша мемлекеттік қызметтерді электронды түрде көрсету, 2013 жылдары сәйкестендіру құжаттарын рәсімдеу және беру жөніндегі қызметтерді көрсетуді автоматтандыру жоспарланып отыр.

Агенттіктің маңызды міндеттерінің бірі мемлекеттік шекараны делимитациялау мен демаркациялауды геодезиялық пен картографиялық жұмыстармен қамтамасыз ету болып табылады. Қазақстан Республикасының шекаралас 5 мемлекетпен құрлықтағы шекарасының жалпы ұзындығы 13349 шақырым құрайды. Бүгінгі таңда аталған мемлекеттермен Мемлекеттік шекара туралы келісімшарттарға қол қойылған және олар ратификацияланған. Қытай Халық Республикасымен шекараны демаркациялау аяқталған және ол ратификацияланған, Ресей Фе­дерациясымен, Өзбекстан және Қырғыз Республикаларымен далалық жұмыстар қорытындысы шығарылып, демаркацияның қорытынды құжаттары дайындалуда. Түркіменстанмен де­лимитация туралы келісімшарттарға қол қойылды, демаркация жұмыстары бойынша далалық жұмысқа оның қорытынды құжаттары дайындалуда.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ