КӨШІ-ҚОН САЯСАТЫН ӨЗГЕРТУ ҚАЖЕТ

КӨШІ-ҚОН САЯСАТЫН ӨЗГЕРТУ ҚАЖЕТ

КӨШІ-ҚОН САЯСАТЫН ӨЗГЕРТУ ҚАЖЕТ
ашық дереккөзі

Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы шеттегі отандастарды қабылдаудың жаңа саясатын қолға алу қажеттігін айтады.

«Халықтың көші-қоны» туралы Заңда этникалық қазақтардың көші-қоны Қазақстанның шетелдегі елшіліктері арқылы ұйымдастырылады» деп жазылған. Бірақ содан бері қанша уақыт өтсе де, арнайы қосымша штат та, қосымша қаржы да бұл мәселеге арнап бөлінген жоқ. Сол себепті де, тез арада Қытайда, Үрімшіде, Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында, Өзбекстанның Ташкент және Нөкіс қалаларында көші-қон өкілдіктерін ашу қажет», – деді сенатор ҚР Премьер-министрі Серік Ахметовке жасаған депутаттық сауалында. Сонымен қатар, депутат атажұртқа қоныс аударушы қазақтардың мүліктерін кедендік алым-салымдардан босату қажеттігін сөз етті.

Сонымен қатар, Мұрат Бақтиярұлы Қазақстанмен арнайы зейнетақы төлеу жайында келісім-шарт жоқ мемлекеттерден оралған оралмандарды ең төменгі зейнетақымен қамтамасыз етуді және азаматтығын алып үлгермегендер үшін талап етілетін тұрақты тіркеуді алып тас­тауды ұсынып отыр. Сондай-ақ, ол Израиль мен ФРГ тәжірибесіне сай Көші-қонның ұлттық қорын құруды ұсынады.

«Іргеміздегі Ресейде миллионға жуық қазақ өмір сүреді. Бірақ онда бір ғана қазақ мектебі бар. Қытайда қазақ тілінде білім беретін 400 мектеп болғанымен, соңғы жылдардағы қытайландыру саясатының үрдісімен ондағы білім беру тек қана қытай тілінде жүргізіле бастады, туысқан Өзбек елінде қазақ мектептерінің жартысынан астамы жабылды. Қалғандары аралас білім беретін орындарға айналды. Мұның соңы шетелдерде тұратын қандастарымыз 15-20 жылда қазақы менталитетінен жұрдай болмай ма деген күдікке итермелейді. Оралмандарды баспанамен қамтамасыз ету ісі де бүгінгі жағдаймен сәйкес келе бермейді. Отанына оралғандардың тең жартысынан астамының баспанасыз жүргені де сол себептен. Сол себепті де, оларды баспанамен қамтамасыз етудің басқа амалдарын ойластыру қажет. Оралмандарды орналастыруда оларды қабылдайтын аймақтардың да нақты сұранысы ескерілмейді. Мәселен, Маңғыстау облысына Түркіменстаннан оралған қазақтардың 79 пайызы орналасты. Кейбір жағдайда оларды шоғырландыра орналастыру әлеуметтік жағдайдың шиеленісуіне жол беруі де мүмкін. Сондықтан әр аймақтың мамандарды қабылдау мүмкіндігі де ескерілгені жөн» деп алаңдаушылық білдірді.

«Түркістан-ақпарат»