ИРАН ҚАЗАҚТАРЫ

Иранның этнограф ғалымы Мансур Киайдың «Иран қазақтарының салт-дәстүрлері» атты кітабы таяуда «Орхон» Баспа үйінен жарық көрген еді. Кітапта тағдырдың жазуымен кезінде сонау Маңғыстау жерінен парсы еліне қоныс аударған қазақтардың тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрі жан-жақты сөз болады. Бұл жағынан еңбектің ғылыми ғана емес, танымдық, тарихи деректік те мәні зор екенін атап шыққан жөн.

Кітапты парсы тілінен аударған – Нияз Тобыш, баспаға әзірлеген – өлкетанушы Отыншы Көшпайұлы.

Төменде осы кітапқа жалпы шолу түрінде берілген алғашқы тарауды оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Бұл кітап 1977-1983 жылдары жүргізілген зерттеу жұмыстарымның нәтижесі. Адай қазақтары өзге қандастары сияқты тағдырдың маңдайларына тап қылған ауырт­па­лықты көп көріп, аумалы-төкпелі заманды бастан кешірген. Иран жеріне келіп табан тіреген қазақтар туралы мен көптеген сапарлар барысында олардың өмірі туралы біраз деректер жинадым. Маған риясыз қол ұшын берген білікті досым Тойжан Бабық арқылы екі дәптерде жинақталған қолжазбалар болатын. Өкінішке орай әртүрлі жағдайларға байланыс­ты мен үшін өте құнды болып есептелетін, алтынға айырбастамас сол дәптерлердің бірі жоғалып қалды. Іздестіруден қорытынды шықпады.

Қазақтардың сенімдері мен мәдениетінің ерекшеліктерінің бір бөлігіне назар аударар болсақ, олардың тілі бөлек, дәстүрі өзгеше жерде ғұмыр кешсе де ата-баба дәстүрін сақтаудағы жанталасын көруге болатын шығар. Бір кездері көптеген қауымдар, елдер арасында символдық тілдің белгілері болып саналатын элементтер уақыт өте келе ұмытылғанымен, қазақтар арасында әлі күнге дейін сақталып келеді.

Символ дегеніміз белгілі бір нәрсені өз қалпынан өзге, жанама сипатында көрсетуден туатын эстетикалық категория. Бұл сипаттама шындығында онша анық болмауы да мүмкін. Эрик Фрумның пайымда­уынша сезімге байланысты символдар, мысалы: көру, есту, иіскеу, тату және сипап-білу өзге бір нәрсені көрсету үшін пайдаланылады. Бұл символдар егер белгілі бір сезімдік тәжірибелерді немесе адамның ішкі жан дүниесіндегі сезімін көрсету үшін немесе белгілі бір ойды жеткізу үшін пайдаланылса, сонда ол қызықтырақ болады. Мұндай тілде ішкі сезімдік тәжірибе осы сезімдік символдармен байланыста болып оны көрсететін болады. Этнограф үшін маңызды нәрсе осы символ мен ол символдың көрсететін нәрсесінің арасындағы арнайы байланыс болып келеді. Сондықтан да бұндай символдар үш топқа бөлінеді: белгілі танымал (кәдімгі) символдар, кездейсоқ символдар және қауымдық символдар.

Сәбиді белгілі бір жоралғылармен бесікке салғанда, бесікке қары қайтқан, елге сыйлы қадірлі әйел мініп алып: «Жүйрігім, алға тарт, өмірге қарай тарт! Аттай шап, адаспай тап!» – дейді. Ол сиқырлы әрекетпен осы символдық тілмен сәбиге атқа мініп, құйындата шабуды жеткізіп жатыр. Болашаққа деген сенім жатыр.

Қазақ әйелдерінің киім киюінде де символдық тілдің әсерін айқын көреміз. Қыздар кәмелетке толмаған, әлі бойжетпеген уақыттарында шаштары бос күйінде ашық, ал бойжеткесін шаштарын өреді де арқасына жібереді. Қызыл мақпалдан тіккен бөркін әртүрлі жазба, күміс теңгелермен әшекейлеп киіп жүреді, яғни қыздың өмірдің бір кезеңінен екінші кезеңіне қадам басқанын көргендер біледі (сезеді), әрі оның бойжетіп қалғанын біледі. Қыз айттырылғасын, шаштары екі бұрым болып өріледі де алдына, төсінің үстіне жіберіліп қызыл орамал, шарқат тағады. Қыз бала келін болғасын, енді оның киімінде өзгешелік болады. Басындағы орамалдың да түсі өзгереді. Тұрмысқа шыққан әйел адам, өрнектелген әшекейленген жиектері жоғары қаратылған ақ орамал тартады. Әйел бала көтеруден қалғасын, дәлірек айтқанда, жасы келгесін жиегі жоқ ақ орамал, жаулық тартады.

Күйеуі өлген жесір әйел бір жылға дейін жаңбырдан қорғанғандай бешпетін басына жауып жүреді, әрі көйлегінің соңғы ілгегін ағытып қояды.

Эрик Фрум өзінің «Ұмытылған Тіл» кітабында: «Әйелдердің киім-кешегі, олардың жас шамасын көрсететін қасиеттен айрылғанына жүздеген жыл болды», – дейді. Алайда Шығыс елдерімен қатар Еуропаның біршама елдерінде ежелден қалған «Қызыл бөрікті» ертегісінде сақталғанындай: қыздың қызыл бөркі оның бойжетіп қалғанының символы.

Қазақтардың сенімінде жаңа туған бала, мінез-құлқы мен қабілеттілігін әке-шешесінен емес, туған бойда жерден көтеріп алып үш рет «өзімдей бол» деп аузына түкірген әйелден мінез-құлқын, ал тұсауын кескен әйелден жүріс-тұрысы мен қабілеттілікті алады дейді.

Бала қырқынан шыққанда тырнағын алған адамның қолының ептілігі балаға дариды деп есептейді. Маған жолыққан аналардың бірі: «дәнекерші-механиктен шеберлігі балаларыма жұқсын деп, қырқынан шығарда олардың тырнағын ал деп өтіндім», – деген еді.

Тұсаукесерде де баланың тұсауын пысық адамға ырымдап қайшымен қидырады.

Келін, күйеу үйіне кіріп келе жатқанда, туған абысындарының бірі түрме белбеуін белінен шешіп алып оның беліне байлайды, қолтығын сүйейді, бұл болашақта оған көмектесемін дегені.

Осы салттардың әрбірінде өмірдің бір деңгейінен екінші деңгейіне өту деген белгі болса, кейбірінде аңыздардың ізі жатқанын байқауға болады.

Бекет Ата Иранға барған кіші жүз қазақтарының құрметіне ерекше бөленген жан, ол кезінде Хиуа жерінде оқып, үлкен ғұлама пірден тәрбие алып, асатаяққа иә болады. Бұл – оның керемет әулиелігінің, көріпкелдігінің белгісі. Иран жерінде болған Шалмағанбет те пір ұстазынан аса таяқ алып керемет иесі болған адам.

Бұдан отыз жыл бұрын қазақтардың салт-дәстүрлері мен сенім-нанымы туралы, «беташар», «жылау» және басқа да дәстүрлерін жазуда маған көптеген адамдар көмектесіп білгенін айтумен болды. Кәзір олардың көбі өмірден өтті. Түгелбай, Мұқан, Үргешбай, Темірбай сияқты бірте-бірте ұмыт болып бара жатқан өз халқының салт-дәстүрлеріне жаны сыздап ауыратын, ақ ниетті адамдарды Алла алдынан жарылқасын деп тілеймін. Сондай-ақ ардақты Тойжан Бабық, Хажы Мұхаммед Шадкам, Ислам Жеменей мен қадірлі қарындасым Жәмилә Түгелбайқызына денсаулық пен табыс тілеймін.

ТАРИХ ПЕН КӨШ

Қазақ деген сөзге байланысты мағыналар көп, жауынгер, қашаған, еркін жұмысшы, бағынбаушы, шекарада отырықшы… (Мосаһеб энциклопедиясы 2-том, 2046). Романовтар әулеті қазақтар (казактар?) күшімен орнады делінеді. Олар Польша мен Оттомандарға (Осман) қарсы соғыста орыстарға көп жәрдем берген. Ұлы Петр оларды жинап әскери күш құрған. Осы әскери құрамға қатысқан адамдар қазақтар деп аталған. Насереддин шаһ Каджар сапарларының бірінде Кавказ бен Ереванда болып орыстың казактарының тәртібі мен киімін ұнатқаны сонша, Иранға оралған бойда өзінің арнайы күзетіне казактар тобындай топты жасақтауды бұйырады. Бұл кейін Иранда «Казак бригадасының» құрылуына мұрындық болады. Алайда Қазақстанда орыстар, украиндықтар және өзбектермен бірге тұрған жергілікті қазақ халқы, XIII ғасырда жерлері Монғұл тарапынан жаулап алынып олармен бірігіп кетеді. Олар мал шаруашылығымен айналысып Қазақстанда тұра береді.

Бай қазақтардың мыңдаған жылқы, қойы болып, ұлан далада емін-еркін көшіп-қонып жүрген. Олардың біршамасының көшіп-қонуы бірте-бірте азайған, бірсыпырасы 19 ғасырда ауылшаруашылығымен айналысқан. 1917 жылғы Ресей жерінде болған төңкерістен кейін жаңа өкіметтің қудалауына ұшыраған дәулетті қазақтар бас сауғалап, қолдарынан келгендері малын алып Қытайға, Ауғанстанға, Түркияға босқан да, қалғандары жаңадан ұйымдасып жатқан колхоздарға кіріп, жұмыс жасаған.

Кеңес Одағындағы экономикалық реформалар Орта Азияда 1925 жылдан басталып, Қазақстандағы қазақтардың тағы да басқа елдерге көшуі басталды. Бұл жолы олардың біршамасы көрші елдерге: Ауғанстан, Түркіменстан мен Иранға қоныс аударды.

Орынсыз қудалау мен алым-салықтың көбеюіне шыдамаған Маңғыстауды мекендеген Адай рулары 1925-1932 жылдар аралығында Иранның Күмістөбе мен Саллақ аталатын түркімендер мекендеген жерге өткен. Олар басында жолында тап болған, кез келген ауылдарда шашырап отыра берген. Бірақ алдын болжай білетін, көпті көрген ақсақалдар, әсіресе Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы сияқты терең білімді ғұламалар қалың парсы мен түрікмен жерінде отыра берсе, көп ұзамай-ақ өздерінің ұлттық болмысын жоғалтатынын білді. Үлкен діни қайраткер, Үндістанның Бомбей қаласындағы университетті геология мамандығы бойынша бітірген Оразмағанбет те Кеңес өкіметінің қудалауына ұшырап, Иранға қоныс аударған. Ол сол кездегі Иран патшасына хат жазып, қандастарының бір жерде шоғырлануы керек екенін айтқан. Сөйтіп қазақтардың Горган, Гонбед Кавус және Бендер шаһ (қазіргі Бендер Түркмен) атты үш қалаға жиналуына ықпал жасаған. «Қазақ ауылдарын» немесе «Қазақ Мохәллесін» құрған.

ГОРГАН

Горган қаласы – қазіргі Иран қазақтары орналасқан Гүлстан облысының орталығы. Ол солтүстіктен Аққалаға, солтүстік батыстан Бендер Түркменге, шығыстан Гонбед Кавус пен Алиабадқа, оңтүстіктен Семнан облысына, оңтүстік батыстан Мазандаран облысы мен Бехшахр қаласына шектеседі. Бұл қала 36 градус пен 50 минут солтүстік ендік пен 54 градус пен 25 минут шығыс бойлықта Шаһ куһ баурайында орналасқан. Теңізден биіктігі 120 метр, ауа райы қоңыржай климат әрі ылғалды.

Горган – Иранның солтүстігінде орна­ласқан ескі қалалардың бірі. Пехлеви тілінде «Вуркан», ал Авеста тілінде «Веһракане» және «Һирканиа» деп аталған, кейін «Джорджан» деп аты өзгерген. Мұсылмандар Хорасаннан кейін Горганды жаулап алған. Бұл қала Зиарид әулеті кезінде дами бастаған. Алайда Зиаридтер билігі күйрегеннен кейін осы әулет пен Буйе әулеті арасында болған соғыстар зардабынан бірте-бірте маңыздылығын жоғалтып, тәуелсіз болғанымен Хорасан аймағы болып саналған.

Моңғол шапқыншылығынан кейін Иранның ел басқару жүйесіндегі өзгерістерге байланысты Горган Мазандаран аймағына еніп, әйгілі Жібек Жолы бо­йында орналасқандықтан ерекше маңызға ие болған.

Қала Ақсақ Темір шапқыншылығында жермен-жексен болған. Алайда Сефевидтер дәуірінде қайтадан гүлдей бастайды. Хазірет Алидың (р.з.) ұрпақтарының бірі атақты «Гур-е сорх» (Қызыл молада) жерленгендіктен Сефевидтер кезінде бұл қала «Даролмо’менин» (Діндарлар үйі) деген атаққа ие болған.

Қалада сондай-ақ Сельджуктар дәуірінен қалған «Мәсджед-е джамэ» немесе Жұма мешіті мен «Мәнарэ Горган» (Горган Мұнарасы) әлі күнге дейін бар. Мұнара кірпіштен соғылған, үстінде Куфи жазуымен жазылған эпиграфия бар.

1996 жылы жүргізілген санақ бойынша, қала тұрғындарының саны 188710 адам.

Зиярат атты өзен қаланы кесіп өтіп Горган өзініне қосылады да, Каспий теңізіне құяды. Қаланың көрікті жерлері: Наһархоран орман паркі, Әләнг дәрре паркі, Зәнгу сарқырамасы мен бұлағы, сондай-ақ ағаштан жасалған тарихи мұнарасы бар «Мәсджед-е джамэ». Күні бүгінге дейін халық арасында аңыз болып айтылатын Адай аруы Ақбөбектің жерленген жеріне кезінде имамзада Абдолла, имамзада Нұр және Хазірет Аболфазл сияқты әйгілі адамдардың табаны тиді.

Мұндағы қазақтар саны шамамен 180 отбасы болады.

ГОНБЕД КАВУС

Гонбед Кавус қаласы солтүстіктен Түркменстанға, шығыстан Боджнурдқа, оңтүстіктен Шаһрудқа, батыстан Горганға шектеседі. Бұл қала 37 градус пен 15 минут солтүстік ендік пен 55 градус пен 10 минут шығыс бойлықта, жазық қырда орналасқан. Теңізден биіктігі 150 метр, ауа райы жазда ыстық, ал қыста қоңыржайлы климат. Іргесінен Этрек пен Горган өзендері ағып жатыр. Маңызды тарихи орындары Туранг тәппе, Ярим тәппе, Шаһ тәппе мен Тохмақ тәппеде орналасқан. 1931 жылдары жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде неолит, қола, сондай-ақ Сасанидтер дәуірінен көптеген жәдігерлер табылған. Осыдан қаланың тарихы тым әріден басталатынын көруге болады.

Бұл қала «Зиарид» әулеті кезінде жақсы дамыған, кірпіштен қаланған Гонбед Кавус -Ғабус немесе Кавус күмбезі де осы қалада. Ол Шамсолмоали Ғабус Вошмгир кесенесі, қабірі. Ғалымдардың зерттеуі бойынша бұл IV ғасырда (һижра қамари жылы бойынша) салынған. Бұл кесенеде екі жол Куфи жазуымен жазылған эпиграфия бар.

Қаланың тұрғындарын негізінен түр­кімендер құрайды, 1996 жылы жүргізілген санақ бойынша қала тұрғындарының саны – 111253 адам. Қазақ ауылында тұратын отбасылар саны – шамамен 150.

Қаланың көрікті жерлері: Ширабад сарқырамасы мен Дәләнд орман паркі.

БЕНДЕР ТҮРКМЕН

Бұл қала Горган қаласының 36 шақы­рымдай батысында теңіз жағасында ор­наласқан. Солтүстік шығыстан Аққалаға, солтүстіктен Түркмен қырына, оңтүстіктен Кордкуйға, батыстан Каспий теңізімен шектеседі.

Қала 1927 жылы түркімен руларының (тайпаларының) шабуылына қарсы тұру үшін Реза шаһ Пехлеви кезінде тұрғызылып, Бендер шаһ (Шаһ порты) аталған. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде салынған темір жол арқылы бұл қала Иранның басқа жерлерімен байланысады. Түркімен тайпаларының орналасуы, жалпы темір жолға қосылу, жүк тасымалдау айлақтарының іске қосылуы, порттың тыныс-тіршілігі, үкіметтік ғимараттардың тұрғызылуы, сондай-ақ инфрақұрылым қаланың өсу-дамуына себепкер болған маңызды жайлар болып есептеледі.

1996 жылы жүргізілген санақ бойынша қала тұрғындарының саны – 38782 адам. Қазақтар екі ауылда тұрады. Солтүстік ауылда 100, ал оңтүстікте 80 отбасы тұрады.

ҚОНЫС АУДАРУ

…Маңғыстау – ойың шұқыр, қырың биік,

Қалайша кете алармын көзім қиып.

Жат жерге сені тастап кетер болсам,

Көзімнің жүре алмаспын жасын тыйып.

ТАСТЕМІР

Жоғарыда айтылғандай туған жерінде жаңадан орнаған үкіметтің қысымына шыдай алмаған Адай қазақтарының 500 отбасы бірте-бірте қозғала отырып алдымен Түркіменстан жеріне тұрақтайды. Бірақ ол жерде де тыныштық болмайды. Қолы ұзын үкімет оларды қудалап, түрмеге қамайды, зорлап кейін көшіреді. Жеті жылдан соң Иранның солтүстік шекарасынан өтіп, Горган қаласының Зиарат өзені жағасына келіп орналасады. Жол үсті малдарынан, көптеген адамдарынан айрылған халықты бұл елде қиын жағдай күтіп тұр еді. Бұрын бар күнелтісі мал болған, егіншілікпен айналыспаған қазақтар амалсыздан тап болған қара жұмысқа кіріседі. Олар сол кездегі Горган қаласынан жан-жаққа тартылып жатқан жол жұмыстарына күнделікті ақы алушы жұмысшы ретінде жалданады. Ауыр жұмыс, дұрыс тамақтанбау, жаңа ортаның ауа райына бейімделе алмау салдарынан адамдар көп шығынға ұшырады, дәлірек айтқанда сол кезеңдері әрбір он адамнан алтауы өлген.

Үлкендердің айтуына қарағанда адамдар кәрі-жас демей, алдымен қызуы көтеріліп, қарындары қабынып бірнеше күннен кейін өле берген. Дәрігерлер біршама уақыт өткеннен кейін барып ауа райының жақпауы осындай жаппай өлімге себепкер болып жатыр деген тұжырымға келеді. Адамдар басқа жаққа көше бастайды. Өлім-жітімі көп болған топ Бендер Түркменге, енді бір тобы Гонбед Кавусқа көшіп, оған күйі келмегендер Горганда отыра береді.

Түрлі аурулардан аман шыққан қазақтар тағы бір қасіретке тап болады. Маңғыстаудың кең даласына үйренген әйелдердің жат жерге үйрене алмағаны сондай, олар жаңа ортада бала көтеруден де қалады. «Қасіреттің үлкені осы болды. Өміріміз тоқтап қалғандай сезіндік. Өмірге келген жас нәрестенің дау­сы тірі екеніңді, ертеңге деген үмітіңді білдіреді екен» деп еске алатын адамдар. Босып барған қазақтар ортасында бес жылға дейін ешкім бала көтермейді. Одан кейін 3-4 жыл өтіп перзентті болғандардың да қуаны-

шы ұзаққа бармады. Өмірге келген нәрестелер бірінен соң бірі шетіней береді. Иранда он жыл тұрып жаңа ортаға әбден бейімделгесін барып өмір өз қалпына түседі. Тағдыр қасіретті көп көрген, туған жерінен жыраққа кеткен адамдардың көз жасын көргендей болды. Бірте-бірте қазақтар саны өсе бастайды.

Мансур КИАЙ

Back to top button