ҚҰРБАН АЙТ: ЫРЫС ПЕН ЫНТЫМАҚ

Құрбан айт – ұлық мереке. Аллаһ Тағала қоштап ұнатқан қадірлі күн. Ибраһимнің (а.с.) игі жолы, Мұхаммедтің (с.а.с.) мүбарак жолы қайта жаңғыратын жаңару күні. Сондықтан бұл мейрамның біз үшін орны орасан.

Ынтымақ болса, ырыс келеді. Ынтымақ болса, бақ қонады. Ынтымақ болса, тамақ тоқ, көйлек көк. Құрбан айт күндеріндегі ынтымақтың да, ырыстың да асып-тасқанын көз көрді, құлақ естіді. Мұның өзі Қазақстандағы тыныштықты, татулықты тағы да айшықтай түсті.

Айт деген араб сөзін еш жатсынбай сол күйінде ділі мен тіліне енгізгеніне дана қазақтың ислам дінін бұлжытпай қабылдап, парыз бен сүннетке сақтық танытқанын көреміз. Әрбір сөзі мен ісі, күнделікті тұрмысы, жүріс-тұрысы, тіпті киім киісі шариғаттың өзі болған екен…

Кеңестік қыспақтың кезінде де қасиетті Құранды қастерлеп төрге ілді. Ораза айтты да, Құрбан айтты да өзара тойлай білді. Жылда үйді-үйге айттап, айттық беріп, айттың шәйін ішіп жүретін үлкен-кіші кісілерді бала кезден көріп өстік. Құдайға шүкір, жаратылыстағы тазалықты, ділдегі ниетті қанша тырысса да атеистік пиғылдағылар түбегейлі жоқ қылып жібере алмады. «Асылды тот баспайтынның» тағы да куәсі болдық. Ақ жүрек, ақ көңіл қазақтың ақ ниеті азаттықтың ақ таңында жарқырап жүзеге асты. Айт кешегі иісі мұсылман тойлаған сипатта қайта жандана бастады.

Тарихқа үңілсек, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) Мәдинаға қоныс аударып келген уақытта жергілікті халықтың бұрыннан атап жүретін екі мерекесі бар екен. Пайғамбарымыз (с.а.с.) сұрастырса, олар жәһилиядан бері осы күндері көңіл көтеретіндіктерін айтыпты. Сонда Хазіреті Пайғамбар: «Аллаһ Тағала бұл мерекенің орнына одан да артық екі мейрам сыйлады, олар: Ораза айт пен Құрбан айт», – деп, ендігі жерде мұсылмандардың мерекесі осы екеуі екендігін түсіндірді.

Кезінде Ибраһим (а.с.) пайғамбар сүйікті ұлының құрбандықтан аман қалғанына қуанып, құрбандыққа мал сойып, осы күнді мерекелеп, Аллаһқа сансыз шүкір айтқан.

Ал, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.а.с.) «Кәусар» берілгендігін әрі сол үшін шүкір ретінде намаз оқып, құрбандық шалу арқылы осы күнді атап өту керектігін аят арқылы білдірген. Міне, Құрбан айттың негізінде осындай ғибратты оқиғалар жатыр.

Халқымыз Құрбан айтты барын салып тойлағанын білеміз. Сол үрдіс кешеден – бүгінге, бүгіннен – ертеңге үзілмей жете берсін, иншаллаһ! Тар заманда да, зар заманда да даналарымыз, қол бастаған батырларымыз, сөз бастаған ақындарымыз, ағартушы арыстарымыз иманынан айырылмауға, салт-дәстүрінен жаңылмауға нартәуекел еткен. Солардың бірі – көрнекті қоғам және дін қайраткері Сәдуақас Ғылмани (Сәкен халпе) «Құрбан айт» өлеңінде (1931 жыл, 28 сәуір):

«Көпшілік қызықтаумен күлетін күн,

Діншілдер Хаққа көңіл бөлетін күн.

Мол ойлы, ғибрат көзді милы адамдар,

Көп олжа бұл байрамнан көретін күн», – деп, айттың теңдессіз мейрам екенін жеткізген.

Айтқандай Құрбан айтты адамзаттық мереке десек, артық айтқандық емес. Алайда әртүрлі жағдайлар Ақиқаттың бетін көлегейлеп, әлі де болса, көп нәрсені шын мағынасында ұғынуға жол бермеуде. Біз әрдайым жақсылықты алдан күтетіндіктен, түптің түбінде бұл мейрамның адамзаттық, дүниежүзілік деңгейге көтерілетініне сенеміз, иншаллаһ! Әзірге азға қанағат етеміз. Еліміз егемендік алғаннан кейін ғана ұлттық, діни құндылықтарымыз қанатын жая бастады. 2005 жылғы 28 желтоқсанда Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы» Заңға толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын қабылдаған-ды. Содан соң барып мұсылмандардың Құрбан айтының бірінші күні елімізде ресми түрде демалыс күні болып жарияланды.

Сөйтіп жыл өткен сайын Құрбан айттың тойлану дәрежесі де көтерілді. Мемлекеттік мереке ретінде мерейі артты. Ұлт пен ұлыс назар аударып, айттың мән-маңызын ұғына бастады. Елбасымыз Н.Назарбаев айтқандай: «Бөлінуге емес, бірігуге шақыратын, тілегі бір, ниеті ортақ, бейбітшілік пен келісімге үндейтін мейрам» екеніне көз жеткізді.

Өресі биік Құрбан айттың өрісінің кеңейгеніне өзіміз де, өзге де қуанып жатқан жайымыз бар. Оны Құрбан айт кезіндегі басқа дін өкілдері мен өзге ұлт өкілдерінің құттықтауларынан да байқадық. Митрополит Александар, христиан католигі Томаш Пэта, Ватикан елшісі, православ дін басшысы, т.б.: «Құрбан айт ортақ мерекеміз!», «Тату өмір сүріп жатқан қасиетті шаңырақ», «Бейбіт өмір сүруді қолдайтын ел», – деп мұсылман елімізге ризашылықтарын білдірді. Кәріс ұлты өкілінің қазақ тілінде сөз сөйлеп, Құрбан айтпен айрықша құттықтап, «Құрбан айт – қасиетті мейрам!» деуі де үлкен мойындау.

Бірлік пен ізгілік, татулық, қайырымдылық мен меймандостық мерекесі болған бұл айт туралы айтар әңгіме көп.

Осы орайда ҚР Парламеті Мәжілісінің депутаты Розақұл Халмұрадовтың: «Құрбан айт кезінде еліміздегі өзге дін өкілдері де мерекелік көңіл-күйді сезініп, сол күнді ерекше атап өтетініне куә болып жүрміз. Бұл – еліміздегі дінаралық келісімнің бір көрінісі. Әрине, олар мешітке бармаса да, мұсылмандарды көрген кезде құттықтап, игі тілектерін арнап жатады. Бұл – нағыз бейбітшіліктің белгісі.

Елбасымыздың Құрбан айтқа мем­лекеттік маңыз берудегі мақсаты да осы мамыражай тіршілік болғаны анық.

Сондықтан Құрбан айт мерекесін тек діни сипатта ғана атап өтпей, ел бірлігін нығайтуға, азаттығымыздың айбынды болуына пайдалануымыз керек. Ол үшін бұл күннің мән-маңызын кеңінен насихаттап, діни рәсімдермен қатар ұлттық құндылықтарымызға да көңіл бөлгеніміз жөн», – дегені өте орынды.

Қазақстан мұсылмандары діни бас­қармасы және оның қарамағына кіретін Алматы, Астана қалаларындағы, барлық облыстардағы мешіттердің Құрбан айтқа үлкен дайындықпен келетіні айтпаса да түсінікті. Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі дәстүрлі мерекелік құттықтауын жолдады.

Еліміздегі барлық мешіттерде Құрбан айт жоғары деңгейде тойланды. Құрбандықтар да қомақты болды. Мешіт аулаларында, асханаларында арнайы дастарқан жа­йып, қонақтарға құрмет көрсетті. Осындай игі істі Алматы қаласындағы «Таугул-3» мешітінің Бас имамы Дәуренбеков Орынбасар Орынбекұлы бастаған ұжым бар ынта-шынтасымен атқарды.

Алматы уақытымен сағат 8-00-де «Таугүл-3» мешітінде Құрбан айт намазы оқылды, Айт намазынан кейін мешіт ауласында құрбандықтар шалынып, қазан-қазан ас дайындалып, қонақтарға таратылды. Құрбан айт күндеріндегі сойылған мал еттерін кедей-кепшік, пақырларға, жетімдер үйлеріне, т.б. үлестірді. Бас имам Орынбасар Орынбекұлының арнайы тапсырмасымен дайындалған «Құрбан айт құтты болсын!» деп, өрнектелген жазулары бар халал торттар бірқатар адамдарға сыйлық ретінде жеке-жеке ұсынылды. Бұл – ұлық мейрамның келбетін аша түскен ерекше сый еді.

Ал Астанадағы жаңа мешіт «Әзірет Сұлтанның» алғашқы Құрбан айт намазына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Бас мүфти Әбсаттар Дербісәлі және 15000-ға жуық адам қатысты. «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы, наиб мүфти Қайрат Жолдыбайұлы Құрбан еттерінің Астана маңайында орналасқан ауылдағы адамдарға табысталғанын атап өтті.

Облыстарда да айтулы мереке жыл­дағыдан ауқымды тойланды. Алматы облысы Ескелді аудандық мешіті де бұл жолы аянып қалмады. Осы мешіттің Бас имамы Болат Сағынғалиұлы жамағаттың, халықтың айт күндеріндегі көңіл-күйінің көтеріліп, шат-шадыман болуына атсалыс­ты. Құрбан еттерін тиісті адамдарға таратты.

Міне, бұл көріністердің бәрі елімізде биылғы Құрбан айт мемлекеттік деңгейдегі үлкен тойға ұласқанын көрсетеді. Ұлт пен ұлыстың мұсылмандармен қоса қуанып, ағынан жарылуы да ынтымақ пен берекенің Отаны екенімізді аңғартты.

Сөйтіп еліміздегі мұң-мұқтаждар, па­қыр-міскіндер, кедей-кепшіктер қызыл­сыраған аңсарларын басып, шала байыса, бай-бағландар, шамасы жеткендер құрбандық малдарын шалып, Жаратқанның бұйрығына құлақ асты. Жекелеген адамдар өз үйлерінде құрбан шалып, туыс-туған, көрші-қолаң, дос-жаранға сыйға беріп, қонаққа шақырысты. Нәзира мен Сейітжан, Айтжан достарым да жылдағы дәстүрлерімен құрбан шалып, басымызды бір дастарқанда тоғыстырды. Сөзімізді Президент Н.Назарбаевтың тілегімен аяқтайық: «Тілегіміз Алла алдында қабыл болып, барлық ниетіміз орындалып, бұл дүниеде де, о дүниеде де жүзіміз жарқын болсын! Құрбан айттан – Құрбан айтқа аман-есен жетейік!»

Күлпара ЖҰМАҒАЛИ

Back to top button