Жаңалықтар

ИСЛАМДЫҚ ИПОТЕКА – ҚАЗАҚ НАРЫҒЫНДА

ашық дереккөзі

ИСЛАМДЫҚ ИПОТЕКА – ҚАЗАҚ НАРЫҒЫНДА

Оңай әрі жеңіл жолмен күректеп пайда табуды көздейтін пайыздық мөлшерлемеге исламдық банкинг қарсы. Ол тұтынушыларына төнуі мүмкін қауіп-қатерді бірге бөлісуді қолдайды. Ал жуырда қазақ нарығына енетін исламдық ипотекалық жүйе отандастардың баспанамен қамтылуына жағдай жасамақ.

Қауіп-қатерге бой ұрмайтын исламдық банкинг қазақ нарығына дендеп ене бастады. 2012 жылдың қазанында Ислам Даму Банкінің Президенті Ахмад Мохаммад Әли әл-Маданимен кездескен ҚР Президенті Н.Назарбаев Банкпен деңгейлес серіктестікке және Қазақстан экономикасына көрсетіп отырған қолдауына көңілі толатындығын жеткізген: «Біз өзара ынтымақтастықты жалғастыру мүддесін көздейміз. Қазақстан ТМД елдері арасында сіздің банкпен бірінші болып серіктестік бағдарламасын әзірлеуі біздің өзара іс-қимылымыздың жоғары деңгейін білдіреді. Біз қазір іске асырып жатқан индустриялық-инновациялық бағдарлама екіжақты ынтымақтастық үшін зор мүмкіндік туғызады», – деп мәлімдеді. Ислам Даму Банкінің Президенті Ахмад Мохаммад Әли әл-Мадани Мемлекет басшысына жылы қабылдауы үшін алғысын айтты. «Мен Сізге Қазақстанмен серіктестік бағдарламасына қол қойылғаны туралы хабарлағым келеді. Бұл, сөз жоқ, Қазақстан мен Ислам Даму Банкі арасындағы ынтымақтастықты нығайтады. Осының бәрі Сіздің республиканың Ислам Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдермен, әсіресе, энергетикалық саладағы, автомобиль және темір жол құрылысы салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді», – деді Әли әл-Мадани.

Сонымен қатар, тараптар өзара ынтымақтастықты нығайтудың келешек жолын талқылады. Ислам Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдердің арасында Инновация орталығын және Азық-түлік қауіпсіздігі қорын құруға, сондай-ақ исламдық қаржыландырудың өңірлік орталығы ретінде Алматы қаласын дамытуға ерекше назар аударылды. Ислам құқықтары қағидаттарына негізделген Банк қызметінің негізгі мақсаты – ИДБ-ға мүше елдердің экономикалық дамуы мен әлеуметтік прогресіне және әлемнің әртүрлі елдеріндегі мұсылман қоғамдастығына көмектесу.

«Исламдық даму банкі» Қазақстан нарығында исламдық ипотекалық несиелеу жүйесін қолдануды көздеп отыр. Уақытылы төленбеген қарыздың үстіне өсімақы қосуға тыйым салатын бұл жүйені отандық нарықтағы құннан төмен бағаға ұсынылғанда ғана тұтынушылар сұранысына ие болмақ. Жекеменшік саланы дамыту жөніндегі исламдық корпорация қолға алған бұл жоба Сауд Арабиясында бірнеше жыл бұрын жемісті түрде қолданылған көрінеді. Корпорацияның басқарма төрағасы Халид әл-Абудидің мәлімдеуінше, тұрғын үймен қамтамасыз етуге және ипотеканы жүзеге асыруға қажетті барлық тетіктер әзір. Жуық арада жергілікті нарықты зерттеп, «Исламдық даму банкінің» негізінде ипотекалық несиелеу жөніндегі жекелеген компанияларды қалыптастыруды жоспарлап отырған Жекеменшік саланы дамыту жөніндегі исламдық корпорация басшысы еңбектерінің табысты болатынына сенімді: «Егер нарықтың әлеуеті жеткілікті болса, әрине, біз нарыққа еніп, өзіміздің исламдық қаржыландыру тәсілдерін пайдалана бастаймыз. Қазір екі техникалық-экономикалық негіздемені түзу үстіндеміз».

Әлемдік нарыққа кең ауқымдағы исламдық несиелеуді 2003 жылы NSBC банкі ұсынған еді. Арада екі жыл өткенде, яғни 2005 жылы ағылшындардың тағы бір қаржылық құрылымы – Lloyds TSB банкі өз клиенттеріне Шариғат заңдарына негізделген ипотекалық несиелеу мүмкіндігін берді. Жақын келешекте Жекеменшік саланы дамыту жөніндегі исламдық корпорацияның қазақстандық тұтынушыларға ұсынатын өнім екіге бөлінеді: мурабаха және инжара.

Исламдық ипотекалық несиелеудің құрылымы жылжымайтын мүлікті басқа біреуге сатуға немесе жалға беру мақсатында сатып алуға негізделген. Қазіргі жалпыға ортақ ипотекалық қызмет көрсетуде банк мүлік құнына қосымша мөлшерлеме қосатыны белгілі. Пайыздық мөлшерлеме тұрғын үйді сатып алмай тұрып анықталады. Ал Шариғат заңына сүйенетін исламдық үлгіде кез келген банк қызметінде пайыздық мөлшерлеме қосуға тыйым салынады. Өйткені Ислам діні өсімқорлыққа қарсы.

Енді исламдық ипотекалық жүйедегі екі үлгіге тоқталсақ, мурабахада жылжымайтын мүлікті банк өз атына және өз қаражатына сатып алып, содан кейін тұтынушыға алдын ала келісілген бағаға қайта сатады. Бұл құнның ішінде банктің келісімнен көретін пайдасы қоса көрсетіледі. Аталған үлгіні ай сайынғы төлемақысының пайыздық мөлшерлемесі нақты бекітілген дәстүрлі ипотекамен салыстыруға келеді. Мұндай ипотеканың басты артықшылығы – алғашқы жарнаны төлеген және келісімшартқа қол қойған сәттен бастап клиент баспананың қожайыны құқығына ие болады. Мұның негізгі кемшілігі – мурабаха үлгісінде кепілдік тек банкке тиесілі, ал қарапайым ипотекалық несиелеуде клиент тұрғын үйді құрылыс компаниясынан тікелей алатындықтан, кепілдіктің барлық түрін сол компания көрсетеді.

Баспанаға қол жеткізудің тағы бір жолы – инжара. Оны лизингтің жалпы түрімен немесе төлемақысы өзгермелі пайыздық мөлшерлемемен жалға беру ипотекалық несиелеумен теңестіруге болатын түрі. Бұл жүйе бойынша да банк жылжымайтын мүлікті сатып алып, клиентке жалға береді. Баспананы жалға алушы уақыт өте келе оны сатып алуға құқылы. Жалға беру ақысы сол кездегі жалға алудың нарықтық құнына қарай өзгеріп отырады. Мұндай ипотеканың басты кемшілігі – клиент үшін тұрғын үй бағасының жиі өзгеріп отыруы себепті жалпы құнының тым қымбатқа түсуі мүмкін әрі инфляция қарқынының өршуі де клиент үшін өте қауіпті.

«ФинамМенеджмент» компаниясының бас экономисі Алксандр Осиннің пікірінше, Жекеменшік саланы дамыту жөніндегі исламдық корпорациясы жекеменшік банк­тер­мен бәсекеге түсу қабілетінің арқасында Қазақстанда баспана сатып алғысы келетін клиенттерге төмен бағаға тұрғын үй ұсынуға қауқарлы: «Мемлекеттік қолдауға ие жекеменшік банктер жылжымайтын мүлік нарығындағы бәсекелестік қабілеттері мен өз ұстанымдарын бағалау тәуекелінің төмендігі және пассивтердің салыстырмалы түрде төмен құнының арқасында сақтап қалады».

«Казкоммерцбанктің» басқарма төрағасы Андрей Тимченко да осы пікірді ұстанады: «Исламдық даму банкі фондированиенің ең төменгі бағасын иемденген және бұл ипотеканы бәсекелестік мөлшерлемемен ұсынуға мүмкіндік береді. Бірақ клиенттерге қойылатын алғашқы жарна талаптары, жалақы деңгейі мен басқа да шарттарды халықтың аз ғана бөлігі еңсере алады. Исламдық мемлекеттерде мұндай схемалар ипотекаға қол жеткізудің жалғыз жолы саналатындықтан оған деген сұра­ныс жоғары. Қазақстанда пайыздық мөлшерлемесі анық көрсетілген және құжаттарды рәсімдеу тәсілі қарапайым стандартты ипотека бар. Осы себепті исламдық ипотекаға деген сұраныс шектеулі болмақ. Ал баспана құны стандартты ипотекамен салыстырғанда қаншалықты арзанға түсетініне байланысты».

2007 жылы басталған ипотекалық, қаржылық дағдарыстың соңы бүгінде қарыздық дағдарысқа ұласқан. Күнi кешеге дейiн әлемдiк экономика мен қаржылық жүйенiң тiрегi боп келген батыстық экономикалық үлгi қазір дәрменсiз. Оның басты кемшiлiгi – несиелiк пайыздық өлшемдер. Қазiргi таңда мамандар қауымы қаржы жүйесiн түбегейлi емдеуде исламдық қаржыландыру тетiктерiн енгiзуге кеңес берiп отыр. Ресми деректерге сүйенсек, қазiргi кезде Әбу-Даби қорында шетелдiк нарықты инвестициялауға қабiлеттi 800 млрд. доллар сақтаулы. Ал исламдық банктердiң еншiсiндегi қаражат – 750 млрд. Араб елдерiне тиесiлi инвестициялық қаржының жалпы көлемi 2 трлн. доллардан астам. Оның үстiне, исламдық қаржыландыру – жыл сайын 15-20 пайыздық өсiм көрсеткiшiне ие болған әлемдегi ең жедел әрi жылдам өсушi сала. Исламдық банкингтi дүние жүзiнiң 400-ден астам қаржылық құрылымдары тәжiрибеден өткiзуде. Бұл саладағы өсiм бiрiншi кезекте бүкiл әлем мұсылмандарының инвестиция­ларын Шариғат талаптарына сай өндiруге деген құлшынысының артуынан. Исламдық өнiмдерге қатысты сұраныс көлемiнiң жоғарылауы мұнай бағасының көтерiлуi нәтижесiнде, экономикалық көрсеткiштерi 2002 жылдан берi екi есеге көбейген Парсы шығанағы елдерiне тиесiлi байлықтың өсуiне де байланысты.

Әлемдiк қаржылық нарық түрлерiнiң көптiгiмен және икемдiлiгiмен ерекшеленетiн исламдық өнiмдерге қызығады. Сонымен қатар Оңтүстiк-Шығыс Азия мен Таяу Шығыс елдерiнiң инвестициялық капиталына деген қызығушылық та жоғары. Олардан қаржы тарту үшiн елде исламдық қаржылық құрылымдар қызмет етуi тиiс. Әрине, исламдық қаржыландырудың дәл қазiргi әлемдiк қаржылық дағдарыс жағдайында аса маңызды болуы тегiн емес. Дамыған және дамушы елдер үшiн инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға ақша тарту барған сайын қиынға түсуде: бiрқатар нысандардағы құрылыс жұмыстары тоқтап қалды, өндiрiстi iске қосу үшiн қаражат керек, қаражат тапшылығының кесiрiнен банкротқа ұшыраған кәсiпорындар дүниежүзiндегi жұмыссыздар қатарын арттырды. “Жығылғанға – жұдырық”, дәстүрлi банктiк несиелер мен ипотекалардың бұрынғы тартымдылығы бәсеңдеп барады. Қор нарығына шығу арқылы көптеген артықшылықтар мен мүмкiндiктерге қол жеткiзетiнiн бiлсе де, компаниялардың көпшiлiгi дәрменсiз. Негiзi қаражат тапшылығы барлық зайырлы мемлекеттерге әртүрлi деңгейде әсер еткенi белгiлi. Алайда қаржылық жүйесi исламдық қағидаларға сай құрылған мемлекеттер дағдарыстан онша зиян шеккен жоқ. Сарапшылар қауымы мұны исламдық қаржыландыру жүйесiнiң артықшылықтарымен байланыстырады. Ең бастысы, мұсылман инвесторлардың Шариғат заңдарына сәйкес келмейтiн жобаларды қаржыландыруға, сондай-ақ, қару-жарақ, арақ-шарап, темекi, шошқа өнiмдерi, көңiл көтеретiн орындар (казино, кинотеатр т.б.), сақтандыру және келiсiмнен түсетiн пайыздар есебiнен қызмет ететiн қаржылық компаниялардың акцияларын сатып алуға құқығы жоқ. Сондай-ақ, “риба”, яғни қарыздардың үстiнен түсетiн пайыздық ақыны алуға қатаң тыйым салынатыны кеңiнен белгiлi. Исламдық құқықта “риба” “шектен шығушылық” ретiнде қабылданады. Мұны қаржыға пайдалану пассивтiк капитал үшiн сыйақы төлеу, яғни қол қусырып қарап отырып-ақ, пайдаға шаш-етектен кенелу болып табылады. Осы себептi, ақшаның үстiнен ақша табуға тыйым салынады. Демек, кез келген келiсiмнiң негiзiнде белгiлi бiр меншiк немесе инвестициялық жоба бар.

Исламдық қаржыландырудың басты қағидаларының бiрi – қауiп-қатердiң ара-жiгiн ажыратып алу. Осылайша, кiрiс қауiп-қатер мен жауапкершiлiктi салмақтай отырып, қызмет етуi тиiс. Исламдық банкингтiң ерекшелiгi сол, банктердiң кiрiсi қаражатты әртүрлi жобаларға салу есебiнен қалыптасады. Банк не серiктес ретiнде (мүшарак келiсiмi) немесе траст қорлар ретiнде (мүдараб келiсiмi) әрекет етедi. Тараптар: банк те, клиент те қауiп-қатердiң жауапкершiлiгiн теңдей бөлiсетiндiктен, салынған қаражат көлемiне сәйкес, жобалардан келетiн пайда мен шығын оларға ортақ болады. Осылайша, исламдық банкингте сыйақыға кепiлдiк берiлмесе де, жобалардың тиiмдiлiгi мен инвестицияның қайтарылу жауапкершiлiгi келiсiм-шарт жасасқан екi жаққа да бiрдей жүктеледi. Бұл жобалардың жүзеге асу мүмкiндiгiн қамтамасыз етедi. Исламдық банк пен оның салымшыларының кiрiстерi кәсiпкерлiк арқылы қалыптасады. Банктiң кiрiсi нақты бiр тауарлар түрiн өндiретiн операциялар барысында түзiледi. Демек, бұл қаражаттың тек өндiрiстiк мақсатта жұмыс iстейтiнiн байқатады.

Банктiк өнiмдерден басқа исламдық құнды қағаздар – сукук та бар. Құнды қағаздар құрылыс кешенi, тауарлар өндiрiсiн жақсарту сияқты т.б. кез келген арнайы жобаны жүзеге асыру мақсатында шығарылады. Сукуктiң облигацияларға қарағанда қауiп-қатерге онша ұрынбайтынын айта кету керек. Кез келген исламдық құнды қағаз белгiлi бiр қаражатпен бекiтiлген және исламдық қаржыландырудың негiзiнде келiсiм-шартты қабылдаушылар арасында тәуекелдiлiк жүгiн бiрлесе көтеру қарастырылған. Осы себептi, дәстүрлi банктiк несиелердiң баламасы болып табылатын сукук жобаларды iске асырудың басты тетiгi iспеттi. Оның үстiне, облигацияларға қарағанда, анағұрлым қауiп-қатерсiз тетiк ретiнде қабылданатын сукук инвестициялық қоржынды (сондай-ақ, жинақтаушы зейнетақы қорлары секiлдi ұзақмерзiмдiк инвесторлар үшiн) дербестендiрудiң құралы ретiнде қызмет етедi.

Әрине, Қазақстан Оңтүстiк-Азия мен Таяу Шығыс елдерiнен қаражат тартуға және қор нарығындағы қаражатты дербестендiруге мүдделi. Сонымен қатар исламдық қаржыландыру ислам елдерiнiң инвесторлары үшiн ғана емес, зайырлы мемлекеттердегi исламдық қаржылық құрылымдарды пайдаланудың тиiмдiлiгi мен артықшылықтарын түсiне бiлген инвесторлар үшiн де тартымды. Әлемдiк қаржылық дағдарыстың кесiрiнен исламдық қаржылық жүйеден құрылған мемлекеттерде өндiрiс пен сукук шығару көлемi төмендесе де, исламдық қаржылық жүйе пайыздық төлемдердiң есебiнен пайда табуға тыйым салудың арқасында қаражат дағдарысына төтеп беруге қауқарлы екендiгiн көрсеттi. Оған барлық инвестиция­ларды нақты активтермен қамтамасыз ету де сеп. Бұл исламдық қаржылық жүйенiң зайырлы жүйеге қарағандағы басымдығын дәлелдейдi. Келешегiнiң жарқындығы және уақыт өткен сайын беделiнiң артуы исламдық қаржылық саланың қарқынды дамуына ықпал етедi. 2013 жылға қарай исламдық банктер мен қаржылық құрылымдардың жалпы активтерi 1 млн. АҚШ долларына дейiн өседi деген болжам бар. Осылайша, исламдық инвесторлар тарапынан тартылатын инвестицияның қомақты бөлiгiн кiм және қалай жылдам тартады деген мәселе туындайды. Қазiр көптеген елдердiң қаржыгерлерi мен мемлекеттiк органдар өкiлдерi аталған саланың тиiмдiлiгiне сенiмдi болғандықтан, өз елдерiне исламдық банкингтi енгiзуге тырысуда. Бүгiнгi таңда исламдық қаржыландыруды белсендi түрде енгiзуге ден қойған Қазақстанның әлемдiк исламдық қаржы саласынан өзiндiк орнын табуға мүмкiндiгi бар. Исламдық қаржыландыруға деген қызығушылық ТМД елдерi арасында Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Әзiрбайжанда байқалады. Бүгiнде Қазақстан қаржы жүйесiне қатысты бiрқатар заңнамалық құжаттарға өзгерiстер енгiзудi көздеп отыр. Негiзi республика аумағына исламдық қаржылық өнiмдердi енгiзу туралы бастама көтерiлгелi бiраз уақыттың жүзi болды. Осы орайда заңға өзгерiстер енгiзу туралы мәселенi 2007 жылы Алматы қаласының аймақтық қаржылық орталығының қызметiн реттеу жөнiндегi агенттiгi (АҚ АҚОҚРА) қозғаған болатын. Осының нәтижесiнде, ҚР Қаржылық нарық пен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау агенттiгi Қазақстанда исламдық қаржылық ұйымдар қызмет етуiн қамтамасыз ететiн заң жобасын дайындады. Қазiргi кезде аталған заң жобасы ҚР Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына жiберiлдi. Заң жобасы ҚР Азаматтық және Салық кодекстерiне, банк жүйесiне қатысты заңдарға, құнды қағаздар туралы заңға т.б. бiрқатар заңнамалық актiлерге өзгертулер мен толықтырулар енгiзудi қарастырады. Бұл исламдық банктер мен исламдық инвестициялық қорлардың ешқандай кедергiсiз жұмыс жасауына, сондай-ақ, исламдық құнды қағаздарды шығаруға мүмкiндiк бередi. Ислам банкiнiң пайыздық ақы түрiнде сыйақы алуға құқығы жоқ және депозиттерге кепiлдендiру мiндеттемесiнiң жүйесiне қатыспайды. Әрбiр ислам банкiнiң жанынан Исламдық қаржыландыру қағидалары жөнiндегi кеңес құрылған. Кеңестiң мiндетi – банкте жүргiзiлетiн барлық операциялардың ислам қаржыландыру қағидаларына сәйкес болуын қадағалау. Исламдық инвестициялық қор инвестициялауды Шариғат заңдарына орай жүзеге асырады. Қордың барлық әрекетi Исламдық қаржыландыру қағидалары жөнiндегi кеңестiң жiтi назарында. Малайзиялық мамандардан исламдық қаржы саласына қатысты кәсiби тұрғыда бiлiктi кеңес алу мақсатында, АҚ АҚОҚРА Ислам даму банкiнен грант алды. Малай сарапшылары былтыр тамыз айында Алматыда болып, АҚОҚРА Академиясы ұйымдастыруымен, “Исламдық құнды қағаздар: Сукук және Сукук нарығын дамыту” тақырыбында семинар өткiздi. АҚ АҚОҚРА исламдық қаржыландыруды Қазақстанның құнды қағаздар нарығын дамытудың жаңа бағыттарының бiрi ретiнде қарастырады. Инвестициялаудың жаңа бас­тау­ларына қол жеткiзудiң нәтижесiнде, қаржылық нарықтың банк өнiмдерi, исламдық құнды қағаздар т.б балама жолдары пайда болады. Елiмiздегi исламдық банкингке деген қызығушылық өте жоғары және аталған салада отандық және шетелдiк азаматтардан тұратын қатысушылар тобы ендiгi қалыптасып үлгерген. Адамдардың көпшiлiгi исламдық қаржыландырудың тартымдылығын түсiнедi және Қазақстанның исламдық қаржылық жүйесiне исламдық банк, исламдық инвестициялық қор (жылжымайтын мүлiк, инвесторлық, сукук эмитенттерi) ретiнде қатысу мүмкiндiктерiн қарастыруда. Сарапшылардың айтуынша, қазақстандықтардың исламдық қаржы өнiмдерiне ендігі қызығушылығы артқан.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ