АРША – АҒАШТЫҢ АНАСЫ!

АРША – АҒАШТЫҢ АНАСЫ!

АРША – АҒАШТЫҢ АНАСЫ!
ашық дереккөзі
“Әуелі тәрбиенің анасы бесік, әрі-беріден кейін бесік ананың құрсағынан басталады… Мұқаң айтқан: “Бесігіңді түзе” деген сөзде терең мағына бар. Соның бірі – бесік ағашының таза сапалы болуы. Ал, сапалы бесік – арша ағашынан (астын сызған Р.С.) жасалған бесік. Арша – аса қасиетті ағаш. Қасиетті болатыны – оған анау-мынау ауру-сырқау жоламайды. Түрлі микробтарды, құбыжықтарды өлтіретін күші бар. Арша бесікке қызамақ, қара шешек сияқты бәлелі аурулар дарымайды… Шамаң жетсе, арша бесік тап. Аршаны көп өсір. Тұқымын құрта берме. Арша бесікке құт құйылады. Шіркін, сол бесікке бөленетін нәресте көп болса ғой…”
(Шерхан Мұртаза)
Ардақты да атпал ағамыздың жоғарыда келтірілген тұжырымды толғауы ұлтымыз бен арша ағашының арасындағы ажырамас байыпты байланыстың бар екендігін бүкіл әлемге паш етіп тұрғандығын байқататын ұлт пен табиғатқа деген жанашырлық сезімнің жан айқайы екенін бірден аңғаруға болады. Халқымыздың “Ағаштардың анасы – арша” деген теңеу сөзінде қаншама ұлағатты ұғым жатыр десеңізші! Ертеде небір асыл азаматтарымыз тағдыр тәлкегімен елден жырақ кеткенде бойтұмар ретінде арша ағашының кесінді жаңқасын өзімен бірге алып жүріп, елді, туған жерді сағынған кезде ауық-ауық сол арша ағашының жаңқасын мейірлене иіскеп мауқын басады екен. Дәл осындай сәтті өз жырына арқау еткен халқымыздың абыз ақсақалы Мұзафар Әлімбаев былай деп толғанады: – Не саған бойтұмардың көмегі бар? – Иіскесем, ем – дарулық себебі бар. – Тұмарда дұға орнында – жаңқа арша – – Туған жер аршасы бұл! – деген бар. (Мұзафар Әлімбаев) – Қасиет бар аршада, – Кеудеге оны тағынған. – Көгеріп бүршік жарса да, – Піріңдей соған табынған. (Күләш Шілдебаева) Қылқан жапырақты (ашық тұқымдылар) ағаштардың ішінде арша – кипаристер тұқымдасына жататын мәңгі жасыл бұта. Ағаш түрінде Жерорта теңізі, Солтүстік Америка, Мексикада өседі, биіктігі 10-15 метрге жетеді. Қазақстанда арша туысының 10 түрі өседі (кәдімгі арша, сауыр арша, дәрілік немесе сібір аршасы, зеравшан аршасы (қара арша), түркістан аршасы (балғын арша), қызыл арша, талас аршасы және т.б.) “Арша – орман анасы” деген қазақ мәтелі бостан-босқа айтылмаған. Арша көбінесе таулы жерлерде өседі. Халқымыздың аңыз – әңгімелерінде, салт-дәстүр өлеңдерінде де арша ағашының өзіне тән ерекшеліктері, өсетін табиғи ортасы өте орынды айтылады. Мысалы “тобылғы, баялыш, арша” деген аңыз-әңгімеде: қарағайдың арша деген қызы, сексеуіл баялыш деген ұлы болыпты. Күндердің күнінде баялыш ер жетіп арша аруға ғашық болғандығын сездіріпті. Ал, арша ару болса баялышты мүлде сүймепті. Содан олардың “әкелерінің” арасында да дау-жанжал туындап, оларды тобылғы келіп татуластырса да көнбепті. Содан сексеуіл мен баялыш тобылғыға еріп, еліміздің оңтүстігіне қарай қоныс аударыпты. Ал, өз жеңісіне масаттанған ару қызы аршаны ертіп, таулы алқапты таңдап көшіп кетіпті де, тасқа ғашық болыпты. Сексеуіл мен қарағайды татуластыра алмағанына ұялып қызарып кетіпті. Ал, сексеуіл болса қайғыдан белі бүкірейіп кетіпті. Бұл аңызда әрбір ағашпен бұтаның сыртқы түр сипаты, өскен табиғи орта жағдайлары көрініс тапқан. Халқымыздың “ағаш өлеңі” деп аталатын қара өлеңінде де арша ағашының таулы жерде өсетінін аңғартатын жолдар кездеседі. Мысалы, “Самырсын бата алып – жасыл біткен, аршалар тасқа шығып – асыл біткен” деген теңеулер соның айғағы бола алады. Таулы алқаптың арша көп өсетін өңірі көбіне “Аршалы сай” деп аталады. Мұндай жер-су атаулары да еліміздің көптеген аймағында кездеседі. Аршалар менің тауымда, Жап-жасыл болып өсетін. Шыдайтын долы дауылға, Ақ боран тынбай есетін. Аршалы тау деп бабамдар, Атаған екен ертеден. Бас иген оған адамдар, Қазақтың мықты салты екен. (Күләш Шілдебаева) Халқымыздың көрнекті ақыны Ілияс Жансүгіровтің “Жетісу суреттері” атты әйгілі өлеңінде “…Долана, үшқат, шетен ырғай арша…” деген жыр жолдары арша ағашының Жетісу өңірінде де өсетінін аңғартып отыр. Аршаның басқа қылқан жапы­рақ­тылардан айырмашылығы: а) көбінесе бұта түрінде өседі; б) бүрі (шишка) шырынды, сырттай қарағанда жүзімнің жидегі сияқты, білмегендер оны “жидек” деп қалады. Ашық тұқымдыларда жидек түзілмейді – “бүржидек” (шишка-ягода) деп атайды. Шын мәнінде, ол жидек емес, әрі жидекке ешқандай да қатысы жоқ, тек шартты түрде берілген атау. Қарағай, шырша, балқарағайлардың бүрлері (шишкасы) құрғақ, кебу болады, ал шыршаның бүрі жұмсақ болған соң оны “бүржидек” деп атаған. Бүрлері екінші немесе үшінші жылы жетіледі. Әрбір бүрде 1-ден 12-ге дейін тұқымы болады. Аршаның қылқан жапырақтары жас кезінде ине тәрізді болса біртіндеп қатайып қабыршақ тәрізді болып өзгереді. Инетәрізді қылқандары үшкір тікенекті. Қабыршақты қылқандары ұсақ, өркенге жабысып тұрады, өркенге 2-3 тен топтанып орналасады. Қылқандары бұтағында 8-10 жылға дейін түспей сақталады. Қырым, Кавказ, Орта Азия және Қиыр Шығыстың таулы аудандарында биіктігі 4-12 м жетеді. Қазақстанның таулы жерінде жан-жағына жайылып төселіп өсетін – кәдімгі арша. Арша – екі үйлі, бір үйлісі өте сирек кездеседі. “Бүржидегі” – бірінші жылы жасыл, екінші жылы жұмсақ, көкшіл-қара немесе күрең-қызыл түсті болады. Әбден пісіп жетілген тұқымы қатты, қоңыр, бүрдің шайырлы жұмсағынан тез ажырайды, жаздың аяғы мен суық күзге дейін жерге шашылады. Тұқымдары құстар мен түрлі жануарлар арқылы таралады, себебі “бүр-жидегі” тәтті, шырынды. Арша жарық сүйгіш, құрғақшылыққа да, суыққа да төзімді, топырақ талғамайды. Жақсы дамыған тамырлары топырақтың терең қабатына еніп тарамдалып, 10 м-дей аумаққа жайылады. Суды еркін сіңіретіндіктен құмның үстінде, сазды жерлерге, әкті топырақта өсе береді. Аршаны теңіз деңгейінен 4000 м. биіктіктегі тау беткейлерінен де кездестіреміз. Тасты жарып шығатын, Бір қарысын аталар Тіс тазартқыш қылатын. Жанап кетсең жанына Жұпар сыйлап себетін, Қайсарлық құйып қаныңа, Батырлық дәнін егетін… (Өтебай Тұрманжанов) Арша баяу өседі. 800, 1000, 2000 жылға дейін тіршілігін жоймайды. Өркені баяу өскендіктен тамырлары баяу өседі, әрі мықты болады. Жапырағынан бөлінетін эфир майы ауаны зиянды микробтардан тазартады. Бүрі өте хош иісті, құрамында шайыр, 40% қант, органикалық қышқылдар (алма, құмырсқа, сірке қышқылдары), өсімдік балауызы және т.б. бар. Эфир майы жас өркендерінде және бүрлерінде де болады. Ару-арша саналатын тау сәні, Таңқалдырған қасиетімен баршаны. Қалай ғана көзің қиып қырқасың, Таудың көркі жасыл-желек аршаны. Жасыл ағаш тау ішінде қаншама, Қараймыз біз бәріне де тамсана, Бірақ-тағы әрқашан да ерекше, Бүйрегіміз бұрып тұрар аршаға! (Р.Сәтімбеков) Алатау мен Қаратау аралығында ертерек кезде аршаның 6 түрі өскен. Көнекөз қариялардың айтуларына қарағанда кейінгі 300 жыл ішінде олардың 3 түрі мүлде жойылып кеткен. Ал, қалған 3 түрі – қара арша, балғын арша және сауыр арша қазіргі кезде Талас Алатауында өсіп, кезінде халқымыздың біртуар азаматы Тұрар Рысқұловтың тікелей ұйтқы болуымен 1926 жылы ұйымдастырылған Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығында қорғауға алынған. Жалпы, аршаны қазақ халқы, әрі киелі, әрі қасиетті ағаш деп санаған. Оны беталды кесуге мүлде тыйым салған, тек кейде ғана бесікке немесе қобызға қажетті ағаш таңдаған кездерде талғаммен қурай бастаған арша ағаштарын кесіп пайдаланған. Бұл өңірде аршаны жаппай кесу XIX ғасырдың орта тұсынан бастап отынға, темір жолға төсеу үшін, шахталар мен жерасты жолдарына тіреу үшін және мыңдаған жауынгерлердің сырт киімдерін бояу үшін арша ағаштары көптеп қырқылғандығы туралы деректер кездеседі. Белгілі жазушы Мархабат Байғұт арша ағашының қадір-қасиетін және халқымыздың аршаға деген сүйіспеншілік сезімі мен аялы алақанын, адамгершілік қасиетін тебірене отырып өз әңгімесіне арқау еткен. “…Тәңіртаудың төңірегінде, яғни Алатау мен Қаратаудың аралықтарында айналайын аршаның алты түрі болған екен. Кейінгі 300 жыл ішінде оның үш түрі мұқым-мүлде жойылып кетіп, бүгінде қара арша, балғын арша және сауыр арша дейтін ғана қалыпты… Аршаны алаш баласы, қазақ жұрты беталбаты шығын етпеген, тек кей-кейде бесікке ғана, қобызға ғана, онда да абайлап қана, талғаммен ғана, табиғат ананың талғауымен, таңдауымен ғана, меңзеуімен ғана, мәністеп қиған. Ақсақалдар айтар еді: “Айналайын аршаны ата-бабаларымыз мүлде кеспеген, тіпті тимеген. Ай мен Күнге қараса, аршаға да солай қараған… Қураған аршаға балта көтер, кінә ғана емес, күнә саналған…” Арша ағашының қасиеті Мұхаммед Пайғамбарымыздың хадистерінде де ерекше атап көрсетілген: “Құдайдан қорқып, бай әрі сұлу әйелдердің арбауына берілмей, көрсе-қызарлықтан аулақ болған еркектерге Алла тағала ақырет күні аршаның (Р.С.) саясынан орын береді”. Бабаларымыз бойтұмарындай қастер­леген арша ағашының қадіріне жетіп жүрміз бе, ағайын! Осыны бір сәт ойланып, ұрпақтарымызға өнеге өсиет ретінде үнемі құлақтарына құйып жүруді де ұмытпаған жөн. Бұл арада ардақты ақын ағамыз Қалижан Бекхожиннің мына бір ғана жыр шумағы тұла бойыңды шымырлатып, туған жердің таңғажайып табиғатына деген жанашырлық сергек сезіміңді селк еткізетініне сеніміміз мол! … Тоқта, кәззап, шаппа жасыл аршаны, Жас ұрпақтың жан саясы, аңсары. Балталауға қайтіп оны қиясың, Бұл ару ғой – көздің көркі, тау сәні. Туған жердің әрбір бұтасы мен ағашын табиғатта және адам өмірінде алатын маңызды өз орны бар екенін ешуақытта естен шығармай, оларды көз­дің қарашығындай, тіпті үйіміздегі ұл-қызымыздай аялы алақанмен аялауымыз керек, қасиетін қадірлеуіміз керек. Танымай өтеміз бе киелі не, Қырсығы білместіктің тиерін де… Ұрпағың дал бола ма ағаш таппай, Кәдімгі домбыраның тиегіне. (Мұзафар Әлімбаев)
Рысбай СӘТІМБЕКОВ, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің профессоры