ӘНШІ ҚҰМ

ӘНШІ ҚҰМ

ӘНШІ ҚҰМ
ашық дереккөзі
Елбасымыздың биылғы жылғы Жолдауында: «Дамыған елдерде ЖІӨ-нің 10 пайызы туризм кластерінің үлесінде. Бізде – 1 пайыздан кем. Еліміз бойынша туризмнің өсу нүктелерін зерттеу керек» деп атап көрсеткен еді. Осы сөз бізге көп жайды еске түсіреді және біраз мәселені ойлантуға мәжбүр етеді.Рас, әлемдегі көптеген ел негізгі табыс көзін туризмнен табады. Ал сол елдердің іс-тәжірибесін қарасаң, олар бұл саладағы басты жұмысты жарнамадан – өз жеріндегі «кереметтерді» насихаттаудан, сол арқылы басқаларды қызықтырудан бастайды екен. Ал жарнаманың түрі де, тәсілі де өте көп. Осыны бізге неге пайдаланбасқа?! Мәселен біздің жерден басқа еш жерде кездеспейтін жан-жануарларды, ғажайып табиғат құбылыстарын, сиқырлы сұлу жерлерді, аса бай фауна мен флораны газет-журналдарда үзбей жариялап отырудың өзі – жұртты туризмге тартудың бір жолы емес пе?! Осы бетте жарияланып отырған үш мақаладан да біз «Біздерде мынадай бар, мынадай бар» деген емеурінді көретініміз анық қой?! Сәрсенбінің сәтті күні жолға шықтық. Бағытымыз Алматы облысының Кербұлақ ауданында орналасқан «Алтын Емел» мемлекеттік ұлттық табиғат паркі. Алматының таңғы ауасы – Алатаудан жеңіл есіп жатқан салқын самал бетіңді аймалап сипағандай әсер етеді. Әне-міне дегенше Қапшағай жолына түстік. Біздің қаладан шығар жолымыз бос, көлік аз, ал қалаға келер қарсы жол лық толы. Жұмыс күні. Бір шақырымдай көлік кептелісі. Әр жұмыс күні осылай болса керек. Жұмыс істейтін кісілер уақтылы келу үшін сағат 6 шамасында үйлерінен шығады-ау деп шамаладық. Қапшағай жақтан. Сарыөзекке дейін 170 шақырым, одан әрі Басшиге дейін – 80. Басши аталуы осы жерде өте қалың ши өсетін болған. Қазір де шамалы бар. Жол бойы Жоңғар Алатауының Арқарлы, Алтын Емел асуларынан астық. Бұраңдаған таспа жол тау басына алып шығып, одан әрі төмен қарай ирелеңдеп барып жазыққа шығарды. Үш сағат жол жүріп отырып сағат 10 шамасында Басшидегі «Алтын Емел» мемлекеттік ұлттық табиғат қорығының кеңсесіне бас тіредік. Бас директор Қалық Оңғарұлы Баяділов іссапарда екен, бізді хатшы қыз Әйгерім қарсы алды. Біз өзімізді таныстырдық. Алтын Емелді, оның ішінде «Әнші құмды» көруге келгенімізді айттық. Бізге Ерлан деген инспектор жігітті жол басшы етіп қосып берді. Басшиден «Әнші құмға» дейін 50 шақырым. Әнші құмды «Айғай құм» деп те атайды екен, орысша – «Поющий бархан» дейді. Жол кәдімгі қара жол, жердің өзі қиыршық тас аралас, грейдермен тегістеп тастаған. Екі бекетте де кішігірім қонақ жай бар, тапсырыс берсеңіз тамақ та дайындайды екен. Пржевальский жылқысын осы «Шыған» бекетінде көрдік. Екі айғыры қолда тұр. Шөбі, жемі алдарында. Өздері өте жуас, маңдайларынан сипап, шөп, конфет бердік. Бұлардың 10 басын Мюнхен хайуанаттар паркінен (Германия) алып келген екен. Қазір жетеуі ғана қалған. Үшеуі жерсінбей өліп қалыпты. Биыл бір биесі құлын туыпты. Мына екі айғырды қолда ұстап отырған себебі – жаңа туған құлынды шайнап, теуіп өлтіріп қоюы мүмкін екен «Мыңбұлақ» бекетінде бірнеше бұлақтар бар, талдар көп, оның ішінде тораңғы бар. Көгеріс жеткілікті, туристерге демалуға жағдай жасалған. «Алтын Емел» табиғат қорығы 500 мың гектардан астам жерді алып жатқан Іле шұңқырына орналасқан жазық. Солтүстік жағын Жоңғар Алатауының оңтүстік бөктері қоршап жатса, оңтүстік жағын Іле өзені мен Қапшағай су қоймасы алып жатыр. Жол бойы қара құтан, тазқара, бүркіт сияқты құстарды, құлан, жайран (қарақұйрық) сияқты аңдарды кездестірдік. Жолда кездескен түлкі бізді 30-40 метрдей жерге дейін жақындатты. Бұл қорыққа түрікмен құланы өткен ғасырдың 80-жылдары Арал теңізіндегі Барсакелмес аралынан әкелініпті. (27 бас құлан әкелінген). Қазір жалпы саны 3-4 мың басқа жеткен. Топ-топ болып үйірлерімен жайылып жүр. Үйірінен қуылған қарт айғырлары жалғыз жайылады екен. Құланның бір қасиеті кетіп бара жатқан машинаның алдынан кесіп өту. Біздің алдымыздан екі құлан атқан оқтай зымырап өте шықты. Түрлері әдемі – керқұлан. Өте жылдам шабады. Біреуі жолдан секіремін деп сүрініп барып, тұрып кетті. Құланның денелері кішірек, тығыз келеді, жылқы тұқымдас, жылдамдығын сағатына 70 км-ге дейін жеткізеді. Алыстан қарақұйрықтардың жетеуін көрдік. Бұлар өте сақ болады екен, жақын жуытпайды. Құйрықтарын тік ұстайды, құйрықтарының ұшы қара болады. Әнші құмға барар жолда «Ошақтас» қойтастарын көрдік, кідіріп суретке түстік. «Ошақтас» туралы екі түрлі аңыз бар. Біріншісі: ошақ сияқты орналасқан биіктігі 2 метрге жуық қойтастардың үстіне от жағып, жау шапқыншылығын алдын ала мыңдаған шақырым жерде орналасқан мұнараларға белгі беру үшін пайдаланған. Екіншісі: «Ошақтас» қойтастары Шыңғысханның бұйрығы бойынша орнатылған. 1219 жылы бұл жерге ұлы қолбасшының қолы аялдаған, ал тамақ дайындау үшін қойтастарға үлкен тайқазан орнатылып, от жағылған дейді. Құмтөбеге – «Әнші құмға» жақын жерде суы мөп-мөлдір бұлақ ағып жатыр. Халық арасында емдік қасиеті бар деп есептеледі. Осы бұлақтың басында ғалым әрі саяхатшы Шоқан Уәлиханов Қашқария сапарында дем алған. Бұл бұлақ туралы, осы кең алқап туралы Шоқан өзінің қолжазба-күнделіктерінде жазған. Сондықтан бұл бұлақ Шоқан бұлағы деп аталып кеткен. Суынан ішіп (шамалы кермек дәмі бар), суретке түстік. Бұлақтан бірнеше шақырым жерде тораңғы тоғайына кездестік. Бұл ағаш та сирек кездесетін ағаштың бір түрі. Осы Іле бойында Бақанас жағында, Сырдария өзені бойында ғана кездестіруге болады. Қойшы, сонымен «Әнші құмға» да жеттік-ау. «Әнші құм» «Кіші қалқан» және «Үлкен қалқан» тауларының арасына орналасқан. Биіктігі 150 м, ұзындығы 3 км-ге созылады. Осы бір далалы-жартасты жерде осындай құмдардың пайда болуы әзірше жұмбақ. Мұндай құмдар дүние жүзінде Қытайда, Ресейде, Арабияда және Америкада ғана кездеседі екен. Таңғаларлық жағдай. Біз Құм тө­бенің астына келіп, кішкене аялдадық. Құлағымызға ызыңнан жоғары, гуілден төмендеу дыбыс келді. Әдепкі кезде оған көңіл аудармадық. Құмтөбе жоғары қарай жал болып жатыр. Біріміздің артымыздан біріміз қырымдай болып жатқан төбенің жалымен қызық көріп көтерілдік. Аяғымыз құмға тереңірек кірген сайын әртүрлі дыбыстар пайда болды. Аяқ киіміміз құмға толды. Құм өте таза, шыны құм сағаттағы құм тәріздес. Құмтөбенің басында арлы-берлі жайлап жел соғып, құмды үйіріп тұр. Жел үш жақтан соғады екен. Түлкінің ізін көрдік, Құмтөбенің үстіне тезегін тас­тапты. Төбенің етегінде кекіліктер сайрап жүр. Төбеден төмен құммен омбылап, сырғанап түстік. Бұл жолы да гуілдеген дыбыс естідік. Бөктерге түсіп аяқ киімімізді құмнан тазартып, кішкене кідірдік. Құмтөбеге қарасақ, бағанағы біз бұзып өткен жал қайтадан өз қалпына келіп, түк бұзылмағандай болып тұрды. Бұған да таң қалып Құмтөбемен (Әнші құммен) қоштасып, кейін қайттық. Ендігі барып көретін жеріміз «700 жылдық тал» өсіп тұрған «Қос бастау» бұлағы. Жолда Нұрым, Ақтөбе елді мекендерінен өттік. Қатар жатқан екі бұлақтың суы келіп бір арнаға құйылуда. Суы тұщы. Төменгі жағынан тоған жасалынған. Бекет басында отырған кісілер көкөніс егіп, жиналған сумен суарады. Ал 700 жылдық тал әбден ескірген, бұтақтарының өзі өз салмағын көтере алмай тіреулер қойылған. Талдың тамырларынан айналасына он шақты шыбық өсіп шыққан. Негізгі талдың діңі бес адамның құшағына әрең сияды. Жергілікті халық бұл талды қасиет тұтады. Қураған бұтақтарын отқа жақпай, белгілі жерге жинап қояды. Бұндай көпжылдық талдар ұлттық қорықта бірнеше жерде кездеседі. Бұл талды көріп Индиядағы Гоа штатындағы «баньян» талы есімізге түсті. Бұл талдың қасиеті – салбырап жерге тиген бұтақтарынан тамырланып жаңадан тал шыға береді. Бір түп баньяннан түгел паркке жуық тал өседі. Қайтар жолда Бөлтірік би мен Тезек төреге қойылған биік белгінің қасында суретке түстік, тағзым еттік. Алтын Емел табиғат қорығында 2000 жылдан инспектор болып қызмет ететін Әбілқасым Ақбаев және 2003 жылдан инспектор болып еңбек ететін Ерлан Рахымбекұлы Заманбековтермен әңгімелестік. – Шүкір жаман емес, ел тыныш, жер аман. Айлығымызды уақтылы аламыз. Қолымызда өзімізге лайық мал ұстаймыз – сиыр, жылқы дегендей. Балалар оқиды, қалада қызмет етеді. – Табиғат қорығын бұдан да жақсарту үшін қандай тілек-ұсыныстарыңыз бар? – Жол мәселесі. Жеріміз тегіс қой, дайын табиғи қиыршық тас жатыр, жолдарды асфальт төсеп жөндесе дейміз. Өйткені шетелден келген туристер қиналады. Туристерге арналған микроавтобустар болса, Алматыдан көлік жалдамай-ақ, өзіміздің көлікпен келер еді туристер. «Әнші құмның», «Шоқан бұлағының», «Ошақтастың» қасынан туристер аялдайтын мәдениетті орындар болса, ыстық күндерде туристер салқындайтын, душ болса, өйткені көбіне олар түнеп қалатын жағдайлары да болады. Инспекторлар үшін бір-екі мотоцикл болса, керек уақытта бекеттермен тез байланыс жасау үшін. Кешкі сағат 19-00-де, 12 сағат жол жүріп, қасиетті жерлерді аралап, Алматыға оралдық. Шіркін, біздің жердей табиғаты тамсандыратын жер жоқ шығар дүниеде?!
Өскенбай ҚҰЛАТАЙҰЛЫ, еңбек ардагері