ИНТЕРНЕТТІҢ ИГІЛІГІ КӨП, ТҮЙТКІЛІ ДЕ...

ИНТЕРНЕТТІҢ ИГІЛІГІ КӨП, ТҮЙТКІЛІ ДЕ...

ИНТЕРНЕТТІҢ  ИГІЛІГІ  КӨП,  ТҮЙТКІЛІ ДЕ...
ашық дереккөзі

Бүгінде Қазнетті пайдаланушылар саны 8 млн. 900 мыңнан асып жығылады. Күн сайын ауқымы кеңейіп келе жатқан Қазақ интернетінің бүгінгі жағдайы қалай? Ғаламтордағы қазақ контенті мен мемлекеттік тілді дамыту үшін не істеу керек? Интернет арқылы жарнама тартудағы басты кедергі не? Заманауи технологияның қарыштап дамуы бірқатар өзекті мәселені күн тәртібіне шығарды.

Қазақстандағы Интернет саласы тұрақты да қарқынды дамып келеді. Ресми деректерге сүйенсек, 1994 жылы іргетасы қаланған Қазнетте бүгінде тіркелген сайттар саны 4 мыңға жуықтайды. Оның 3 мыңға жуығы жүйелі әрі белсенді қызмет етуде. 2012 жылы Қазнетті пайдаланушылар саны 8 млн. 900 мыңға жеткен. Бұл туралы былтыр өткізілген «Әлеуметтік қауіпсіздік және БАҚ» тақырыбындағы ғы­лыми-тәжірибелік семинарда ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай: «Қазіргі таңда Қазақстанда ашық ақпаратты қоғам қарқынды түрде қалыптасуда. Бұл әсіресе Интернеттің көз ілеспес жылдамдықпен дамып келе жат­қанынан көрініс табады. Соңғы деректерге жүгінсек, Интернетті қолданушылар саны қазір 8,9 млн. адамға жеткен. Заманауи БАҚ, сонымен қатар Интернет қоғамдық пікірге ықпал етудің зор мүмкіндігіне ие», – деп мәлімдеді.

Заманауи технологияның адам өміріне дендей енгені соншалық, 2012 жылы Қазақстанда небары 60 секундтың ішінде 272 мың АҚШ доллары on-line shopping, яғни, Интернет арқылы сауда жасауға жұмсалса, Google осы 60 секундтың ішінде 2 млн.-нан астам тапсырысты өңдепті. Сонымен қатар YouTube ұзақтығы 48 сағатқа созылатын бейнені жүктеп, 204 166 667 хат электронды пошта арқылы жө­нелтілген. Аталған 1 минутта 100 рет хакерлік шабуылы жасалса, 571 сайт ресми түрде тіркелген.

Әлеуметтік желілер ішіндегі ең танымалы – ресейлік «Мой мир». 24 сағат ішінде «Мой мир» әле­міне 33 миллион, ал аптасына 203 миллион адам кіреді екен. Қазақстанға келсек, былтыр «Мой мир» – 2 млн. 818 мың адам, «В контакте» – 2 млн. 244 мың адам, «Одноклассники» – 811 мың адам, «Facebook» желісін 693 мың адам пайдаланған. Осы көрсеткіштерге қарап-ақ, қазақстандық ақпараттық кеңістіктегі Ресей саясатының ық­палын көрсетуге болады.

Бүгінгі Қазнеттің бағыты әртүрлі: жаңалықтар, білім, қарым-қатынас жасау, электронды коммерция, қоғамдық қызмет, қайырымдылық шарасы т.б. Интернет саласының мамандары соңғы жылдары алға жылжудың заңсыз жолдарын қолданатын интернет-қорлардың пайда болғанына алаңдайды. Мысалы, лицензиясыз контент, порнография, трафикті өсіру т.б. Осының салдарынан бәсеке қарқыны бәсеңдеп, бірқатар кемшілік орын алады. Ақпараттық бостандықты желеу ету арқылы пайдаланушыларға шетелдік, заңсыз контентті сату (сайттардағы жарнамалар), қазақстандық контенттің қалыптасуына кедергі жасау, жарнама нарығының ашықтығы қамтамасыз етілмегендіктен жарнама берушілердің шетелдіктерге бет бұруы, инвестициялық ахуалға кері әсер ету – осының айғағы. Тығырықтан шығар жолды нұсқаған мамандар қазақстандық Интернет алаңнан пираттық, яғни, заңсыз контентті қуып шығу, интернет-жарнаманың жариялылығын арттыру, сайтқа кіргендердің санын көрсететін есептегіштер орнатуға ұсыныс білдірді.

Асқар Омаров, қоғам қайраткері:

– Қазақтілді интернет-сегмент соңғы кездері ерекше қарқынмен дамып келе жатқанын мойындау керек. Алайда, сапаға емес, сан жағы басым түсуде. Өкінішке қарай, қазақ интернеті архаикалық журналистикаға көбірек иек артатындықтан, оған дәлелді дәйектер емес, сезімдер мен жеке пікірге сүйену дерті тән. Бұл орыстілді немесе қазақтілді деп бөле-жармай-ақ, жалпы Қазнетке қатысты. Қазір контенттің сапасын жақсарту шараларын қолға алу керек. Әрине, бұған қаражаттың қажет екендігі белгілі. Сонда да егер ұлттық компаниялардың интернет ортада орналасуларына көз жүгіртсеңіз, басымдық орыстілді интернетке беріледі. Көп жағдайда көшіріп басуда асыра сілтеушілікке ұрынатындарға тән. Интернеттегі жарнамалық бағаларға қарасаңыз, қазақтілді сайттар орыстілді сайт­тарға қарағанда әлдеқайда арзан. Меніңше, ұлттық компаниялар мен мемлекеттік мекемелер осы мәселеге орай қазақ тілі мен орыс тілінің құқығы тапталмайтындай етіп, реттеуі тиіс. Ал қазақ тіліндегі сайт­тарға белсенділік танытып, бизнесті өзімен серіктес болатындай жағдай жасағандары абзал.

Әуесбайдың Қанаты, жур­налист:

– Ғаламтордағы қазақ контентінің уақыт өткен сайын сапалы тұрғыда дамып келе жатқанын соқыр ғана көрмеуі мүмкін. Жаһандық желідегі қазақ мазмұны артуының кедергілерін мен тек тілдің қолданыс аясының әлі де болсын тарлығынан ғана көремін. Ал, қазақтілді орта, қазақтілді кеңістік артқан сайын қазақ контенті де кеңейе беретініне шүбә жоқ. Жеке басым кез келген мәселенің болашағынан тек позитивті нышандар көруге бейілмін. Сол нышанның бірі — қазақ тілінің жуырда «гугл транслейт» жүйесіне енгізілетіні. Одан бөлек, википедиядағы қазақ тіліндегі мәліметтер де көбейіп жатыр. Веб-сайт, портал, блог-тұғырлар, түрлі интернет форумдары, конференциялар пайда болуда. Ақпараттың көбеюі жастардың санасының тез жетіліп, көзқарасының ерекше жағдайда қалыптасуына әсер етіп отыр. Бұрынғы жастар үшін ақпарат көзі газет, радио, теледидар болса, қазір интернеттің «арқасында» тіпті, теледидар көрмейтін жастар қатары арта бастады. Қазақ интернетінің дамуы тек қазақ тілінің қолданыс аясының артуына байланысты. Ал оның шешілуі елдегі тілдік саясатпен тікелей байланысты екені айтпаса да түсінікті. Технологиялық тұрғыда интернеттің дамуында еш қиындық көріп тұрған жоқпын. Елбасы айтқан 2025 жылға қарай жүз пайыз қазақстандықтар мемлекеттік тілді меңгерсе, қазақ интернеті де белсенді бола түседі деген үмітім зор. Телевизияшы маманның бұлай дегені таңданарлық боп естілер. Бірақ соңғы бір жылдың ішінде теледидар көруді қоймасам да, көруді сиреткенім рас. Көбіне теледидардан жаңалық көремін. Оның басты айыпкер себепшісі интернет. Жаһандық желі дами бастағалы бері елімізде теледидар, баспасөз, радио бірте-бірте ғаламторға көшетін сыңайы бар. Өйткені теледидардан көрмей қалған хабарыңды қалаған уақытыңда интернеттен тауып алып көресің, оқымаған газетіңнің интернеттік нұсқасын жедел тауып аласың, радионы да ғаламтордан он-лайн жүйесінде тыңдауға болады. Жалпы, бүйте берсе, үйге арнайы теледидар сатып алудың қажеті болмай қалатын сияқты. Сериал көруге ме? Сериал бітпей жатып, көрермен интернеттен оның соңын көріп алатын болған баяғыда.

Нұрбек Матжани, «Wiki bilim» ҚҚ өкілі:

– Қазақ интернетінің басты проб­лемасы, меніңше, интернетке қолжетімділік мәселесі. Бүгінгі таңда үлкен қалалар, облыс және аудан орталықтары интернетке қосылған. Алайда қазақ ұлты басым тұратын ауылдарға интернет әлі жете қойған жоқ. Ауылда тұратын ағайынға интернет қолжетімді болса, онда қазақ сайттарының монетизациялану (пайда табу) процессі жылдам жүзеге асатын еді. Жалпы, қазақтілді ин­тернет тұтынушылардың санының артуы, қазақ интернет кеңістігінде түрлі бағыттағы, алуан мазмұндағы жаңа сапалы сайттардың пайда болуына өз әсерін тигізеді.

Осы орайда, ауыл тұрғындарының ин­тернетке қолжетімділігін тез арада шешу қажет. Бұл қолжетімділік желілік, сондай-ақ мобильді интер­нет арқылы жүзеге асуы тиіс. Интернеттің бағасын да төмендету жолдарын қарастыруымыз керек.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ