Тау қопарған тау тұлға

Тау қопарған тау тұлға

Тау қопарған тау тұлға
ашық дереккөзі
Д.А. Қонаевтың естеліктері ізімен
ОФИЦЕР РИДДЕР НЕМЕСЕ КЕНДІ АЛТАЙ
Қопарылыс, жарылыстардың басы-қасында жүрген инженер Қонаев Қоңыраттан кейін Риддер кенішіне келді. «Алтай – полиметалл» комбинаты құрылып жатқан кез еді. Риддер кенішінде директор болған Димекең жұмысы тоқтауға айналған, тоқырап, шаруасы біткен өндіріс орнын аяғынан тік тұрғызады. Өз мамандығы мен кәсібін шексіз сүйген азамат күндіз-түн демей кеніште жүреді. Іскерлік пен ұйымдастырушылық және жұмысшылармен тіл табыса білу қасиеті тас-талқаны шыққан кенішті қатарға қосады. Димекең естелігінде тәулік бойы тыным таппай еңбек еткен кеніштегі жұмысшылардың жанталасқан әрекеті жөнінде көп мысалдар келтіреді. Өндірістегі еңбек өз алдына – реті келген жерде кеніш тарихы туралы зерттеушілердің өзі біле бермейтін тосын деректер келтіреді. Алтай өлкесін отарлаған Ресей алдымен бұл өлкедегі қазба байлыққа қол салған ғой. Тау-кен ісінің білгірі, әскери инженер, офицер Ф.Риддер 1786 жылы бұл жерде орасан зор кен орнын ашады. Түгесілмес қазына, жер бетіне шығып жатқан алтын мен күміс сонау Петербургтегі патша ағзамның құлағына жетеді. Кеніш игеріліп, арада біраз уақыт өткенде оның қазба байлығы Елизавета Петрованың атына көшіріледі. Соңында Алтайдың алтын мен күміс, жауһарына, бір сөзбен айтқанда теңдесі жоқ қазынасына Екатеринаның өзі ие болады. Император әулеті ұзақ жылдар осы көл-көсір байлыққа ие болып, шалқиды. 1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін ол мемлекеттік меншікке айналады. Атақты Риддер кеніші Ресейден басқа елдердің де көз құрты болған. Бұл кеніштің кеңестік «қызыл» директоры Р.Дрейманды В.Лениннің өзі тағайындаған. Соған қарағанда ұлы қазба байлық жайында айтуға толық болады. Бұл әлемге әйгілі кеніште басшылық еткен Димекең өмірбаянында таңғажайып оқиғалар мен зор тағлым бар. Риддердегі қабілетті қазақ инженері Қонаевты Жұмабай Шаяхметовтың арнайы келіп көруі осы жердегі шахтадан басталады. Риддер жұмыскерлері жайында очерк жазбақшы болған ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің Димекеңе алғаш жолығуы да Алтайда болады. Айтпақшы, Қоңыратта жүргенінде озат жұмысшылармен бірге 1939 жылы Мәскеуге барған Димекең төраға М.Калининің қолынан медаль алады. Қонаевтың аса талантты инженер, содан соң білікті, парасатты басшы ретінде Қазақстанға таныла бастағаны осы жылдары еді. Жалпы кенді Алтайды өркендету жолындағы ғылыми жобалар мен өндірістегі еңбектің басы-қасында жүрген, басшылық жасап, өндіріске жаңалық енгізген, жасы әлі отызға тола қоймаған Қонаевтың ерен еңбегі тарихта ерекше таңбаланып қалған. Бұл арнайы зерттеуді қажет етеді. Қонаев Риддер кенішінде басшылықта жүргенде оның қарапайымдылығы жұртты қайран қалдырған оқиғалар көп еді. Соның бірін айтайық. Димекеңе атақты кеніштің үлкен басшысы ретінде жеке өзіне екі қабатты үй беру ұйғарылады. «Жұмысшылардың кейбірі үйсіз-жайсыз жүргенде бұл екі қабатты үйде мен тұра алмаймын. Үстіңгі қабатындағы екі бөлмеде тұрайын, астыңғы қабатындағы бөлмелерді үйсіз жүргендерге беріңіз»,– дегенде – қарапайым әрі қанағатшыл бастыққа риза болған шаруашылық басқарушысы мұны қалың елге жаяды. СОҒЫС НЕМЕСЕ ҚАРУ АСЫНҒАН ҚОНАЕВ Өндірістік жоспарлары артығымен орындалып, Орталық комитеттен, обкомнан «жақсыны көрмек үшін» өкілдер келіп, кенді Алтайда, оның ішінде Риддерде еңбек көрігі қызып, кеніштегі іс кемерінен асады. Міндеттеме, жоспарларын екі-үш есе артығымен орындаған қазақстандық атақты «стахановшылдар» шығады. 1940 жылы жазда Риддерге Орталық комитеттің сол кездегі екінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов келеді. Димекең бұл кісі жайында естелігінде: «Асығыс байлам жасамайтын, бірақ алғырлығы шу дегеннен аңғарылып тұратын қасиеті бар екен»,– деп жазады. Шаяхметов Қонаевты еңбегі арқылы сыртынан жақсы білетін. Енді өзін көргеніне қуанады. Кеніштегі забойшылардың еңбегін көру үшін қараңғы шахтамен төмен түседі. Үңгірді аралап, ондағы забойшылардың жер астындағы еңбегін көрген Жұмекең: «Жанын шүберекке түйіп, подвалдарда кен қазуын былай қойғанда мына тас қараңғы шахтамен жер қойнына сүңгіп шығудың өзі ерлік қой», – дейді жеті қат жер астына ертелі-кеш талай рет түсіп шығатын Димекеңе қарап. Рахатынан гөрі азабы басым, өмір мен өлім қатар жүретін кеніш-шахтадағы ерен еңбекті көрген Жұмекең жұмыскерлерге, олардың басшысы Қонаевқа риза болып Алтайдан аттанады. Бұл уақыт Қазақ КСР-нің 20 жылдығы мерекесі қарсаңында тойды толағай табыс­тарымен қарсы алуға байланысты екпінді еңбектің ерен күш алған кезі еді. Жұмекең осы келісінде кеніш бастығы Қонаевтың іскерлігі мен қарамағындағы жұмыскерлерге деген қамқорлығын сезді. Озат бұрғышы Тайжановпен әңгімелесіп, оған «көсеген көгерсің» деп батасын береді. Жұмекеңнің табыс пен жетістікті көріп, Алтайдан Алматыға аттануы түбінде Димекеңнің астана Алматы жаққа қызметке ауысатынын сездірген еді. Жұмекең Қоңырат, Балқашта кен қопарған, Алтай Риддерде шахтада басшылық жасап, күйреуге жақындаған кенішті озаттар қатарына қосқан Қонаев жөнінде Орталық комитеттің бірінші хатшысына жақсы лебіз білдіріп, оның іскерлігін айтса керек. Бірінші хатшы бір іссапары кезінде (сайлауға түскен) Риддерде Димекеңе жолығып, оның еңбегіне шексіз риза болып, алғыс айтады. Яғни, Димекеңнің қызметте өсуінің орайы көрінеді. Қонаевтың ерлікке толы еңбек жолының бір белгісі болған Риддер 1941 жылы Лениногор деген атқа ие болады. Димекеңнің осында тасы өрлеп, атағы шыға бастағанда соғыс басталады. Соғыстың басталғанын кеніштен түскі үзіліс кезінде үйінен келгенде естіген Димекең: «Дүниені қара бұлт қаптап, қасірет шеңгелі бас көтерген күн, оны ұмыта қоярмысың…», – деп ары қарай кеніште соғыс хабарына байланысты шұғыл шаралар ұйымдастырылғанын айтады. Соғыс басталғанда радиодан сөйлеген Сталиннің сөзін жұмысшылармен бірге тыңдайды. Алапат соғыстың алғашқы жылдары кеніш қорғасын өндіруді 21 пайызға, қалайы өндіруді 8 пайызға және алтын өндіруді 26 пайызға өсіріп, жоспарды артығымен орындайды. Соғыс кезінде қару-жарақ, оқ-дәрі жасайтын ауыр өнеркәсіпті өркендетудің шұғыл шаралары басталады. Өнеркәсіп саласында тәжірибесі қалыптасқан Димекеңді Орталық комитет Халық комиссариаты төрағасының орынбасары қызметіне ұсынып, бекітуге Мәскеуге жібереді. Бұл 1942 жылдың сәуір айы еді. Әңгімелесу жарым түнде болады. Өйткені соғыс жүріп жатқан кез ғой. Тәртіп бойынша Қонаевтың қаруланып жүру ережесі айтылады. «Соғыс кезінде түннің бір уағында белінде наганы бар ағамыз қызметтен шаршап келетін еді»,– деп еске алады қарындасы Сара апай. Иә, сұрапыл соғыс жылдарында Қонаев қару асынып жүрді. Мәскеуде бекітіліп келген соң Димекең сол кездегі бұлжымас тәртіп бойынша Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы Оңдасыновтың алдынан өтеді. ОҢДАСЫНОВТЫҢ ОРЫНБАСАРЫ НЕМЕСЕ СЫРДАҒЫ ЕЛДІҢ СҮРГІНІ Қасиетті Түркістанның түлегі, белгілі мемлекет қайраткері Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов қазақ елінің кеңестік тарихында кемеңгер, айырықша тұлға ретінде аты аталады. Бұл елағасы жайында естелік айтушылар ол кісінің қазаққа тән кеңдігін, қызметтегі адалдығын және іскерлігін көбірек тілге тиек етеді. Бойында ұстаздық білгірлік пен адам танитын ерекше қасиет болса керек. Белгілі мүсінші марқұм Кәкімжан Наурызбаев Нұртас ағаға өмір бойы қарыздар болып, өмірбойы есінен шығармай дүниеден өтті. Өйткені Қостанай облысына іссапар кезінде ол кезде мектеп оқушысы Кәкімжанның мүсіншілік талантын танып, оны Алматыға арнайы алдырып, соңында Мәскеуге оқуға жіберген еді. Нұрекең Димекеңнің іскерлік қасиетін Шығыс Қазақстан облысына іссапары кезінде біліп, соңында Жұмекеңмен (Ж.Шаяхметов) келісіп, өзіне орынбасар етіп алғаны жөнінде ағынан жарылып айтады. Димекеңнің іскерлігін жігіт кезінен таныған Нұрекең былай дейді: «Қасыма комбинаттың бас инженері, қазақ жігітін қосты. Ұзын бойлы келген, салиқалы да сабырлы, өндіріс техникасын жақсы білетін, білгір металлург екен. Мен білмейтін көп жайлармен кеңінен таныстырып, мағлұмат берді. Білімдар, іскер мінезіне қайран қалдым… Ол Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев болатын». Риддерден Алматыға келіп, бірден Халық комиссариаты төрағасының орынбасары болып тағайындалған Қонаевтың қызметтегі іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілеті Нұрекеңе қатты ұнайды. Димекеңнің әйелі Зухра өте қонақжай, адамдарға ерекше ілтипатпен қарайтын әйел болған ғой. Димекең Оңдасовтың отбасымен де жиі араласса керек. Өйткені саяжайдағы жеміс-көкөністері піскенде Жұмекеңнің үйіне, Нұрекеңнің (Нұртас) жұбайына неше түрлі жеміс-жидек жіберіп, мереке кездерінде үнемі құттықтап отыратыны әдебиетке айналған екен. Димекең естелігінде өзіне ұстаз болған қазақтың екі қоғам қайраткері – Нұрекең мен Жұмекең жөнінде, олардың өнегесі мен тәрбиесіне қатысты ғибратты әңгіме айтады. Өзінің тікелей бастығы болған Нұртас Оңдасыновтың бойындағы жақсы қасиеттерге біраз тоқталады. Сондай-ақ оның іскер басшы, тәжірибесі мол, терең білімді жан екенін де еске алады. Нұрекең сияқты Димекең де бала кезінде молдадан діни білім алған емес пе?!. Екеуінің бойындағы ізгілік пен имандылық оларды етене жақындастырады. Он жыл орынбасарлық қызметте болған Димекең үлкен сыннан өтіп, біліктілігі мен білім-тәжірибесі қалыптасып, парасаттылығы мен көрегендігін көрсете бастайды. Соғыс жылдарында ауыр өнеркәсіп пен жол-көлік саласына жауапты болған Димекең бұл шаруаны шатқаяқтатпай, қайта жандандырып, үлкен саланың қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Қазақстаннан майданға жіберілетін азық-түлік, киім-кешек темір жол арқылы тиісті жерлерге кідіріссіз барады. Майданға темір мен қорғасын аса зәру болған ауыр күндерде қорғасын, темір кеніштері, оны қорытатын зауыттар тоқтаусыз жұмыс істеді. Димекең өзі еңбек жолын бастаған Лениногор, Балқаш және Ащысай, Зырян, Текелідегі кеніштер майданға қажетті өнімдерді еселеп өндіріп, артығымен орындады. Майданға қатысты тылдағы қисапсыз шаруалардың басы-қасында жүрген, күн демей, түн демей, кейде көз ілмей жүрген Димекеңнің соғыс жылдарында атқарған ерен еңбегі жөнінде әрине көп айтуға болады. Елде соғыс уақытында өндірілген әрбір 100 тонна молибденнің 60 тоннасын Балқаш пен Қоңырат кеніштері беріп отырған. Мұндағы кеніштерде бір жылдары Димекеңнің өзі де еткен болатын. Елуінші жылдардың басында Сыр өзені бірнеше рет тасиды. Соңғы тасқын – сел өте қауіпті еді. Дария бойындағы Қызылорда қаласының топан су астында қалу қаупі сезіліп, жағдай барынша қиындайды. Онда жүрген су шаруашылығы министрі, тағы да басқа Алматыдан барған өкілдердің төтенше жағдайдың алдын алуға шамалары келмейді. Көбігі көкке көтерілген орасан толқынды су қала шетіне жақындайды. Штаб бастығы Алматыға қайта-қайта телефон соғып, шарасыздықтарын айтады. Үкіметтің шұғыл бір отырысында: «Онда мен барайын», – деп Димекең өтініш жасайды және тез өзі аттанып кетеді. Димекең келе сала жанталасып жатқан адамдарды көріп, өзі де іске кірісіп, жұмысты іскерлікпен ұйымдастырады. Қарапайым халықтың арасында жүруді қанына сіңірген Димекең кездейсоқ бір қарияға жолығып, Сыр бойында ежелден тұратын ақсақалдан: «Аға, суды тоқтатудың қандай жолы бар. Біз не істеуіміз керек? Егер білсеңіз айтыңыз», – деп өтінеді. Әлгі қария селді тоқтатудың ежелгі әдісін айтады. Димекең дана қарияның айтуы бойынша әлгі әдісті қолданып, селге қарсы бөгет жасайды. Қамыс буып, оны арқанмен байлап, үстіне топырақ тастайды. Сөйтіп, қарапайым халықтың әдісі бойынша, дана қарияның ақыл-кеңесі негізінде ежелгі амалды қолданып, тілсіз жаумен айқасқан Димекең халықпен бірге селді ауыздықтайды. «Тәуекел, онда мен барайын», – деп Алматыдан аттанған Димекеңнің кемеңгерлігі тұтас қаланы апаттан аман алып қалады. «Халық Құдайдан бір елі кіші» деп халық даналығы мен көрегендігіне әрқашан бас иетін Димекең шын халық перзенті еді. Ол кісі әрдайым «данаң да ел панаң да ел» деген қағиданы берік ұстанды. ТОЛАҒАЙДЫҢ ТАУ ҚҰЛАТУЫ Алатау етегінде оның бөктерлерінен төменге қарай үш өзен ағады. Осы өзендерге әр тұстан қосылып ағатын майда өзендер мен жылға-бұлақтар өте көп болған. Өкініштісі, олардың көбі кейін құрғап, жоғалып кетті. Суының молдығы мен қалың тоғай-орманына байланысты осы жер бұрын «Ну-Алматы», «Су Алматы» деп аталған ғой. Алматы тарихында «сел» деген сойқан өте ежелден келе жатқан төтенше табиғат құбылысы. Өйткені апатты сел-тасқындар өте көп болған. Сондай сойқан сел, қорқынышты тасқынды Димекең тоғыз жасында алғаш көрді. Үйдей-үйдей тастардың домалап, үй-жайлардың суда жапырақтай қалықтағанына куә болды. Алматыдағы ең жойқын сел – тасқында (1921 ж.) Қонаевтар әулеті кездейсоқ аман қалған. Екі мың жылдан бері сойқан-сүргін салып, шексіз қайғы-қасірет әкелетін «сел-тасқынға» өткен ғасырдың алпысыншы жылдары мәңгі тосқауыл қойылды. Содан бері елу жылға жуықтады. Алматылықтардың ұйқысы тыныш. Алматыда жиі қайталанып тұратын сел-тасқынға қарсы қалқан-бөгет жасауды Димекең «совмин» төрағасы болып, Үкімет басына келген елуінші жылдардың ортасында ойланып, он шақты жыл ақыл-ойында әбден «пісірген». Егер қолдан қалқан бөгет тұрғызу қолға алынса оның құрылысы ұзаққа созылуы мүмкін еді. Ал, тау шатқалындағы жол қиямет-қайымды елестететін. Бұл үшін басты бәйгеге тігіп тәуекел ететін нәрсе – қопарылыс жасау. Яғни, тауды жарып, өзекке тастан қамал тұрғызу керек. Қашанда кемел істі кеңесіп жасайтын Димекең атақты ғалымдармен, талантты тау-кен инженерлермен ақылдаса келе қопарылыс жасауды қолға алудың мүмкіндігіне сенеді. Өйткені Қоңыратта жүргенде қопарылыстың түр-түрін жасап, өзі де мол тәжірибе жинақтаған еді. Қоңыраттағыдай емес Алатаудағы қопарылыс өте жойқын болады. Өйткені шыңды жарып, төменге тау құлату оңай емес. Қауіпті әрі үрейлі іске басында мамандар тарапынан қатты қарсылық болды. Орасан зор апат болып, Алматы үстінде тас жаууы мүмкін және сейсмологиялық қауіпті аймақта жер асты дүмпулері күшейіп, ол күшті жер сілкінісіне әкелуі ықтимал деген күдік мамандарды мазалады. Өзіне сенімді Димекең алған бетінен қайтпады. Новосибрскіден келген академик Лаврентьевпен ақылдаса келе қопарылыс жасаудың жоба – жоспарын бекітіп, іске батыл кірісті. Медеу шатқалындағы зор тау-жартасты қопарып, қопарылған тау бөлшегін ойға дәл түсіру – оңай әрі сәтті бола қоятын іс емес еді. Инженерлік дәлдік пен жарылыс жасаудың көрегендік есептеулері мен нақты болжамдары тылсым құбылыс еді. Асқан ақыл ой мен нар тәуекелдің нәтижесінде тауда жантүршігерлік жарылыс, жойқын қопарылыс жасалып, жарылған таудың бір бөлшегі ойға қолмен қойғандай болып түсті. Оның дүмпуі Алматыға жетті, бірақ қала зардап шеккен жоқ. Кеңестік баспасөз өзалдына – әлем ақпарат құралдары Алатаудағы селге қарсы жасалған адамзат тарихындағы кереметті таңдана жазды. 1966 жылы о бастағы мамандығы тау-кен инженері Қонаевтың тау қопаруы әлемдегі өте сирек құбылыс деп тарихқа жазылды. Арада бір-екі жыл өткен соң тағы қопарылыс жасалып, Медеу шатқалында таудың бір бөлшегіндей болып, селге қарсы қалқан көктен түскендей пайда болды. Димекеңнің көрегендігі мен данышпандығы сонда – алапат жайқын селдің түбінде бір болатынын әулиедей болжап селге қарсы «тау-қалқан» тұрғызуы еді. 1973 жылы данышпан болжаған болуы ықтимал жойқын сел-тасқын қауіпі күллі Алматыны үйрейлендірді. Толағайдың (Қонаев) бәрін алдын ала біліп, тау қопарып жасаған қалқаны жойқын селді төмен жібермей «тілсіз жауға» төтеп берді. Атақты ақын «Сел» поэмасының авторы Жұбан Молдағалиевтың аталған шығармасында кемеңгер Димекең бейнесі былай суреттеледі: Тартысып тілсіз жаумен, Тірілер үшін жалықтың. Тасқынды бөгеп таумен, Дәуірдің күшін таныттың. 1973 жылы жазда болған Алатау бөктеріндегі осы жойқын сел кезінде бөгесін қалқанның үстінде басын бәйгеге, жанын шүберекке түйіп жүрген Димекең халқы үшін құрбан болуға даяр шын көсем екенін көрсеткен еді. Сондықтан ол үш рет Еңбек Ері атағын осындай ерлігі мен жанқиярлығы үшін алғанын халық біледі. 1912 жылды халық «Қонаев жылы» деп атап өздерінше іс-шаралар мен жиын-басқосулар өткізіп, қасиетті рухына дұға оқу сияқты имандылық әрекеттерінде жалғастырып жатыр. Сондықтан болашақта тау қопарған Толағайға (Димекең) Медеу шатқалының ең биік бір тұсына таудай ескерткіш орнату қажет. Өйткені Димекең өзі жақсы көрген сүйікті халқының тек көсемі ғана емес, қазір піріне айналып отыр. Ораз ҚАУҒАБАЙ, жазушы