КЕДЕНШІЛЕР АНА ТІЛІН АСҚАҚТАТТЫ
КЕДЕНШІЛЕР АНА ТІЛІН АСҚАҚТАТТЫ
Тұғыры биік тәуелсіздіктің басты белгісі – ол Ана тілі! Ана тілі – тарих тереңінен бастау алып, өнер мен мәдениеттің кәусар бұлағына сусындататын рухани әлеміміздің сарқылмас қазынасы. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне сай қолданылу аясын кеңейте түсу қажеттігі – заңды құбылыс.
Елбасы Н. Ә. Назарбаев өзінің жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында еліміздің мемлекеттік тілі – ана тіліне аса ден қойып, оның өсіп өркендеуіне жағдай жасауда. Міне, бүгінде мемлекеттік тілді білу – мемлекеттік қызметкерлердің ең басты біліктілік талабына айнала бастады. Қазір мұндай талап қойылатын лауазымдар саны күн өткен сайын артып келеді.
«Тіл туралы» Заңның 4-бабында: «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» деп жазылған. Үкімет, өзге де мемлекеттік, жергілікті, өкілді және атқарушы органдар Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгеруіне қажетті барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға міндетті» – делінген онда.
Алматы қаласы бойынша Кедендік бақылау департаментінің жеке құрамындағы қызметкерлерге қазақ тілі сабағы жүргізіп келеді. Мұнымен қоса, мемлекеттік тілді дамыту жолында игі істер атқарылып, түрлі келелі іс-шаралар өткізілуде. Оған дәлел ретінде жақында өткен «Абай мұрасы – ұрпаққа ұлағат» атты әдеби сазды кешті айтсақ болар. Бұл шарада алматылық кеденшілер ұлы ақын Абайдың шығармаларын жатқа айтып, ерекше бір тебіреніске бөленді.
Ел болашағын ойлаған азаматтың тіл болашағын да естен шығармайтыны даусыз. ҚР «Тіл туралы» Заңын және тілге қатысты заңнамалар мен Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді кеңінен насихаттап, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру жолында соңғы жылдардағы іс-қағаздардың жаппай мемлекеттік тілге көшкені де тілге деген қажеттілікті де арттырып отыр. Бұл қос қолды көтере құптарлық жайт. Тілге құрмет – елге құрмет екенін дәлелдеу үшін мемлекеттік мекемелер ғана емес түрлі деңгейдегі ұйымдардың, тіпті әрбір қазақстандықтардың қосар үлесі орасан екенін ұмытпау керек-ақ.
Гүлнәр ҚЫДЫРӘЛИЕВА,Алматы қаласы бойынша
Кедендік бақылау департаментінің баспасөз хатшысы