ӨНЕРІМЕН СҮЙІКТІ, ӨРЕСІМЕН БИІК-ТІ

ӨНЕРІМЕН СҮЙІКТІ, ӨРЕСІМЕН БИІК-ТІ

ӨНЕРІМЕН СҮЙІКТІ, ӨРЕСІМЕН БИІК-ТІ
ашық дереккөзі
Әдебиетші Баламер Сахариевтен қалған әдемі әсерлер
Мемлекеттің ең бірінші байлығы да, ең үлкен құндылығы да – адам. Бәрі адам үшін жасалады. Бәрі де адамның өмірі үшін істеледі. Ал адам өмірін ең үлкен құндылық деп білу – тек бүгінгі тірілерге ғана қатысты қағида емес. Кезінде ел мен жері, ұлты мен жұрты үшін аянбай еңбек етіп, артына айтарлықтай із қалдырып кеткен аяулы тұлғалардың өмірі мен қызметі, әдемі іс-қылығы, көркем мінезі – бүгінгі де, келер ұрпақ үшін әрі тағылым, әрі тәрбие. Белгілі әдебиетші, ғалым Баламер Сахариев туралы жазылған төмендегі мақаладан біз алдымен осыны көреміз. Өткен ғасырдың алпысыншы жыл­да­рының екінші жартысында қазіргі М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына жұмысқа орналастым. Директоры Мүсілім Базарбаев осы институттың бір бөлімі болып саналатын Мұхтар Әуезов мұражайына баратынымды айтып: «Әуезовтің шығармаларын шығарып жатыр, соған көмектесесің», – деді. Мұражайға келісімен жұмысты бірден қолға алдым. Он екі томдықтың алғашқы томдарының бір топ корректуралары жатыр екен. Мен оларды кешке дейін оқып, қалғанын үйге алып кеттім, бәрін де бір-екі күнде баспалық жүйесімен оқып, бітіріп алып келдім. Мұражай қызметкерлері қарап шықты, бәрінің ризалықтары көздерінен көріне қалған, оны іштей сезіп тұрмын. Әсіресе Мұратбек Бөжеев: «Сарбала қашан үлгердің мынаның бәрін, жұмыс көп еді ғой» – деді, өзінің ризалығын, шын көңілі толғанын жасыра алмай. Содан бастап ол мені «Сарбала» атап кетті. Менің бұл салада тәжірибемнің мол екендігіне көздері жеткен соң, бәрін де маған сеніп тапсырып, өздері көп араласпайтын болды. Бас­па­мен негізгі байланысты, қиындықтар туындаса оны шешуді Бәкең – Баламер Сахариев өз мойнына алған. Көп жылын репрессия құрсауында өткізген М.Бөжеев ұсақ-түйек шарулардан алыстап, онша араласа бермейді. Ол диссертациясын енді-енді қорғаймын деп тұрған шағында репрессия құрбандығына айналып, содан елуінші жылдардың аяғында барып ақталып, елге оралған. Осыдан кейін аз жылдың ішінде бұрынғы қорғалмай қалған диссертациясын М.Әуезовтің көмегімен қайта қорғайды. Осы мұражай ашылатын болып, соған қызметке алынады. М.Әуезовтің қазақша қолжазбаларының көбі араб әрпінде, хадымшеге де, жадидшеге де жүйрік Мұрекеңнің архивті реттеу­ге көмегі көп тиіпті. Мұражай ашылмай тұрып, жұмысқа тұрғандар Андабек пен Баламер екен. Екі-үш жыл әзірліктен кейін ашылған Мұражайдың ең алғаш экскурсиясын жүргізушісі де Баламер, ол қауіпсіздік комитетінің отыз шақты қызметкерлеріне түсінік береді. Олардың арасында төменгі шенділерінен бастап, генерал адамдары да бар. Алғашқы экскурсия болғандықтан ба, олардың көңілінен шығам ба, жоқ па деген ой Бәкеңді қатты мазалапты. Оны үнемі еске алып, кейін де айтып жүрді. Негізінде Бәкең орысша-қазақшаға бірдей жүйрік шешен жігіт болатын, сондықтан ол үлкен деңгейдегі адамдарға ғана экскурсия жүргізетін. Ондайда кейбір экспонаттардың тарихын, басқа да сыр-себептері мен ерекшеліктерінен әңгіме айтқанда тыңдаушылары ұйып тыңдап, ара-арасында күліп, беріліп, көңілденіп, желпініп қалатын. Осы жылдары мұражайдың акт-залында Алматы қалалық қазақ әдебиеті мен өнерінің халық университеті өзінің сабақтарын өткізіп тұрды. Оның ректоры белгілі әдебиеттанушы, профессор Рахманқұл Бердібаев та, проректоры Баламер Сахариев, ғалым хатшысы алғаш ашылғанда Ләйла Мұхтарқызы Әуезова болды. Ләйла институттың басшылығымен келісіп алып, ол міндетті маған тапсырды. Сол кезде Академияның академиктігіне, мүше-корреспонденттігіне сайлаудың дайындығы жүріп жатқан. Осындай кездерде академиктіктен, членкорлықтан үміткер кісілер Ләйла Мұхтаровнамен жолығуға келгіш болып кетеді. Бәкең солардың келген-кеткеніне қарап отырып: «Мынау академик, мынау түк те емес, мынау членкорр болатын болды» – дейді. Құданың құдіреті, ауызына періште түкіре ме, әлде сезгіштік қабілеті дөп түсе ме, ақырында қорытынды нәтижелері Бәкеңнің айтқанындай болып шығады. Негізінен университет сабақтарын басқарып отыратын Рахаң да, кейде ол болмай қалған күндер болса, оны жүргізуді Бәкең қолға алады. Ондайда ол тыңдаушыларды күлдіріп, көңілді отыруына тырысады, қандай жағдайда да солай болуының орайын келтіреді. Ал Р.Бердібаевтің сабақты қорытындылауларының өзі білім кеңістігіне еніп, тереңіне батып кеткендей бір халдерге ұштасып жататын: білімнің, ғылымның, мәдениеттің, тарихтың, әдебиеттің, өнердің тұңғиығынан суарылғандай ойлары қарапайым жандар мен оқығандарға бірдей түсінікті көрінетін. Аяқталғанға дейін тыңдаушылар беріліп тыңдайды, таусылмас азық алғандай болып тарқайды, сондайда әлі де созыла түсуін, жалғаса беруін қалайтындай болады. Жұрттың қанаттанғандай болған көңіл-күйлерін көрудің, сезінудің өзі әлденендей серпіліс әкеледі, осыны сезінудің өзі бір ғанибет. Кейде мен Рахаңның тапсырған тапсырмаларын созыңқырап алатын болуым керек, соны байқаған Бәкең: «Ойбай-ау, әлі жүрсің бе? Бәрі де милләттің қамы үшін емес пе деп ренжиді ғой ағаң», – дейді. Рахаңның жүріс-тұрысындағы ерекшеліктерді ғажап түрде қайталап. Бұл көп белгілі жандардың сөйлеген сөздері мен қимыл-қозғалысын, ерекшеліктерін өз қалпында қайталайтын Құдайдың берген қасиеттерінің бірі. Оның ондай назарына іліккендердің саны аз емес, үлкен, белгілі қайраткерлерден бас­тап, айналасында жүрген жай қарапайым жандарға дейін жалғасып кете береді. Әркімнің өзгеден бөлектендіріп тұратын өзгешеліктерін қағып ала қояды да, сол қалпын айнытпай көрсетеді. Жаңбырлы күндердің бірі, қолымда имек сабы бар қолшатыр, жұмысқа келсем қызметкерлердің бәрі кіре берісте отыр екен. Бәкең менің қолшатырымды алды да, басын бір иығына қарап қисайта сілкіп тас­тап, аяғын сүйрете басып әрлі-берлі жүріп берсін, бұл – Әбділдә Тәжібаевтың жүрісі. Ара-арасында тілін шығарып, ол болып сөйлеп қояды. Қыран-топан күлкі. Бөжеев: «Әй, тентек, әй, тентек, қай-қайдағыны көрсетіп», – деп күледі. Не деген дәлдік, не деген шеберлік, бірде-бір артық қимыл, артық қозғалыс, жасандылықтың белгісі жоқтығы қайран қалдырады. Есіме түсіп кетсе болды, күлкім келе береді. Ол Әуезов болып сөйлеп, Әуезов болып лекция оқитын. Онысын Ләйла Мұхтарқызына сездірмеуге, ол бар жерде өнерін көрсетпеуге тырысатын. Өйткені Валентина Николаевна мен екеуі отырған бір жиында көрсеткен жаңағыдай өнерінен кейін олардың салқын қабақ танытқанын байқайды, содан кейін сақтанып жүретін болған. Ондай мінезді Әлкей Қаханұлынан да көреді. Мұражайдан шығып Төлебаев көше­сі­мен төмен түсіп бара жатса, Әлекең кездесе кетеді. Сәлемдессе сәлемін алмайды, қабағы қатыңқы, қырын қарай береді. Бір кілтипанның барын сезе қояды, соны ойлап болғанша Әлекең: «Немене, сені сайқымазақ әртіс болып кеткелі жүр дей ме, бұл қалай?!» – дейді қырылдаңқырай шығатын үнмен. Салқындықтың түбі қайда жатқанын түсіне қояды да: «Әлеке, өзіңізді қатты қадірлейтін, құрметтейтін інілеріңіздің бірімін. Сонау 1925 жылы шыққан алғашқы мақалаңыз «Найманы»-нан бастап күні бүгінге дейін жарық көрген дүниелеріңізден бірде-бірін бос жібермей, үзбей оқып келе жатқан ініңізбін» дегенде ғана оның беті бері қарап, жіби бастағандығы байқалады. Бәрібір айрылысарда: «Байқа, бала, әйтпесе артыңнан ит қабады» дегенді айтып кетеді. Аңғал ғалым осымен бәрі бітеді деп ойласа керек, қайта сондағы сөз-қимылдарымен Бәкеңнің репертуарын байытып кеткенін білсе ғой. Бәкең солардың бәрін бастан-аяқ қайталап шықты жаңа бір қырларын тапқандай болып. Жалпы Бәкеңнің кіммен болсын әңгімесі де, сөзі де, әзілі де жарасатын – бір ерекшелігі ретін, қыбын таба білетіндігі. Евгения Васильевна Лизунова, тағы біраз әйелдер мұражайдың ауласында әңгімелесіп тұрғанда Әлкей Марғұлан туралы, оның атқарған істері мен кейбір мінездері жөнінде сөз болып қалды. Сонда тұрғандар күлісіп, өздері білетін жайларды айтысып жатқан. Бәкең сонда Евгения Васильевнаға «Қалай, ол өзіңізге былай қырындаған шығар?» – деп, әзілдегенде ол тіпті көңілденіп кетті. «О!.. он из того жука», – деп қойды. Мұны естігендер бәрі күлісіп қалды. Оларды Бәкеңнің сұрағы да, оған қайтарған Евгения Васильевнаның жауабы да сондағыларға айрықша әсер етті. Ондай сұрақты көрінген адам қоя алмайды, қоя қылғандай болса сөгіс естиді, немесе ашуланғанына кез болады. Тіл мәселесіне байланысты мұражайда бір жиын болды. Осы саланың ірі өкілдері жиынға қатысты, жиынды басқарып отырған академик Ісмет Кеңесбаев «Осында Баламер бар ма?», – деді. «Бар» деген дауыстар шықты. «Сені көп адамдарды коопировать» етеді дейді. Кәне, соны көрсетші, өз көзіммен көргім келеді», – деді. «Ойбай Секе-ау, қосақ арасында босқа шәйіт болып кетемін ғой, Секе, бекер қинамаңыз!»… Оған өзі жауап беретінін айтып, өтініп болмады. Сонда Бәкең Кеңесбаевтың өзі болып сөйлей жөнелді. Оған ішек-сілесі қата күліп, мәз болып қалды. Осынысымен де қызықшыл, көпшіл екендігін, дұрыс қабылдағанын көрсетті, өзі сұранып, басқа да екі-үш нөмірлерді көрді. М.Әуезовтің «Қаракөзі» қойылымынан кейін театрдың артистері мұражайды келіп көреді, акт-залында пікір алмасады. Сахариевтің өзі болып сөйлейтінін, рөлін қайталайтынын білетін Серке Қожамқұлов Бәкеңнің есімі аталып қалғанда «Е, Баламер сен екенсің ғой, енді өзім көрейін, білейін сырттан естігеннен гөрі», – дейді. Бәкең сөзге келмей бірден рөлге кірісіп кетті, әртістердің басқа саланың адамдарындай емес екенін біледі, сондықтан Қоңқай болып өнерін бастап жібереді. Өзінің қимылдарын көріп, сөзін есту Қожамқұловқа қатты ұнады. Ризалығын қолынан ұстап, арқасынан қайта-қайта қағып, білдіріп жатты. «Сен бар кезде мен өлмейді екем. Рахмет, Баламер, мыналардан қайыр жоқ» деп, айнала тұрған әртістерді нұсқап қояды. Қанша дегенмен әртіс дегендер ерекше халық қой, дуылдатып күлкі-думанға айналдырып, көңілдендіріп, шаттыққа бөлеп жібереді. Егер әдебиеттің өзің көрмеген, білмеген бір өкілі туралы өзіңнің сөз қозғауыңа тура келсе, онда ойыңды оның өзінен гөрі шығармашылығына, жалпы мұраларының орын-салмағына, сондағы танымдық ерекшелігі мен қарымдылығының, шеберлігінің қандайлық деңгей-дәрежеде орындалып, орындалмағанына қарай аударар едің. Ал Бәкең ұзақ, көп жылдар бірге істеп, қылық-мінез, көңіл ауанына қанығып, күнде көріп, күнде біліп, сөйлесіп, әңгімелесіп жүрген адамың болса, керісінше, оның еңбегі де, өмірдегі бітім-болмысы да, жаратылысы да қоса-қабат көлбеңдеп көз алдыңа тұрып алады. Бәкең өмір сүрген ғасырдың әрбір он жылдығы қазақ әдебиеті үшін өзінің әр буыны өкілдерін топ-тобымен сыйлап отырғаны белгілі: оныншы, жиырмасыншы, отызыншы, қырқыншы жылдар десек, оның қандайлық деңгей дәрежедегі таланттар сыйлағанын білеміз. Осы тұрғыдан келгенде соғыстан кейінгі жылдардың алатын орны да, маңызды да өзгеше. Бұл ретте әдебиет сыны мен әдебиеттану ғылымына көз жүгіртер болсақ оның әрқайсысы бірімен бірі жарыса бәйгеге түскендей алға ұмтылған таланттар шоғыры топ-топ болып көрініп жатты: Айқын Нұрқатов, Мүсілім Базарбаев, Серік Қирабаев, Зейнолла Қабдолов, Рахманқұл Бердібаев, Қалжан Нұрмаханов, Зәки Ахметов, Мырзабек Дүйсенов, Тұрсынбек Кәкішев Сейділдә Ордалиев, Әнуар Дербісалин дегендей болып жалғаса береді. Осы шоғырлардың қалың ортасында Баламер Сахариевтің есімі де өзіндік орын-салмағымен ауызға алынады. Қарымдылығы, алғырлығы, білім-біліктілігі жағынан алғанда Бәкең есімі көпшілік назарын бірден өзіне аударды. Келе-келе сол қарымдылығын, білімі мен біліктілігін Мұхтар Әуезов, Ғабиден Мұстафиндердің шығармашылығына арнаған монографияларында көрсетті. С.Көбеев, С.Мұқанов, О.Тұрманжанов, Қ.Бекхожин, Ж.Молдағалиев, Қ.Жар­ма­ғамбетов, Ө.Қанахин секілді ақын-жа­зушылардың, әдебиет сыншылары мен зерттеушілерінің жазғандарын талдаған, сөз еткен еңбектері шын әдебиеттанушы екендігін жайып салды. Онысын ол одан да әрі дамытып, тереңдете түсті. Мектептің оныншы сыныбына арналған оқулығымен сол кездегі көптеген жас ұрпақтарды тәрбиеледі, солардың қатарында өзім де бармын. Шығармашылық жолын баспасөзде қызмет етуден бастаған ол соңғы жиырма жылға жуық уақытын Әдебиет және өнер институтының бір бөлімі саналатын М.Әуезов музей-үйінде өткізді. Осы уақыт ішінде Сахариев жазушы мұражайын реттеуге, шығармаларының жариялануына көп-көп күш-жігерін жұмсады және негізін қаласқандардың бірі болды. М.Әуезовтің орыс тілінде жазылған еңбектерін Тәкен Әлімқұлов, Айқын Нұрқатов, Зейнолла Қабдолов тәрізді қазақ тіліне стильдік дәлдігін, басқа да ерекшеліктерін сақтай отырып, өз қалпында жеткізе аударған тәржімалаушылардың бірі болды. Өзіне ұстаз санайтын осы бір қаламгерге деген ниет-ықыласы, ойы, пікірі ауызекі сөздерінде де, жазғандарында да ала бөтен еді. Өзі Әуезовтей ұстазының «плюс» бес деген бағасына ие болған санаулы шәкірттерінің бірі болды. Сынақ біткен кезде жазушы одан ақырын қайда оқығанын сұрапты, сонда ол оқыған мектебін айтқанда жазушы оны біледі екен. Мұндай мінез таныта бермейтін кемеңгер ұстаз киіктің лағындай болған шәкіртінің қайтарған жауаптарының орнықтылығына, ар жағында сезіліп тұрған білімділігіне көңілі толса керек, жаңағыдай баға қоюы ең жоғары бағалағандағы белгісі. Ол оқуға түскен алғашқы жылдарында қыздар институтында оқитын жақын апаларының бірімен қыздар жатақханасында тұрыпты. Естіген, көрген-білгендерін сыртқа шаша бермей момақан пішіндегі ойын баласы сияқты бір сыңай танытады екен. Сонда кейбірі сыртқа шаша бермейтін құпия сырларына дейін айтысып қоятын көрінеді. Сахариев өзінің бүкіл ой-толғанысын негізінен проза, поэзия, әдебиеттану мен сынын сөз ету арқылы жеткізіп отырды. Өзіндік көзқарас ұстанымын «Әлемге мәшһүр әдебиет», «Принципшіл сын үшін» деп аталатын көлемді шолу мақалаларында айқын танытты. Бұрынды-соңғы жазғандарын кейінгі жаңа таным, жаңа көзқарастармен толықтыруды, жетілдіруді, шыңдап шымырлауды қолға ала бастады. Осы тұрғыдан келгенде М.Әуезов пен Ғ.Мұстафинге арналған еңбектерін әлдеқайда жаңартып-жаңғыртып, толықтыра түсуді ойлап жүрді. Ондайда өзге авторлар да қалам тартты ғой, ой қаужады ғой деп қалам тартпай тұра алмады, қайта солармен жарысқа түскендей басқа бір қыр-сырларын ашып ақтармалауға, өзіндік тұжырым-қорытындыларын жасауға тырысқандығы, бекінгендігі аңғарылады. Алғашқы кітабы «Уақыт тынысы» негізінде ғылыми диссертация қорғады. Бұлай етуге ол М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер Институтының ғылыми кеңесінің шешімінен кейін барды. Мұнымен ол өз бетін, әдебиеттану ғылымындағы өз орнын, өзіндік қосар үлесінің деңгей-дәрежесі қандай боларлығын көрсетті; үлкен әдебиетке үлкен ауқымдағы таным қажеттігін және байсалды, байыпты, ойлы пайымдарынсыз сынға араласудың қажетсіздігін де санаға сіңіргендей болды. Осындай жауапкершілікті сезіну, оны шын мұрат-мақсаты ете білудің қандайлық жүк жүктейтінін соңғы жинағы «Суреткер парызында» тереңдете ұқтырды. Бұдан әдеби процестердің сан қырлығы, оның даму, өсу, өрлеу жолдары, онымен бірге өзінің де өсіп-өрлеуі тығыз байланысты екендігі айқын аңғарылады. Барлық кез, барлық уақыттарда да ол әдебиет ағымына араласудан бейтарап қала алмады, үнемі оның қайнаған қалың шоғыры арасында жүрді, сондай-ақ оның жетістік табысы болса ол бір кісідей марқайған көңілде қуана да, қабылдай да білді. Егер өзінің айтары болса күлбілтемей ашық, айқын айтты. Өз қамы, өз игілігі үшін ол ешқашан бірдеме істей қояйын, тындыра салайын демегені қайран қалдырады. Өзгенің кітабының шығуына, мақалаларының жариялануына көмектесуге келгенде жан ұшырып барын салды, ал өз жазғандарына келгенде өңмендемеді де, өкіректемеді, алды-артына қарамай байыпсыз сұғына жалақтауды намыс, ар көрді. Ондайда «Бас білетін өгізге өк деген өлім» деп, өзі жақсы көретін, жиі-жиі ауызға алып жүретін мақалы төңірегінен табылды. Өз күйін қалай күйттегені «Уақыт тынысы» кітабынан кейін он бес жылдай уақыт өткенде ғана барып, оның адамгершілігін, азаматтығын, кісілігін бағалайтын замандас жолдастарының араласуымен шыққан «Суреткер парызынан» да көрінеді. Жүре келе, тани келе оның болмысына өзінің туып өскен ортасы, өзі қайта-қайта айта беретін Өр Алтайдың табиғатынан ауысқан ерлерге ғана тән сырлы жайсаңдықтың тереңдей сіңіп енгенін, тереңдеп ұялағанын аңдар едің. Содан жұққан қасиеті ме, ол әйтеуір жарқылсыз өмір, қылдай қылауы жоқ адал еңбекпен момын ғана тіршілік кешті. Айтары болса дабырайтпай, қарапайым ғана адам болып айтты, жазары болса шектен шыға аспандамай, асқақтамай кішік қана пенде болып жазды. Өмір қызығын, өмір сыбағасын өзгеден артпай, өзгеден оза шаппай қатардағы жай ғана көптің бірі болып бұйырғанын татты. Жаны төзбейтіні жалған кісімсу, көсемсу, ғайбат сөз, пасық құлық, арам есеп. Қашан да кеңқолтық, алқып-шалқыған кең пейілі кенересінен асып-төгіліп жүретін. Бәкең осы мұражайдың ең алғашқы қызметкерлердің бірі болды, әрі мұражай ашылардың алдында көруге келген қауіпсіздік мекемесінің алғашқы қызметкерлеріне алғашқы экскурсияны жүргізген де осы Бәкең болды. Осыдан бастап жазушының мол қолжазба мұраларын ретке келтірісті. Осылардың негізінде кейін он екі томдық шығармалар жинағы шыққанда оның ауыр жүгін көтергендердің бірі Бәкең болды, осында жарық көрген шығармалардың көпшілігінің түсініктерін жазды. М.Әуезовтің сексен жылдық юбилейі қарсаңында «М.О. Әуезовтің қолжазба мұрасы» деген атпен 50 баспа табақтан тұратын кітап жарыққа шықты. Осы еңбектің негізгі жобасын жасаған да Сахариев болды. Жиырма томдықтың алғашқы томдарын дайындауға атсалысқанымен жарыққа шығуын көре алмай кетті. Өзгеде жоқ бір мінезі – сол біреу-міреудің сөзі мен қозғалысын алдыңғы бөліктерде айтылғандай айнытпай қайталауы. Оның сөздері мен қимыл-қозғалыстарынан бір тосындық байқаса болды сол болып сөйлеп, сол болып жүріп тұратындығы. Бұл – кісі көңіліне қылаудай қаяу түсірер мақсаттан аулақ өнері. Бұл реттегі бөтен ойды, бөтен мақсатты ең ауыр қылмыс, қиянаттай көреді. Бұл Сахариевтен басталған әдет, не өнер, машық емес. Бұл өнер бізде болмаса өзге жұрттарда ертеден болғанын Бәкең біледі. Мысалға орыстарда ХІХ ғасырдың өзінде үлкен өнерге айналған. Менің қолыма Міржақып Дулатов кітапханасының екі кітабы түсті, бірі – өткен ғасырдың басында Орта Азия генерал-губернаторының бұйрығымен шыққан «История Туркестана» деген атпен Ташкентте, екіншісі – ХІХ ғасырдың аяғына таман «Царей Русии пос­ле Петра первого» деп аталатын Сант-Петербургте шыққан кітаптар. Осының соңғысында Пушкиннің замандасы, атақты актер Мартыновты өзінің сөйлеу мәнері мен қимыл-қозғалысын айнытпай қайталап көпшілікке көрсетіп жүр дегенді естіген 1-Николай оны шақыртып алып: «Сені көрінген адамның сөзі мен қимылын дәл өзіндей етіп қайталайды дейді. Олай болса мені де көрсетші, мен болып сөйлеші» депті. Мартынов сонда сөзге келмей Николай секілді сюртігінің түймелерін түзеп, сәндеп алыпты да маңғаз кейіпке еніп, бойына бар қуаттылықты жинағандай тік тұрып, осылардың куәсі болып тұрған министр Волконскийге қарап: «Мартыновқа мың сом бер!» – деп, салмақты, әмірлі дауыспен үн қатады. Бұйрық сол сәтінде орындалады. Бәкең де үлкені бар, кішісі бар көптеген адамдардың іс-харакетін соншама дәл, соншама шебер келтіретін өнеріне келгенде оның алдына түсер жан болмады. Жетпіс сегізінші жылдың жазында Бәкең науқастанып ауруханаға түсіп қалды, онда бірер айдай жатты. Хал-жайын білу үшін жиі барып тұрдым. Шыққанда қатты жүдеңденіп шықты да біраз уақыт өткенде, оңалып, қалпына келе бастағандай болды. Жүдеңкіреп жүрген күндердің бірінде маған: «Кейбіреулердің мінез-қимыл ерекшеліктері мен сөйлеу мәнерін, оғаштықтарын көрсеткенім болмаса, пендеге жасаған қылдай қиянатым, бөтен пиғыл, жаман ойым жоқ еді. Сонда жаратқан Иеме қандай ісіммен, пиғылыммен, қандай мінезіммен жақпай қалдым екен, бұл ауруды қандай мінезіммен таптым екен?» деп, налығандай қамыққаны бар. «Бәке, бәрі де жақсы болады, әлі-ақ жазылып кетесіз» деген жұбату сөзден басқа ешнәре айта алмадым… Тамақ ішетін жерге кірдік. Ол жерде ұзақ әңгімелесіп отырдық, жақсы сұхбат болды, көңіл-күйінен бір көтеріңкілік көрінеді. Баяғы Бәкеңді көргендей болдым. Бірақ сол 1979 жылдың күзінде қайта науқастанып, 50 жылдығын атауға бір күн қалғанда дүниеден өтті. Сол 50 жасымен, юбилейімен құттықтауға Мұражай қызметкерлері бардық. Көңіл-күйі жақсы екендігі, жазылып келе жатқандай болып көрінді, біз бәріміз де қуанып, енді сауығып кететіндей көріп қайттық. Бірақ сол күннің ертесінде Бәкеңнің бұл дүниеден өтіп кеткенін естідік. Жалпы алғанда адам бойындағы, мінезіндегі құбылыстарды сезіп-сезінгіштігі, әдебиет ағымындағы өзгерістерді аңдап-аңдағыштығы қатар-егіз болатын. Ал талғам-танымы, көтерілген биігі, әдебиет мәселелерін талдап таразылауындағы өзіндік ерекшеліктері бөлек әңгімені керек етеді. Қай кез, қай уақытта да оның өз оқушысы, өз іздеушісі болды. Егер сыншы көп те, шын сыншы сирек десек, онда ол сол сиректер санатындағы тұлғалар қатарына жатады. Неге екені белгісіз, шындап асар асуына жеткенше бойындағы бары мен нәрін, мол талантын көбінесе тежеп ұстады. Танылуға құмартпағандығы, салқынқандылығы көп ашылып, көп ақтарылдыра қоймады. Серпіліс, көсіліс қиясынан табылдырар күш пен қайраты, қуаты жетіп тұрса да онысын ашып-ақтарылдырмады. Олар онда әрі мол, әрі жетерлік еді. Үлкен ауқымдылыққа алып барар сілкіністері әлі де алда сияқтанды да тұрды.
Талатбек ӘКІМ, «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының жетекші ғылыми қызметкері