КЕНШІЛЕР ОРТАСЫНДА — «ҚАЗАҚКОНЦЕРТ»

КЕНШІЛЕР ОРТАСЫНДА — «ҚАЗАҚКОНЦЕРТ»

КЕНШІЛЕР ОРТАСЫНДА — «ҚАЗАҚКОНЦЕРТ»
ашық дереккөзі

Жақында Шахтинск қаласында Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Отаным – бақыт мекенім» жобасының аясында «Қазақконцерт» өнер бірлестігі бір топ өнерпаздарының концерті өтті.

Аталмыш ұжымның тарихы жарты ғасырдан астам мерзімді құрап, сонау 1960 жылдан басталады. Оның алғашқы құрамында Шара Жиенқұлова, Манарбек Ержанов, Жамал Омарова, Жүсіпбек Елебеков, Нұрсұлу Тапалова, Роза Бағланова, Мағауия Хамзин секілді қазақ өнерінің тарландары қызмет етті. Әрі қарай да ұжым небір «сен тұр, мен атайын» деген өнерпаздармен толығып отырды. Қазіргі таңда да мұнда Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Қазақстанның мәдениет қайраткері т.б. есімдерінің өзі елге ду қол шапалақ соқтыратын әнші, биші, күйшілер қызмет етуде. Атап айтсақ, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова әлі де ұжым құрамында. Қаламыздағы концертке Роза, Мақпал апаларымыз қатыспаса да, басқа да елге сүйікті әншілер өнерлерін көрсетті.

«Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» демекші, нағыз хас шебердің өнерін тамашалауға не жетсін. Өкінішке орай, сондай өнерпаздар қаламызға ат басын бұра қоймайды. Мәселен, осы қызметке келгелі Жан Тапиннің, Қайрат Нұртастың, Ғалым Мұхамединнің және жыл сайын Шахтерлер күнін мерекелеу барысында ұйымдастырылатын халыққа белгілі әншілердің концерттерінен өзгелердің шаһарымызға келгенін көрмедік. Шынын айтқанда, шын өнерге сусап қалдық.

Концертті Қытайдан оралған қандасымыз, сол елдің еңбек сіңірген артисі атағын алған Құрманбек Әлімғазы бастады. Ол орындаған Мәриям Жагорқызының «Дудар-ай» мен Бәкір Тәжібаевтың «Ақбұлақ» әндері тыңдармандарға ду қол соққызды.

Эстрада әншілерінің өнерін аз да болса тамашалап жүрсек те, дәстүрлі әншілерді тыңдаудан мүлде мақұрым қалдық деуімізге болатын еді, егер осыдан 2 жыл бұрын жоғарыда аты аталған Ғалым Мұхамедин қаламызға келіп концертін қоймаса. Содан бері дәстүрлі әншілер шаһарымызға ат ізін салмаған. Осы жолы бірлестік әншісі Гүлім Алшынова домбырамен шырқаған халық әндеріне құлақ құрышымыз қанып қалды.

Қарағым-ай,

Қиылып, үзіліп қарадың-ай.

Қараған қандай сұлу жанарың-ай!

Қайырмасында осындай сөздер бар әнді білмейтіндер жоқ шығар. Ақын Шөмішбай Сариевтың сөзіне жазылған композитор Кеңес Дүйсекеевтің бұл әнін елге Нұрлан Өнербаев таратты. Дегенмен аталмыш туындыны тек Нұрлан ағамыз ғана емес, әнші Сүлеймен Ибрагимов те орындайды. Концертте соңғы айтылған әншінің орындауында осы әнді және радио жиі қоятын «Туыстар» әнін естідік.

Концертке келген жастар жағы, әрине алдарына шығады деген «Меломен» және «Тарту» топтарын күтті. Осы топтар «МузАрт» ансамблінің әнші­лерімен тығыз қарым-қатынаста екені белгілі. Сахнаға шығып, біраз қиқу туғызған аталмыш топтар өздерінің репертуарындағы әндермен қатар Мейрамбек Беспаев, Сәкен Майғазиев орындайтын әндерді де салды.

Концерт барысында бірлестік бишісі Перизат Омарбекова қазақ пен испан билерінің сиқырын көрсетті.

Жастар жоғарыда аталған топ­тарды күтсе, орта жастағылар Айжан Нұрмағанбетова мен Бағдат Сәме­динованы күткені сөзсіз. Олардың да кезегі келді. Әндердің арасындағы үзілістерде Айжан әнші көрермендермен тілдесіп те үлгерді. Қызылордаға барғанда келіндік ізет көрсететінін, ал Арқаға келгенде өз үйінде жүргендей сезінетінін, себебі Қостанайдың қызы екенін айтқан ол, өзі қызмет етіп жүрген ұжымына деген құрметін де жасырмады. «Роза Бағланованың қолын алғанымды, оның бетімнен сүйгенін ешқашант да ұмытпаймын», – деді ол. Сахнадан түсіп, көрермендердің арасына барып, шоу да жасады. «Қазақконцерт» бірлестігінде қызмет етіп жүргеніне 30 жылдай уақыт болса, соның 26 жылында орындап жүрген ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңіне жазылған Төлеген Мұхамеджановтың «Мен деп ойла» әнімен қатар тағы бірнеше шығарманы шырқап, жиналған қауымның көңілін көтерді.

Осы концертте әні әсерсіз шыққан бір әнші болса, ол Фархат Ескенеев болды. Екі әнінің бірін орыс тілінде шырқаған оны халық аса ықылас қойып тыңдады дегенді айта алмас едік. Концертке негізінен жұрт қазақ әнін тыңдау үшін келді. Айтпасқа болмайтын жайт: Айжан Нұрмағанбетованың да айтқан әндерінің арасында «аға тіліндегі» әндер болды.

Бағдат әпкеміздің жөні бөлек. Сахнаға шыққанынан-ақ «Даланың қызымын» деген сөзіне орындаған әндері сай келді. Ел арасына танымал бірнеше әндермен бірге, жаңа әндерін де орындаған ол концертті ақын Қадыр Мырза Әлі мен дүлдүл композитор Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылық бірлестігінен туған «Өз елім» әнімен аяқтады.

Осыдан кейін концертті өткізуге мүмкіндік берген Шахтинск қаласының әкімдігіне ұжым тарапынан алғыс айтылды. Шаһарымыздың билігі атынан сөз сөйлеген әкімнің орынбасары Достық Камелов шахтинскіліктерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған ұжымға рахметін айтып, ізгі тілегін білдірді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Қарағанды облысы