ҚҰРБАН АЙТТАҒЫ ҚҰДАЛАР ҚАҚТЫҒЫСЫ

ҚҰРБАН АЙТТАҒЫ ҚҰДАЛАР ҚАҚТЫҒЫСЫ

ҚҰРБАН АЙТТАҒЫ ҚҰДАЛАР ҚАҚТЫҒЫСЫ
ашық дереккөзі

«Мың жылдық құдалардың» мұнысы несі?

Қазақта «құда мың жылдық, күйеу жүз жылдық» деген аталы сөз бар. Құда болып, қыз алысып, қыз беріскен жандар бір-біріне «құйрық-бауыр» жегізеді. Құйрық-бауыр жегізудің де өзіндік тәрбиелік мәні зор. Осы екі дәмнің үйлену салты кезіндегі ерекше сипатқа ие болуының астарында халықтың дәстүрлі наным-сенімі жатыр. Мәселен мал баққан халық майды молшылықтың, береке-байлықтың нышаны деп есептейді. Сондай-ақ, жайлы, жағымды, келісті, бай, ауқатты ұғымдарының синонимі ретінде халықтың «майлы» сөзін де қолданатыны бар. Ал бауыр сөзі туыс, ағайын және іні деген ұғымдарды білдірсе керек. Бауырластық деген сөз, туыстық, бауырмалдық деген мағынадан шыққан. Сондықтан бауырдай тату-тәтті болып, туыстасып, бауырласқанының белгісі ретінде бауыр тартылады. Ендеше, адамдардың жақындасқандығын сездіретін, «бір табақтан ас ішкен» делінетін ежелгі салт бойынша май мен бауыр жесу арқылы жақсылық пен жамандықта бірге болайық деген ежелгі ғұрып жатса керек.

Тіпті, «жер айырылса шым бітейді, ел айырылса қыз бітейді» сөзі айтып тұрғанындай, арада туған түрлі кикілжіңдер түбінде қыз алысып, қыз берісу арқылы шешіліп, мамыражай қалыпқа келуі сияқты жәйттерден қоғамдық өмірде некенің және өмірге ұрпақ әкелуші болашақ ана, қыздың аса зор маңызға ие екендігін байқау да қиын емес. Түркі халқына тиесілі осынау бай ғұрпымыз бола тұра, жантүршігерлік мына оқиғаның болуына не түрткі болды екен?!

Әңгімені басынан бастайықшы…

Қалың жұртшылық Құрбан айтты атап өтіп, «айттан айтқа аман есен жетейік» деп салауат айтып жүрген кезде, Шымкенттің іргесіндегі Забадамда айдың-күннің аманында атыс болып, екі бірдей азамат көз жұмды.

«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, қыз алысып, қыз беріскен, құдандалы жұрт бір-бірінің үйіне айттап келеді. Дастарқан үстінде сөзден сөз шығып, өзара ілігісіп қалған құдалар ақырында төбелесуге дейін барады. Шаңырақ иелері қонақтардың бірін сабап, қатты таяқтап жіберген. Таяқ жеген құдалар кектеніп кетеді.

Қасиетті мейрамды қорлағысы келмегендер ертеңіне кездесіп, әңгімені аяқтауды ұйғарады. Келесі күнгі кездесуге тараптардың бірі қаруланып келіпті. Куәгерлердің айтуынша, төбелеске екі жақтан 60 шақты адам қатысқан. Тағы да жанжал, тағы да төбелес басталған. Қанды қырғын, төбелес, ақыры адам өліміне әкеліп соқтырды. Ворошиловкадан келгендердің қолында бірнеше шолақ мылтық болған. Забадамдағы құдалар да аянып қалмапты. Екі жақ атыса кетеді. Оқиға орнынан тәртіп сақшылары бірнеше суық қару мен 5 сойыл тапты. Тұрғындардың айтуынша, атыс-шабыстың жаңғырығы бүкіл ауылға естіліп тұрған көрінеді.

Тапа-тал түсте екі бірдей отбасыны, құдандалы-жекжат ауылды араздыққа итермелеген не нәрсе? Естімеген елде көп. Бұрындары «бірін-бірі жаға жыртысып, соңы төбелеске ұласты» дегенді сирек естуші едік. Бүгінде соңы қанды қырғынға ұласып, суық қару жұмсапты деген ақпараттар жиілеп кетті. Бұл ненің көрінісі? Әлде демократия дегеніміз осы ма? Қарқарадай келін боп, босаға аттаған арудың ертеңгі тағдыры не болады. Төркін жұрты да, қайын жұрты да қанға бөгіп жатқанда, ол ары қарай қалай тұрмыс кешеді? Ашу-ызаға булығып, қару ала ұмтылғандар осыны ойлады ма екен?! Балалы-шағалы отбасы болып, тату-тәтті тіршілік кешіп жатқандардың да шаңырағы осыдан кейін ортаға түсті деген сөз емес пе?

Ағасы өліп, бауыры жараланып жатса немесе қайын атасы ажал құшып, ағайындары ауыр халде ауруханада жатқанда, бейкүнә келін қалай үйінде тыныш отыра алады. Ол да отбасының береке-бірлігі үшін өмір сүріп жүрген жоқ па? Әрине, мұндай қанды қырғыннан кейін екі жекжаттың арасына ауыр сызат түсері белгілі. Екі жекжаттың арасына ғана сызат түссе жақсы, бұл дегеніміз – бүткіл екі ауыл елдің арасы бүлінді деген сөз.

Жаңа ғасырға аяқ басқалы бері ел арасында болып жатқан небір сұмдық оқиғаларды еститін болдық. «Әй дейтін ажа, қой дейтін қожа» қалмай бара жатқандай. Қолына қару алып, мылтығын кезенуге дайын тұратын жастар ғана емес, ересектер де көбейді. Бұрындары қан көрсе шошитын халықтың бүгінде қаннан беті шімірікпейтін болды. Қаруының шүріппесін баса салып, қарсыласын қызыл қанға бояйтын қылмыскерлер жазасын заң бойынша өтейтін де болар. Бірақ ар жазасынан қалай құтылмақ?

Әрбір мұсылман үшін Ұлық мереке саналатын Құрбан айтта мұндай қанды оқиға орын алып жатқаны көңілді жабырқатады. Ұлық мерекеде мұндай әрекетке барып жатса, бұл адамдардың азып-тозғанын көрсетпей ме? Ұрыс-жанжал туған екен. Екі ағайын бір-біріне ренжіген екен. Оларға басу айтып, тоқтам салатын ақсақалдар қалмағаны ма елде?! Тентегі мен телісін тезге салатын халықтың абыз ақсақалдары қайда кетті? Ел арасы осылай бүлініп жатқанда «қой» деп, тоқтам айтатын бір қара шалдың табылмағаны ма? Әлде, суық қару ұстап, мылтық кезенгендер абыз ақсақалдардың сөзіне құлақ түрмейтін дәрежеге жетті ме? Қалай десек те, екі ауылдың арасы бүлініп, азаматтар қанға боялды. Бұл қанды дау қанша уақытқа созылары белгісіз. Әзірге дауды бастауға себепші болған күдіктінің өзі ауруханада хал үстінде жатқан көрінеді. Бұдан басқа оның тұрақты мекен-жа­йынан аңшылық шолақ мылтық алынған.

Ішкі істер органдары Забадам кен­тіндегі құқық тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Кенттегі қоғамдық тәр­тіпті нығайтуға 50-ден астам полицей жұмылдырылған екен. Қазір тергеу барысымен Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД басшылығы айналысуда.

Талай тосын оқиғалармен аты шығып жүрген оңтүстік өңірінің аты енді дүйім елге құдалар қақтығысымен де мәшһүр болатын сияқты…

Гүл БЕКЗАТ