АҚСАҚАЛДЫҢ АУЗЫНДА БАТА БОЛСА...

АҚСАҚАЛДЫҢ АУЗЫНДА БАТА БОЛСА...

АҚСАҚАЛДЫҢ АУЗЫНДА БАТА БОЛСА...
ашық дереккөзі

Халқымызда «Қариясы бар үйдің – қазынасы бар» деген даналық сөз бар. Біздің қоғамда жастың да, қарияның да орны ерекше. Елдің келешегі, жастардың дұрыс қалыптасуы орта буынға да, қарияларға да байланысты деп ойлаймын. Қоғамда қариялардың рөлін көтерудің мәні зор.

Біздің халықтың өзіндік ерекшеліктері бар. Кезінде азаматтарымыз бір ауыз сөзге тоқтаған. Үлкеннің алдын кесіп өтпеген. Мықты шешен, дуалы ауызды адамдардың айтқан сөздері жастарды тәрбиелеуде үлгі болып, ұрпақтан ұрпаққа жеткен. Қазақтың ақын-жазушылары үлкенді қадірлеу, қарияларымыздың ақыл-өсиетін үлгі тұту туралы аз жазған жоқ. Атап айтсақ, ақиық ақынымыз Мұқағали Мақатаевтың «Қариялар азайып бара жатыр» деген өлеңі әрбір қазақтың көкейінде тұр. Оған сазгер Қалдыбек Құрманәлі жақсы ән жазды. Бұл шаттанып емес, толғанып отырып тыңдайтын ән. Ақын қадірлі қарияларымыз туралы «ақыл айтып жүрмесе қасымызда, Сонда орнайды жетімдік басымызға» дейді. Қариялардың қоғамдағы рөлі туралы осы жырда: «Араздасып ағайын кетер еді, Бір қария болмаса бір ауылда», – деп орынды айтылған. Енді бір шумағында ақын қарияларды ел мен жерді құлпыртып тұрған дарияға теңейді. Абыз ақсақалдардың өмірден өтіп жатқанын бейнелі оймен суреттейді. «Бара жатыр сарқылып дариялар…» деген жолдарда қаншама терең ой жатыр?! Әннің қайырмасына арқау болған шумақтың соңғы екі жолында: «Бірі мініп келместің кемесіне, Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр», – деп жан толқытарлық көріністі көз алдыңа әкеледі. Сөз қадірін білетін адамға мұның бәрі – рухани қазына. Оңтүстік өңірге іссапармен барғанымда, қариялармен кездестім. Сонда жастар тәрбиесіне қатысты жақсы бір пікір алмасу болды. Әсіресе, соңғы жылдары жастардың арасындағы өз-өзіне қол жұмсауы – бәрімізді де алаңдатып отырған мәселе. Сарыағаш ауданындағы Мүсәлі Жорабаев деген ағамыз жақсы бір ой айтты. Ол: «Қазір біздің кейбір ата-аналарымыз да тәрбиеге мұқтаж», – деді. Шынымен де, кейбір ата-аналар балаларын тәрбиелемек түгілі, өздері тәрбие алуды қажет етеді. Бұл да ойланарлық мәселе. Ал енді қазір барлық ауылдық әкім­діктердің жанында билер алқасы, ардагерлер кеңесі деген секілді қоғамдық институттар бар. Әсіресе, оңтүстік өңірде билер алқасы институты жақсы дамыған. Әжелер немесе Әйелдер кеңесі де құрылып жатыр. Жастар ұйымы да бар. Соның барлығы формальді түрде жұмыс істейтін секілді. Себебі сол қоғамдық ұйымдардың қандай жұмыстар жасап жатқанын тұрғындар көп біле бермейді. Сондықтан қоғамдық институттар өздерінің атқарған жұмыстары туралы халықтың алдында есеп беріп отырғаны жөн. Бүгінгі таңда Елбасының бастамасы бо­йынша ауылдық жерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, инфрақұрылымдарын дамытуға мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлініп отыр. «Жол картасы» бағдарламасы өте ұтымды жүзеге асуда. Соңғы жылдары «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша әлеуметтік нысандар негізінен ауылдар мен аудандарда салынды. Халықты ауыз сумен қамту мақсатындағы «Ақ бұлақ» бағдарламасы іске асырылуда. Мұның бәрі тұрғындардың жағдайын жақсартуға, денсаулығын сақтауға бағытталған қадам. Автокөлік жолдары жөндеуден өткізілуде. Еліміздің шығысынан батысына дейінгі аймақты қамтып жатқан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің құрылысы өңірлерді дамытуға, тұрғындарды жұмыспен қамтуда қосатын үлесі зор. Ендігі мәселе – жаңа заманға сай ауыл-аймақтарды гүлдендіру, елді мекендерді таза ұстау. Елбасы өз сөзінде қалаларымыздың тазалығын сақтауға шақырған болатын. Көше тазалығын сақтамағандардың жауапкершілігін арттыру туралы ұсыныс жасады. Бүгінгі таңда тек қалалар емес, ауылдарымыздың да тазалығын сақтауымыз қажет. Кезінде бүкіл республикаға танымал үлгілі ауылдар болды. Олар телеарналардан көрсетіліп, баспасөзде насихатталды. Көше мерекелері өтетін-ді. «Көркейсе ауыл – көркейеміз бәріміз!» деген тамаша ұран болған. Қазір де осындай бастамаларды қолға алу керек деп ойлаймын. Несін жасырамыз, нарық заманының ауыртпашылығынан кейбір ауылдар азып-тозып кетті. Көшемен жүрсеңіз, тістері түсіп қалған қарияны көргендей боласың. Бір үй бар, оның жанындағы екінші үй жоқ. Басқа жаққа көшкен адамдар үйлерін бұзып алып кеткен. Кейбір үйлердің жарты қабырғалары, қора-қопсылары қалған. Бір өкініштісі, бізде үйді бұзып алғанда да, орнын тазартып кету мәдениеті жоқ. Алдағы уақытта осы жағын да ескеруіміз керек. Сондай-ақ көп азаматтар өздерінің үйлеріне қарамайды. Кейбір адамдар үйі мен қорасына жөндеу жасап тұруды дәстүрге айналдырмаған. Ауласының қақпасын екі-үш жылда бір рет сырлап қоюды білмейді. Үйдің сыртын жыл сайын ақтап қойса, қандай жақсы. Әр адам ауласына көкөніс, жеміс ағаштарын егіп, өз үйін жайнатып қойса, сол арқылы ол ауылдың да көркеюіне үлес қосар еді. Осы жұмыстардың бәрін ауыл әкімдері ұйымдастыруы қажет. Ал әр түрлі қоғамдық ұйымдар осындай іске бастамашы, насихаттаушы болса, бұл халықтың көңілінен шығатын, қолдауға ие болатын шаралар екені анық. Ақсақалдарымыз осыған атсалысқаны жөн. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бастамасын көтерді. Неге? Өйткені ол халықты еңбек ету арқылы мемлекетімізді дамытуға шақырып отыр. Қарияларымыз ауыл басшыларына кеңес беріп отырған. Өмір болған соң, қоғамдық-әлеуметтік мәселелер туындап жатады. Даулы мәселелер де кездеседі. Соның бәрін билер алқасы немесе қадірлі қариялар шешіп отырған. Бұған қатысты мысалдар көп. Оның бәрін қайталамай-ақ қояйын. Тіпті ауылдың тентектері де дуалы ауызды қариялардың айтқанынан шыға алмаған ғой! Ертеректе болған оқиғаны естіп едім. Жылқылары қолды болған бір ауылдың адамы екінші бір ауылдың ақсақалына келіп, малының ізі осы ауылға тірелгенін, кімнің қорасына кіргенін де білетінін айтып шағымданады. Ақсақал сұрастырып білсе, жылқыны ұрлаған ауыл шетінде тұратын белгілі баукеспе, дүйім елді зәрезап қылған кәззап қарақшы екен. Ақсақал бір адамы арқылы әлгі ұрыға былай деп сәлем жолдапты: «Мына кісілердің жылқысын бүгіннен қалдырмай қайтарып берсін. Егер олай етпесе, мен бұдан былай оның берген сәлемін әлік алмаймын.» Мұны естіген ұры: «Ойбай, жылқысы құрысын. Бәленшекең менің сәлемімді алмайтын болса, қалай жер басып жүремін, жұрттың бетіне қалай қараймын», – деп жоқшылардың іздегенін жалма-жан қайтарып беріпті. Қазақтың кәззабы да ақсақалды сыйлағанның дәлелі бұл. Сондай-ақ қарияларымыз да өз атына лайықты боғаны жөн. «Кәріден иман кетсе, жастардан ұят кетер» дейді халқымыз. Өкінішке қарай, жасы үлкен адам ретінде кейінгі толқынға үлгі көрсете алмайтын, басқосуларда жөнді тілек, берекелі бата бере алмайтын қарттар да кездеседі. Сондықтан қадірлі ақсақалдың аузында батасы, жүрегінде иманы болуы керек. Сарыағаш ауданында, кейін облыстық әкімшілікте ішкі саясат бөлімінде қызмет атқарған кезімде «Сәт» деген пікір сайыс клубын құрғанбыз. Оның отырысы тоқсанына бір рет өтіп отырды. «Ырыс алды – ынтымақ», «Шындық шырылдап жетемін дегенше, өтірік талай жерді өртейді!» және басқа әлеуметтік маңызы зор тақырыптар талқыға салынатын еді. Қадірлі қариялар, белсенді жастар, ұлағатты ұстаздар, басқа да үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері осы клубтың мүшелері болды. Ондай алқалы отырыстарда небір керемет ұсыныстар айтылды, кейін біразы жүзеге асты. Ең бастысы, жиналған адамдар нақты бір оң бастама көтерілсе, соны бірлесіп атқаруға жұмылды. Қазір қыздар тәрбиесі туралы да әңгіме болып жатады. Осы істе әйелдер кеңесінің рөлі қандай? Қоғамда болған іске байланыс­ты адамды жазалауды емес, оның алдын алу шараларын жүзеге асырып отырудың маңыздылығы өте зор. Біздің айтпағымыз, қыздарды тәртіпке шақыру үшін оғаш қылық жасағандарын жиналысқа салып отырсын деген ой емес. Ең бірінші, тәрбие жұмысына мән беріліп, жат қылықтардан сақтандыруға үйретуіміз қажет. Мысалы ауыл мектебін бітірген қыз бала үлкен қалаға келіп, басқа ортаға түсіп кетіп, өзін игере алмай қалатын жайттар кездеседі. Соның салдарынан біздің қаракөз қыздарымыздың соңынан әртүрлі әңгімелер еріп жатады. Жаман жолға түсіп кеткендер де бар. Ал олар бірден жаман жолға түсіп туған жоқ қой. Жасыратыны жоқ, кейбір отбасындағы тәрбие мәселесі өз деңгейінде болмауы мүмкін. Баланың алдында ата-ана өзін қалай ұстайды? Балалар алдында әке-шешесінің әңгімелесуі қалай? Отбасында дөрекі сөйлеп отыратын адамдар да аз емес. Біздің қоғамда балаларын жаман сөзбен ұрсып, жағымсыз қылық көрсететіндер де бар. Ал осының бәрі балаларға қалай әсер етеді? Сондай отбасынан баланың безіп кетіп жататын оқиғалары кездеседі. Кейде «мен ата-анама да, ешкімге де керек емеспін» деген ойдың жетегінде кетіп, өзіне-өзі қол жұмсау әрекеті орын алуы мүмкін. Басқа бұзақылар ортасына қосылып кетуі мүмкін. Ата-ана баласымен тең дәрежеде сөй­лесетін орта қалыптасуы керек. Баланы не алаңдатып жүргенін әке-шешесі білуі тиіс. Ұл бала өзін толғандырған мәселені әкесіне айтатындай, қыз бала шешесімен сыр бөлісетіндей қарым-қатынас орнығуы керек. Сонда ғана қоғамда келеңсіз оқиғалар азая түседі деп ойлаймын. Бүгінгідей ақпараттар тасқыны белең алған заманда әркім өзімен-өзі болып кетпеуі керек. Қандай істі де бірлесе атқарса, нәтижесі зор болмақ. Осындай жұмыстарды атқару үшін арнайы заң қабылдаудың қажеті жоқ. Адамдардың жақсы тұрмыс кешіп, өмір сүруге деген ниеті, ықыласы болса, ауылдарымыз да көркейеді, өңірлеріміз де өркендейді. Сол арқылы мемлекетіміз дамиды. Мен біреуге ақыл айту мақсатын ұстанған жоқпын. Біз қариясын қадірлеген халықпыз. Ендеше, осы мәселе төңірегінде газет оқырмандары да өз пікірін білдірсе, жөн болар еді деп ойлаймын.
Ұласбек СӘДІБЕКОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі