Жаңалықтар

АЛТЫН ЖҮРЕКТІ АЗАМАТТАРҒА АЛҒЫС

ашық дереккөзі

АЛТЫН ЖҮРЕКТІ АЗАМАТТАРҒА АЛҒЫС

Көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беру – игілікті іс. Қайырымды іс жасау әрбір жанның қолынан келе бермейтіні сөзсіз. Алты жыл қатарынан «Бауыржан» қайырымдылық қоры игі іс атқарған азаматтарымызды «Алтын жүрек» қоғамдық сыйлығымен марапаттап келеді.

«Алтын жүрек» – игі істердің алғысы. Аталған жоба 2007 жылдан бері өткізіліп келеді. Жобаның мақсаты – қайырымдылық жасап, халық игілігі үшін қызмет атқарып жүрген тұлғаларымызды марапаттау. Сол арқылы қайырымды азаматтар мен мүмкіндігі шектеулі жандар арасында байланыс орнату.

«Бауыржан» қайырымдылық қо­рының директоры, «Алтын жүрек» сыйлығын ұйымдастырушы комитеттің төрайымы Жұлдыз Омарбекова «Алтын жүрек» сыйлығы еліміздің мәдени және рухани дамуы көрсеткіштерінің бірі болып табылатындығын айтады. «Мен сыйлықтың алғаш аяқ басқан уақытынан бастап, жыл сайын елімізде қаншалықты мейірімді, қайырымды жандардың бар екеніне көзім жетіп келеді. Біз алтын жүректі азаматтарды марапаттап, оларға алғыс білдіреміз», – дейді Жұлдыз Омарбекова.

«Алтын жүрек» қоғамдық сый­лығының жеңімпаздары бірнеше номинация бойынша анықталады. «Жетім балаларға көрсеткен қам­қорлығы үшін» номинациясы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы, Кентау қаласының тұрғыны, зейнеткер Ысқақ Тұрғанбайұлы Жұмашев жеңімпаз деп танылды. Аталған азамат 1994 жылы «Ар-Нұр» жетім балалар үйін ашқан. Осы күнге дейін ата-анасыз 13 сәбиді азамат қатарына қосты. 2004 жылдан бері балаларға арналған «Ботақан» журналын шығарып келеді. Келесі «Білімді дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша жеңімпаз деп танылған Виктор Константинович Щукин басқаратын «Богатырь Көмір» серіктестігі. Ұйым жыл сайын білім беру мекемелеріне, зейнеткерлерге, аз қамтылған отбасыларға қаржылай көмек көрсетеді. «Мүгедек жандарға көрсеткен қамқорлығы үшін» «Мейірім» мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерге арналған сауықтыру орталығын құрушы Шолпан Боранбаева марапатталды. Шолпан Қазбекқызы Боранбаева өз қаражатына мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жеке Реабилитациялық орталық ашты. Алматы қаласындағы 100 баланы қамтитын жалғыз орталық осы. Бұл жерде 2 жастан 16 жасқа дейінгі психофизикалық дамуында ақауы бар балалар емделеді. «Спортты дамытып, қолдағаны үшін» «Алтын Әсел» ЖШС директоры Хамит Өтеуұлы «Алтын жүрек» сыйлығымен мадақталды. Спортты дамытуға материалдық көмек көрсетеді. Ауыл спортын жандандыруға үлесін қосты. «Ардагерлерге көрсеткен құрметі үшін» номинациясы бойынша Алматы қаласындағы «Тәуекел-Т» ЖШС директоры Молдияр Қылшықұлы Нұрбаев жеңімпаз деп танылды. Серіктестік еңбек ардагерлері мен соғыс ардагерлерін, көп балалы отбасылар мен мүгедектерді және мешітттерді газбен тегін қамтамасыз етеді. «Қуат» және «Перзент» балалар үйіне материалдық көмек көрсетеді. «Нұрдәулет-Ақтөбе» ЖШС директоры Борис Нұрдәулетұлы Байжарқынов «Жыл меценаты» атанды. 2002 жылдан бастап қайырымдылық шаралармен айналысады. Жетім балаларға, мүгедектерге, балалар үйіне, қарттар үйіне, мектеп-интернаттарға көмек көрсетеді. Емдеуге мұқтаж жандарға демеушілік көрсетеді. Өз қаражатынан мешіт пен ескерткіштер салды. Ақпараттық қолдаушылар арасынан үздік деп танылған «Алматы» телекомпаниясы ұсынған «Мечты сбываются» тележобасы болды. Эфирге 2009 жылдың 1 наурызынан бастап шығады. Тележобаның мәні – балалық армандардың орындалуы. Жоба 4 жастан 18 жас аралығындағы балаларға арналған. Бұл жоба ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсетеді. «Жылдың қайырымды адамы» деп Мүслім Дайырбеков танылды. Үш қоғамдық қордың тізгінін ұстаған азамат су тасқынынан зардап шеккендерге, емдеуге мұқтаж жандар үшін тегін емделуге көмек көрсетеді. Сонымен қатар, бірнеше кесенелер мен ескерткіштердің іргетасын қалады. Самат Сағымбайұлы Әкішев басқаратын «Қостанай минералдары» акционерлік қоғамы «Жыл ұйымы» атағына лайық деп табылды. Атал­ған ұйым жас орындаушылар мен шығармашылық ұжымдарға мате­риалдық көмек көрсетеді, мәдениет үйі мен балабақшаны күрделі жөндеуден өткізді. Спорттық іс-шараларды өткізуге демеушілік көрсетті. «Денсаулық сақтауды дамытуға қосқан үлесі үшін» «Аяла» жеке қайырымдылық қорының президенті Айдан Төлеутайқызы Сүлейменова марапатталды. 2007 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан қайырымдылық қоры балалар денсаулық сақтау ұйымдарына және білім беру мекемелеріне көмек көрсетеді. Білім беру мекемелерінің шеберханаларына, әлеуметтік-тұр­мыстық бөлмелерге үлкен көлемде құрал-жабдықтар тапсырылды.

Өткен жылдан бастап Қазақстан аумағында материалдық және қар­жылай көмек көрсеткен шетелдік азаматтарға «Қазақстанның дамуына қосқан үлесі үшін» номинациясы тағайындалды. Биыл бұл марапатты АҚШ азаматшасы Дженнифер Киран иеленді. Ол көптеген қайырымдылық қорларымен бірігіп жұмыс жасайды. Жетімдер үйіне, жалғызбасты жандар мен қарт адамдарға әркез көмек көрсетуді әдетке айналдырған.

Он бір номинация бойынша ал­тын жүректі азаматтарды марапат­тайтын «Алтын жүрек» қоғамдық сыйлығының қорытынды кеші Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік опера және балет театрында өтті. Марапаттау кешіне қоғам қайраткерлері, өнер майталмандары мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.

«Алтын жүрек» жобасы нағыз отансүйгіш азаматтарды танытады. Бұл еліміз үшін қажетті жоба. «Алтын жүрек» сыйлығын иеленген азаматтар үлкен құрметке, беделге ие. Олар жастарға үлгі болатын жандар. «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» деген қазақ даналығын назарға алған қордың ұйымдастырушылары бұл жобаның алдағы уақытта дами түсетіндігін айтады.

Әсел ӘНУАРБЕК