АҒЫБАЙ БАР ҚАЗАҚТЫҢ АЙБАРЫ ЕДІ

АҒЫБАЙ БАР ҚАЗАҚТЫҢ АЙБАРЫ ЕДІ

АҒЫБАЙ  БАР  ҚАЗАҚТЫҢ  АЙБАРЫ  ЕДІ
ашық дереккөзі

Сонау Ұлытаудың бір бөктерінде жатқан Таятқан-Шұнақ жаққа жылда жол түседі. Оны ұйымдастырушы Қаратай батырдың ұрпағы – Құрмет Шаймарданұлы. Қаратай батыр 1771 жылғы «Қалмақ қырғандағы» ұрыста, осы жерде қаза болып, жерленген. Бұл туралы кезінде Алаш көсемі Әлихан Бөкейханұлы жазып кеткен. Қаратай батыр ұрпақтары аласа төбенің басында тұрған, жаңбыр шайып, жел кеулеген көне зиратқа жыл сайын келеді. Осында тәу етіп, Қаратайдың Қараталы аталған өзенді бойлап, онан арғы Ағыбай басына қарай ат басын бұрады.

Күйінген соң жазасың да. Кенесары ханның қалың қолын басқарып, тәуелсіздік үшін арпалысқан Ағыбай батырдың мазарының кеткен сыйқы бір түзелмей қойды. 2005 жылы алғаш рет мемлекеттен қаржы бөлініп, мазарды түзету жұмысы басталғанда аудан әкімдігіндегі бір жиналыста «басы-қасында болайық, ол бар қазақтың Ағыбайы» дегенім есімде. Әкім үнсіз,басқалар төмен қарасқан.

1984 жылдың қазан айының 27-і күні аудан орталығынан екі жүз елу шақырым, әрі жолсыз қияндағы Ағыбай батыр мазарына көктас қойдық. Мазардың төбесі ойылып, күмбезі жұқарып қалған екен. Жаңбыр шайған қабырғалары да сын көтермей қалыпты. Келер жылдың жазында, маусым айының оны шамасында Мәдениет министрлігіне жетіп, ең болмаса жиырма мың кірпіш босатуын өтіндік. Халықты өзіміз көтеріп, мазардың сыртынан өре қалап тастамақ ойымыз барын да жеткіздік. Иә, ол кезде қолында билігі барлар мұндай іске баруға тәуекел ете алмады. Ал, біз Жезқазған облысын басқарған Давыдовтың баяндамасына «ұлтшыл элементтер» боп еніп, тағы Сібір айдалып кете жаздап, әрең қалдық.

Тәуелсіздік қолға тиген соң сол Ағыбай мазары туралы ойымызды қайта-қайта көтергенбіз. 2005 жылғы реставрация аталған жұмыс – соның жемісі.

Осы мақсатқа бөлінген бәленбай миллион қаржының аяғы із-түзсіз құрдым болды. Әр жерін шұқып сылаған болып, мазардың жиек-жиегіне қаңылтыр суағар қойған. Былай қарасаң, мазар қаңылтырдан ақ қалпақ киіп тұрғандай. Құдды Дон Кихоттың сомбреросы. Мазардың сыртына тордан «көйлек» кигізіп, сылаған. Онысы келер жылға жетпей бой-бойы шығып, түсіп қалды.

Мазар сұрқының қашуы жұрт назарынан тыс қалмады. Оны қалпына келтіру жұмысы қайта басталып, көп қаржы бөлініп, «Күмбез» атты тағы бір мекеме кіріскен. Келер жылы жұмысын аяқтады. Көзге бірден түскені – анау қаңылтыр-қалпақты алып тастаған екен. Осы жылдың қыркүйегінің жиырмасы күні барып, осыған да шүкіршілік еттік. Шүкіршіліктен арыға тағы бара алмадық. Жақындай келе қаңылтыр қалпақтан құтылған мазардың жұлым-жұлым сыртқы сыйқын көріп, көңіл құлазыды. Күмбездің етегі бой-бой ыдырап, түсіп қалған. Бұрыш-бұрыштағы кішігірім мұнаралардың да кірпіштері жалаңаш. Кіре берістегі қапталдарының да сиқы осындай. Сыртқы сылақты түртіп қалсаң сау етіп құлайын деп тұрғанын көріп, көңіл жасиды.

Қолымыз аузымызға жеткен заманда батыр мазарының осылайша жұлма-жұлма боп тұруы елдігімізге сын деп неге ұқпасқа. Кезінде Ағекеңнің мазарының ішкі сылағына баяғы шебер ешкінің ма­йын қосқан екен. Сылақ сарғыш түске еніп, сипаған саусағыңа аздап май табы білінуші еді. Реставраторлар осыны ескермей әкпен ақтай салған. Халықтың өз үлгісін өзіне беру керек емес пе? Білмесе елден сұрасын, ел көмек етуге дайын.

Алғашқы реставраторлар мазардың қабырға кірпішінің біразын бұзып, арабша, не әлдебір сына жазумен өрнектелген кірпіштерді көрген де, оларды орындарына қайта қалай салған. Ол не жазу, не өрнек деген әлі ешкімнің басын ауыртқан емес.

Айналасы қоршалып, мемлекет қор­шауына алынған мазардың маңы да көзге қораш. Кім көрінген әлдебір бабасы не шешесіне «осы жерде-міс» деп көктас қоя салу жиілеген. Біреу «сонау 1947 жылы өлген» деп көктас қойыпты. Сол өлген адам бұл жерден екі жүзден артық шақырым қашықтықта қайтыс бопты. «Әу, дейсің – 1947 жылы мұнда әкеліп жерлемек түгілі, колхоз шөп тасуға шабағы бүтін, күпшегі аман арба таба алмаушы еді ғой. Бұл қай өтірік, не қисын?»

Ғасырлар бойы жаңбыр мен желдің өтіне де, талай-талай жаулық, дұшпандықтың ниеті мен бүлдіргіш ісіне де төтеп берген Ағыбай батыр мазарының көрінісі осы. Дүлей табиғаттың алапат жаңбыры біржола құлатып кетпесе деңіз.

Кәмел ЖҮНІСТЕГІ,

жазушы,

ҚР мәдениет қайраткері

Қарағанды облысы