Жаңалықтар

«ЖІБЕК ЖОЛЫ» КЕШЕНІ БОЙ КӨТЕРСЕ...

ашық дереккөзі

«ЖІБЕК ЖОЛЫ» КЕШЕНІ БОЙ КӨТЕРСЕ...

Сыр елінің бас қаласы – Қызылордада жаңа үлгідегі әсем ғимараттың іргетесы қаланды. «Жібек жолы» атауын иеленген бұл кешен бес жұлдызды қонақүй болмақ. Биік талғам мен заманауи сұранысты қай жағынан да қанағаттандыра алатын нысан сәтін салса, шаһардың жаңа сипаттағы дамуын айшықтайтын болады. Бұл бастама жуырда ғана Қызылордада өткен бизнес-форум аясында қала әкімдігі мен «Қызылорда отын» ЖШС арасында жасалған меморандумда белгіленген еді. Облыс экономикасының дамуына өріс ашқан инвестициялық форум аз уақытта алғашқы жемісін көрсете бастады. Осылайша жаңа жобаның құрылтайшысы сметалық құны 1,5 млрд. теңге болатын бес жұлдызды қонақүйдің құрылысына кірісіп кетті.

Жаңа кешеннің іргетасын қалау рәсіміне облыс әкімі Болатбек Қуандықов қатысты. Кәсіпкер Сабыр Сейітхановтың айтуынша, бұл кешен өзіндік қызметімен халықаралық талап­тарға толық жауап береді. Яғни 7 қабаттан тұратын қонақүй бүгінде Еуропа елдерінде дәстүрге айнал­ған классикалық үлгіде салынады. Негізінен мұнда екі адамдық 100 нөмір болмақ және бір мезгілде 200 адамға қызмет көрсетеді. Кешен аумағында бұған қоса, 500 адамға арналған мәжіліс залы болады. Онда мерекелік шаралар, салта­натты жиындар, басқосулар мен мәжілістер өткізуге жан-жақты мүмкіндік жасалады. Сондай-ақ, кешенде сауықтыру орталығы, фитнес клуб және бассейн қоса жұмыс істейді.

Бес жұл­дызды қонақүйдің құры­лысын көру барысында облыс әкімі құрылысшыларға сәттілік тілеп, мердігер «Ахат» + ГС ЖШС-нің мамандарымен емен-жарқын пікірлесті. Әрі жаңа бастаманың өзіндік құн­дылықтарын айтып өтті.

– Осыдан он шақты жыл бұрын бізде осындай бес жұлдызды қонақүй салынады деген ой болған жоқ. Тіпті, үш-төрт жыл бұрын сыртта жүрген кәсіпкерлермен кездесіп, қаламыз­да спорт кешенін, өзге де халыққа қажетті нысандар салуды ұсынға­нымда, олар өз қаржыларын Астана, Алматыда салынатын нысандарға бағыттауды жөн көретіндіктерін білдірген болатын. Десе де қазір Қызылордада әлеуметтік нысандар көптеп бой көтеріп жатыр. Енді бірнеше айдан соң ішінде мұз айдыны бар спорт кешені пайдалануға беріледі. Нақты кезеңде облыс орталы­ғында екі бірдей бес жұлдызды қо­нақүй кешенінің құрылысы жүр­гізілуде. Бұл іскер азаматтардың ауызбірлік танытып, бірігіп жұмыс жасап, жақсы жобаларды жүзеге асыруға күш салып отырғанының белгісі. Облыстың экономикалық мүмкіндіктеріне арналған «Жібек жолы» бизнес-форумын жақында пайдалануға берілген «Бастау» бизнес орталығында өткіздік. Ғимарат өте жақсы салынған. Іскерлік кездесулер өткізуге барлық жағдай бар. Бұл сайып келгенде, өңірдің даму айғағы, әріптестік әлеуетінің жаңа сапада өріс алып келетінінің белгісі, – деді Болатбек Баянұлы.

Айта кетейік, жуырда өткен бизнес-форумда 60-тан астам меморандумға қол қойылды. Соның бірі – осы «Жібек жолы» кешенінің жобасы. Аталған жоба аймақтың Инвестициялық картасына еніп отыр.

– Бұл жобаға облыс әкімінің қолдау танытқаны жергілікті кәсіпкерлерге билік тарапынан әрдайым көмек жасалып отырғанының нақты көрінісі, –деді ендігі кезекте облыстық мәслихат депутаты Сабыр Сейітханов. Оның айтуынша, барлық облыс орталықтары мен Астана, Алматы қалаларында еуропалық стандарттарға сай келетін мұндай кешендер бұрыннан бар. Кешегі өткен бизнес-форумда қала әкімдігімен келісім жасалды. Нысан пайдалануға берілгенде жаңадан 60 жұмыс орны ашылатын болады. Мамандардың пікірінше, классикалық үлгі­дегі мұндай бес жұлдызды қонақ үйлерді, әсіресе, Еуропа елдерінде жиі кездестіруге болады. Енді Сыр елінде бой көтеретін бұл дүниені жоба құрылтайшысы алма­тылық «Royal Dіsіgn» ЖШС маманда­ры жасаған. Кешенді салуға тапсырыс беруші, яғни қаржыландырушы – «Сәулет-Қызылорда KZ» ЖШС. Ал бас мердігер жергілікті құрылыс компаниясы – «Ахат» + ГС серіктестігі.

Құрылыстың учаске бастығы Григорий Лоло­янц Ресейдің Краснодар өлкесінен компанияның шақыртуымен келген. Ол өз тәжірибесінде мұндай үлгідегі кешеннің бірнешеуін ТМД елдерінде салуға атсалысқанын айтады. Ал мердігер компанияның құрылыс шебері, осы салада 30 жылдан бері тер төгіп келетін тәжірибелі маман Жетес Бекжановтың айтуынша, компанияның меншігінде барлық мақсаттарға арналған арнайы техникалар жеткілікті. Ал құрылыс салу барысында өзімізде өндірілетін материалдар, яки отандық өндіріс өнімдері пайда­ланытын болады.

Қуат ШАРАБИДИНОВ

Қызылорда облысы