ПОП-КОРН ЖЕП ОТЫРАТЫН КИНО БІЗДІ КӨГЕРТПЕЙДІ

Ермек ТҰРСЫНОВ, кинорежиссер:

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында «бүгінде еңбек ХХІ ғасыр жағдайындағы шешуші ұлттық фактор ретінде жаһандық бәсекелестік жағдайында алдыңғы кезекке ілгерілетілуі тиіс», – деп атап көрсеткен болатын. Өз еңбегімен жаһандық бәсекелестікте алдыңғы қатарда көрінуді мақсат етіп жүрген бір адам бар. Ол – режиссер Ермек Тұрсынов. Қазақ киносының көшін бастаған бүгінгі топтың қатарында келе жатқан режиссердің қолтаңбасынан шыққан «Шал» фильмі туралы сан алуан пікірлер көп. «Шалды» озық кинотуынды деп қабылдағандар да, кейбір кемшіліктерін айтып, сынап жүргендер де баршылық. Бірақ біз «Шал» туралы режиссердің өзімен тілдескенді жөн көрдік.

– Ермек аға, сұхбаттарыңызды оқып отырсам, қисық-қыңыр сөйлегенді жақсы көретін сияқтысыз? Неге?

– Мен әлемді екі рет айналып шыққан адаммын. Дамыған елдерде тұрдым. Солай бола тұра, мен ол елдерде біржола қалып қойғам жоқ. Қазір бәрі сыртқа қашып жатыр ғой. Мен өз еліме қайтып келдім. Неге сол елдерде тұра бермеске?!

– Неге тұра бермедіңіз?

– Сағынасың. Ішкі дүниеңді өзгерте алмайды екенсің. Егер мен бес-алты жастағы кішкентай бала болсам, мүмкін сонда қалып кетер едім. Ол жақта менің жұмысым болды, жағдайым дұрыс еді. Тіпті, ол елге сіңіп кеттім десем де болады. Бірақ бәрібір жаның бірнәрсені аңсап тұрады. Елді сағынасың. Тіпті, түсті де қазақша көресің. Мен елден қашып кеткен адаммын. Жүйке тозып, адамда бір сенімсіздік болады ғой. Мен бұл елде тұра алмайтын жағдайға жеткеннен кейін, елден қаштым.

– Сол себепті қаштыңыз ба?

– Қазақтың жүріс-тұрысы маған соншалықты ұнамайтын еді. Сол себепті қашып кеттім. Менің билетім бір жаққа ғана болды. Кері қайтатын билетім болған жоқ. «Тамаша» ойын-сауық отауы бар ғой. Соны жек көретін едім. Сол бағдарлама мені қатты ызаландыратын. Елдің бәрі бұған неменеге күледі деп ойлайтын едім. Бәрі жасанды көрінетін. Тіпті қарап отырып, зығырданым қайнайтын. Шет елге барғаннан кейін, басында үш-төрт айдай тынышталып қалдым. Жарты жылдан кейін достарыма хат жазып, «Тамашаның» кассеталарын поштамен жіберуін өтіндім. «Ермек, жынданып кеттің бе? «Тамашаны» қайтесің?» деп сұрайды. Алдыртып алып, үйге келіп, әлгі кассеталарды қарап шықтым. Қасымда Монти деген досым болатын. Төрт бөлмелі үй, оның екі бөлмесінде ол тұрады, екі бөлмесінде мен тұрам. Құдайберген Сұлтанбаев, Мейірман Нұрекеев, Тоқсын Құлыбаев ойнайтын кез. Үйде отырып, әлгі кассеталарды қосып қойып, соларды қарап, жылап отыратын едім.

– Өзіңіз қашқан дүниені өзіңіз қайта аңсадыңыз ба?

– Сағынады екенсің. Маған керегі юмор да емес. Оларды көріп отырып, өзімді жаман сезіндім. Монти досым менен: «бұл не?» деп сұрайды. «Комедия» деймін. «Ендеше неге жылайсың?» дейді. «Аянышты» деп құтылатын едім. Елден домбыра алдыртып алдым. Оны үйрететін мұғалім жоқ қасымда. Тыңқылдатып жүріп, Құрманғазының «Кішкентайын» үйреніп алдым. Динаның кейбір күйлерін шерте бастадым. Адам өзін-өзі тыңдайды екен. Жұмысым бар, тілді әжептеуір үйреніп алдым. Сыртта жүргенімде, бір күні маған Алтынбек қоңырау шалды. Екеуміз бірге оқығанбыз. «Қайда жүрсің?» деп сұрайды. «Неге онда жүрсің? Бізді сатып кеттің бе?» дейді. Елге қайта шақырды. Қайтқан жоқпын. Екі жылдан соң, қайта телефон шалды. «Кел. Жұмыс істеуіміз керек» деді. Оның үстіне, Баққожа Мұқай деген нағашы ағам бар. Сол кісі де хабарласып, ренжіді. Телқожа Жанұзақов деген нағашы ағам да хабарласып, «елге қайт» деді.

– Әлемді аралауыңыздың сыры неде? Нені үйренгіңіз келді?

– Білсем, көрсем деген мақсат болды.

– Ұлттық дүниені бәрібір шеттен үйрене алмайтын едіңіз ғой?!.

– Әрине. Ол адамның қанында бар нәрсе. Ол ешқашан ұмытылмайды. Мен ауылда өстім. Өңкей кемпір-шалдардың қасында жүрдім. Санаңа сіңген ұлттық дүниеңнен құтылайын десең де, құтыла алмайсың. Бірақ мен өмір бойы балабақшадан бас­тап, орысша оқып өскен адаммын. Орыс мектебіне бардым. Университетте жүргенде де орысша оқыдым. Ана жаққа барғанымда ағылшын тілін меңгеріп алдым. Әрине, көп нәрселер басқаша қабылданады. Ал әлемді аралаған себебім, ол кезде интернет болған жоқ. Бір орында отырып алып, саусақтарыңды қимылдатып, кез келген елге бара алмайсың. Тіпті, мәселе онда да емес. Өзге елді көру, өзге елдің мәдениетін үйрену – ол да білім емес пе? Өзге ұлттың адамдарымен көп араластым. Ислам деген не? Христиан деген не? Сол жақтағы адамдармен әңгіме-дүкен құрып жүріп, соның бәрін түсінуге тырыстым. Елге келгеннен кейін салыстырмалы түрде қарайсың, жүрегің ауырады. Бірдеңені өзгерткің келеді. Содан кейін, менің тағы бір байқағаным, елдің алдында жүрген адамдардың көбі елін жек көрмейді. Бірақ сол елдің кемшілігін байқап, соны түзету үшін тірлік етеді. Ащы айтады. Қоғамның кемшілігін бетке айтқанды жақсы көреді. Бұл қазақтың зиялыларына ғана тән нәрсе емес, орыстың ұлы жазушылары да солай болған. Ағылшынның Шекспирі, Бернард Шоулары да солай болды. Абайды оқышы. Абайда да еліне көңіл толмайтын өлеңдері өте көп қой.

– Бірақ Абай өмір сүрген қоғам мен бүгінгі қоғамды салыстыруға келмес. Қалай ойлайсыз?

– Адамның табиғаты өзгермейді. Адам адам болып қала береді. Неге салыстыруға болмайды. Абай жалғыздықты көп көрген адам. Өзін өз халқының ішінде бөтен, жалғыз сезінген. Мұндай тұлғалар үнемі жалғыз болып жүреді.

– Өзіңізді жалғыз санайсыз ба?

– Мен жалғызбын.

– Мүмкін, біз сізді, керісінше сіз бізді түсінбейтін шығарсыз?..

– Мен қазақты жақсы көрем. Бірақ кейде ренжитінім рас. Көңілге келетін көп нәрселер бар. Телеарнаны қоссаң да, көшеге шықсаң да, бәрін көресің. Бірлік жоқ. Содан кейін шындық жоқ. Сөздері басқа, істері мүлдем кереғар. Біз өте аз халықпыз. Бірін-бірі ренжітіп аламыз ба деген қорқыныштан аспайды. Сосын, құр мақтағанды ұнатады. Бәрі үлкен істі ойламайды. Қазаққа жаны ашитын адам қазақтың арасында өте аз. Қазаққа шын жүрегі ауырып жүрген жалғыздың бірі – Герольд Бельгер. Бұрыннан бері танимын, оның қалай сезінетінін мен жақсы білем.

– Бүгінгі зиялы қауым ше? Ақын, жазушы, одан бөлек, қолына қалам ұстағандарды қайда қоямыз?

– Кімді айта аласың? Айтшы маған.

– Мәселен Мұхтар Шаханов, Мұхтар Мағауин…

– Мұхтар Мағауинді ғалым, жазушы ретінде қатты сыйлаймын. Бірақ ол да жалғыз. Жалғыз болмаса, ендеше неге сыртта жүр? Қазақтың ішіне неге сыймай кетті? Ол – бір. Мұхтар Шаханов менің досым. Кезінде біз өте жақын адамдар болдық. Оның бүгінгі айқай-шуынан конструктивті ойларды көріп отырғам жоқ. Қазақтың тілін меңгеру керек, мәдениетін көтеру керек. Оны бәріміз білеміз. Оны құр айта бергеннен не пайда? Оны іспен жасайық.

– Сіз қаншалықты іспен дәлелдеп жүрсіз?

– Кешіріңіз. Мен қазаққа келгенде, елге келгенде, еститінім көбіне сын. «Сен сөйттің, сен бүйттің» деп сынап жатады. Мейлі. Қазаққа бір жау керек. Мен-ақ жаман бала бола берейінші. Оған да келісем. Бірақ қазақ өссін. Оны сырттағы әлем дұрыс жағынан қабылдасын. 24 мемлекетке «Келін» фильмімен бардым. Сол мемлекеттерде Қазақстанның туы көтерілді, Қазақстанның әнұраны орындалды.

– «Келін» фильмін қазақтың тарихына қатысы жоқ» деп айтқан едіңіз…

– Ол – қазақтың тарихы емес. Ол – арғы ата-бабаларымыздың тарихы. Тікелей қатынасы бар. Жалпы, түркінің тарихы. Ұлттық тамырлық нәрселерге сүйеніп, бүкіл әлем қабылдайтын дүниелерді шығару – басты мақсатым болғаны рас. Киноның тілі арқылы әлеммен бір тілде сөйлесуді мақсат тұттым. «Стан» деген мемлекеттер көп. Олар бізді сол мемлекеттердің көбімен шатастырады. Мен оны білем. Ел аралап жүрген адаммын. Қазақтың кім екенін біле бермейтін елдер де баршылық.

– Кино – көркем өнер десек те, ол идеологияның басты құралы болып саналмай ма?

– Идеологияға мүлдем қатысым жоқ. Мен идеологияны жек көрем. Қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы – ол қазақтың өзіне тән нәрсе. Сен қазақ болып тудың ба, қазақ болып қала бересің.

– Кино да қазақтың дүниесі емес пе?

– Әрине. Ошақтың қасында жүретін, қораның ішінде жүретін мәдениет болып қалмау үшін, оны әлемге таныту керек. Қазақтың кім екенін мойындату керек. Біз өзімізді өзіміз мақтап, іште жүре береміз. Сырттағыны бағалай бермейміз. Қорқамыз ба? Мойындағымыз келмей ме? Қазіргі жас­тар бәрібір бізден қол үзіп кетті ғой. Олар интернетте отырады. Олар әлемнің тарсыл-гүрсіл музыкасын қабылдайды. Майкл Джексон өлгенде, сол жастардың жартысы жылаған жоқ па?

– «Шал» фильмін алайықшы. Хикая Хемингуэйдікі. Бірақ сіз қарапайым қазақтың қара шалын жасағыңыз келді. Бірақ хикаяның желісі ағылшындарға тиесілі емес пе?

– Джек Лондонды Мұхтар Әуезов оқып, «Көксеректі» жазды. Біз басқа мәдениеттерден қорықпауымыз керек. «Қазақ жазушылары таусылып қалды ма, неге Хемингуэйді алдыңыз?» деп сын айтып жатқандар көп. Мен өйтіп ойламаймын. Хемингуэйді қазаққа келтіріп, қазақтың рухани байлығының биіктігін, сол Хемингуэй арқылы көрсеткім келді.

– Акуламен алысқан шал мен қасқырмен алысқан шалдың арасында қандай жақындық бар, айтыңызшы?

– Екеуі де бірдей ғой. Теңіз дегеніміз – ол біздің даламыз емес пе? Ол жерде су, бізде дала. Ағылшын шалы бейсболдың жанкүйері, біздің қара шал футболды жақсы көреді. Ана жақта көршінің баласы бар, мұнда немересі. Қазақта немереге жақындық басқаша. Философиялық тұрғыдан келер болсақ, біз Хемингуэйге қарағанда, көтеріңкі көрсеттік деп ойлаймын. Оны одан әрмен тереңдетіп, көркемдетіп бердік. Ол фильмнің қалай болғанын, мен өзім айта алмаймын. Оның бағасын өзгелер береді. Бірақ қазақтың табиғатына жақындатуға тырыстық. Хемингуэй, Джек Лондон, Шопен, Моцартты алайық. Мұқағали Моцартты тыңдап, өз реквиемін жазған жоқ па? Оралхан Бөкей, Асқар Сүлейменов, Қалтай Мұхамеджанов шет елдердің озық мәдениетімен сусындап өскен жоқ па? Мәселен, Қалтай ағаның үйінде көп болдым. Ол кісінің үйіндегі кітапханасында бір ғана сөре – қазақтың әдебиеті. Ал қалғанының бәрі әлем әдебиетінен жиналған. Қазақтың мәдениеті бар. Басқа мәдениетті қабылдағымыз келмейді. «Жаманын жаман, жақсысын жақсы» деп, пайдалы жағын алғанымыз жөн. Телеарналарды өзің қарашы. Арналарда шет елдерден көшіру жоқ па? Бәрі көшірме. Тіпті Алдаркөсе мультфильмінің өзі көшірме. Шет елдердің Шрэктеріне ұқсайды. «Ұлытау» деген топ бар. Құрманғазының «Адайын» орындайды. Сол «Адайды» тыңдаған кезде, менің жыным келеді. «Адайды» солай орындау қажет пе? Ол болмайды. Оны спекуляция дейді. Ол насихаттау емес. Әміре Қашаубаев 30- жылдары жаман домбырасымен барып, Парижде концерт беріп кетті ғой. Әлі күнге дейін естеліктері сақтаулы тұр. Күләш Байсейітованы алайық. Немесе Шәкен Айманов, Қаныш Сәтпаев сияқты тұлғалар. Олар табиғаты қазақы адамдар. Бірақ олар әлемдегі мықтылармен тең дәрежеде сөйлесе алды. Біз жоңғарлармен ғана шайқаса береміз. «Қыз Жібек» фильмінде де жоңғарлармен шайқастық. «Көшпенді» фильмінде де сол. «Жаужүрек Мың балада» да солай. Біздің жоңғардан басқа жауымыз болған жоқ па? Сондықтан мен шатақ адаммын. Мен кемшілікті айтам. Мақтайтын адамды арнайы ақша беріп, мақтатып жатар. Кемшілікті жаным ашып, жақсы көргенімнен айтам. «Үйренсін, көрсін, оқысын» деп жатырмын. Қазақ мақтаншақ болғаннан кейін, жылы сөздерді естігісі келеді. Мен неге мақтауым керек?

– «Мен өзімді сынаған мақаланы оқымаймын» дедіңіз. Өзіңізді сынап жатқанын қайдан білесіз?

– Білем ғой. Елдің арасында жүрміз. Достарым айтады. Бағана Дидар Амантай «Наша правда» деген бағдарламада Баян Есентаева сізді сынап жатыр» деді.

– Сіз Баян Есентаеваның фильмін түкке алғысыз етіп тастаған соң, ол ренжіген болар…

– Оны көркем фильм деп айтуға болмайды. Кино емес ол. Оны ештеңе білмейтін, ақымақ адамдар кино деп қабылдауы мүмкін. Мағынасы жоқ. Негізгі мақсат – ақша табу. Менің мақсатым – ақша табу емес. Ақша табам десем, экшн, атыс-шабысты түсіре беретін едім ғой.

– Бүгінгі көрермен күйзеліске, қайғы-мұңға толы жанрдағы фильмдерді қарағысы келеді емес пе?

– Міне, көрерменді өсіруіміз керек. Оларды эстетикалық талғаммен тәрбиелеуіміз қажет. Көрерменнің деңгейін көтерген абзал. Көшеде бір адамды көлік басып кетеді. Соған қаншама адам жүгіріп келеді? Инс­тинкт. Сол инстинктке жүгінеміз. Қазір киноға адам ойлау үшін бармайды. Бір жарым сағатқа миын істен шығару үшін барады. Қазіргі фильмдердің көбі кино емес. Жиырма-отыз жыл бұрын кино өліп кеткен. Қазір ештеңе қалмаған. Қазір Тимур Бекмамбетовтің киносы бар. Мағынасыз нәрсе. Кино біткеннен кейін көрермен не көргенін айта алмайды. Жеңіл. Поп-корн жеп отырып, көретін фильм.

– «Жаужүрек мың бала» фильміне бір аптаның ішінде қаншама көрермен келді. Әрі рекордтық деңгейге жетті. «Шал» сол деңгейге жете ала ма?

– Әрине, жетпейді. «Мың баланың» өзінің жанры бар.

– Әлемдік фильмдердің бәрі ең алдымен бәсекеге қабілетті болу үшін түсіріледі. Ол фильмдер прокаттан қанша ақша жинағанымен де есептелмей ме?

– Мен мұндай бәсекелестікке түспеймін. Ол бәсекелестік емес. Балық аулағанда бірдеңе сеппей ме? Сосын балықтардың бәрі соған шүпірлеп жиналады. Көрермендерімізді, оқырмандарымызды осылай жоғалтып алдық. Оған біз неге ақша таптық деп қуанамыз. Ақша табу оңай. «Ой тудырайық, тәрбие берейік» деп неге ойламаймыз? Біз қазір беталбаты шауып келе жатқан сияқтымыз. Кешегі «Шалдағы» тұман сол. Тұман деген бөлек кейіпкер. Өз жерімізде бәріміз тұманда жүрміз. Адасып жүрміз. Барымташы болған шал жолды неге білмей қалды? Өте намыстымыз. Қонақшылдығымыз бар. Өтірікшіміз. Алдаймыз. Бірде-бір елден тойға ақша табу үшін кредит алатын адамдарды көрген жоқпын. Біреулерге айтсаң, сенбейді. Тойды жақсы көреміз. Жалқаумыз. Басқа заман дейсің. Не өзгерді Абайдың заманынан бері? Мінезі, құлқы өзгермейді ғой. Мен ештеңені өзгерткім келмейді. «Ойлансын, тоқтасын, өз-өзіне өтірік айтпасын» деймін. Менің мақсатым да осы. Өз даламызда өзіміз адасып жүрміз. Шалдар көп те, ақсақалдар аз.

– Сіздің шалыңыз ше? Ол қайсысына жатады?

– Ақсақал. Қарапайым, кіп-кішкентай шал кітап оқымаса да, имамдармен аралас­паса да, дінді білмесе де, философиялық бірдеңелерді айтып қалады. Шындықты біледі. Менің шалымның өмірге деген құлшынысы зор. Қандай қиындық болса да, төзімді. Бірден мойынсұнбайды. Фильмдегі кішкентай бала – ол біз. Аталарымызды да, бабаларымызды тыңдамаймыз. Олар да ұсақталып кетті. Біздің шалдарға сыйлықтарды беріп-беріп, олардың құнын түсіріп жіберді. Әдемі қартаятын шал да қалмады. Кімге сенеміз сонда? Ол да бір өнер ғой. Ауылдық жерлерде, айдалада жүрген абыз адамдар бар. Олар да аз қалды. Солармен әдемі қоштасу керек. Бірдеңе алып қалу керек. Қалаға келген шалдардың бәрі уланып қалғандар. Қымбат көліктермен жүреді. Олар жәй қартайған адамдар. Ал нағыз ақсақалдар ауылда. Сол тазалықтан біртұтам бірдеңе алып қалуымыз керек. Мен соны алып қалуды ойладым. Біз өз табиғатымызға, өз даламызға басқаша қарайтын болдық. Қазір жыртқыш боп барамыз. Жемқорлық көп. Бірлік жоқ. Ұлттық идея жоқ. Тек қана құр жалған сөз. Тіпті, менің қазір айтып жатқанымның өзі сөз. Біреулер оқиды да, жарты сағаттан кейін ұмытады. Мұның бәрі бекер. Кино дегеніміз – ол қару. Ол есте қалады.

– Өзіңізді «тәңіршілмін» деп санайсыз ғой. «Келіндегі» тәңіршілдік өз алдына, «Шал» фильмінде де тәңіршілдіктің кейбір көріністері бар сияқты. Отқа табыну, әулие ағашқа кезігу, қасқырды тотем ретінде сезіну…

– Соншалықты өзімді тәңіршілмін деп санамаймын.

– Бірақ кейбіреулер әруаққа табыну, пұтқа табынуды Аллаға серік қосу деп санамай ма?

– Мен дінді эстетикалық түрде қабылдаймын. Содан кейін, ислам дінінің не екенін білем. Араб мемлекеттерінде үш жылдай тұрдым ғой өйткені. Бала кезімде көптеген дәстүрлер бар еді. Жетісін беру, жылын өткізу, жоқтау айту. Соның бәрін көріп өстік қой. Сол ғұрыптың бәрі әдемі көрінетін еді. Қыздарға хиджаб кигізу деген болған жоқ. Анамыз шелпек пісіретін. Құран оқитын. Менің ойымша, Құдай барлық адамдармен бір тілде сөйлеседі. «Кенже» деген фильмді түсіре бастағанымда бізге мешіт керек болды. Мешіт іздедім. Бірде-бір ескі мешіт жоқ. Бәрі жаңа. Адамға тазалық керек. Қоғамда адамда сенімсіздік пайда болса, ол қауіпті. Адамдарда құлазу басым. Сосын оны исламдағы кейбір ағымның адамдары жаулап алғысы кеп тұрады. Мұны жаман деп ойламаймын. Мұның астарында жақсылық бар шығар. Ол жақсылықтың да жаман әсерлері болады. Бұл сәнге айналып бара жатыр. Көп адамдар исламның сыртын ғана біледі де, ішін білмейді. Ішінде не жатқанын білмейді. Жап-жас бала, кітап оқымаған. Ол нені біледі? Әкесі айтқан шығар. Мешітке барсын. Құран оқысын. Ислам дінінде ешқандай жамандық жатқан жоқ. Тек оны адам шын ниетімен, жақсы қабылдай алса… Қазір жаман ағымдар көбейіп барады.

– «Шалды» түсірген кезде ақыл-кеңес жасаған адамдар болды ма? Мәселен, кейбір кемшіліктерді байқап, «мынау дұрыс емес, мынау дұрыс» деген сияқты. Қой жүнінің отқа тұтанбайтынын, қыстың күні қасқырдың күшіктемейтінін айтатын адамдар…

– Бұл жерде қыс деген нәрсе жоқ. Бұл жерде көктем. Көктемде кейде қар еріп кетеді, кейде қар жауады. Қойлар қоздайтын уақыт. Екіншіден, ондай сұрақтарға тоқталып, жауап бергім келмейді. Кез келген кемшілікті классикалық фильмдерден де іздеп табуға болады. Мәселенки, кейбір оқырмандар кітапты көп оқиды. Бірақ олар кітапты білім алу үшін емес, қате іздеу үшін оқиды. Көрермендер де солай. Олар кемшілік іздеп, көргісі кеп тұрады.

– Сіз ше? Киноны қалай көресіз? Кәсіби маман ретінде ме, жоқ қарапайым көрермен есебінде ме?

– Кәсіби маман ретінде қарайтын болсам, онда бұл – жаман фильм. Ал қарапайым көрермен ретінде қарасам, онда жақсы фильм деп ойлаймын. Ол үшін өзіңді-өзің ұмыту керек, сосын көру керек.

– «Қазақфильмнің» өнімдері арасында өзіңізді өзіңіз ұмытып кетіп көрген фильмдеріңіз бар ма?

– Жоқ. «Қазақфильмді» былай қойғанда, бүкіл әлемде ондай фильм қалған жоқ.

– Бұл рухани дағдарысты білдірмей ме?

– Мәдениет төмендеп кетті. Бұрынғы әдебиет жоқ. Бұрынғы музыка жоқ. Бәрі компьютер, бәрі ғаламторға сүйеніп барады. Электронды музыкаға айналып барамыз. Адам шығармашылығы жеке болудан қалды. Барлық бағдарламаны меңгеріп алған, сол арқылы музыканы жаза береді. Бұл кезде адамның ойы пайдаланылмайды. Адамның ойы өте қымбаттап барады. Қазақстан әлемнің кішкентай бөлігі боп саналғандықтан, біздерге де оның әсері тиіп жатыр. Біздерге өте ауыр тиіп жатыр. Басқаларға еліктегіміз келеді. Өзімізден ештеңе тудырып жатқан жоқпыз. Қазақстанда алты миллион қазақпыз. Кішкентай ауыл сияқтымыз. Бір-бірімізді білеміз. Бір-бірімізге қонаққа барамыз. Аз халық болғаннан кейін, бір-бірімізді мақтауға көшеміз. Менің олай болғым келмейді.

– Жалпы, сіздің бірнәрсеге көңіліңіз тола ма? Көркем дүниені жоққа шығарып отырсыз. Киноны жоқ дейсіз. Әдебиет те жоқ па?

– Әрине, бар. Дарынды жастар бар. Біздер, яғни менің қатарластарым жеңіліп қалдық. Менің киноларымда орта буын кейіпкерлері жоқ. «Шалдағы» аңшылардың бәрі қырылып қалды. Өйткені олардың бәрі даланы сатып кетті ғой. Олар табиғатты құрту үшін келеді. Менің үмітім – немерелерде… Біз кетуіміз керек. Біздерден түк шықпады. Біз ештеңе істей алмадық. Өте дарынды, көзі ашық жастар бар. Олар уланбаған, ойлары таза. Олар біздермен көп араласа берсе, былғанып қалатын шығар.

– Келешекке не қалдырасыздар?

– Соны білмеймін. Бағалайтын жазушы да жоқ.

– Сіздің буыннан ба, әлде аға буыннан ба?

– Аға буыннан мен араласқан, мен білген ағалар бар. Оралхан Бөкей, Жарасқан Әбдіраш, Қалтай Мұхамеджанов, Сайын Мұратбеков… Қандай тұлғалар еді?! Олар көп, тізе берсең. Олар болды. Ал біздерден ешкім жоқ.

– Әлем әдебиетінде де тоқырау бар ма?

– Тоқырау бар. Біздерде мақтанатұғын, қуантатұғын бірде-бір кітап жоқ, бірде-бір кино жоқ, бірде-бір қойылым жоқ.

– Театрға жиі барып тұрасыз ба?

– Анда-санда барам.

– Мәселен, соңғы көрген спектакліңіз?

– Мен тек қана Болат Атабаевтың спектакльдерін жақсы көрем.

– Оның өзі көп қойылып жүрген жоқ қой.

– Иә. Бірақ ештеңеге көңілі толмағаннан кейін, халық қабылдамағаннан кейін, саясаткер болып кетті. «Қолда бар алтынды» біз бағаламаймыз. Ол – көргенін айтпай, тұра алмайтын адам.

– «Келешек – жастарда» дедіңіз. Сол жастар сіздің «Келініңізді» қабылдамады. «Шалыңызға» да сын айтып жүр.

– Айта берсін. Негізгі нәрсе, ойланту керек. Олар өседі ертең. Кітап оқиды, білгісі келеді. Тереңіне жеткеннен кейін, басқаша ойлай бастайды. Оған менің ешқандай күмәнім жоқ. Олар әлі кішкентай. Мұндай ойды туғызғандар әртүрлі деңгейдегі пенделер ғой. Біреуі біреуінен бірер кітап қана артық оқыған шығар. Бірақ олардың табиғаты бірдей. Айғай-шу, өтірік айту. Олардың шынымен жаны ашиды деп ойлайсың ба? Олар өздерінің ойынын ойнап жүр. Қазақты құртқан қазақтың өзі. Кешегі Алашорда қайраткерлерінің түбіне жеткен де қазақтың өзі.

– Алаш қайраткерлерінің еңбектері сізге таныс па?

– Мұстафа Шоқайды түгелімен оқып шықтым. Толық десем де болады.

– Кезінде сіз аудармашы болдыңыз. Кинодраматургияға кейінірек келгеніңізді білеміз.

– Кинодраматургияны Мәскеуден оқып келдім. Басында аударма коллегия­сын біз ашқанбыз. Ақселеу Сейдімбек, Сәтімжан Санбаев, Мұрат Әуезов бар, бірігіп жұмыс істедік. Ол кезде Мағжан, Міржақыптарды білмейміз. Білгенімізбен, айтқызбайды. Шәкәрімнің «Үш анық» деген шығармасын іздеп тапқанымыз бар. Қаншама кітапты төте жазудан қазақшаға, одан кейін орысшаға аударған кезіміз болды. Бір бөлмеде отырып, бірімізбен біріміз ренжісіп қалсақ та, бір-бірімізді жек көргеніміз жоқ. Пікір қайшылығы болды.

– Бүгінгі қазақтың бойынан өзіңіз аралаған елдердің табиғатын іздейсіз бе?

– Көргім келетіні рас. Әсіресе, мәдениеті жағынан. Саясат жағынан, тұрмыстық жағынан, мәдениет жағынан ұқсап жатса, онда тұрған не бар? Бір-бірімен амандасып, сыйласып жатса, ол жаман ба? Жемқорлық бізде неге көп? Бәрі сатылып кетті. Осындай кемшіліктеріміздің бар екенін неге мойын­дамаймыз?

– Сіз жүрген шет елде ондай жоқ па?

– Ондай жоқ. Өзің білімді, білікті болсаң, дипломыңды сатып алмасаң, онда кез келген мекемеде жұмыс істей аласың. Ақшаң көп болып, білімің болмаса, жұмысқа қабылдамайды. Ол жақта мақтаншақтық жоқ.

– Өзіңіз туралы сын айтқан адамдарды жек көресіз бе?

– Ол дәлелденген сын болса, оның аргументтері болса, онда сынды көбірек тыңдаймын. Мені қазақ мақтаса, күмәнмен қараймын.

– Бірақ мақтағанды да жек көрмей­тініңіз рас қой?..

– Әрине, адаммын ғой.

– «Келін» 50 де 50 болды. «Шалды» ұнатқандар көп. Ал «Кенже» қандай жарылыс тудыруы мүмкін?

– Оны қазір айтпаймын.

– Сіздің фильмдеріңіздің аты неге осылай қысқа? «Келін», «Шал», «Кенже»…

– Ол біздің халқымыздың, этносымыздың эволюциясы ғой. «Неден басталады, немен бітеді?». Бітеді деп айтуға болмас, немен жалғасады? Қайда бара жатырмыз? Бір-бірімен сабақтасады. Келін дегеніміз – шеше, шал дегеніміз – әкей, кенже – бала. Қазір сценарийі жазылуда. Ойлар бекітілді, не істейтінімді білем.

– Ақтан Арым Құбат «Келінді» түсірмеген соң, режиссер болып кеттіңіз бе?

– Оның неге түсірмей кеткенін мен білмеймін. Ақтанның идеясы мүлдем басқа болатын. Қырғыздарда тауда орманшы тұратын. Қыс басталғанда, әлгі орманшы өледі. Ал әйелі өлікпен бірге қыстап шығады. Сол ойды айтып берген еді маған. Содан басталды. Сценарий жазғанда, кейін мүлдем өсіп кетті.

– «Келінде» сізді «талағандар» көп болды. Мойыған жоқсыз ба?

– Өкінбеймін. Қайта мені олар жабылып мақтап жатса, менің біткенім емес пе? Сын орынды болса, жәй ғана жаман сөздер емес, кемшіліктерді көріп айтып жатса, неге қабылдамасқа?

– Осы кезге дейін айтылған сындар дұрыс емес деп қабылдайсыз ба?

– 80 пайызы түкке тұрмайтын сөздер. Кейбір ағайындар «қазақтың атына кір келтірдің» деді. Қоғамда одан да жаман нәрселер болып жатыр. Соны неге көрмейміз? Біреулерге ұнау үшін түсірген жоқпын. Кемшіліктері бар. Мен оның ішінде жүрген соң, оны жақсы білем. Ештеңе істемейтін адам ғана қателеспейді. Мен бірдеңе істеймін. Қателер болады, кемшіліктер бар. Мүмкін, менің жолым қате шығар. Бір ұтымды нәрсе, менің таңдаған жолымда адам көп жүрмейді. Мен ешкімге өзімнің ойымды түсіндіргім келмейді, ештеңені дәлелдегім де келмейді. Бәсекелесейін деп те жүргем жоқ..

– «Шал» фильмін Канн фестиваліне апарам деген едіңіз…

– Бара алмадық. Көп себептерден. Оны көктемде Берлинге апаратын болдық.

Әңгімелескен

Гүлзина БЕКТАСОВА

Back to top button