БӘРІ ОСЫНДАЙ БОЛСАЙШЫ АУЫЛДАРДЫҢ

Алматы облысының оңтүстік шығысында орналасқан Кербұлақ ауданы тамаша табиғатымен баурап алады. Бұл жерді ертеде Күреңбел өңірі деп атаған. Сірә, қазақ даласының көркемдігін суреттеу үшін бұдан артық теңеудің қажеті жоқ сияқты.

Күреңбел бағзы заманнан­ татулықтың ордасы іспеттес достықтың туын желбіреткен өңір. Сонау Жоңғар шапқыншылығы кезінде Күреңбел өңірін Малайсары, Жоламан, Сәмен Дос, Жайнақ, Дүйсен, Бармақ батырлар да қорғап, ерен ерліктерімен көзге түскен. Тіпті есімі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, бізге жеткен ақылдылығымен тәнті еткен Қоянкөз анамыз, аса сұлу, әруақты Шанханай анамыз, сәуегей Дәулет би, айбынды Матай би, Жамбай батыр, Құндақбай мерген мен осы өңірге билігін жүргізген Тезек төре де осы өңірді киелі мекенге айналдырғандай әсер етеді.

Аты елімізге әйгілі «Алтынемел» Ұлттық табиғи қорығы да осы ауданнан қоныс тепкен. Әлемнің алты ғана жерінде кездесетін «Әнші құмның» бірі – Айғайқұм тауы да табиғаттың тылсым күшімен астасып жатыр. Бұл өңірден көне тарихымыздан сыр шертетін ескерткіштер – бесшатыр қорғандары, ошақ пен таңбалы тастарды көзіңіз шалады еріксіз. Мұның бәрі «Мәдени мұрамызды» зерттеп, зерделеу үшін қажетті құнды дүниелер. Мәселен, Жетісу өлкесінің аса бір көрнекті табиғаты ерекше Матай тауының етегіндегі Шанханай елді мекенінде Шоқан Уәлихановтың «Алтынемел» мемориалдық мұражай кешені де, сондай-ақ 2010 жылдың қазан айында Алтынемел асуының маңайында Ұлы жүз қазақтарының аға сұлтаны Тезек төре мен әйгілі орақ тілді Бөлтірік шешенге арналып тұрғызылған зәулім ескерткіш те мәдени мұраның нақ өзі. Оны түгендеп, болашақ ұрпақтың санасына сіңіру – қоғамға жүктелген міндет екенін ұмытпауымыз керек.

Кербұлақ ауданының жер қойнауы қазба байлықтарға толы. Асты-үсті табиғи байлыққа толы мекеннен мыс-молибден, алтын кендері, сонымен қатар құрылысқа қажетті әр түрлі табиғи тастар мен цеолит минералының көздері барланып, шикізат шығарылады. Жыл сайын аграрлық аймақтағы 105 мың гектар егін алқабының 75 мың гектарына дәнді-дақылдар егіледі. 2030 гектар жерге картоп егіліп, әр гектардан 190 центнер өнім алынуда. Соңғы кезде тамшылап суару әдісі де кеңінен пайдаланып келеді. Бұл мақсаттарға соңғы жылдары аудан шаруалары 41 жаңа үлгідегі техниканы 222 миллион теңгеге сатып алды.

Айта кету керек, бұл өңірде егінмен қоса, ежелгі кәсібіміз – мал шаруашылығы да жақсы дамып келеді. Ірі қара малының экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында «Алатау Дейри» және «Ақылбай» элиталық репродукторлар ұйымдастыру жұмыстарын атқаруда. Мәселен, 2012 жылы «Алатау Дейри» ЖШС 247 млн. теңгеге 337 бас етті бағыттағы ірі қара бұқаларын сатып алса, ағымдағы жылдың аяғына дейін «Ақылбай» ШҚ 300 млн. теңгеге 450 бас мал сатып алуды жоспарлап отыр. Соңғы 6 жылда қой, ешкі басы 32 мыңға, ал ірі қара 6,7 мың, жылқы 2,3 мың басқа өскен.

Кербұлақ ауданының әкімі Нұрбай Жантілеуовтің айтуынша, ауылшаруашылығы өнімі жыл сайын 12-13 млрд. теңгені құрайды екен. Әкім берген мәліметке сүйенсек, 2006-2011 жылдары Беріктас, Қоғалы өңіріндегі Аралтөбе және Басши округіне қарасты Аралтөбе ауылдарында 180 орындық жаңа үлгідегі орта мектептер ғимараты пайдалануға берілген. «Бүгінде Ақжар, Бостан, Доланалы, Майтөбе және Байғазы ауылдарында жаңа үлгідегі білім ұяларының құрылысы қарқынды жүруде. Бұдан өзге аудандағы 18 мектепке толықтай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жылу жүйесі жаңарды. Мұның сыртында «Балапан» бағдарламасы аясында Басши, Қарашоқы, Сарыөзек, Шұбар, Қоғалы ауылдарында балабақшалар да күрделі жөндеуден өтіп, халықтың игілігіне берілді», – деді Кербұлақ ауданының әкімі.

Жасыратыны жоқ, еліміз тәуелсіздік алған қиын жылдарда елді мекендердегі мәдениет ошақтары мен кітапханалар жабылып, бәзбіреулердің жеке пайдасы үшін сатылып кеткен болатын. Қазіргі кезде ауыл жастары бас қосатын осы үйлерді қайтару жұмыстары мықтап қолға алынған. Кербұлақ ауданының мәдениет саласын 14 кітапхана, 11 ауылдық мәдениет үйлері мен клубтары және 1 республикалық деңгейдегі мұражай құрап отыр. 2009 жылы Ә.Сарыбаев атындағы аудандық Мәдениет үйіне, ал 2010 жылы Шанханай ауылдық Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүрзіліпті. Бүгінде мұражай ғимаратына қомақты көлемде қаражат көзделіп, экспозиция залына 9 млн. теңге бөлінді.

Сондай-ақ өңірде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жолға қойылған. Биыл ғана жаңа кірпіш зауыты іске қосылды. Оның жылдық өндіріс қуаты 25 млн. дана кірпішті құрайды екен. Ал жалпы қуаты 150 мың текше метр «БСД Компани» ЖШС-нің қиыршық тас зауытының жұмысқа кірісіп кеткенін айта кеткен жөн. Тағы бір қуанышты жәйт, 2013 жылы 1 млн. тонна цемент өндіретін «Жаңалық строй сервис» ЖШС-нің зауыт құрылысы басталмақшы.

Қазіргі кезде «Ақбұлақ» бағдар­ламасы аясында Қызылжар ауылының су жүйесіне 82 млн.теңге, Жайнақ ауылына – 57 млн. теңге, ал Қоғалы ауылының су жүйесінің екінші кезеңіне – 89 млн. 243 мың теңге бөлінген. Бұрын «Таза су», кейінгі «Ақ бұлақ» бағдарламалары аясында 12 ауылдың су жүйелері жаңаланды.

Бұл бір ғана ауданның тыныс-тіршілігі. Кербұлақ ауданының әкімі Нұрбай Қожатайұлы келтірген мәліметтерге қара­ғанда, ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы көш ілгері. Халық та Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғырт­ы­луы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында айтылғандай еңбектенген адамның ғана табысқа жететіндігін жақсы біледі. Өз нанын адал тауып жүрген ауыл жұрты осы жолда жұмыла еңбек етуге дайын.

Мира БЕРІКБОЛОВА,

Журналист

Back to top button