ОҢТҮСТІК 80 ЖЫЛДЫҚҚА 80 НЫСАНМЕН ЖЕТТІ

ОҢТҮСТІК 80 ЖЫЛДЫҚҚА 80 НЫСАНМЕН ЖЕТТІ

ОҢТҮСТІК 80 ЖЫЛДЫҚҚА 80 НЫСАНМЕН ЖЕТТІ
ашық дереккөзі

Оңтүстікте күз маусымы келгелі жаңалыққа толы болып тұр. Биыл облыстың 80 жылдығы қарсаңында бұл өңірде бірқатар әлеуметтік нысандар іске қосылуда. Олардың арасында «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасымен жүзеге асырылған орта мектептер мен ауруханалар да бар.

Атап айтар болсақ, облыстық құрылыс басқармасы бойынша биылғы жылы 152 әлеуметтік нысандардың құрылысын жоспарлаған болатын. Оның ішінде білім беру нысандары – 74 мектеп болса, оның ішінде 18 мектеп қыркүйек айына дейін пайдалануға берілді. Ал қалған 24 нысанның құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Ал денсаулық сақтау саласы бойынша, 64 нысан жоспарға енгізілсе, оның төртеуі бүгінгі таңда пайдалануға берілген екен. Қалған 51 нысанның құрылысы да аяқталуға таяу. Ал төрт нысан жыл соңына дейін тұрғындардың пайдалануына берілетін болады.

Биылғы жылы 4 ин­вес­тициялық жобалардың құ­рылысын іске асыруға рес­пуб­ликалық және облыстық бюджет есебінен қаржы бөлінген еді. Олардың арасында: Шымкент қаласы 200 төсек орын­дық көпсалалы балалар ауруханасының құрылысы, Шымкент қаласы «Нұрсәт» мөлтек ауданындағы ауысымына 500 келуші қабылдайтын №3 қалалық емханасының құрылысы, Түркістан қаласындағы 200 төсек орындық көпсалалы балалар ауруханасының құрылысы, Төле би ауданы Леңгір қаласындағы ауы­сымына 250 келуші қабыл­дайтын емханасы бар 150 төсек орындық аудандық орталық ауруханасының құрылысы бар.

КЕЛЕР ЖЫЛ «ТҰРҒЫН ҮЙ ЖЫЛЫ» БОЛМАҚ

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмасын орындау мақсатында «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы Қазақстан Рес­пуб­ликасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 маусымдағы №821 қаулысымен бекітілгені белгілі. Аталмыш бағдарламаға Оңтүстік Қазақстан облысы да өзіндік үн қосуға дайын. Бүгінде облыста 2012 – 2020 жылдарға арналған «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру жоспары әзірленген. Осы орайда, облыс әкімі Асқар Мырзахметов жоспарды әзірлеу барысында аудан және қала әкімдіктерімен жұмыс жүргізген еді. Жоспарда көрсетілгендей, барлығы – 1 147,2 мың шаршы метр тұрғын үй салу қажеттілігі анықталып отыр. Оның ішінде, Тұрғынүйқұрылысжинақ банкі арқылы (бұдан әрі – ТҚЖЖ) – 397,5 мың шаршы метр, жергілікті әкімдікте кезекте тұрғандар үшін – 618,8 мың шаршы метр, жас отбасылар үшін 130,9 мың шаршы метр тұрғын үй салынбақ.

Өңір басшысы Асқар Мырзахметов келесі жылды, яғни 2013 жылды «Тұрғын үй жылы» деп жариялады. Келесі жылы барлығы 112 тұрғын үйдің құрылысын жүргізу үшін республикалық бюджеттен 2,8 млрд. теңге, облыстық бюджеттен 11,9 млрд. теңге қаржыны қарастыру жоспарға енгізілген.

Тұрғын үйлердің жалпы ауданы – 282,6 мың шаршы метр немесе 5252 пәтер. Бұл үйлердің 1 шаршы метрінің құны 88,0 және 99,0 мың теңгеден болмақ.

Шымкент қаласы жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысын салу үшін 26,04 гектар жер телімін бөлу мәселесі шешілді, оның 4 гектар алаңы мектепке, 22,04 гектары тұрғын үйлердің құрылысын жүргізуге арналған.

ЕЛБАСЫНЫҢ ЖОЛДАУЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Облыста Елбасының «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты биылғы жолдауын насихаттау мақсатында ҚР Ауылшаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков бастаған арнайы делегация келді. Делегация құрамында 9 адам бар. Тоғыз адамнан құралған насихат тобы облыс активімен кездесу өткізді. Насихат тобын бастап келген ауылшаруашылық министрі А.Мамытбеков Елбасының биылғы жолдауының маңыздылығын және онда көрсетілген басым бағыттардың орындалуы туралы баяндап өтті. Министр өз баяндамасында: «Президент жолдауы маңызды құжат болып есептеледі. Жолдауда айқын бағыттар көрсетілген. Басқа елдерде зейнетақы, жәрдемақы, жалақы сияқты басқа да әлеуметтік төлемдер қысқарып, түрлі толқулар болып жатыр. Ал, бізде керісінше барлық төлемдер ұлғайып келеді. Көптеген әлеуметтік бағдарламалар түзіліп, солар бойынша елімізде жұмыстар жүріп жатыр. Соның арқасында әлемдік қаржы дағдарысының да салқыны бізге тиген жоқ. Осының бәрі Елбасының жолдауында жүктелген міндеттердің орындалуының нәтижесі», – деді. Сонымен бірге, Ауылшаруашылығы министрі Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша атқарылып жатқан нәтижелі жұмыстарға да тоқтала кетті. Мақта өнімі бойынша, өткен кеңес дәуірінде болмаған көрсеткіштің биыл орындалып отырғанын ерекше атап өтті. Сондай-ақ, моно қалаларды дамыту бағдарламасы негізінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы бір салалы қалаларды дамыту қолға алынғаны да сөз болды.

Жолдаудың он бағытына да­ тоқталып өткен министр ауыл­ша­руашылығында фермерлерді қар­жы­ландыруға қол жеткізу үшін, несиемен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар атқарылып жатқанын айтты. Мәселен, 2020 жылға дейін жасалған жоспар негізінде «Агробизнес 2020» бағдарламасы дайындалып, жуық арада іске асатынын мәлім етті. Бұнымен қоса, ауылшаруашылығында жаңа технологиялар мен инвестициялық субсидияның дамыту керектігі жөнінде сөз қозғады. Насихат тобы облыстың бірнеше аудандарын аралап қайтты.

САЙРАМДА АҚЫН-ЖАЗУШЫЛАР КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

Оңтүстік Қазақстан облы­сы­ның 80 жылдық мерейтойына орай, Сайрам ауданындағы Құрманбек Жандарбеков атындағы мәдениет үйінде «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік» атты кеш өтті. Ақын-жазушылар Сайрам өңіріне арнайы келіп, аудан тұрғындарымен кездесу өткізді. Тұрғындармен болған кездесуге аудан әкімінің орынбасары Б.Танагөзов қатысты. Олардың арасында облысқа белгілі жазушы Мархабат Байғұт, Захардин Қыстаубайұлы, Қайырғали Медет, Сахабат Сәрсенбек және Алпысбай Боранбаев сияқты танымал қаламгерлер бар. Мұндай мәдени шараға туындыларымен халықты тәнті етіп жүрген жергілікті жазушы Ерсін Қойбағаров, Нұрғиса Төремұратұлы, Зияда Исатайқызы, Әлібек Байназар, Тұрсынбек Тұрапбекұлы, Әбдірахым Пратов сияқты ақындар жиналып, аудан тұрғындарымен пікірлесіп, өзекті ойларын ортаға салды.

«НҰРСӘТТЕН» БЕРІЛГЕН ОТЫЗ ПӘТЕР

Оңтүстік Қазақстан облы­сының 80 жылдығына орай, пайдалануға беріліп жатқан 80 нысанның бірі – «Нұрсәт» шағын ауданындағы №4 жалдамалы тұрғын үй пәтері. «Нұрсәт» шағын ауданындағы 5 қабатты, 30 пәтерлі арендалық коммуналдық №4 тұрғын үйдің құрылысын республикалық бюджет есебінен мердігер – «Жамал-РМ» ЖШС-і жүргізген еді. Отыз пәтерлі үйдің кілтіне ие болған тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Отыз пәтерге ие болғандар тізім бойынша кезекте тұрған азаматтар екені белгілі. Олардың арасында: Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары, бюджеттік мекеме қызметкерлері, жалғыз үйі апатты деп танылған азаматтар бар. Аталмыш пәтер кілттерін облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов табыс етті. Салтанатты рәсімнен соң, Берік Серікұлы журналистерге сұхбат берді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары биыл және келесі жылдары берілетін тұрғын үйлер жайында мәлім етті. Берік Серікұлының айтуынша,

биылғы жылы мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен – 5,4 млрд. теңгеге барлығы 44 үйдің (140 мың шаршы метр) құрылысын жүргізу жоспарланған болатын. Оның ішінде, республикалық бюджет қаражаты есебінен – 4,3 млрд. теңгеге 27 үйдің, облыстық бюджет қаражаты есебінен 475 млн. теңгеге 5 үйдің, Шымкент қалалық бюджеті қаражаты есебінен 567,6 млн. теңгеге 12 үйдің құрылысы жүргізілуде.

Гүлзина Бектасова