МАШАҚАТЫ АЗ МАЙКЕНЕ

МАШАҚАТЫ АЗ МАЙКЕНЕ

МАШАҚАТЫ АЗ МАЙКЕНЕ
ашық дереккөзі

Бұған дейін Кеңес кезінен тек жүгері, күнбағыс, мақта егіп машықтанып, бау-бақша мен көкөніс өсіруге маманданған Бәйдібек ауданының диқандары ата кәсіптен айтарлықтай табыс тауып жүр. Бірақ өтіп жатқан уақыт та инновацияны, жаңашылдықты, әр саланың да дамуын қажетсінеді. Сондықтан талапқа сай жұмыс жасауды шаруаларымыз байыппен меңгеру үстінде.

Бұдан бірнеше жыл бұрын «жылыжай», «тамшылатып суару» секілді атаулардың бізге таңсық көрінгені жасырын емес. Бүгінде ауданда жаңа жобаларды тез меңгеріп, бұл жұмыстарды жолға қойып, тірлікті жандандырып отырған шаруалар жеткілікті. Міне, енді диқандар биыл алғаш рет «майкене» деп аталатын тропикалық дақыл екті. Ол Алғабас пен Жамбыл ауыл округінің аумағында қолға алынды. Көктемде өңірдегі 250 гектар алқапқа осы өсімдіктің тұқымы себілген болатын. Диқандардың майкенені өсіруге қызығушылық танытып отырған себебі, оны егуге, күтіп-баптауға кететін шығын аз екен, есесіне, табысы мол.

Ал, енді «майкене» өсімдігі жайлы не білеміз және Бәйдібекте майкенені ору науқаны қалай жүргізілуде? Оның гектарлық түсімі қандай? Бұл дақыл жөнінен алда нендей жоспарлар күтіп тұр? Осы сұрақтар бойынша диқандар қауымы және сала мамандарымен пікірлесіп, тақырыпты ақтарып, мәселені саралап көрген болатынбыз.

Майкененің шыққан тегін сұ­расаңыз – аптап ыстықты Африка, оның ішінде Эфиопия деген ел кө­рінеді. Мамандардың айтуына қа­ра­ғанда, шөл далада сорайып, 8-10 метр­ге дейін бой көтереді екен. Әрине, ол жақ пен біздің оңтүс­тіктің табиғаты, то­пы­рағы бө­лек. Әйтсе де, кезінде Африканың өсімдігі елімізге әкелініп, егілген. Бірақ, тек сәндік мақсатта ғана. Бірден айту керек, Эфио­пияның жапан даласында жаралған майкене қазақ даласында бұрын­нан нәр алған, өскен, өнген өсім­дік. Бүгін ғана пайда болған жоқ. Майкене тез бой көтереді және рас болса, ол өскен жерге шыбын-шір­кей жоламайды екен. Сондықтан елімізде оны көбінесе кө­леңке ретінде үй іргесіне, бау-бақшаға сәндік ағаш ретінде отыр­ғызған. Майкене деген атауының өзін­де де үлкен мән бар ғой. Оның мақсары сияқты тікенек қауа­ша­ғының ішіндегі қойдың құмала­ғындай ірі дәні тура арқасында жолағы бар кенеге ұқсайды.

Әрине, осы кезге дейін бізге белгілі болып келген майкене тек сәндік ағаш ретінде ғана егілетін. Бұрын дақылдығы жөнінен жұртқа таңсық болып табылатын майкене өсiмдiгiнiң пайдасы көп екен. Бір айтары, майкененің дәні, сабағы, жапырағына дейін кәдеге жарайды. Майкененің дәнінен сығып алынатын техникалық майсана майы (кастроиль) аса суық температураның өзінде қатып қалмайды. Суыққа бой бермейтін бұл сұ­йық­тық авиация саласында үлкен сұранысқа ие. Мұнан бөлек, кейбір медициналық құралдарды майлауға қажетті. Косметикалық опа-далаптарға да қосылады екен. Ішіндегісін сығып алғаннан кейінгі дәнінен қалған қалдығын малға жем қылып та береді. Ал сабағынан арқан, кендір жіп жасалса, жапы­рағымен жібек құрт­тарын жемдеуге болады. Тағы бір пайдасы, бұл дақылды бір жылда екі мәрте егіп, орып алуға да болады. Бірақ майкенені абайлап пайдаланбаса, дәмі у сияқты өте өткір, адамға өте қауіпті кө­рінеді. Тоқетері, майкенені дұрыс күтіп-баптап, мол өнім алсаң көл-көсір пайдаға кенелуге әбден болады.

Ал Бәйдібек ауданына дақылдың техникалық май алатын тұқымын жергілікті диқандар Израильден алып келіпті. Олардың айтуынша, майкенені күтіп-баптаудың машақаты аз. Минералды тыңайтқыштарын жеткілікті мөлшерде беріп, мезгілінде суарып тұрса, жеткілікті. Ал, оның бiр тоннасы 750 долларға бағаланады. Аудандағы негізгі инвестор «Агромеркур» ЖШС-ның Оңтүстік Қазақстан облысын­дағы филиалы майкенені ең алдымен тәжірибе ретінде Арыс қала­сын­да – 30, Мақтаарал ауданында 40 гек­­­тар жерге егіп көріпті. Нә­ти­же көңілден шықса керек, биыл бұл се­ріктестік «Шаян» өндірістік коо­пе­ративімен бірлесіп, Бәйдібек ауданының 250 гектар жеріне еккен. Әри­не, Африкадағыдай биік боп өспесе де, біз еккен майкене осы топырақты жерсініп, пайдасы әжеп­теуір болып тұр. Бүгінде дала көркіне сән берген өсімдіктің әр гектарынан 25-30 центнерден өнім алыныпты. Алдағы жылдарда тамшылатып суару әдісі енгіз­ілсе, өнімді екі есе көп алуға болады. Өнімді Қытай мен Израиль елдеріне өткізу қарастырылған. Әйтсе де, шаруалардың осы өңірден майкенені өңдей­тін кәсіп­орын ашу мәселесі ойларында бар.

– Дақыл пісіп-жетілгенше әр гектарына орташа есеппен 100 мың теңгенің шығынын жасадық. Қазір барлық алқап орылып, гектарына 25-30 центнерден айналып, жалпы 750 тонна өнім жиналды. Бас-аяғы 10 шақты техника, оның ішінде қуаттылығы жоғары 1 голландиялық комбайн да бар. Жаз мезгілінде 3 рет суғарылып, 4-5 рет культивация жұмыстары жасалынды. Әр гектарына 300 келі тыңайтқыштан себілді! Енді түскен табысты есептеп, тиімділігіне көз жеткізсек, ендігі жылы алқаптың көлемін көбейту ойда бар. Дәндік дақылдарды шашпай-төкпей жинап, тиянақты сақтау мақсатында Шаян ауылынан 3 мың тонналық қойма салу үстіндеміз. Негізі шикізатты өңдейтін цех ауданымызда ашылып жатса құба құп болар еді. Сонда одан шыққан өндірістік майды тікелей шетелге шығарып, шаруалар шикізатты тасып сабылмай, дайын өнімді өткізіп, еселеп табыс табуға болады, – дейді, «Шаян ӨК-нің» төрағасы Пазылбек Әбілдәбекұлы.

Дәл қазіргі уақытта дән қоймаға жиналып, қауашағынан ажырату жұмыстары жүргізілуде. Ауданда өсiрiлген майкенеге қазiрдiң өзiнде сұраныс өте жоғары. Қытайдың компаниялары шикiзатты сатып алуға тапсырыс берiп қойған. Жуырда ауданға жасаған сапарында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Исабекұлы шикiзатты өңдеп, дайын өнiм шығаратын кәсiпорынды облыс аумағында салу керектiгiн айтып, сала басшыларына осы мәселенi зерттеудi тапсырған болатын. Кәсiпкерлер де шикiзатты шетелге тасығанша, өз елiмiзде дайын өнiм өндiру өте құптарлық бастама екендiгiн, бұл iстi жүзеге асыруға болатынын тiлге тиек еттi. Облыс бойынша бұл өсімдіктің көлемін арттыруға ден қойып жатқан тұста, кей аудандарда да майкенені молынан егуге жер жағдайы, су мәселесі тұсау болып қалмай ма? Бұл жөнінде маманның пікірі қандай?

Данабек Тұрдалиев, Бәйдібек аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Ауданда 11 300 гектар суармалы жер бар. Биыл соның 2200 гектары игеріліп, 7 түрлі дақыл егілді. Соның ең негізгісі – майкене. Бұл тікелей экспорттық дақыл. Майкененің елімізге аудандастырылған сорттары Мақтаарал мен Арыс ауданының табиғи жағдайында былтыр тәжірибе ретінде егілген. Содан байқағанымыз, бұл өсімдіктен екі рет өнім алуға да жылудың, судың, ауаның жағдайы жеткілікті. Бүгінде облыстық сала басшыларымен бірлесіп, әрі қарай терең өңдеу мәселесі жоспарлануда. Егер де шикізат ретінде шетелге жібермей, өзімізде өңделіп жатса, аудан диқандары еселеп пайда табары сөзсіз. Ендігі жерде шаруалардың орайы келген іске ойланбай кіріскені жөн. Тамшылатып суару әдісі арқылы осы дақылдың түрін көбейту де алдымыздағы мақсаттардың бірі. Эко­номикалық жағынан өте тиімді майкене егіс­тігін алдағы уа­қытта 3000 гек­тарға жеткізу жоспарда бар. Оған аудандағы «Қапшағай» су қоймасы мен су арналарының мүмкіндігі әбден же­теді.

Басқа-басқа, Қаратаумен қо­йын­дасып жатқан ауданда бос жатқан жер көп. Бірақ майкене суды көп қажет етеді екен. Ендеше, осы дақылмен бірге көк­теп, бірге өсемін деп, тәуе­кел­ге бел байлаған диқанды ала жаздай ағын судан та­рықтырмаудың амалы бар ма? Әрине, бар. Бір ғана мысал, ауданның ауылшаруашылығын өркендетуге «Қапшағай» су қоймасы мен осы су көзiнен бастау алатын «Комсомол» каналының маңызы зор болып тұр. 1982 жылы салынған 34 млн. текше метр су сиятын алып қоймаға соңғы уақытта мемлекет тарапынан көптеген жағдайлар жасалуда. Яғни 2000 жылы «Қапшағай» су қоймасына күрделi жөндеу жұмыстары жүргiзiлсе, ал 2007-2010 жылдары қайта қалпына келтiру жұмыстары қолға алынып, оған республикалық және облыстық бюджет есебiнен 1046 млн. теңге жұмсалған. Нәтижесiнде каналдың 21,7 шақырымы темiр-бетонмен қапталып, 18 су қақпасы мен канал бастауының 1500 метрi қайтадан жөнделдi. Алдағы уақытта арнаның тозған лотоктары мен 1556 гектар алқапты құрайтын iшкi жүйесiн күрделi жөндеу үшiн 2013 жылғы бюджет есебiнен қаржы қарастырылады деп күтiлуде. Ауыл округтеріндегі шөп-шалам басып қалған каналдар да тазаланып, бетондалуда. Ендеше не тұрыс? Көл-көсір табысы бар майкененің көлең­кесіне тығылып, шай ішуді ғана місе тұт­пай, енді бұл дақылға да ақылмен қарайтын уақыт жеткен сияқты. Сондықтан машақаты аз, молшылығы басым майкенені егуге ден қойғанымыздан ұтарымыз көп болғалы тұр.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Оңтүстік Қазақстан облысы