ҒАЗАЛ ЖАНРЫ – БАБЫР МҰРАСЫНДА

ҒАЗАЛ ЖАНРЫ – БАБЫР МҰРАСЫНДА

ҒАЗАЛ ЖАНРЫ –  БАБЫР МҰРАСЫНДА
ашық дереккөзі

Классикалық түркі поэзиясына орта ғасырлардың алғашқы дәуірлерінен бастап-ақ, араб-парсы поэзиясының теориялық негіздері етене ене бастаған болатын. Әсіресе түркі поэзиясының шоқтығы биік дүлдүлі Бабыр өмір сүрген XV-XVI ғасырлар – шығыстық теориялық өлшемдермен қатар, поэтикалық бейнелеулер, ырғақтар кеңінен пайдаланылып, тіпті олардың негізінің бөтен екендігі аңғарылмай бара жатты деу­ге болады. Ал Шығыстың «аруз өлең өлшемін» жете меңгерген Бабыр сынды Орта Азия ақындары түркі тілі мен әдебиетінің поэтикалық жүйесіндегі табиғи қалыпты бұзбай-ақ, түркі поэзиясын биік шыңға көтеруге атсалысты.

Бабыр бірнеше тілді білгенімен, 1499-1500 жылдары жазған маңдайалды өлеңдерін парсы тілінде жазды. Кейіннен ол түркі тілінде жазған өлеңдерінде араб-парсы әдебиетінде қолданылатын түрлі өлең ұйқастарын шеберлікпен пайдаланып, көркейтуге тырысады. Себебі, жас кезінен бастап жадында жатталып қалған аруз өлең үлгісі – оның негізгі шығармашылық мектебі болғандығынан еді. Сондықтан да, бұл үлгі Бабырдың өз поэзиясында қолданған ұтымды тәсілдердің бірі екені даусыз. Тума талант иесінің сол кезеңдегі түркілік поэтикалық жүйені бір қалыпқа түсіру мақсатында «Аруз жайлы трактат» жазып қалдырғаны белгілі. Бұл трактат кейбір әдебиеттерде «Ғаруз рисаласы», енді бірінде «Рисала-и аруз», ал орыс тілді әдебиеттерде «Трактат об арузе» деп аталса, Бабырдың өзі «Бабырнамасында» «Ғаруз рисаласы» деп атайды. Ол бұл еңбегінде Науаи, Жәми, Низами, Хафиз, Лүтфи, Хилали, Ираки, Аттар, Хасан, Хийали, Шахи, Биннаи, Махви, Кәтиби, Шахрух, Вахид Табризи, Салых, Махви, Салман, Байсұңқар, Асафи, Ануари, Тарази, Зухури, Хақани, Тари, Хорезми, Самарқани, Исмат, Камал, Афири, Сұлтан Хусейн, Сұлтан Махмуд, сынды ақындардың өлеңдерінен үзінді бере отырып, өлең өлшеміне қарай талдайды. Ғұлама ғалымның аталмыш еңбегі жайлы ғалым М.Щербак: «Рисала-и аруздың» аса құндылығы соншалық, ол түркі-парсы поэзиясының өзіне тән антологиясы іспеттес» десе, әдебиеттанушы И.В.Стеблева: «Аруз жайлы трактат» түркі тіліндегі аруз теориясы жайлы өте толыққанды туынды болып табылады. Ондағы канондық аруз ережелерінің мазмұндылығымен қатар, жалпы түркі тілді поэзияның біршама ерекшеліктерінің орнымен жүйеленгенін көреміз» деп пайымдайды. Бұның өзі Бабырдың данышпан ойлы суреткер ақын ғана емес, дарынды ғалым екендігін айғақтайды. Сондай-ақ, Бабырдың өзі сыршыл сезімді ақын болмағанда, өлең теориясын жоғары деңгейде игеруді қажет ететін осындай күрделі іске бара алмас та еді. Әлем әдебиетінің «алтын қорынан» орын алған прозалық туындысы «Бабырнама» атты туындысында бірнеше ақындардың аруз өлшеміне байланысты еңбектері барын мәлімдей отырып Бабыр: «…Мір Атауллах Мешхеди арабтың тіл білімін жете білетін, парсы тілінде «Ұйқас жайында трактат» жазған адам. Бұл трактаттың кемшілігі сонда, автор мысалды өз өлеңдерінен келтіреді, оның үстіне әрбір өлеңіне түсінік беруді мақсат етеді. Мәселен, «Бұл пақырдың өлеңінде былай жазылған еді» деп келеді. Бұған келіспегендердің кейбіреулері оның ұйқас жайындағы трактатына тиянақты сын жазды. Оған қоса Мір Атауллах «Поэтикалық өнердің ғажайыптары» деген атпен поэтикалық бейнеге өзінің көзқарасын да жазып қалдырды. Ол өте жақсы жазылған дүние» дей отырып, Науаидың да «Өлең өлшемнің таразысы» атты трактаты жайлы: «..Бұл біраз мін тағарлық кітап, жиырма рубаяттың мөлшерін анықтай отырып, оның төрт мөлшерінен қателескен, өзге өлшемдерінен де кемшілік бар. Өлең сөздің парқын білген, зерделі жанға мұны аңғару қиын емес» деп жазды. Өзінің ұстазы саналатын Науаидай сөз зергерінен ғылыми еңбегінен мін таба білген Бабырдың шын мәнінде аруз өлшемінің асқан білгірі екеніне көзіміз жетеді. Ғазал, рубаи, мәснәуи, қыта, қасида, тұйық – Бабыр поэзиясында жиі кездесетін өлең түрлері. Солардың ішіндегі Бабырдың ең көп жырлағаны ғазал жанры. «Бабырнамада» өлеңнің басқа түріне қарағанда жиі келтірілген жолдар осы ғазал жанры болатын. Бұл жайында Бабыр былай деп жазды: «Таңертең Самсирақ маңында аң аулауға шығып сергідік. Ол жерге келген соң, Тұрақ бағына қос тіктік. Алғашқы ғазалды сол қоста, сол күні тамамдадым. Аяқталған ғазалдың алғашқы жолдары мынадай еді: Жаннан артық сенімді дос таппадым, Құпиямды тек жүректе сақтадым. Мұндай алты өлең бар, кейін жазылып тамамдалған ғазалдардың бәрі де алғашқы үлгіге ұқсас». Бабырдың бұл үзінді келтірген тара­уын «Тоғыз жүз жетінші жылғы оқиға» деп атағанына (907/1502) назар аударсақ, ең алғашқы ғазалын он тоғыз жасында жазған болып шығады. Бабырдың дүниеге әкелген ғазал­да­рының ішінде бүгінгі күнге жеткені жүз жиырмаға жуық. Бұлардың қолжазба көшірмелері екі түрлі жинақ болып Париж, Стамбұл кітапханаларында сақтаулы. Бабыр ғазалдарының семантикасын зерттеген И.В.Стеблева Стамбұлдағы құрамы толық қолжазбада Бабыр өмірінің барлық кезеңінде жазған өлеңдері бар екенін және Рампур жинағындағы ғазал тарауы Бабырдың осы айтып отырған ғазалымен аяқталатынын айтады. Бабыр ғұмырындағы үндістандық кезеңге жататын ең соңғы ғазал Солтүстік Үндістанды жаулап алған 1526 жылдар мен Бабырдың өз қолы бар Рампур жинағында құрастырылған 1528 жылдар аралығына жатқызылады. Классикалық түркі поэзиясындағы лирикалық жанрға жататын ғазал жанры Бабыр шығармасының ішіндегі ерекше дамытқан жанр болып табылады. Ғазал жанрының образдық жүйесін ғасырлар бойы араб-парсы әдебиет өкілдері қалыптастырып, кейіннен түркі поэзиясында жалғасын тапқаны белгілі. Бабыр сынды өз заманының озық өкілдері өздеріне дейін қалыптасқан дәстүрді, әдеби ережелерді ұстанды. Ирандағы Омар Хаям іспетті түркі поэзиясында Бабыр да ғазал жанрының хас шебері атанды. Парсы-тәжік жазба поэзиясында ғазал жанрын алғашқы болып дүниеге әкелген Рудаки болса, X ғасырда Балхи, Дакики, Мирзауилар оны ары қарай дамытты. Алтын Орда ақындарының ішінде бұл дәстүрдің нақты түркілік үлгісін Хорезми өзінің «Мұхаббат-намасында» қолданып, Сағди ақын да шеберлікпен жырлады. Сонымен қатар XІV ғасырдағы сөз зергері Қожа Хафиз бен осы ғасырдың соңғы кезеңінде ғұмыр кешкен Әзірбайжанның әйгілі ақыны Имадеддин Нәсими, XV ғасырда өмір сүрген Жәмилер ғазал жанрына Абай айтқандай, «Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын» арнады. Ал Физули болса, ғазал жанрының кереметтігін паш ете отырып, өлең жолдарын да арнады. Ғазал ақынның құдіретін танытады, Ғазал өлеңнің атын шығарар. Ғазал жанрының анық дамып, шарықтай түскен кезеңі – XV ғасыр болып саналады. Бұл ғасыр кейбір зерттеулерде «ғазалдар ғасыры» деп те аталып келеді. Ғазал жанрының генезисіне тоқталар болсақ, аталмыш жанрдың пайда болуы қай автордың қаламына тиесілі екенін дөп басып айту қиын. Бұл жайында әдебиет зерттеушілерінің пікірі де сан алуан. Әдебиет зерттеушісі А.Қыраубаеваның: «…Шығыс алыптары Фирдоуси, Низами, Сағди қалдырған поэзия түркі тілдес халықтар әдебиетіне етене жақын еді. Олардан қалған үлгі араб, парсы, түркі тілдерін бірдей білетін түркі ақындарына шеберлік мектебіндей болған» деп атап айтқанындай, сөз жоқ, Бабырдың поэзиялық мұрасы осы шығыс алыптарының шығармашылығын түркілік таныммен байытқан дәстүрлі жалғасы болып табылады. Бабыр әсіресе Науаи сынды көркем сөздің хас шеберінен үлгі алып, солардың ақындық дәстүрін дамытуға атсалысты. Бабыр өзінің «Бабырнамасында» ғазал жазатын ақындар жайлы көптеген мағлұматтар беріп кетеді. Солардың бірі Асафи жайлы: «…ол уәзірдің ұлы болғандықтан, Асафи тахаллусын қолданатын. Оның өлеңдерінде махаббат пен жан рахаты сезілмегенмен, көркем де ойлы еді. Ол өзі де: «Мен ғазалдарымды жинауды мақсат еткен емеспін» дейтін, бірақ ол мақтаныш үшін айтылған сөз болуы керек, өйткені кіші інісі ме, әлде туысы ма, оның ғазалдарын құрастырды» деп жазады. Ал ақын Беннаи жайлы Бабыр: «Ол Гераттан еді. Оның әкесі ұстаз Мұхаммед Сабз – құрылысшы болатын, Беннаи бұл тахаллусты да пайдаланды. Оның ғазалдарында көркемдік те, шабыт та бар, ол диуанын да құрастырды» деп жазды. Сонымен қатар ғұлама шежіресінде Шаһ Құсайын Камидың да ғазалдары жаман емес екенін, Ал Хилали ғазалдарының тілі жатық, көркем әрі құбылмалы екенін айтып өтеді. Бабырдың дүниеге әкелген өлшемдерінің ішінен ең бірінші орында тұрғаны – рәмәль, содан кейінгісі хазадж. Олардың кейбір ырғағы араб-парсы поэтикасының әр түрлі модификациясын құраса да түркі тілінің ерекшелігін бағдарға алады. Ондағы кірме элементтер түркі поэзиясының шығыстық сарындағы классикалық канондық үлгісі. Олай дейтініміз XV-XVI ғасырлардағы поэзия – Науаи, Бабырлар биік деңгейге көтеріп, дамудың классикалық үлгісіне жеткізген поэзия. Сондай-ақ Бабыр ғазалдарының көбі редифке /қайырмаға/ ие. Жертөледен шараптың қызылын әкел – асыққын! Манаурама, ей сақы, көктем қысқа – асыққын! Редиф – көркемдік тәсілі ретінде эпифораға ұйқас болып келгенімен, оның бір ерекшелігі – қайталау сөзден кейін қолданылады да, тек бір бәйітпен шектеліп қалмай, ғазалдың барлық бәйіттерінде қайталанып отырады (Бұл тәсілді талдау үшін түркі тіліндегі жинақтан аударып алып отырмыз). Қайталаулар кей жағдайда лепті көтеріңкі көңіл күй түрінде берілсе, кейде сұрақ-қайталау түрінде болып келеді. Берген сертің, сөзің қайда? – қайда кетті барлығы? Махаббаттың белгісі, еркелігің – қайда кетті барлығы? Кеткен едім өзіңнен, сасқаныңнан – алдың ба екен есіңе, Қайда сенің Мәжнүнің, – қайда кетті барлығы? Сенің сөзің қайғы халге шипа болған дәрідей, Қайда кетті сол ем-дәрі – қайда кетті барлығы? Қалай ғана тез ұмыттың мына байғұс Бабырды Берген сертің, сөзің қайда? – қайда кетті барлығы? (ж.ж.ауд Б.Тоекина) Бұл жерде редифке құрылған ғазалдың негізгі құрамы болып саналатын бәйіт саны төртеу. Сол төрт бәйіттің мазмұнына ортақ сарынның түйіні ретінде сүйіктісінен айрылған жанның аһ ұрған көңіл күйі берілгенімен, әр бәйіттің өзіндік мағыналық және көркемдік дербестігі бар. Егер осы төрт бәйіттің орнын ауыстырып жіберер болсақ, ғазалдың негізгі мазмұнына ешқандай нұқсан келмеген болар еді. Ғазал жанрының ерекшелік сипаты да оның осы қасиетінде болып табылады. Сондай-ақ бәйіттер бір-біріне қаншалықты тәуелсіз болып келгенімен, олардың арасындағы ортақ образдар арқылы терең мазмұндық бірлік барын айқын аңғаруға болады. Аллаға тәубе! Қуаныш келді, ешбір қайғы қалмады, Таң келеді жақындап, түнгі хош та қалмады. Түбі қосып тағдыр бізді, Бабыр бүгін бақытты. Тағдырға да шағынар күн қалмапты-ау, ей достым (ж.ж.ауд.Б.Тоекина) Бабыр ғазалдарының лирикалық кейіпкері небір дәстүрлі мифтерде кездесетін фантастикалық персонаж емес, ол – Бабырдың өзі. Ақын өз образын канондық шарт­ты­лықтарға бағынатын әдеби бетперде арқылы көрсетуге тырыспайды, керісінше өзінің болмысын, табиғатын жасандылықтан мүлде таза, шынайы сезім тұрғысынан танытады. Ол өзін қоршаған әлемнің сан қилы құбылыстарына, тағдырға мойынсұна білетін жұмыр басты пенде екендігін де әсте ұмытпайды. Сондықтан да Бабыр ғазалдары жалпы адамзаттың көңіліне жылы тиіп, жүрек түкпірінен орын алады. Сондай-ақ ақын дүниенің барлық ғажайыптары мен кереметтерінің адамның рухани жан дүниесіне қарағанда түкке тұрмайтындығын адами болмысымен табиғи түрде береді: Мұнда бәрін жоғалттың, атақ, алтын, дәреже, Солар үшін құрбан ғып, жанды сату дұрыс па? «Бабырнаманың» тағы бір тұсында тәрбиелік мәні зор мына жолдарды беру арқылы келер ұрпақты зұлымдық атаулыдан бойын аулақ салуға үндейді: Бір зұлымдық жасасаң, тартасың мың азабын, Өзгерте алмас ешкім де табиғаттың заңдарын. Гуманист ақынның басынан кешкен әрбір жағдай жастарға ғибрат болып, парасат пен игілікке жетелейтінін: Жақсы-жаман өткен істің сабақ алсаң бәрінен, Түбі қайыр болар ақыр шипа алғандай дәріден, – деген жолдар аңғартады. Адам образын ашудағы Бабыр ғазалдары жүрек пен ақылдың арасындағы бітіспес тартысты адамның сыртқы әлеміндегі өмір ағысымен біте қайнастырып, бірлікте көрсете біледі. Лирикалық кейіпкер автордың өзі болғандықтан, ол ішкі әлемінің ешкімге ұқсамайтын даралығын танытады. Көбінесе алабұртқан асау сезіміне ерік бере отырып жырлайды. Бүкіл қаламгерлерге тән өлім жайлы мәселені қозғау Бабырда да кездеседі. Жүз жыл, мейлі бір күн өмір сүре біл, Тоқтар бір күн шаттық сүйген жүрегің. Өзінің өзекті жанға тән алуан түрлі күйзеліс-қуаныш үстіндегі нәзік көңіл-күйін қаныпезер қатал заманның озбырлығына төтеп берер орасан зор рухани күші арқылы бере алады. Бабыр лирикасы фәни дүниеге шыр етіп келген әрбір пенденің сүйіспеншілік жолында шынайы бақытқа кенелуге, сол бақытқа кенелген сәтте бүкіл қоршаған әлем, аялы табиғат, тылсым тіршіліктің нұрлы сәтін сезінуіне толық құқы бар екендігін, өзінің жан айқайымен танытып Л.Арагонның: «Тек махаббат жайлы айтыңдар, одан басқасының бәрі – қылмыс» – деген афоризмі секілді паш етеді. Әдебиет зерттеушісі Өтеген Күмісбаев: «…Түркі ғазалының табиғатын әлі ешкім түбегейлі тауысып жазған жоқ. Бабыр соның бұлақ бастауында тұрған кісі» дей отырып, Бабыр ғазалдарының Абай, Мағжан лирикаларымен үндесетінін, Абай өлеңін дүниежүзілік лириканың биік шыңына апарып қойғысы келетінін айта келе, оның өлеңдерін: «Бабырмен бір оттың басында отырып жазылғандай естіледі» деп жазады. Сондай-ақ ғалым Бабыр қолданған шығыстық өлең өлшемдерінің, яғни ғазал, рубаи, мәснауи секілді шығыстың өлең формалары Абайдан бұрын қазақ поэзиясына етене еніп кеткенін еске салады. «Ертедегі шағатай әдебиеті тек Абайға ғана тән дәстүр емес, сол сияқты қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы көптеген ақын жазушыларына … да тән дәстүр. Осылардың бәрінің де ақындық арналарының негізгі бұлағы бір» деген Б.Кенжебаев пікірін негізге алған С.Сейітжанов та дәстүр жалғастығын осыдан жүздеген жылдар бұрынғы ғазал жанрына ұқсастырып аз да болса қалам тербеген Ақан сері, Абайдың, одан кейінгі буындардан Нұржан, Ақмолда, Мақыш пен Әріп, Мәделі ақындардың өлеңдерінен де байқауға болатынына назар аудартады. Аталып отырған ақындардың барлығы шығыстық үрдістен түрді емес, көбінесе идеялық мазмұнды үлгі етті. Шығыс ақындарына еліктеген ортағасырлық түркі классиктерінің үлгісін Орта Азияда өзбек, ұйғыр ақындары ХІХ ғасырдың соңына дейін жалғастырып келді Қорыта айтқанда, Бабыр ғазалдары арқылы тұтастық тапқан көркемделген жүйе – бес ғасырдан астам уақыт өтсе де құнын жоғалтпауда. Оның сомдаған образдар жүйесі жаны күйзелген жандарға психологиялық тұрғыдан шипа бола отырып, жан дүниесінің қайта жаңаруына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ақынның озық ойлы қағида тұжырымдары бүгінгі таңдағы рухани қажеттілікті шын мәнінде өтей алады демекпіз.
Балжан ТОЕКИНА, филология ғылымдарының кандидаты