ҚАЙ ЖАҢА ЖЫЛДЫ ҚАРСЫ АЛАМЫЗ?

ҚАЙ ЖАҢА ЖЫЛДЫ ҚАРСЫ АЛАМЫЗ?

ҚАЙ ЖАҢА ЖЫЛДЫ ҚАРСЫ АЛАМЫЗ?
ашық дереккөзі

«Өлмеген құлға Құдай-ау.., болып та қалды, міне жаз», – демейтін бе еді Төлеген бейбақ «құлан өтпес, құс ұшпас» Қособаның жонында Алланың аманат жанын тапсырғалы жатып?! Сол айтпақшы, Құдай қаласа, міне өлмеген құлға енді 1-2 айдан кейін Жаңа Жыл да келеді.31 желтоқсанда келетін бұл Жаңа жылдың шығу тарихы да сәл де болса санасы бар адамды ойландырмай қоймайды. Оның қысқаша тарихы былай: Ол кезде қытайдың, жапонның, арабтың, парсының ғылымы мен мәдениеті шарықтап жетіліп, әрқайсысының бір-біріне өте жақын келетін күнтізбелері болған. Олар аспан әлемін зерттеуде жоғары жетістіктерге жеткен. Біле-білген адамның өзі Бируни Жердің Күнді айналып жүретінін Коперниктен 500 жыл бұрын ашқан. Ал мектеп оқулықтарында бізге мұны бірінші Коперник айтты деп оқытты. Сонымен күндердің күні болғанда Шығыс Рим (Византия) дінбасылары жиналып, олар да өз Жаңа Жылын анықтамақ болады. Сол жерде Дионис деген бір қаңғыбас келе қалып: «Ау, жамағат! Міне, бүгін Иисус Христостың туғанына 500 жыл! Бүгін оның туған күні!» деп жар салады. Ол кезде ілім-білімнен кенже қалған, сауатсыз тобыр содан бастап осы күнді Жаңа Жыл деп қабылдайды. Кейін Рим империясы күшейіп, өзге елдерді жаулап алып, өз отарына айналдырғаннан кейін, сол елдерге өз дінін таратып, оларға да осы күнді Жаңа Жыл келетін күн қып бекітеді. Содан бері солай! Ал КСРО тарап, бізбен көршілес, діндес, тілдес елдер Мәскеуден азаттық алған бойда негізгі Жаңа жылымыз Наурыз мейрамы деп жариялады. Не айтары бар, осыдан бірер жыл бұрын Елбасы Н.Назарбаевтың өзі біз түптің түбінде Жаңа жыл деп 22 Наурызды белгілейміз дегенін көзіміз көрді теледидардан. Амал не…

Амал не, билік басында отырған кей­біреулердің өзінің өткеніне ой жүгіртіп, ертеңін болжауға қабілетсіз екенін, олардың тек «бүгінмен» ғана өмір сүріп, қайткенде бала-шағасына мол байлық қалдырып кетуді ғана ойлайтынын көзіміз көріп жүр. Және даудың көбі осы Жаңа жылға байланысты болатын. Және де біз бұл мәселені баспасөз бетінде көтергенімізге де бірнеше жылдың жүзі болды. Қазақтың айтқан сөзіне, қазақ басылымдарының жазғанына пысқырмай үйренген әкім-қаралар солар не айтса, басы жерге жеткенше иілетін жанды қуыршақтар әлі өз білгенін істеп келеді. Яғни қазақтан басқалар, әсіресе «старший братан» қабағын түйіп, шу шығармаса тәубә дейді. Сенбесеңіз қараңыз! Қазір қараша бас­талды. Иса Мәсіх қаласа, енді бір 15-20 күннен кейін Алматының, кейбір облыс орталықтарының көшелерінде «Ұшпадай бөркін киген оқшырайтып», ақ киімді, қызыл мұрын, арқасында дорбашасы бар Дед Мороздың суреті мен «С новым годом» деген жазулар қаптап кетеді. Олар әрбір мекеменің, үлкенді-кішілі дүкендердің маңдайшаларында ілінеді. Яғни христиан дінінің Жаңа Жылын тойлау бізде бірер ай бұрын басталады. О-ой, содан несін айтасыз, ол келесі жылдың 14 қаңтарына, әкімдерше айтсақ, 14 январьға шейін созылады. Ал Қазақстандағы бүкіл телеарнаның көрсететіні де сол. Қазақтың белгілісі бар, белгілі болғысы келіп жүргені, әншілері мен әнші атанғысы келіп жүргендері, бәрі шуылдап не сөзі сөз емес, не ән деуге келмейтін, әйтеуір ара-тұра «Жаңа жыл», «Новый год» деген сөздері бар ұлы айқай, ұлы шуды таңды таңға ұрып дүбірлетеді. Олар сөйтіп жатқасын, былайғы қаратабан қазақ қайтсін, олар да қолдарына бір-бір стакан толы арақты алып, бала-шағасымен «алып қойып» жатады. Олар сол «Новый год»-тың парсының «нов» – жаңа деген сөзінен шыққанын, басқа славяндардың «нео»-сы да сол екенін ойлауға қабілетсіз. Міне, бұл Жаңа жыл ала-бөле Қазақстанда осылай тойланады. Олар бұл күнді бүкіл дүниежүзі Жаңа жыл деп тойлайды деп халықты алдаумен келеді. Бұл –қып-қызыл өтірік. Шындығында, қытайдың өз Жаңа жылы, жапонның, арабтың, парсының және басқаларының өз Жаңа жылы бар. Хан қызының өзін «отыз күн ойын, қырық күн тойын» тойлап ұзатса, Қазақстанда, әсіресе Алматыда бұл той одан да ұзаққа созылады. Бүкіл Шығыс елдерінде, мұсылман елдерінде Қазақстанда ғана бұл Жаңа жыл осындай «ұлы мерекеге» айналған. Ал Наурыз мейрамы ше? ЕЛЕУСІЗ ӨТЕТІН НАУРЫЗ МЕЙРАМЫ – ОСЫ КҮНІ ЕШКІМНІҢ КӨҢІЛІНЕН ШЫҚПАЙДЫ Әрине, бұл мерекені олай емес, былай өткізу керек еді деп жоғарыдағыларға ақыл айтып, оның ережелерін белгілеуге біздің еш құқымыз жоқ. Тек талай елге ортақ осы Жаңа жыл мерекесінің кейінгі жылдары бүгінгі ұрпағымыз есі кете тойлап жүрген, Батыс­тан келген «әулие Валентин күні» «Хеллоуин» сияқты сананы былғайтын, ұлтты азғындататын мейрамсымақтарға қарағанда жетім қыздың тойындай ғана жабырқау өтетіні жанға батады. Ненің оң, ненің теріс екеніне ой жүгіртіп жатпайтын, не үйде, не мемлекет тарапынан ұлттық, қазақы тәрбие дегенді көрмей өсіп келе жатқан жастарымызды ұлтсыздандыруға осы екі жынойнақтың өзі-ақ жетіп жатқанына көзіміз жетіп болды. Бізде «ғашықтар күні» болып заң арқылы бекітілуі ғана қалған Валентин күнінің қарсаңында көшедегі жайма базарларда, дүңгіршектерде, үлкенді-кішілі дүкендерде осы мерекені насихаттайтын кітапшалар алуан түрлі бояулы ашық-хаттар (открыткалар) топаны қалалар мен ауылдарда қардай боратылып сатылып, тіпті, тегін таратылып жатады. Көше толы бірін-бірі құшақтап, сүйісіп, құттықтасып жатқан қысық көз, тәмпіш танау қазақ жастары. Бәрінің ата-бабасы Валентиннен тараған сияқты. «Валентин күні» қарсаңында әнебір жылы (2006) Ақтөбе облыстық теледидарынан осы мерекеге орай маникюр, педикюр сияқты қызметтерді тегін көрсетеміз деген хабар таратылды. Сонда мұның аржағында кімдер тұр, бұл не деген батпан құйрық деп ойланып жатқан не қарапайым қазақ, не облыс, қала басшылары болсайшы. Қайда-а! Оның орнына кейбір қазақ мектептері мен жоғары оқу орнындағы ұстаздардың жас ұрпақты осынау «ұлы мерекемен» құттықтап жатқанын да көргендер бар. Өзін өзге ұлттарға қарағанда орысшаға жетікпіз, олар сияқты акцентпен емес, таза орысша сөйлейміз деп Кеңес заманынан бері мақтануды үлгі қылып алған қазақты Абайдың «Халқым надан болған соң, қайда барып оңайын» деп бағалағаны тағы еске түседі. Өзіңіз ойлап көріңізші, Қазақстан Ресейден азаттық алмастан 2-3 жыл бұрын және азаттық алған алғашқы жылдары Наурыз мерекесі қалай өткізілетін еді. Жер-дүние бойжеткен сұлудай жасанып, Алла Тағаланың құдіретімен көктен құйылған нұр жас-кәрінің жанарында жарқыл ойнатып шыға келетін табиғаттың сол бір думанды сәттерін басшылары бастап, қосшылары қоштап, ұлы дүбірге айналдырып жіберетін сол күндер қайда кетті? Қазақстан қазір Наурыз мейрамына неге соншалықты салғырт қарайтын болды? Оған қарағанда 31 желтоқсанның сақылдаған сары аязы мен қарлы боранындағы еш дәлел-дерексіз, «Жаңа Жыл» деп аталған мейрамды Қазақстан, бүкіл телеарналар 2 ай бойы әкелері тіріліп келгендей тойлайтыны несі? Бұл да саяси көрегендік пе? Оларға не актер, не әнші деуге келмейтін белгілі атанып жүрген біраз қазақтар қосылып, қолдарына бокал алып ән салып, шуылдап жатады. Ішінде «алдырайық, туған жердің шарабын» деген сияқты не өлең, не қарасөз деуге келмейтін бірнәрсені қосылып әндетіп жататындары тағы бар. Ал Наурыз мейрамы ше? Наурыз мейрамы керек десеңіз теледидардан толық көрсетілмейді де. Рас, Президенттің елді құттықтағанын, бір-екі әншінің алаңда немесе бір мекеменің алдында жиналған жамағатқа бір-екі ән айтқанын көріп қаласыз. Бітті. Қалай десеңіз де көңіл аударып қараған адам Қазақстанда тек қазақ тілінің емес жалпы қазақтың ұлттық салт-дәстүрінің, әсіресе Наурыз сияқты шығыс елдеріне, бірқатар мұсылман елдеріне тән дәстүрлі мерекелердің шетқақпай болып бара жатқанын ап-анық байқайды. Қазақстанда олардың орнын «Валентин күні», «Татьяна күні», «Хэллоуин» сияқты дінімізге, жан-дүниемізге, ұлттық санамызға, ұлттық тәрбиемізге жат, ерсі, бүлдіргі мерекелер басып тастады. Тағы да баж еткіштер баж етсін, бірақ қазекемнің «Ендігі жерде Жаңа жылымызды 31 желтоқсанда емес, 22 наурызда тойлайтын боламыз, нағыз Жаңа жыл осы!» дейтін кезі әлдеқашан келген. Дәл солай деп жариялағаны үшін Қазақстаннан мүттегінге алып жатқан байлықты алмаймын дейтіндер алмай-ақ қойса да болар еді. Бірақ ел ішінен мұны айтатын не ақсақал, не қарасақал табылмай отырғанына кімді кінәларыңды білмейсің. Солар 70 жыл бойы мойнына ілген қамытты алып тастайық деуге зауқы жоқ. «Көн қатса қалыбына барады» деп қазақ осыны айтқан ғой… Өзбекстан үкіметі «Валентин күні» деп аталатын бұл мейрамсымақты атап өтуге бірден тыйым салды. Ал бізде осыдан бірнеше жыл бұрын «Қазақстан» телеарнасының оның орнына 21 наурызды Қозы мен Баян, Төлеген мен Қыз Жібек, Ләйлі-Мәжнүн, Сейфул-Мәлік-Жамал сияқты жастарымызға үлгі етіп «Ғашықтар күні» деп атайық деген бастамасы да Үкімет тарапынан әлі қолдау көрмей отыр. Наурыз мейрамына, яғни Жаңа жы­лымызға байланысты бүгінгі қазақтың тағы бір ерсі қылығы бар. Оны басшыларымыз үлкен бір саясаткерлік деп білетін сияқты. Олар бұл мерекені өткізер алдында немесе өткізіп жатып «Бұл – діни мейрам емес!» деп әлдекімдердің, ашығын айтсақ, әлдебір мемлекеттердің алдында бір ақталып қалады. Сөйтіп тұрып, 31 желтоқсандағы Жаңа жылдың ешқандай да астрономиялық нышаны жоқ, тек христиандық діни мейрам ғана екенін біле тұра білмеген болады. Әнебір жолы бір ғалымның «Көшпенді қазақтар Жаңа жылды қайдан білсін!» деп қалғанын да көрдік. Сол байғұс өз ата-бабасының анау жатқан аспан әлемін өте жақсы білгенін, тас­тай қараңғыда Темірқазыққа қарап кез-келген ой-шұңқырда отырған екі-үш малшы ауылын табан аудармай тауып алатынын, Ай мен Үркердің тоғысатынын, әр айдың өліарасында күн райы бұзылатынын, Айдың жұқару, толысу кезеңдеріне қарай судың не тасып, не қайтып отыратынын, өзге де толып жатқан астрономиялық құбылыстарға қанық болғанын не білмейтіні, не өз ұлтын сонша жек көретіні беймәлім болғасын үнсіз қалдық. Көшпенді демекші, қазақты ретті, ретсіз «көшпенді» деудің де жөні жоқ. Өйткені қазақ көшіп жүргенде осы күнгі орыстар, не басқаларға ұқсап ешқашан бір елден екінші елге, бір құрлықтан екінші құрлыққа ебіл-себіл болып босып жүрген емес. Қазақ көшсе әр ру, әр тайпа өзіне ата-бабасы еншілеп бөліп берген белгілі бір аймақта, онда да жаз-жайлауына, қыс-қыстауына ғана өз жерінде, өз еліңде ғана көшіп жүрген. Қазақ біздің саясаткерлер «бауырлас» деп атайтын орыс халқы сияқты қолына іліккен салосы мен самогонын, самосад темекісін буып-түйіп, қалаған уақытта көңілі ауған жаққа тартып кету дегенді білген емес. Қайран қазекемнің «ит тойған жеріне, ер туған жеріне» деген қағиданы қатаң тұтынуы да содан. Тағы бір солақайлық: қазақты Шығыс әлемінен, мұсылман әлемінен оқшаулатып қарағысы келетіндер біз бұрын шаман дінінде болғанбыз дегенді жиі қайталайтын болды. Олар жоғарыдағылардың бүгінде өзгелерге жағыну үшін Қазақстанды ислам елдерінен бөліп қарауды ишаралап та, ашықтан-ашық та өтінетінін біледі. Міне, осы шаманшылдар қазақты мұсылман емес деп дәлелдеу үшін халқымыздың Айға қарап тұрып «Жаңа айдан жарылқа, Ескі айдан есірке» деген тілеуін де мысалға алатын болып жүр. Дұрысында сол тілек тілеп тұрған қазақ оны Айдан емес, Алладан тілеп, мына жаңа айда жарылқауын сұрап тұрғанын олар әдейі бұрмалап көрсетіп отыр. Олар қасиетті Наурызды біресе діни мейрам емес, біресе көктем мейрамы, біресе зороастризм нышаны бар дегенде де қазақты қайткенде де исламнан айырушыларға қызмет етіп тұрады. Біз бұл құдіретті дінді VІІ-VІІІ ғғ. қабылдасақ, орыстар христиан дінін Х ғасырдың соңына таман ғана қабылдаған. Сөйте тұра, бүгінгі орыстың ешқайсысының аузынан, ешбір баспасөзі мен телеарнасынан біз бұрын пұтқа табындық, язычник болдық, сол дінімізге қайтып оралуымыз керек деп жүрген біреуін көрген емеспіз. Сондықтан осы күні батыс мәдениетінің немесе кейбір фәлсафасымағының жан дүниемізге, ділімізге, дінімізге жат қағидаларын жаттап, жаттамаса көшіріп алып, бүкіл қазақ санасына сіңірмек болып жүргендерге де (олар өздерін культуролог-мәдениеттанушылармыз дейді) біраз тоқтау салатын кез келген сияқты. Иә, қашанда «Береке жыл басынан бас­талады», жыл басын жақсылап Жаңа жылды өзіміздің ұлттық салт-дәстүрмен қарсы алсақ, оның аяғы да жақсы болады. Бүгінгі Түркияның нағыз түрік мемлекеті болуына бастау болған Ататүріктің «Әлем бізді құрметтесін десек, ең әуелі өз ұлтымызды, өз ұлттық бейнемізді өзіміздің бүкіл сезімімізбен, бүкіл ақыл-ойымызбен, бүкіл ісімізбен, бүкіл қимыл-әрекетімізбен өзіміз құрметтеуіміз керек», – деген сөзі дәл бүгін біздің басшыларға да арнап айтылған ұлағат деуге болады. Дәл қазір біз «І Петрдің таланты тек басқаларға еліктеу дәрежесінде ғана болды. Оның тындырған тәп-тәуір істері де жоқ емес, бірақ оның істеген ісінің көпшілігі тым ерсі, тым оғаш болатын. Ол өз халқын әуелі орыс қылып қалыптастырып алмай, олардан неміс, ағылшын жасап шығармақ болды», – деген Жан Жак Руссоның тұжырымын бас­тан өткеріп жатырмыз. Бұл қателікті біз асқындырып алмай тұрғанда, шұғыл жөнге келтіруіміз керек.
Мырзан ҚАЙҒЫ