ӘДЕП КОДЕКСІ ӘРІПТЕСТЕРІМІЗДІҢ ЕРЕЖЕСІНЕ АЙНАЛСЫН

30 қазанда Бас редакторлар клубы мен Қазақстанның Журналистер одағы Журналистердің этикалық Кодексін қабылдады. Аталған құжат дайындалып, журналистік қауымның назарына ұсынылғалы біраз уақыт болған еді.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылы 10 шілдеде жариялаған «Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту: Жалпыға бірдей еңбек қоғамына жиырма қадам» деген бағдарламалық мақаласында журналистік этика кодексінің жобасын құрастыруға нұсқау берген болатын. Осы нұсқау аясында дайындалған Кодекстің басты ұстанымы – журналистердің ар мен ұят мәселелерін бірінші орынға шығару.

Журналистердің этикалық Кодек­сінің ең басты қағидаларының бірі – оны журналистердің өздері дайындайды, екіншісі – ол арнайы заң рөлін атқармайды. Көптеген дамыған мемлекеттердің тәжірибесінде Ақпарат министрлігі және ақпаратты реттейтін заңдар жоқтың қасы, оның есесіне журналистер қызметінде этикалық Кодексті басшылыққа алады.

Қазақстан журналистерінің этикалық Кодексі 8 тараудан тұрады. Құжаттың кіріспесінде ұйымдастырушылар «Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясын, БҰҰ-ның дүниежүзілік баспасөз еркіндігі хартиясын, Қазақстан Конституциясы мен оның заңдарын басшылыққа ала отырып» деген тезисті пайдаланады.

Кодексте «Кәсіби парыз», «Әлеуметтік жауапкершілік», «Адалдық және қасақана ойластырылған өтіріктен аулақ болу», «Шынайылық және обьективтілік», «Дереккөздер және құпиялылық», «Жеке өмірді, ар-намысты және іскерлік қасиеттерді құрметтеу», «Бәсекелестік және ынтымақтастық», «Қорғау және жауапкершілік» секілді негізгі мәселелер қамтылған.

Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев: – «Кодекс ереже­ле­рін орындау – журналистің ар-ұж­да­нының көрсеткіші», – деп отырып, журналистердің этикалық Кодексі ең әуелі – жас журналистерге арналған, – дейді. Бұның да өзіндік сыры бар.

Астанада талқыланған құжатты қабы­лдауда басты пікірталас тудырған мәсе­ле – «Ұлттық ақпараттық қауіп­сіз­дікті сақтау» атты жалқы сөйлем. Бұл сөйлемді енгізуге біраз адам қарсы болғанмен, дауыс беру нәтижесі бойынша, ұлттық ақпараттық қауіпсіздікті сақтауға журналистерді міндеттеу туралы арнайы бап енді. Сондай-ақ, Кодекстің 8-ші бабының 2-тармағында Журналист Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларын мойындайды және оны бұзғаны үшін жауапкершілікті сезінеді» делінген. Осы айтылған мәселелердің бір-бірімен сабақтас екенін ескерсек, кейбір орыстілді әріптестеріміздің Қазақстанның ауасын жұтып, суын ішіп, ақпарат құралында жұмыс істегенімен өзге елдің сойылын соғып, ұлттық, мемлекеттік мүддемізге сай келмейтін ақпараттарға жол беріп жататыны жасырын емес. Сол себепті де журналистерді ұлттық ақпараттық қауіпсіздік пен мемлекеттік мүддеге қайшы ақпараттарды қасақана таратқан жағдайда бұл оның ар мен ұятына сын екендігін шегелеу қажет. Әсіресе, кейбір сайттарда мемлекеттік тұтастық пен мемлекеттік тілге қатысты ұшқары ойларды жазатын, Қазақстанның солтүстік облыстары туралы күмәнді пікірлер айтатын әріптестеріміз бұдан кейін ойланатын болар.

Жалпы, журналистік қауымның Этикалық кодекс жайлы пікірлері оңды. Оны өте ықшамды және біраз мәселелердің қамтылғанымен ерекшелейді әріптестер.

Журналистердің этикалық Кодексінің қабылдануына орай Мәдениет және ақпарат министрі Д.Мыңбай арнайы мәлімдеме жасап, журналистер қауымын құттықтады. Онда: «Мен Қазақстан журналистерін тарихи оқиға – Қазақстан Республикасы журналисінің этикасы кодексі қабылдануымен құттықтағым келеді.

Өздеріңіз білетіндей, Кодексті жасау идеясын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам» деп аталатын мақаласында айтқан болатын. Кодексті әзірлеу және қабылдауға дейінгі одан әрі жұмысты Бас редакторлар клубының қолдауымен Қазақстан Журналистер одағы өз мойнына алды. Құжаттың мәтіні бүкіл ел бойынша журналистер арасында кеңінен талқыланды. Бұл орайда халықаралық тәжірибе, ЕҚЫҰ сияқты және басқа да ұйымдардың материалдары мұқият зерделенгенін білемін. Бұл Кодекске қол қойылуы саланы дамытудың сапалы жаңа кезеңі басталуы деп бағалауға мүмкіндік береді және қазақстандық журналистиканың жоғары корпоративтік рухының куәсі болып табылады. Кодекстің қазақстандық журналистиканың басты кәсіби-этикалық ұстанымдарын нығайтуға бағытталғаны қуанышты. Құжаттың кіріспесінде көрсетілгендей, «Кодекс өзін ұстай білуге моральдық-этикалық бағдар болып табылады, журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарына сенім мен құрметке қол жеткізуге жәрдемдеседі». Кодекс отандық журналистикада жақсы және маңызды дәстүрлерді қалыптастыруға ықпал етеді, БАҚ-тың өзін-өзі реттеуінің тиімді тетігі қызметін атқарады деп сенемін», – делінген.

Серік ЖАНБОЛАТ,

«Алаш айнасы» газетінің

Бас редакторы:

– Журналистің әдеп кодексін қабыл­дадық. Бірақ кейбіреулер оның мәнін әлі толықтай түсініп отырған жоқ. Мысалы қараңыз. Жалпыхалықтық адам құқығының декларациясы бар. 1948 жылы бекітілген БҰҰ-ның резолюциясы. Біз осыны барлық жерде мысалға келтіреміз. 30 қазан – Қазақстан Республикасы журналисінің этикалық кодексі қабылданған күн тарихта қалатын күн. Біз мұның мәнін келешекте ұғатын боламыз. Біз әлі осындай үлкен дүние жасағанымызды толық сезіне қойған жоқпыз. Келешекте журналистер күні деп қай күнді белгілеу керек деген мәселе қозғалып жатар болса, міндетті түрде осы күн аталады. Мұның керемет маңызының өзі осында. Оның үстіне, бұл таза журналистердің қызметіне бағытталып отыр. Осы уақытқа дейін журналистер күнін біресе радио күнімен, біресе байланыс күнімен байланыстырып жүрміз. Шынымды айтсам, кодексті қабылдау мәселесі он жылдан бері айтылып келеді. Ресейдің журналистері 1991 жылы бір рет, 1994 жылы екінші рет нақты дұрыстап қабылдап алды. Мұндай кодекстер әлемнің дамыған елдерінің бәрінде бар деуге болады. Мысалы АҚШ-та газеттердің өздерінің кодекстері бар. Кодекс бізге не үшін керек? Біріншіден, журналистер қауымдастығына әдеп нормаларын сырттан ешкім таңбайды. Оны сырттан таңуға тиіс емес. Сол әдеппен іс-қимылды бейресми түрде реттеп отыру керек пе? Біздің қолымызда құрал бар ғой. Біздің сөзіміз – қару. Олай болатын болса, жалпы халық білетін нормалар керек екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Өзіміз де жоққа шығармаймыз және қажет деп табамыз. Негізгі принциптерді, негізгі қағидаларды бір жүйеге түсіріп, журналистің қызметін айқындайтын және өзі мойындаған, іштей соған қызмет ететін принциптерді белгілеп алған дұрыс болады. Біз соны кеше жасадық. Қазақ «сөз бас жарады, бас жармаса тас жарады» дейді ғой. Солай емес пе? Оны жайдан жай айтқан жоқ. Кезінде Наполеонның айтатын сөзі бар емес пе? «Маған төңкеріс жасау үшін үлкен армия қажет емес, екі-үш газет болса жетеді» деген. Принциптер үнемі біздің санамызда тұратын болса, біз еріксіз сол принциптерге қарай бұрыламыз.

Жалпы, кодекс қандай роль атқарады дегенге келер болсақ, осы арқылы сөздің асыл екендігін, сөздің қару екендігін, сөзді мұқият пайдалану керектігін өзімізге басты меже, құндылық ретінде белгілеп қоямыз. Журналистердің қоғамдағы статусын айқындауымыз керек деген мәселе көтеріп жүрміз ғой. Кодекс бар кезде, оны жалау қып көрсете аламыз. Біздің статусымызды осы арқылы айқындап, көрсетуге бола ма? Болады. Яғни қоғамдағы рөлімізге тағы бір қадам жасап қоямыз. Әр уақытта адамдық, этикалық, моральдық қағидалар бар. Бірақ біз сол қағидаларды ұстанатынымызды тағы бір рет әйгілейміз. Әйгілеп қойдық. Журналистердің кәсіби парызын, әлеуметтік-қоғамдық жауапкершілігін белгілеп алдық. Бұл – Журналистер қауымдастығының Жарғысы сияқты дүние. Бұл да – Гиппократтың анты сияқты дүние. Бұл – әрбір журналистің кодексі. Бұған біз қауым болып қарап отырған жоқпыз ба? Біздің кодексіміз ешқандай кодекстен кем түспейді. Біздің кодекс әлемдік кодекстермен сай. Әрине, оларды қайталау бізде жоқ. Ең бастысы, кодекстің қабылданғаны. Әрі оның әлемде қабылданған кодекстермен сәйкес, рухтас, үндес екендігінде.

Қанат ӘУЕСБАЙ,

«Қазақстан» телеарнасының журналисі:

– Елімізде журналистердің ар-намысының безбені болатын кодексті қабылдау ісінде осы тәуелсіздік алған 20 жыл ішінде талай талпыныс болды. Еске түсіре кетсек, дәл он жыл бұрын 2002 жылы Астанада өткен бірінші Қазақстан журналистерінің Конгресінде Қазақстан журналистерінің кәсіби этикасының Кодексі қабылданды. Ондағы жазылғанның соңында былай делініпті: «…Қаламгер журналистерді ешкім де бұл Кодекс ережелерін сақтауға не бұзуға күштеп көндіре алмайды». Арада он жыл өтті, осы жолы қабылданған Кодекстегі айырманы қарасақ, 8-ші баптың 8.3 тармақшасында былай делінген: «Журналистің Кодекс ережелерін бұзуы қоғамдық және кәсіби жазғыруға ұшырайды, бұқаралық ақпарат құралдарының редакция ұжымдарындағы жиналыстарда немесе журналистер қауымдастығында қаралуы мүмкін». Яки, мұның алдындағы кодекстердің көбіне орындалуы міндеттелмейтін декоративтік сипаты басым болса, осы жолғысының жазалау пәрменін байқап отырмыз. Бірақ осы орайда мені ендігі қызықтыратыны, қоғамдық және кәсіби жазғырудың тетіктері қандай болмақ? Сөгіс жариялана ма, әлде айыппұл салына ма, айлықтан ұстала ма? Тағы бір көкейде қалып қойғаны, мәселесі май шаммен ұжымда немесе қауымдастықта қаралатын адамдарды кім іріктейді? Оның критерийлері қандай болмақ? Жалпы алғанда, тіпті егжей-тегжейлі қабылданған кодекстің өзі журналистің аяқасты тап болған оқиғасына түсінік бере алмауы мүмкін. Мұндай кезде журналистің өз кәсіби этикасы мен ар-ұяты ғана рөл атқаратыны кәдік. Ең бастысы, бұл кодекс өзара өш алғысы келетіндердің «қолшоқпарына» айналып кетпесе, игі.

Шолпангүл ҚАРАЕВА,

«Заң» газетінің тілшісі:

– Аталмыш Кодекс Қазақстан журна­лис­терінің ақпарат бостандығына кепіл бола алмайды. Өйткені оның заңдық күші жоқ, бұл тек журналистің моральдық-этикалық бағытын таратып берген құжат қана. Мен бұл құжаттың мәтінімен таныса отырып, оның кез келген журналистке әу бастан таныс қағидаттарды кайталауы ғана деп есептедім. Бізге одан да «БАҚ туралы» Заңдағы журналист мүддесін көздейтін бағыттарды күшейту мәселесін сөз ету маңыздырақ еді.

Қабылданған құжаттағы қорытынды ережелерде «Журналистің кодекске қарым-қатынасы ар-ұятына байланыс­ты. Кодексті ұстануға немесе бұзуға мәжбүрлеуге жол берілмейді» делінеді. Бізде қазір адамды негізсіз қаралайтын, жеке өшпенділікпен жазылатын кейбір мақалалар бар. Егер де кодекс осындай мәселелерге тыйым саларлық қуатқа ие бола алмаса, журналистикадағы бұл үрдіс бәрібір жойылмайды, яғни жеке басты қаралау, арнайы тапсырыстарды орындау ісінде Журналист этикасы бәрібір естен шығып қала беретін болады. Дегенмен этикалық Кодекстің қабылдануы ел журналистерінің арасында қолдауға ие болатындығына дау жоқ.

Есенгүл Кәпқызы

Back to top button