ТЕННИСШІ БАЛАЛАР ЖАРЫСЫ
ТЕННИСШІ БАЛАЛАР ЖАРЫСЫ
Ұлысын ұлықтап өткен халқымыздың игі дәстүрі әлі де ұрпақтан-ұрпаққа ұласып келеді. Мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері Д.А.Қонаевтың 100 жылдық мерейтойын атап өту жыл басынан бері қарай жалғасын тауып келеді. Жақында 13-14 қазанда Алматы қаласында осы мерейтойдың құрметіне «Мақсат» теннис академиясы мен Д.А.Қонаев мұражайы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен елімізде алғаш рет теннистен ересек адамдар арасында республикалық турнир өткізілген болатын. Осы турнирдің жалғасы ретінде 20 қазан күні 7–9 жастағы балалар арасындағы жарыс додасы тағы да жалғасты.
Бұл жарыс додасына республикамыздың Шымкент, Талдықорған, Астана қалаларынан және Қырғызстаннан 80-нен астам теннисші балалар қатысты. Жарыс басталар алдында осы турнирге құрметті қонақ ретінде келген «Д.А.Қонаев Халықаралық қорының» вице-президенті Кеңес Аухадиев құттықтау сөз сөйлеп, «Мақсат» теннис академиясының еңбегі сіңген жаттықтырушыларына Д.А. Қонаевтың «О моем времени», «Өтті дәурен осылай» атты естелік кітаптарын, ұлы тұлғаның 100 жылдық мерейтойына арнайы шығарылған медальдарды табыс етті.
Мұражайлар – халқымыздың сан ғасырлық тарихының шежіресі іспетті. Сондықтан да болар, теннистен өткізіліп жатқан республикалық бұл жарыс халқымыздың ғасырда бір туар ұлының атында өтіп жатқандықтан, «Мақсат» теннис академиясының президенті Мақсат Сақтағанов Д.А. Қонаев мұражайының директоры Тимур Жұмановқа теннис академиясының кубогын мұражайда сақтауға салтанатты түрде табыс етті.
Жарыс қорытындысында 5-7 жас аралығындағы қыздар арасында бірінші орынды Алматы қаласының түлегі Әдия Жұмабаева иемденсе, ұлдар арасында да алматылық Диас Қорқытов бас жүлдені жеңіп алды. 7-9 жас аралығындағы жарысқа қатысқан 18 талапкер қыздар арасынан Талдықорғаннан келген Николь Керенская бірінші жүлдені, ұлдар арасынан Алматы қаласының теннисшісі Никита Сидоров бірінші орынды жеңіп алды. Жасөспірім теннисшілер арасынан Алена Маркова, Эндрю Колинс, Алина Ұзақова, Даниил Озорной, тағы басқа да балалар болашақтарынан зор үміт күттіретін спортшылар екендігін танытты.
Нұртан ТӨЛЕПБЕРГЕНҰЛЫ,Д.А.Қонаев мұражайының қызметкері