БАЛА САТҚАН БЕЗБҮЙРЕКТЕР

Еліміздің болашағына балта шабуда

«Бала өмірдің базары» деген дана қазақ. Жалғыз қазақ емес-ау, жер бетіндегі жұмыр басты әр пенденің арманы жанұя құрып, ұрпақ өрбіту. Алайда шыр етіп дүниеге келгеннен ананың аялы алақанын, әкенің тәрбиесін сезбей, көрмей өсетін тірі жетімдеріміз де жоқ емес. Тіпті жылдан жылға көбейіп бара жатқанын қалай жасырарсың. Әсіресе жаһандану үдерісі үдей түскелі іштен шыққан балапанын қоқысқа тастап кете салатын безбүйректер көбейгені рас. Бір қазақты екі ете алмай отырғанда жетімектерімізді шетелге сату да азаяр емес. Әншейінде адам саудасына жол бермеу керек дейтін шешендердің осындай тұста мәселенің түйінін шешудің орнына үні шықпай, тілдерін тістеп қала беретіні жаныңа шоқтай батады. Құдайдың алдында да, болашақ ұрпақтың алдында да осылайша ұятты күйдеміз.

Қазақстан Президенті Н.Назарбаев таяуда ел халқына арналған «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына 20 қадам» мақаласында балалар мен жастар тәрбиесіне, оларды патриоттық рухта тәрбиелеуге ерекше назар аударды. Бұл дұрыс та. Дегенмен қоғамды алаңдататын тағы да бір ерекше түйткіл бар.

Бүгінде ел халқының 4.5 млн. тұрғыны балалар болса, соның 46 мыңын түрлі себептермен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетімдер құрайды екен. Оның ішінде 16 мыңдай бала мемлекеттің қарауында. Соңғы ақпарат көздеріне сенсек, тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері 20 жылдың көлемінде 6 мыңнан астам қазақстандық баланы шетел азаматтарына, соның ішінде 5 мыңын АҚШ-қа асырауға беріп жіберіппіз. Осылайша әлемдегі шетелге бала сататын елдердің арасында үшінші орынға бір-ақ секіріппіз. Мұхит асып кеткен сол бүлдіршіндердің бүгінгі жай-күйі туралы толыққанды ақпарат жоққа тән. Бір бала болса мақұл, маңдайына жазылғаны сол шығар деп іштен тынар едік, ал бес мың бала… Ол деген тұтас жүз вагонның не әуеге самғайтын жиырма бес алып лайнердің ішін балаға лықа толтырып, алты құрлық асырып жібергенмен бірдей ғой. Амал нешік. Сөйттік.

Осыдан 23 жыл бұрын БҰҰ бала құқықтары туралы конвенция қабылдаған болатын. Біраз мемлекеттер оны өз ішінде бекітсе, кейбірі қабылдамай тастаған-ды. Балаларымыздың 90 пайызын асырап алған АҚШ бұл конвенцияны мойындамапты. Жалғыз АҚШ қана емес, басқа да ірі-ірі мемлекеттер мұны қабылдамай тастаған. Бұл Ал аталмыш елдерде конвенцияның мойындалмауы себепті Қазақстан шетел асып кеткен балалардың өміріне араласа алмайды екен. Анда-санда бірлі-жарым мұхит асып қыдырып барған туристер мен журналистер, сол елдегі елшіміз сатылып кеткен бүлдіршіндердің жағдайы керемет дегенді айтып қалады. Дегенмен бір-екі сағаттық бақылаудан өмірі керемет боп тұрғанын біле салу әсте мүмкін емес шығар. 5 мың қарадомалақ қазақ баласының тағдырын осылайша нәсілі де діні де бөлек, пиғылы да, дәстүрі де жат әлдебіреулердің қолына беріп қойдық. Бұл – қатыгездігіміз.

Ал тіпті бес мың емес, балпанақтай бес жүз мың болса да ондай сормаңдай сәбилерге алаңдамайтынымызды, жүрегіміздің ауырмайтынын мынадан білуге болады: біріншіден, бірі кетіп, бірі қалса да, қаннен-қаперсізбіз. Өйткені елімізде баланы жасырын да, ашық түрде де шетелдіктерге асырап алуға беріп жатқанымызға жиырма жылдың төңірегі болса да, нақты санын қолмен қойғандай айтып бере алмаймыз. Бұл біздің керенау жауапсыздығымыздан. Екіншіден, тас-түйін заңымыз жоқ. Ұшақ ұшып, пойыз кетіп қалған. «Балалардың құқығын қорғайтын заң керек» деп әлі жүрміз. Қашан заң дайын болады екен, ол да белгісіз. Бұл – тағы салғырттығымыз. Біз сұмдық тасжүрек болып кетіппіз. Олай демегенде ше…

АҚШ-қа немесе басқа да бір елдерге кеткен баланың нашар халде қалмасына, қане, кім кепіл бола алады? Әлгі 5 мың тірі жетімнің туған шешесі Қазақстан деп алайық, өз анасы бауырына баспағанда, өгей анасы – АҚШ емірене алар ма екен? «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» демей ме? Өзіңнің жаның өзіңе ашымағанда, өзгенің жаны аши ма саған?!

Неге біздің мемлекет жетімдерін бағып-қағуға келгенде қауқарсыз? Әлемде жетімдер үйі жоқ мемлекеттер де бар дейді, рас болса. Әрине, олар – дамыған алпауыт елдер шығар. Бәлкім, біз де күндердің-күні сол межеге жетерміз. Қазір де экономикамыз жаман емес деп жүрміз. Ендеше, неге қазақтың баласын, өз қаныңды жатқа қиясың, бос мақтан кімге керек? Әйтпесе екі жүз вагонға зат тиеп жіберген жоқпыз. Әрбір сәби өмірге келген соң, бақытты өмір кешуі тиіс. Қолдан тағдыр жасап, әзірге өз өмірін қолға ала алмайтын, өз ойын білдіре алмайтын, жан қалауын жеткізе алмайтын кішкентай адамды есін білмей жатып, ертеңі бұлыңғыр ма, жоқ, бақытты ма, оған көзімізді жеткізе алмай тұрып арғы жағаға өткізіп жібергенімізді айтамын.

Енді… Енді «Америкаға дімкәс балаларды жіберіп жатырмыз» деп көңілімізді бір аулағымыз келеді. «Ол жақта бәрі жақсы болады» деп, өзімізді екі жұбатқан боламыз. Шындығында, бәрі жақсы екеніне көзіміз қайдан жетеді? Ел-жұрт аш-жалаңаш сонау зұлмат соғыс кезінде немістің жетім баласын бауырына басып, басынан сипаған баяғы Ахмет шал қайда? Сол рух неге жоқ? Мұхтар Мағауиннің «Бір атаның балалары» дейтін хикаяты есіңізде ме? Председатель бір қора баланы арбаға отырғызып, ауылға алып келеді. «Халайық, мына балалардың әке-шешесі бомба астында өлген, – дейді ел ағасы. – Бірі – белорус, бірі – украин, бірі – орыс. Бір-бір баладан асырап аласыңдар!» Бәрінің жанарына жас үйіріліп тұр. Көп үйге қарақағаз келген. Сонда қаймана қазақ: «Оққа ұшқан баламның орнына жарылқағыр Құдай бала беріп тұр», – деп шүкірлік етіп, кең құшағын ашты ғой. Қара сирақ, шибұт топ баланың ішінен шошайып жалғыз бала қалады. Неміс баласы – Зигфрид. Ауылдың әйелдері бетін шымшиды. «Масқара, фашистің баласы» дейді. «Тіпәй, беті құрсын…» Сол кезде Ахмет ақсақал не деп еді?! «Тәйт, – деп тыйып тастады. – Білсеңдер, көзінен сорасы аққан нағыз тас жетім осы!». Кейін ол бала Зекен Ахметұлы болды. Қандай қиын-қыстау кезең болсын, қазақ бір жапырақ нанға зар болып отырып, өзінің жетіміне қосып, өзгенің де жетімін асыраған. Ал сол рухы мықты адамдар бүгінде тек әдебиет кейіпкері ғана болып қалғаны ма?

Ресми емес дереккөздер бүгіндері әр бала шетелге 30-35 мың доллардан сатылып жатыр дейтін айғақсыз мәліметтер беріп жүр. Мұның алдын қалай кесуге болады? Шенеуніктер мен құқық қорғаушылардың бұған берер жауабы бір: «Алдымен бала сатқанына көзіміз жету керек. Көзіміз жетпей, ештеңе істей алмаймыз». Жайбарақат. Ал ендеше қай қылмыскер: «Мен 35 мың долларға бала сатып жатырмын, көздерің жетсін», – деп алдыңыздан жүгіріп шығады екен? Адам тағдыры сөз болғанда, неге етінен ет кесіп алғандай шоршып түспейді біздің шенеуніктер? Неге ұлтқа қатысты мәселелерге келгенде биік емеспіз? Бірақ біз биік болсақ, іштен шыққан баланы тірі жетім етер ме едік, тастанды атандырар ма едік, жетімдер үйіне өткізер ме едік, ол аз болып, басын құрай алмай жатқан қазақтың баласын өз топырағынан аластап, мұхит асырып жіберер ме едік? Неге осынша дәрменсізбіз? Шетел асып кеткен дімкәс бала секілді біздің рухымыз да дімкәс болғаны ма? Басты кемшілік те, қысылып, ұялуға тиіс тұсымыз да осы.

Әсел Дәденова,

Шымкент қаласының тұрғыны:

«Қазіргі заманда некесіз туылып жатқан балалар қаншама. Жас қыздар ойланбай балалы болып, жағдайы болмағаннан кейін балалар үйіне береді, бұл әрине дұрыс емес. Сонымен қатар, қазір шетелге бала сату деген де көбейіп кетті. Шетелге бала сату – өз ұлтын бөлшектеп сату деген сөз ғой. Адамдыққа жатпайды. Біле-білсек, баланың өмірі ойыншық емес. Жетім балалардың өмірі өзге елде жақсы болып кетеді дегенге сенбеймін. Қазақтың санын көбейте алмай жатқанда, балаларды шетелге сату деген сұмдық деп білемін».

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Оңтүстік Қазақстан облысы

Back to top button