ҮКІМЕТ «ХАЛЫҚТЫҚ IPO»-НЫ ҚОЛҒА АЛДЫ

ҮКІМЕТ «ХАЛЫҚТЫҚ IPO»-НЫ ҚОЛҒА АЛДЫ

ҮКІМЕТ «ХАЛЫҚТЫҚ IPO»-НЫ ҚОЛҒА АЛДЫ
ашық дереккөзі

Акциялар 6 қарашадан бастап сатылады

Бұған дейін «Халықтық IPO» бағдарламасы бойынша акцияларды орналастыру жыл соңына дейін жүзеге асатындығы туралы мәлім етілген болатын. Осы аптада Үкімет отырысында бағдарламаны бастау туралы шешім қабылданып, тиісті қаулымен бекітілді. Енді 6 қарашадан бастап әрбір қазақстандық акция сатып алуға тапсырыс бере алады.

Құнды қағаздарын алғаш болып саты­лымға шығаратын – «ҚазТрансОйл» компа­ниясы. Әрбір акцияның құны – 725 теңге болмақ. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев акциялардың бағасын белгілеуде беделді халықаралық сарапшылардың ұсыныстары есепке алынғанын айтады. Үкімет мүшелері «Бұл – Қазақстан азаматтары үшін қолжетімді баға» дейді. Акцияларды сатып алу үшін тұрғындар брокерлік компаниялармен келісім-шартқа отыруы қажет. Құжатты тікелей брокерге барып немесе «Қазпошта» және «Халық банктің» бөлімшелерінде рәсімдеуге болады. Бүгінде мемлекеттік бағдарлама арқылы компаниялардың акцияларын сатып алғысы келетін азаматтар үшін «Қазпоштаның» кез-келген бөлімшесінде арнайы мамандар ақыл-кеңес беріп, құжаттарды рәсімдеуге даяр. Арнайы дайындықтан өткен 3 мыңнан астам қызметкер кәсіби біліктілігін жоғарылатып, еліміздегі 7 мың елді мекеннің 3 мыңындағы бөлімшелерде қызмет етуде. Акцияларды сатып алуға кез-келген азамат құқылы. Яғни ешқандай шектеу жоқ.

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қуандық Бишім­ба­евтың айтуынша, 6 қарашадан бастап жазылу басталады. «Қазақстанның барлық аумағында брокерлік шотыңыз ашық болса, «ҚазТрансОйлдың» акцияларын сатып алу үшін тапсырыс бере аласыз. Бір ай уақыт берілген. Тапсырыс беру мерзімі 5 желтоқсанда аяқталса, 14 желтоқсанға дейін толық тізім белгілі болады. Келешекте қандай кірістер болады, қандай шығыстар болады. Инвестициялық жобалар қандай? Содан кейін тарифтік деңгейі қандай боларын белгілеп, акцияның бағасы 310 миллиардқа жуық болып белгіленді. Акцияларға 18 пайыз дисконт беріліп жатыр. Өйткені «ҚазТрансОйл» ол бірінші рет IPO-ға шығатын компания. Келесі жылы «Кегок», «ҚазТрансГаз», «Самұрық-Энерго» және «Казморттрансфлот» компания­лары шығарылады», – деді ол.

Алдын-ала жүргізілген зерттеулер қоры­тын­дысына сенсек, халықтың 34,4 пайызы­ «Халықтық IPO» бағдарламасынан хабардар болса, сауалнамаға қатысқандардың 7,3 пайызы, яғни 500 мың адам акцияларды сатып алуға қызығушылық білдірген. Бұл әлі де болса халық арасында үгіт-насихат шараларының айтарлықтай деңгейде жүргізілмей жатқандығын көрсетсе керек. Соған байланысты Премьер-министр Серік Ахметов жауапты органдарға бағдарламаны халық арасында кеңінен насихаттап, тұрғындарға қор нарығының ерекшеліктерін түсіндіруді жалғастыра беру керектігін қадап айтты. «Елбасы тапсырмасына сәйкес, Үкіметте өте маңызды шешім қабылданып, Халықтық IPO бағдарламасы өз жұмысын бастады. Қазақстан азаматтары енді өз қаржыларын жылжымайтын мүлік пен банктерге ғана емес, заманауи қаржы институттарына да салуына мүмкіндік туып отыр. Бағдарламаны түсіндіру, насихаттау шараларын бұдан әрі де жүргізу қажет. Халыққа әсіресе қор нарығының сын-сипатын жеткізу керек. Содан кейін әрбір қазақстандық өзі таңдау жасайды емес пе? Сондықтан бағдарламаны нақты іске асыруға аймақ басшылары ықтияттылық танытуы тиіс», – деді Премьер.

Ал «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев: «Инвесторлардың ішінде басымдық Қазақстан азаматтарына, яғни бөлшек инвесторларға беріледі. Олардан кейін Жинақтаушы зейнетақы қорларының тапсырыстары қарастырылмақ. «ҚазТрансОйлдың» акцияларын бөлшек инвесторларға сату шектеулі мөлшерде болады. Яғни бөлшек инвесторлардың өтінімдері шамамен 7 миллион теңге көлемінен аспауы тиіс. 2015-2022 жылдары қор барлық компанияларды қор нарықтарына, соның ішінде халықаралық нарыққа шығаруды көздейді. Басты мақсат – қосымша капиталды тарту және компаниялардың тиімділігін көтеру», – десе, Премьер-министрдің орынбасары Қайрат Келімбетов: «Біздің ойымызша, бағдарлама мемлекеттік компаниялардағы корпоративті басқаруды нығайтады. Сондай-ақ ол халықтың экономикалық сауаттылығына да ықпал етеді деген сенімдеміз. Бағдарлама жергілікті инвесторларды тартуға және келешекте шетелдік инвесторлардың капиталын жұмылдыруға мүмкіндік береді», – деп түйіндеді.

Үкімет құнды қағаздар нарығына «ҚазТрансОйл» акцияларын орналастыру туралы қаулыны бекітті. 6 қарашада бастау алатын қаржылық науқан арқылы еліміздің алғашқы халықтық акционерлері белгілі болмақ. Акционер болуға асығыңыз, ағайын!

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ