ҚЫРҒЫЗСТАНДАҒЫ ҚАЗАҚ ГЕНЕРАЛЫ

ҚЫРҒЫЗСТАНДАҒЫ ҚАЗАҚ ГЕНЕРАЛЫ

ҚЫРҒЫЗСТАНДАҒЫ ҚАЗАҚ ГЕНЕРАЛЫ
ашық дереккөзі

Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Үшіншіден, біз шеттегі қандастардың Қазақстаннан жан-жақты хабар алып тұруына көмектесеміз. Байланыс және Ақпарат министрлігі «Каспионет» арнасының қазақтар тұратын елдерге таралуын қамтамасыз етуі керек. Сонымен бірге, ұлттық дәстүріміз бен тарихымыз туралы хабарларды арттыру жолдарын қарастыруды тапсырамын. Бұған қоса, министрлік дүниежүзіндегі қазақ жастарының байланысын нығайту үшін арнайы веб-портал ашқаны жөн. Төртіншіден, қандастар тұрып жатқан елдерде ұлттық өнерді кеңінен таратуына жағдай жасауымыз керек. Біз қазақтың қаймағы бұзылмаған көрші елдерде ұлтымыздың аса құнды рухани мұралары сақталғанын жақсы білеміз. Білім және ғылым министрлігі мен Мәдениет министрлігіне экспедициялар ұйымдастырып, осындай құнды мұраларды жинақтауды тапсырамын. Бесіншіден, біз шет елдерде кіші құрылтайлардың тұрақты өткізілуін құптаймыз. Осыған байланысты, бұл құрылтайларға «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат Қоры қолдау көрсететін болады» деген еді. Шеттегі қандастарымыз арасынан шетте жүрсе де қазақ деген ұлы есімге кір жуытпай, әрдайым биік ұстап, ұлағатты ісімен өнеге болған қазақтар жеткілікті. Төменде назарларыңызға ұсынылып отырған мақала осы сөзімізді дәлелдей түседі.

Мәлік Мұқайұлының Қырғызстанға келгеніне осы қарашада ширек ғасыр болды. Кеңес әскерінің Семейдегі №32 армиясының штабындағы барлау бөлімінің аға офицері, подполковник Мәлік Мұқайұлы 1987 жылы қарашаның бас кезінде Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласындағы 40-шы армиялық корпусқа жіберіліп, корпустың барлау бастығы болып тағайындалады. 1991 жылы одақтас республикалар тәуелсіздігін жариялағанда ол бауыр басып қалған қырғыз жерінде қалып қойды. Мүмкін, бұл оның әрқашан ашық-жарқын жүріп, жаңа ортаға сіңісіп, оны қия алмағанынан, көп дос-жаран тапқан жайсаң мінезінен және жұмысын абыройлы атқарып, беделінің биік болғандығынан да шығар.

Екі жыл ілгері болатын, азаматтық киім киген Мәлік Мұқайұлымен алғашқы танысқанымда оның әскер генералы екенін білген емеспін. 2007 жылы әскерден запасқа шығып, Бішкектегі «Крокус Секьюрти» күзет — детектив агенттігінің директоры болып істеп жүр екен.

Бұл агенттік мыңнан астам қауіпсіздік қызметкерлері бар ірі мекеме. Мұндай мекемелер өлкеде төтенше жағдай түзілген жағдайда ресми әлеуеттік күштерге жәрдем береді. 2010 жылы мамыр-маусым айларында республиканың оңтүстігінде болған ұлтаралық қақтығыста Мәлік Мұқайұлы жанжал шыққан жерге өзі бастап барып, қарамағындағы «Крокус Секьюрти» агенттігінің сарбаздары Ош және Жалалабад облыстарында тыныштық орнатуға белсене қатысқан.

Қырғызстанның қарулы күштерінің әрекет­тегі құрамында қазіргі күнде екі ғана генерал болғанымен, запаста жүрген біраз әскер генералдары бар. Қорғаныс министрінің, ішкі істер министрінің, төтенше жағдайлар министрінің, қаржы полициясының және шекара әскербасыларының, осы мекемелердегі жоғарғы лауазымды басшыларының жиі-жиі ауысып тұруы да генералдардың үздіксіз көбеюіне септігін тигізді. Ал енді юстиция, кеден, салық және басқа қызметтер, мемлекеттік класстық шендері арқылы генералдық атаққа (әскерлік емес) ие болғандарды айтып тауыса алмайсың. Биыл күзде республиканың парламенті 80 депутатқа жоғарғы мемлекеттік класстық шен беруді ұсынып, көпшіліктің наразылығын туғызды. Өйткені бұл шенге ие болғандар генерал дәрежесіне де ие болады. Тіпті Қырғызстанның екінші президенті бірнеше депутатты еш себепсіз милицияның генерал-майоры деген дәрежемен марапаттап та жіберген. Мұны айтып жатқанымыз, мемлекет басшысы әлдекімдерге генерал атағын бергенде, бұқаралық ақпарат құралдарының біреуі болмаса, біреуі атақ алушы оған татымайтын болса, сөзсіз түрде сынап шығатыны бар. 2006 жылдың 7 ақпанында Қырғыз Республикасының Президентінің жарлығымен Жұмағұлов Мәлік Мұқайұлына генерал-майор деген кезектегі әскери атақ берілгенде, қырғыз баспасөз және электрондық ақпарат құралдары тегіс «генералдық әскери атақ шынайы иесін тапты, Қырғызстандағы нағыз генералдың бірі осы кісі» деп жазыпты. Мұның жаны бар.

1999 жылы тамыз айында Қырғызстанға шетелдік діни экстремистер басып кіргенде Қырғыз Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабы бастығының бірінші орынбасары, полковник Мәлік Мұқайұлы оқиға болып жатқан Ош облысының Бәткен ауданындағы әскер шебіне жіберілген.

Шетелдік діни лаңкестердің әскер тобы – 17 адам алғаш рет 1999 жылдың 30 шілдесінде Тәжікстанның Жергетал ауданымен шекаралас Қырғызстанның Бәткен ауданының тау қойнауындағы «Жылысу» емдеу орынының жанында байқалған. Бұлар базалары Ауғанстанда жайғасқан Тахир Юлдашев пен Жума Намангани жетекшілік еткен Өзбекстан ислам қозғалысының барлаушы отрядтары болатын. Олар күн өткен сайын көбейіп, қырғыз азаматтарын, жергілікті биліктің басшыларын, шекарадағы әскер адамдарын барымтаға алып, қырғыз билігінен Өзбекстанға өтуге дәліз беруді талап еткен. Олардың негізгі мақсаты Өзбекстан аймағына кіру болса да, өздерінің күш-қуатын көрсету үшін Қырғызстанның қарулы күштерімен жиі-жиі қақтығыстарға барған. 18 тамызда қырғыз қарулы (қорғаныс, шекара, ішкі істер, ұлттық қауіпсіздік) күштерінің әскери операцияларының нәтижесінде лаңкестер Бәткен және Шоң Алай аудандарынан тықсырылып шығарылған.

Бірақ 22 тамызға қараған түні шетелдік қарулы топтар Қырғызстанның «Алтын жылға» деген тау қырқасына баса көктеп кіріп, ол жерде жұмыс істеп жатқан жапон геологтары жайғасқан қыстаққа шабуыл жасайды. Жапон геологтарының космос арқылы байланысқа шығатын телефонын пайдалануды көздеп, азғана адамдарымен мұнда келген Қырғыз Республикасы ІІМ-інің ішкі әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Анарбек Шәмкеев лаңкестермен түні бойы атысып, үш әскері қаза болып, қалғандары жараланып, өзі қолға түсіп қалады. Лаңкестер генералға қоса төрт жапон геологын, аудармашы Өмірбек Жанакеевті тұтқынға алады. Қырғыз генералының барымтаға алынуы лаңкестер үшін өте үлкен «жеңіс», қырғыз билігі үшін өте ауыр сын болды.

Бұл оқиға Жапон үкіметін де мазасыздандырып, Жапонияның премьер-министрі Асқар Ақаевке телефон шалған, азаматтарын аман-есен тұтқыннан босатып алудың амалын жасады.

Сол күндерден бастап Бәткен және Шоң Алай аудандарының таулы қойнаулары ұрыс нысанына айналды. 5 мыңға жақын жергілікті халық үй-жайларын тастап, облыстың ішкі жақтарына қашты.

Өзбекстан тарап та тиісті шаралар жасап, лаңкестер шабуыл жасағандай болса, оларды тойтаруға әзірлік жасады. 26 тамызда Өзбекстанның әскери-әуе күштерінің екі ұшағы қырғыз-тәжік шекара белдеуінің Абрамов мұзтауынадағы өзбек гидрометеорологиялық станциясын басып алған лаңкестерді бомба астына алды.

Осындай шиеленіскен жағдайларға байланысты сол кездегі Қырғыз Республикасының Президенті Асқар Ақаев 1999 жылдың 27 тамызында «Ош облысының Бәткен ауданындағы жағдайды тұрақтандыру бойынша шаралар жөнінде» жарлық шығаруға мәжбүр болды. Осы жарлықпен Қырғызстан аймағына заңсыз кірген шетелдік бандалық түзілістерді жою үшін әскерге міндетті азаматтарды әскер қатарына шақыруға қаулы шығарылды. Республиканың аумақтарынан Бәткен ауданына екі мың әскер десант түсіріліп, бірінші кезекте ауған соғысына қатысқан запастағы жауынгерлер әскер қатарына жұмылдырылды. Жалпы алғанда, топ-топқа бөлінген лаңкестер әскерлерінің саны шамамен мың адамға дейін жеткен.

29 тамызда Өзбекстанның әскери-әуе күштерінің ұшақтары жаңылысып, Ош облысының Шоң Алай ауданындағы Қара Тейіт ауылын бомбалап тастайды. Одан қырғыздың үш азаматы, бір милиция инспекторы қаза тауып, 10 үй жермен-жексен болған, көптеген ғимараттар жарым-жартылай қираған.

Бәткен соғысы үш айға созылды.­ Қыр­ғыз­станның қарулы күштерінің тегеурінімен лаңкестер қолға түскен қырғыз генералын қазан айының ортасында және жапондықтарды қазанның аяғында ғана тұтқыннан босатып, сол уақыттағы «Тәжікстанның мұсылмандық қайта өрлеу» партиясының лидері Саид Абдулло Нуридің араласуымен қырғыз аймағынан Тәжікстанға өтті. Тұтқындағыларды босату үшін ірі сомадағы өтем берілген деген сөз әлі күнге дейін айтылып келеді, дегенмен осылайша 1999 жылдың Бәткен соғысы. Соғыста 32 қырғыз азаматы қаза тапты, оның 17-ісі соғысып жүріп, оққа ұшты.

Қарашаның аяғында Қырғыз Респуб­ли­касының Қарулы күштерінің бас қолбасшысы, пре­зидент Асқар Ақаев бүкілармиялық кеңес өткізіп, Бәткен оқиғасының қоры­тын­дысын шығарады және соғыс операцияларында ерлік көрсеткен 300-ден астам сарбаз және офицерлерді мемлекеттік сыйлықтармен – ордендер, медалдар және Қырғыз Республикасының Құрмет Грамотасымен марапаттайды. Құрмет грамотасымен марапатталғандардың ішінде Мәлік Жұмағұлов та бар болатын.

2000 жылдың жазында Бәткен ауданына 700-ге жақын «баяғы» қарулы әскерлер басып кіріп, соғыс қайта басталды. Мәлік Жұмағұлов тамыз айында Қырғызстанның Оңтүстік әскер тобы қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы болып тағайындалып, шетелдік бандалық түзілістерді жоюға және оларды республика аймағынан шығарып тастауға тікелей қатысады. Қарулы қақтығыстарда қырғыз жақтан 30 әскер адамы құрбан болып, 23-і әртүрлі дәрежедегі жарақат алған.

Соғыс аяқталғанымен республиканың оңтүстік шекарасы қауіптен арылған жоқ еді. Мәлік Жұмағұлов 2001 жылдың 24 ақпанында Қырғыз Республикасы Қарулы күштері бас штабының орынбасары – бас барлау басқармасының бастығы болып тағайындалады. Қарулы күштердегі мінсіз қызметі үшін сол жылдың қазан айында ол Президенттің жарлығымен I дәрежедегі «Жауынгерлік қызметі үшін» медалімен марапатталды.

Мәлік Жұмағұлов 2005-2006 жылдары Қырғызстанның Солтүстіктік әскер тобының қолбасшысы қызметінде жүргенде генерал-майор дәрежесіне ие болды, 2006 жылдың 18 сәуірінде Қырғыз Республикасының Қорғаныс министрінің бұйрығымен Кеңес Одағының батыры, генерал-майор Дайыр Асанов атындағы Қырғыз мемлекеттік әскер лицейінің бастығы болып тағайындалған.

«1999-2000 жылдардағы Бәткен соғысы оңтүстікте Бәткен облысын ашып, аймақтың экономикалық жағдайын, шекарада қорғаныс қабілетін арттыру мәселесін күн тәртібіне қойды. Облысты ашудың тұжырымдамасын жасауға қатыстым. Облыстың ашылуында менің де үлесім бар», – деді Мәлік Мұқайұлы бізбен әңгімелесуде.

Мәлік Мұқайұлы 1953 жылы 1 шілдеде Орал қаласында зауыт жұмысшысының отбасында туған. Ол кішкене кезінен офицер болуды армандаған. Әкесінің Ұлы Отан соғысына қатысқан туысқандары мектептің жоғарғы сыныптарында оқып жүргенде, оған «Советтік Қарулы күштерге – 50 жыл» деген үлкен фотоальбомды сыйлап, «офицер болуыңды қалаймыз» деп жазып қойыпты. Соны осы күнге дейін сақтап жүрген генерал «ағаларымның үмітін ақтадым ғой» деп бозбала шағын мейірлене еске алды. Мәлік 8-сыныпты бітірген соң Орал облыстық әскер комиссары, Кеңес Одағының батыры полковник И.Коняхинге барып, «Болашақ офицерлер клубын» құру пікірін айтқан және қолдау тапқан, онжылдықты бітіргенше соның старшинасы болып қалады. Қаладағы мектептерден 50 бала екі жыл әскери оқуға түсуге әзірленеді. Дайындық еш кеткен жоқ, 1970 жылы Алматыдағы Кеңес Одағының маршалы И. С. Конев атындағы жоғарғы жалпы әскерлік командалық училищеге оқуға қабылданады. Оны тәмамдаған соң Германиядағы кеңес әскерлерінің қосынында барлау взводының командирі болып қызмет атқарады. Содан бастап ол, негізінен, әскер қызметтерінің барлау саласында істеп келді.1982 жылы Мәскеудегі жоғарғы офицерлер курсын, 1986 жылы Кеңес Одағының маршалы Р. Я. Малиновский атындағы Әскер академиясын, 2000 жылы Қырғызстанның жолдамасымен Ресей Федерациясы Қарулы Күштерінің Бас штабы Әскери академиясын бітірген.

Мәлік Мұқайұлы жұбайы Надежда Құсайыновамен бір ұл, бір қызды тәрбиелеп, олардан немере сүйіп отыр. Ұлы да, қызы да әке жолын таңдаған. Олар тарихи Отаны – Қазақстанның Қарулы күштерінде офицерлік қызметте. Генерал қазір Қырғызстан халық ассамблеясына қарасты Қырғызстан қазақтары қауымдастығында төрағаның қоғамдық негіздегі орынбасары ретінде республиканың оңтүстік облыстарындағы қазақ диаспораларының істерін үйлестіру бағытында белсенді әрекет етіп, қазақтың ұлттық дәстүрін, тілін сақтап, дамытуға айтарлықтай үлесін қосып жүр.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ, «Түркістанның» Қырғызстандағы тілшісі