ҰЛЫҢ АРАҚ ІШСЕ – ЫРЫСЫҢНЫҢ КЕТКЕНІ

ҰЛЫҢ АРАҚ ІШСЕ – ЫРЫСЫҢНЫҢ КЕТКЕНІ

ҰЛЫҢ АРАҚ ІШСЕ  –  ЫРЫСЫҢНЫҢ КЕТКЕНІ
ашық дереккөзі

«Басты байлық – денсаулық», «Денсаулықтан артық байлық жоқ», – деп халқымыз бекер айтпаған. Дені сау адам ғана қоғамға барынша мол пайда келтіре алады. Адам бақытты болуы үшін мың құбылған дүрбелең дүниеде екі нәрсе керек: бірінші – денсаулық, екінші – білім. Осы екеуі біріксе, адам үшін алынбайтын берік қамал, тоқтататын кедергі жоқ.

Әр қоғамның әлеуметтік жағ­дайы, экономикалық дамуы оның тұрғындарының денсаулығымен, өмір ұзақтығымен бағаланатыны белгілі. Ал адам денсаулығы еш мөлшермен – ақшамен, дүниемен, байлықпен өлшенбейді.

Халық денсаулығы үшін қолда бардың барлығын жасап, одан еш аянбауымыз қажет. Өйткені әлемдегі бүкіл жетістік, ашылып жатқан жаңа­лық, жасалып жатқан жақсы іс-шаралар… барлығы, барлығы адам игі­лігі үшін жасалып жатқаны айдан анық.

Біздің елімізде халық денсаулығына әрдайым орынды мән беріліп ке­леді. Елбасы Н.Назарбаевтың қолдауымен 2011–2015 жж. «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жасалып, бұл күндері көптеген игілікке толы іс-шаралар атқарылуда. Президентіміздің жылдағы Жолдаула­рында да денсаулық сақтау ісіне, адам өмірін ұзарту мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отырады.

Дүниеге ұрпақ әкелетін әйелдер. Сол болашақ аналардың, әйелдердің денсаулығы сын көтермейді дегенді академик Камал Ормантаев пен Төре­гелді Шармановтан бастап, көп­теген дәрігерлер бір кісідей-ақ айтып жүр.

Біз еліміздің болашағын ойласақ, ең әуелі денсаулығымызға үлкен мән беруіміз керек. Өйткені аналар мен әкелер, тіпті әрқайсымыз өмірге дені сау ұрпақ әкелуге жауаптымыз.

Шет елде үйленетін екі жас отбасын құрар алдында денсаулықтарын тексертеді. Біреуінің денсаулығында кінәрат болса, некеге тұрмай тұрып тексеріліп, болашақта өмірге әкелер ұрпағының денсаулығына зияны болмайтын жағдайда ғана отбасын құруға шешім қабылдайды.

Ал бізде керісінше. Тіпті тексеру барысында кейбір әйелдерге жатырдағы ұрықтың дамымауына байланысты баласын алдырып тастау жөнінде кеңес беруге тура келеді.

Бірақ әлгі әйел дәрігерді дұрыс түсінбейді, ақыры ол ұрық дамымай жатырда өліп қалады немесе нәресте іштен кемтар болып туады. Осындай жағдайлардың салдарынан кейде ана мен бала өлімі орын алып жатады.

Он екіде бір гүлі ашылмаған жасөспірім қыздар арасында түсік тастау да жиілеп барады. Мұндай өкінішті жағдай болмас үшін, әрине, қыз-келіншектер өз денсаулықтарына өте жауапкершілікпен қарауы тиіс.

Еліміздегі әйелдердің ғана емес, сонымен қатар болашақ аналар, өсіп келе жатқан қыздарымыздың да денсаулығының нашар екені туралы мәліметтер жетерлік.

Мысалы, жас қыздардың 30 пайы­зының ғана денсаулығы қанағат­танарлық деп есептелінуде. Демек, қалған 70 пайызының денсаулығы төмен деген сөз. Оның ішінде 47,4 пайызы асқазан-ішек жолдарының дерттеріне шалдықса, 30,8 пайызын несеп, зәр жүйесі аурулары мазалайды. Сондай-ақ 12,5 пайызы эндокриндік жүйе ауруымен ауырады.

Мұндай сырқаттар әйел адамның бала көтеруіне кері әсерін тигізетіні айтпаса да түсінікті. Яғни ананың бойындағы дерт іште жатқан балаға да тікелей зиян келтіреді. Тіпті бедеулік те осыдан келіп туады.

Алматыдағы академик Б.Жарбо­сынов атындағы Урология ғылыми орталығының директоры, профессор М.Алшынбаевтың мәліметі бойынша, 2008-2010 жылдары республика көлемінде 27 мың ер азаматтар арнайы медициналық тексеруден өткізілген. Сонда байқалғаны, ерлердің 66 пайызы әртүрлі урологиялық және андрологиялық аурулармен ауырады екен. Өкінішке қарай, ерлердің 30 пайызы белсіздіктен, яғни бала таптыру, дүниеге ұрпақ әкелу мүмкіншілігінен айрылғандығы белгілі болды.

Темекі мен спирттік өнімдердің, нашақорлықтың адам денсаулығына, отбасы мен қоғамға қанша қасірет әкелетіні жайлы аз айтылып, аз жа­зылып жүрген жоқ.

Маскүнемдік, нашақорлық, жезөкшелік – қазіргі қоғамның ажырамас ауыр дертіне айналды. «Ұлың арақ ішсе – ырысыңның кеткені, қызың арақ ішсе – қызығыңның кеткені» – деп халық тауып айтқан.

Ішімдікке әуестіктің қыз-келін­шектер мен жасөспірімдер арасында кең етек алып бара жатқаны, сол алкогольдің уыты себебінен орын алып отырған жантүршігерлік қылмыстық оқиғалардың қоғамда тым жиілеп бара жатқаны алаңдатады

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жыл сайын 2,5 миллион адамның ерте өлімге ұшырауының бірден-бір себебі – араққұмарлық болып табылады. Ресми мәліметтерге сүйенсек, республи­камыздағы наркологиялық мекемелерде қазіргі кезде 235 416 адам маскүнемдік дерті бойынша есепте тұрады екен. Демек, маскүнемдік 100 мың адамға шаққанда 144,2 жағдайдан айналды. Бізде ішімдік ішу 1 адамға – 12 литр­ден, ал сыра 31 литрден айналыпты. Еліміздің тұрғындарының 33,3 пайызы, яғни үштен бірі арақ ішеді.

Қазақстанда осы дерттен туған психикалық ауытқушылығы бар 249 мың адам диспансерлік есепте тұр. Бұл тек көмек сұрап келгендері ғана. Олардың әрбір он екіншісі – әйелдер. Республикалық салауатты өмір салтын сақтау орталығының қызметкерлері ұдайы түрде халық арасында нашақорлыққа, алкоголизмге және темекі тартуға қатысты ұлттық әлеуметтік зерттеулер жүргізіп отырады. Олардың соңғы мәліметтеріне сүйенсек, ішімдік ішетіндердің басым үлесі – 30-49 жас аралығындағыларға келеді, олардың пайыздық мөлшері 46,8 пайызды құрайды. 15-18 жас аралығындағы жасөспірімдердің үлесі – 21,3 пайыз. 11-12 жастағы оқушылардың 9,4 пайызы алкогольдік ішімдіктер тұтынады.Денсаулық сақтау ісінің сарапшылары ішімдікті шамадан тыс тұтыну ұлт денсаулығы үшін қауіпті, ұлттың тегін бұзады деп есептейді.

Қазіргі Қазақстан халқының 35 пайызы темекіге тәуелді. Салыстырмалы түрде айтсақ, Кубада – 40, Ресей, Белоруссия, Кувейтте – 37, Эстония, Латвия, Әзірбайжанда – 36, Литвада – 34, Аргентина мен Қытайда – 33, Украина мен Вьетнамда – 32 пайыз адам темекісіз өмір сүре алмайды екен.

Темекі қазіргі уақытта тажал­ға айналып барады. «Түтін эпидемия­сының» қарқыны күшейгені сонша, соңғы 4 жылдың ішінде елімізде түтінге «тұншыққандардың» саны (ересектер арасында) 22,6 пайыздан 30 пайызға дейін өскен. Сондай-ақ, еліміздегі еркек атаулының – 57, жасөспірімдердің – 25, ал табиғи сұлулығымен талайымызды тәнті ететін қыз-келіншектердің 31 пайызы шылымқор көрінеді.

Ал еліміздегі балалар мен жасөспірімдердің 140 мыңнан астамы 13-15 жасынан бастап темекімен табысады екен.

Oрташа есеппен темекіге әуес адам күніне 200 рет, жылына 72 мың мәрте ішіне түтін тартса, орта жасқа келгенше, шылымқор 2 млн. рет темекі тартысымен өзін және айна­ла­сындағыларды тұншықтыратын көрінеді.

Статистикаға сүйенсек, күн сайын Қазақстанда 70-тен астам адам те­ме­кі­нің құрбанына айналса, жыл сайын дүниежүзінде темекі шегудің салдарынан 4 млн. адам қайтыс болады.

Бүгінде жер шарында 1,2 млрд. адам темекі шегетінін ескерсек, әлемде әр 13 секундта бір адам, әр 65 секундта бес адам темекі кесірінен о дүниеге аттанады екен.

Өкінішке қарай, елімізде нашақор­лық та айылын жимай келеді. Қазір Қазақстанда ресми мәлімет бойынша, 54 мыңға жуық нашақор тіркеуде тұр. Ал тіркелмегендердің саны қанша екені әзірге беймәлім. Олардың саны жыл сайын 10-15 пайызға өсіп отыратыны белгілі.

Жыныс жолдары арқылы таралатын мерез, гонорея, СПИД сияқты аурулар көпшілікті орынды алаңдатуда. Ол қазіргі жастар арасында орын алып отырған жеңіл жүрістің (базбір мәліметтер бойынша бұл күндері есепте тұрған жезөкшелікке салынған жандардың саны 80 мыңнан асып жығылады екен), жауапкершіліктің шектелуінің кесірі екенін мойындауымыз керек.

Статистикада жыл сайын отба­сын құрған қазақ жастарының 15-16 пайызы ажырасып кететіні айтылады. Бұл әлемдік көрсеткіш бойынша тым көп саналады. Әдеп, иба, тыйым деген ұлттық тәрбиеге тән ұғымдарды алыс-жақын шетелдің азғындатқыш фильмдерінің арсыз тәрбиесі алмастырып, отбасылық жауапкершілік деген ұғым ойыншыққа айналды. Отау құрғандардың АҚШ-та – 43, Ұлыбританияда – 42, Ресейде 41 пайызы ажырасып кететінін, ал ең «ажырасқыш» қалалар қатарына Нью-Йорк (51%) пен Мәскеу (49%) жататынын ескерсек, біздің кімдерге қарап көш түзеп отырғанымызды бірден ұғасыз. Мамандар бұл жеңіл жүріс пен жар таңдаудағы немқұрайлылықтың салдары дегенді айтып отыр.

Бүгінгі ата-ана жанбағыс, байлық қуумен әлек. Махаббат – жүйкені жаулап алатын ауру екенін, ал осы «кесел» меңдеп, есі кетіп тұрған сәтте үйленгендердің 40 пайызы алғашқы үш-төрт ай ішінде, 30 пайызы бір жылдан соң ажырасып, үш жылға таяғанда, солардың 30 пайызға жетер-жетпесі ғана отбасын сақтап қалатынын айтады.

Бұл мәліметтер санасында саңлауы бар кімді болса да ойландыру керек. Жастайынан ішімдікке салынып, темекінің ащы түтінімен өкпесін ыстаған, наркотиктің «дәмін татқан», жеңіл жүрісті әдетіне айналдырған жасөспірімді ертең не күтіп тұр? Болашағы не болмақ? Одан, меніңше, толыққанды, саналы азамат шығады деу қиын-ау…

«Ақшаға төсек сатып алуға болады, бірақ ұйқыны сатып алуға болмайды. Тамақ сатып алуға болады, бірақ тәбет сатып алуға болмайды. Дәрі сатып алуға болады, бірақ денсаулықты сатып алуға болмайды. Үй сатып алуға болады, кітаптар сатып алуға болады, бірақ ақыл-ойды сатып алуға болмайды. Зергерлік заттарды сатып алуға болады, бірақ сұлулықты сатып ала алмаймыз. Ән-күйді сатып алып, ойнатқанмен, бақытты сатып алуға болмайды. Дінді сатып алғанмен, қорғанысты сатып ала алмаймыз», – деп Поль Брэгг орынды айтқан.

Ал М.Монтен: ”Денсаулық – баға жетпейтін жалғыз ғана асыл дүние. Ол жақсы болу үшін не уақытты, не күш-жүгерді, не еңбекті, тіпті барлық дүниені аямай жұмсау керек. Денсаулық үшін өмірдің бір бөлігін де қиюға болады. Денсаулықсыз өмір – қызықсыз әлем деп есептеймін”, – деген болатын. Т.Карлейль болса: «Дені сау адам – табиғаттың ең қымбат жемісі», – деп ой тастайды.

Сол денсаулығымызды тек мем­ле­кет, Үкімет мойнына асып қою – үлкен қателік. Әр адам өз ден­саулығына байыппен, сергектікпен, аса жауапкершілікпен қараған жөн.

«Барлық жақсылық пен әдемілік күннің нұр-сәулесінен, ананың ақ сүтінен жаралған», – деп бекер айтыл­маған болар. Егер олай болса, неге қыз-келіншектер, болашаққа дені сау ұрпақ әкелетін асыл ана ретінде өз денсаулығына жауапкершілікпен қарамайды? Қазақ әйелдеріне тән ізеттілік, инабаттылық, сыпайылық, нәзіктік, сұлулық, мейірбандық уақыт өткен сайын көмескіленіп бара жатқаны кімді болса да қынжылтады.

Заңғар жазушымыз Мұхтар Әуе­зов кезінде: «Елді түзеймін десең, бесігіңді түзе» деген екен. Сол сөздерді сәл-пәл өзгертіп: «Болашағымыз жар­қын, бақытты болсын десеңіз – денсаулығыңызды күтіңіз», – деген болар едік.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор

Тараз қаласы