НАҚТЫ ҚАДАМ ІСКЕ АСУДА

НАҚТЫ ҚАДАМ ІСКЕ АСУДА

НАҚТЫ ҚАДАМ ІСКЕ АСУДА
ашық дереккөзі

Республикалық «Ғылым қоры», «Нұр-Отан» партиясының «Бірлік» филиалымен бірлесе отырып, Астана қаласының орта мектептерінің дарынды оқушылары мен олимпиада жеңімпаздарының қатысуымен Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласы аясында мектеп оқушыларын ғылымға үйіріп, иландыру мақсатында «Жастарды ғылымға шақыру» конференциясын өткізді.

Конференцияны Қордың төрағасы, ғылым докторы Қ.Уәлиев аша отырып, өзі басқаратын қордың атқарып жатқан қызметтері мен қаржыландырған ғылыми жобалардың нәтижесіне, әртүрлі жобалардың ерекшеліктеріне қысқаша тоқталып, келешекте оқушылардың ғылыми инновациялық жобаларын Ғылым комитетімен бірлесе отырып, қаржыландыру механизмінің болашағы жөнінде сөз сөйледі.

Оқушылармен өткен кездесуге «Бірлік» филиалының өкілі Ғалым Жұмжаев, «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығының басшысы Саясат Нұрбек және «Назарбаев Университетінің» профессоры Жұмабай Бакенов қатысты.

Олар өз тарапынан өмірбаяндарын, ғылыми дәрежеге жеткен жолдарын,­ бүгінгі күнде жасалып жатқан білім бағдарламаларының ішінде мектеп оқушы­ла­рына, олардың болашағына көп көңіл бө­лініп отырғанын айтты. Сөз соңында XXI ғасыр білім заманы екенін, терең білім алуға талпынған, еңбектенген оқушыларға барлық жағдай жасалып жатқанын ескертіп, оқушыларды ғылым жолына шақырды.

Кездесу барысында қазақ-түрік лицейі, №64 мектеп лицейі, «Нұр-Орда» және тағы да басқа мектеп оқушылары өздерінің ұсыныстарын айтып, артынша жауабын алып отырды. Әсіресе «Зерде» мектебінің өкілі Фархад Жұмабаев бастаған олимпиада жеңімпаздары қатты қызығушылық танытып, өздерінің көкейкесті сұрақтарын қойып, қажетті жауабын алып жатты.

Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов министрлікте өткен кеңейтілген аппараттық жиналысында Қазақстан мемлекеті жалпы әлемдік рейтінгіде 72-орыннан, 51-орынға көтерілгенін айтып, бұл көрсеткіш біздің Елбасының жүргізіп отырған саяси бағытының нақты орындалуының куәсі және 21 позицияға жоғары көтерілуімізге білім мен ғылым жүйесіндегі заманауи динамикалық қайта жаңарудың да өз үлесін тигізгенін атап өткен еді. Бұл үлкен серпіліс біздің еліміздің ғылымының дамуына және мектеп оқушыларының ғылымға бет бұруына ықпалын тигізуі тиіс.

Кездесу соңында конференцияға қатысқан қонақтар мен оқушыларға ақ жол тіленіп, осындай игі шаралар еліміздің бес қаласында өткізілуін жос­парлап отырғаны хабарланды.

Атқарылып отырған жоспарлы жұмыстар орта мектептегі оқушылардың ғылыми жұмыспен айналысуға және келешекте ғылыми мамандық таңдауға себебін тигізеді деп сенеміз.

Алмасбек Байшекеев,

«Ғылым қоры» қызметкері