«АЛАШОРДА» ӘР ҚАЗАҚТЫҢ ТӨРІНДЕ ТҰРСА...
«АЛАШОРДА» ӘР ҚАЗАҚТЫҢ ТӨРІНДЕ ТҰРСА...
Жуырда Алматыдағы Мұхтар Әуезов мұражайында жаңа бір жинақтың тұсаукесері өтті. «Алашорда» атты бұл жинақ Алаш қайраткерлерінің өмір жолы, саясат кеңістігіне шығу кезеңі, Алаш ұлт-азаттық қозғалысының қалыптасуы мен Кеңестік дәуірдегі қуғын-сүргін мезгілінің суреттерін қамтуға тырысқан екен.
«Алаш туы астында,
Күн сөнгенше сөнбейміз.
Енді ешкімнің Алашты қорлығына бермейміз!
Өлер жерден кеттік біз,
Енді мәңгі өлмейміз!
Жасасын, Алаш, жасасын!» деп жырлады Сұлтанмахмұт Торайғыров бір кездері.
Иә, қазақ барда Алашқа қызмет ету бір сәтке де тоқтамақ емес. Өйткені Алаш дегеніміздің өзі – қазақ, мемлекет дегеніміз. Ал Алашқа қызмет етуді тоқтату дегеніміз – ұлтқа қызмет етуді тоқтату деген сөз. Сондықтан жоғарыда өзіміз мысалға келтіріп отырған Сұлтанмахмұттың «Алаш туы астында, күн сөнгенше сөнбейміз» деп жырлауының жаны бар. Сол Алашқа қызметтің бір көрінісі – жуырда ғана жарық көрген «Алашорда» фотоальбом кітабы. Бұл құнды еңбектің авторы – алаштанушы, журналист Болат Мүрсәлім. Болаттың алаштануға қызмет етіп жүргені бұл бір емес. Бұған дейін ол белгілі режиссер Халила Умаровпен бірге «Алашорда» атты деректі фильмді түсірген еді. Ал бұл құнды еңбектің маңызы да, мәні де жоғары. Бұл кітапта Алаш жұртына өмірлік азық болатын құнды суреттер жарияланған. Бұл кітапта қазақтың, Алаштың қайраткер азаматтарының жүріп өткен жолы, тағдыры жатыр. Бұл құнды еңбекте олар бастан кешкен нәубетті жылдардың фотошежіресі жатыр. Сондықтан бұл кітапты қолына ұстаған әрбір жан өткен күндердің ащы шындығынан өзіне сабақ алары даусыз.
Тұсауы кесіліп отырған жинақтың ерекше құндылығы, бұрын – соңды еш жерде жарияланбаған суреттердің альбомға енгізілуі. Тұсаукесер рәсімінде сөз алған фотоальбомның авторы әрі құрастырушысы Болат Мүрсәлім: «Альбомға енген суреттер Гүлнәр Міржақыпқызы, Дәулет Тынышбаев, Рүстем Бірімжанов, Сырым Бөкейханов сияқты Алаш қайраткерлерінің ұрпақтары мен жеке қорынан, әдебиеттер мен мұрағаттардан алынды. Он шақты сурет алғаш рет жарияланып отыр. Оларды шетелдік мұрағаттардан алдық. Мәселен, альбомдағы Ресей думасына депутат болған Алаш арыстарының фотолары тұңғыш рет жарияланып отырған дүниелер» дегенді айтады.
Тұсаукесер рәсімінде «Нұр Отан» ХДП-ның жауапты хатшысы Ерлан Қарин: «Шынымды айтсам, бұл еңбектің жарыққа шығуына менің еңбегім шамалы. Бұл еңбектің көбі кітаптың авторы, әрі құрастырушысы Болат Мүрсәлімдікі. Бұл жерде тағы бір азаматты ерекше айтқым келіп отыр. Осы кітаптың шығуына атсалысқан Исланбек Салжанов деген кәсіпкер жігіт бар. Мемлекет мүддесіне, ұлтқа қызмет ету – ол әркімнің парызы. Осындай ұлттық маңызы бар түрлі жобалар болады. Соған демеуші іздеген кезде, кәсіпкерлердің көбі тартынып қалып жатады. Осындай кезде нағыз ұлтжанды азаматтың табылып жатқанының өзі қуаныш. Осы тұрғыда келгенде, Исланбек Салжановтың азаматтығын өте жоғары бағалауымыз керек.
Соңғы жылдары Алаш тақырыбына қатысты небір жақсы туындылар, құнды деректер жарық көріп жатыр. Мұның өзі қуантарлық жағдай. Біз тек монографиялық еңбектер шығарумен ғана шектелмей, түрлі форматтағы дүниелерді шығаруды да қолға алсақ. Қандай істі, қандай жобаны қолға алсақ та, оған баланың көзімен қарау керек екен. Ол шыққан дүниеміз тек кітап сөрелерінде жататын болса, онда ол жобаның жүзеге аспай қалғаны. Сондықтан фотоальбомның шығуы – бұл үлкен маңызы бар жағдай. Себебі бұл жинаққа жас балалардың үңіліп, ерекше қарап отырғанына қарап, бұл жоба жүзеге асқан екен деген ойға келдім. Осы кітапты кімге бермейін, олардың бәрі кітапты парақтап, ұзақ отырып қалады. Ол суреттерден көп нәрсені көргендей, көп дүниені тапқандай болады. Әлихан Бөкейханов: «Ұлтқа қызмет ету – ол білімділіктен емес, мінезден» деп айтқан екен. Фотоальбомдағы бала кезіндегі, жастық шағындағы, орта жасқа келген кезіндегі суреттерін қарап отырып, сол мінезді барлық жерден байқайсың. Нешеме дүниеден өткен, нешеме сынақты бастан кешірген, нешеме сауалдан өткен, бірақ мінез көзінде де, өзінде де тұр. Бұл суретті жас балалар көрген кезде осыны сезінсе екен, көрсе екен деп ойлаймын. Бұл кітапты үлкен жұмыстың бастамасы етіп қарауымыз керек. Мұндай жинақтардың басқа да формалары көптеп шығуы керек. Бұл суреттерді ғаламторға да салуымыз керек. Аз ғана кітапты тек кітапханаларға жібергеніміз, көпшілікке толық жете қоймайды. Қазір бұл фотоальбомды сұрап жатқан жандар өте көп. Шетелдерден де сұраулар келіп жатыр. «Көрейікші, білейікші, бізде де болсын» дегендер көп. Бәріне бірдей жеткізу қиын. Сондықтан ғаламторға орналастырудың жобаларын ойлап, қарастыру қажет. Қазір «Алашорда» кз» сайтын іске қосуды ойлап отырмыз. Бұл сайтқа осы кітаптағы, басқа да туындыларда шыққан материалдарды қойсақ деген ой бар. Өйткені қанша мектеп бар, қанша жоғары оқу орындары бар. Себебі біздегі оқулықтарға сене алмайсың. Мәселен 10-сыныптағы тарих оқулығын қарап отырсам, ашаршылық туралы бір ғана абзац жазылыпты. Бұдан мектеп оқушысы не түсінеді, ештеңе көрмейді. Интернетте болса, кез келген мектептің мұғалімі, жоғары оқу орнының оқытушысы көшіріп басып алады, суреттерін алады. Бүгінгі фотоальбомның ішінде суреттер ғана емес, түрлі құжаттардың көшірмелері бар. Балаларға қандай жақсы үлгі? Мұстафа Шоқай қалай оқыды? Халел мен Жаһаншаның империялық академияны үздік бітіргендері, бұл олардың білімге деген қандай құштарлығын көрсетеді. Мұстафа Шоқайдың оқуға түсе салысымен бір жылдан кейін үздік оқушы атануының өзі неге тұрады?! Бұл Мұстафа Шоқайдың ғана феномені десек, келесі жылы Қызылордадан тағы бір бала оқуға түсіп, үздік болып шығды. Бұл сол кездегі қазақ жастарының, қазақ азаматтарының білімге деген құштарлығын көрсетеді. Менің үнемі Алаш қайраткерлеріне қызығатыным, үлгі тұтатыным – олар тарихпен де айналысты, ғылыммен де айналысты. Әрбір Алаш қайраткері саяси күрескер болды. Ағартушы да болды, мал дәрігері де болды. Күрескен кезде, қолдарына қару да алды. Ұлт мүддесіне қызмет еткен тұста, рухани жобалардың басы-қасынан табыла білді. Роман да жазды, тарихпен де айналысты, биологиямен де айналысты. Тіпті, ресейлік ғалымдардың өзі Әлихан Бөкейхановты академиялық масштабтағы ғалым деп таниды. Қазір біз жалпылама тарихты көрсетіп жатырмыз, енді жеке-жеке тармақтар бойынша жазуымыз керек. Алаштың әскери тарихын көрсеткеніміз абзал. Менің тағы бір ойым, ХХ ғасырдың 16-17 жылдарындағы Қазақстандағы әскери жағдайларға байланысты карталарды жарияласақ. Сонда ғана біз олардың қандай жағдайларда қандай шешім шығарғанын түсінеміз? Сол карталарды жаңалап, жастарға түсіндіре алсақ деп ойлаймыз. Әлі де атқарылар жұмыстар көп. Мына кітапты Алашорданың 95 жылдығына деп арнап шығардық. Кеше 90 жылдығын атап өтіп едік. Уақыт зымырап барады. Енді бес жылдан кейін 100 жылдығы келеді. Соны қалай атап өтеміз, оны осы күннен бастап ойластыруымыз керек. Осыған орай, Айдос Сарымның ұсынған бастамасы бар. Мен оны толық қолдаймын. Қоғамдық комитет құрып, ұсыныстарды жинауымыз керек. Бес жыл тез өтеді. Атап өту дегеніміз, конференциялар өткізу емес қой. Керек десеңіз, Алаш қайраткерлеріне қойылған ескерткіштер де жоқтың қасы. 20 жылда салынған ескерткіштерге қарап отырсақ, кеңестік кезеңмен салыстырғанда, екі есе артық ескерткіштер салған екенбіз. Бірақ әлі де керек. Әлиханның шағын мүсіні Семейде тұр, шағын мүсіні Ақтоғайда тұр. Алматыда жоқ, Астанада жоқ. Мүсін жасағанда қалай жасау керек? Жуырда ғана украиндық ғалымдардың мақаласын оқып отырсам, олар: «Соңғы жиырма жылда Украинада салынған ескерткіштерге қарайтын болсақ, жаңа салынған ескерткіштер мен кеңестік кезеңде қойылған ескерткіштер бір типте» деп жазады. Бұл шын мәнінде көзқарастың өзгермегенін көрсетеді. Жаңа тәуелсіз мемлекет құрып отырған мемлекеттерде сол баяғы стильмен, сол баяғы көзқараспен жасалған дүниелер көп. Жаңашылдық керек. 2017 жылды «Алаш» жылы деп ұсыныспен шықсақ, оны мен қолдаймын. Мұның бәрі не үшін керек? Олардың өмірбаяны, жүріп өткен жолы бізге үлгі. Тәуелсіздікке бір күнде жетпегеніміз үшін, сол жолда қанша адамдарды құрбан еткенімізді білу үшін қажет», – деді.
Фотоальбом тақырыптық-хронологиялық жүйе негізінде мазмұнына қарай алты бөлімнен тұрады. Олар: «Атқан таң!», «Оян, қазақ!», «Алаш автономиясы», «Жанпида», «Абақты жолы», «Тағзым». Альбомға 350-ден астам фотодерек енген. Жинақтың бір ерекшелігі сол, әр суретке қатысты түсініктер қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде берілген. Жинақты құрастырушы Болат Мүрсәлім қилы кезеңдегі арыстардың азат жолындағы күресін фотодеректермен айқын көрсете білді.
Ұлттық рухтың оянуына да мұндай игілікті дүниелердің септігі тиері анық. Сондықтан өнегелі істері мен жалындаған ғұмырларын ұлтының жолына арнап кеткен ұлыларды ұлықтау – бүгінгі ұрпақтың басты мұраты. «Алашорда» фотоальбомын парақтап қараңызшы. Жалындаған жастық шағындағы фотосурет пен абақтыдағы фотосуреттің арасында қаншама жол айырығы жатыр. Бірақ қандай зұлмат болса да, олардың бойындағы ұлттық рухты, ұлттық жігерді сөндіре алмаған. Олардың көздеріндегі сол от, сол жалын өше қоймаған. Өйткені олардың қайраткерлік жігерін ештеңе де, ешқандай дүние де жоғалта алмайтынын дәлелдеп тұр. Әрине, кешегі күн мен бүгіннің арасында жер мен көктей айырма бар шығар. Бірақ бір есте сақтайтынымыз – Алаш ұлдарының асқақ армандарының туы әлі жығылмағандығы.
Осы себептен келгенде, Алаш арыстарының дүние танымын зерттеп-зерделеудің қаншалықты құнды дүние екені даусыз. Аз ғана таралыммен шыққан бұл фотоальбомның еліміздің түкпір-түкпіріндегі ағайынға толығымен жете қоймайтыны ғана өкініш тудырады. Грузия жұрты «Жолбарыс терісін жамылған батыр» кітабын қастерлеп, қыздың жасауына қосады екен. Ендеше, «Алашорда» атты фотоальбом барша қазақтың төрінде неге тұрмасқа?! Бұл әрі Алаш ұранын ту еткен бабаларымызға деген ерекше құрметіміз болар еді.
Гүлзина Бектасова