БУРАБАЙДАҒЫ КЕЛЕЛІ ЖИЫН
БУРАБАЙДАҒЫ КЕЛЕЛІ ЖИЫН
«Қазақстанның әлеуметтік модернизациясы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай жиырма қадам» атты бағдарламалық мақалада бұқара халықты әлеуметтік қорғау мен бейімделуді дамыту жүйесіне Елбасы арнайы тапсырмаларды белгіледі.
Жер шарының 10 пайызы – мүгедек адамдар. Бүгінде Қазақстанда 563 мыңға жуық мүгедек адамдар тұрады, оның ішінде мүгедек балалардың саны 58 мыңдай. Қазір бұл көрсеткіш өсуде, себебі – демографиялық өзгерістер, экологиялық жағдайлар, қайғылы оқиғалар мен халықтың биологиялық қартаю процесі.
«Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы еліміздегі барлық азаматтардың өмірін жақсартуға және олардың өмір сүру деңгейін жоғарылатуға, соның ішінде мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың әлеуметтік тұрақтылығы мен халықты қорғауға бағытталған әлеуметтік саясатты жүзеге асыруға бағытталған түрлі қызметтер атқаруда.
Осыған орай «Қазақстанның мүгедектер конфедерациясы» РҚБ «Нұр Отан» ХДП-мен бірге Бурабайда «Мүгедек адамдардың құқығын қамтамасыз ету» атты дөңгелек үстел өткізді. Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – мүгедек жандардың өз мүмкіндігін көрсетуіне, өзін танытуына қолдау көрсету мен мүмкіндігі шектеулі адамдардың белсенділігін дамытуға, заңдық қамтамасыз етуде көмек көрсетуге және олардың құқықтары мен мүмкіншіліктерін қорғауға мүмкіндік беретін қоғам құру.
Шараға «Үміт» мүгедектерге көмек көрсету қоғамдық қорының директоры Б.Башаров, «Құс жолы» қорының өкілдері қатысты. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры және «Казкоммерцбанк» АҚ-мен бекітілген «Құс Жолы» қайырымдылық қоры 2005 жылдан бастап өз кәсібін жаңа бастаған мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Жұлдыздарға қара» атты жобасын жүзеге асырды. Ағымдағы жылда аталған жоба Қазақстанның 16 аймағында өтіп, оның жалпы қоры 8 млн. теңгені құрады.
Дөңгелек үстел барысында мүгедек жандарды әлеуметтік қорғау, елімізде мүгедектердің қоғамдық көліктерге, тұрғын үйлерге, қоғамдық, және өндірістік ғимараттарға, әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне кедергісіз кіруді қамтамасыз етуді қадағалау сияқты мәселелер талқыланды. Мүмкіндіктері шектеулі азаматтар өздерін қоғамнан тыс жанбыз деп есептегенмен, олар тағдыр тауқыметін көтеріп, өзгелерге үлгі болуда.
Едіге БЕКТАС