Жаңалықтар

КЕДЕНДІК ОДАҚТЫҢ ЕЛЕУЛІ ТАБЫСЫ

ашық дереккөзі

КЕДЕНДІК ОДАҚТЫҢ ЕЛЕУЛІ ТАБЫСЫ

2010 жылдың 1 қаңтарынан Ресей, Қазақстан және Белоруссия Кедендік одаққа енгені мәлім. «Кедендік одақтың берері не, кемшілігі неде, Қазақстан экономикасына қандай пайдасы бар?» деген сауалдар әлі де қоғамда өте көп талқылануда.

Кедендік одақ туралы Елбасы: «Қазақ­стан, Ресей және Беларусь арасындағы кедендік одақ біздің елдің ықпалдастыру бастамамыздың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Ресеймен, Беларуспен бірге біздер бірыңғай команда құрдық, ол әр мемлекеттен үштен бір өкілдерден тұратын және әр мемлекетті барлық келіссөздерде білдіретін болады. Бұл экономикалық жағынан тиімді болады. Барлығын да жыл аяғына дейін аяқтау қажет және егер қаңтардың 1-інде Кедендік одақ жұмыс істейтін болса, онда бұл біздер үшін өте пайдалы және маңызды болмақшы», – деген еді бұрынғы вице-премьер Өмірзақ Шөкеевті ЕурАзЭҚ Кедендік одағы комиссиясының жетінші отырысында Мәскеуде өткен келіссөздерге орай қабылдауында.

СОНЫМЕН КО-ТЫҢ ПАЙДАСЫ НЕ?

1. Әкімшілік кедергілердің алынуы. 2011 жылдың шілдесінен бастап, одақтың ішіндегі кедендік постылар алынды. Демек, одаққа мүше мемлекеттер арасындағы сыртқы сауда жанданды. Реконструкция және даму Еуропа банкінің мәліметтері бойынша, Ресей, Қазақстан және Беларусь арасындағы тауар айналымы күрт артқан. 2010 жылдың соңына қарай Одаққа мүше үш ел арасындағы тауар айналымы 46,2 пайызға артып, 935,9 миллион долларды құраса, 2011 жылдың соңында 2 есеге дейін артқан.

КО аумағында кедендік рәсімдеуді тоқтату кәсіпкерлердің өзара тауар айналымына да оңды әсерін тигізуде. Қазақстан кәсіпкерлері арасында Ресей мен Белоруссиядан келетін арзан импорттық тауарлардың жаңадан бой көтере бастаған Қазақстан кәсіпорнын тұншықтырады деген қорқыныш басым болды. Алайда бүгінде ол қорқынышқа орын жоқ деп айтуға болады. Ортақ кедендік баж салығын енгізу экономикалық саясатты үйлестіруге жол ашты және 2009 жылғы дағдарыстан шығуға жақсы әсер етті.

2. Кедендік баж салығын КО-ға мүше емес, үшінші елдерден келетін азық-түлік өнімдері үшін арттыру.

Бұл шара одаққа мүше мемлекеттердің ішкі азық-түлік нарығын қорғау үшін енгізіліп отыр. КО-ға мүше емес елдерден келетін азық-түлік өнімдерінің қымбаттауы аталған мемлекеттердің ішкі нарығын дамытуға және азық-түлік корпорацияларының бой көтеруіне мүмкіндік жасайды.

Тек 2010 жылдың екі айының өзінде үшінші мемлекеттерден әкелінген азық-түлік өнімдеріне салынған баж салығының түсімдері 7,6 млрд. теңгеге өскен. Ресей мен Белоруссиядан әкелінген тауарларға салынған қосымша құн салығы негізінде 7 миллиард теңгеге өскен. Тек 2010 жылдың өзінде кедендік түсімдер 66 пайызға артқан.

Қытайдан әкелінетін арзанқол өнімдерді шектеу – отандық өнімді қолдауға бағытталған.

Кедендік одаққа мүше елдердің мемлекеттік органдары Қазақстан Кедендік одақ ықпалымен (ішкі тарифтердің өзгеруі есебінен емес, әкімшілік кедергілердің жеңілдеуінен және ақша айналымының жылдамдатылуынан) – машина және құралдар, азық-түлік тауарлары, жеңіл өнеркәсіп тауарлары арзандайды деп болжайды. Маусымдық көкөністер мен жеміс-жидектер, Қырғызстан арқылы импортталатын Қытайдан әкелінетін тауарлар, ескі автомобильдер қымбаттайды.

Кәсіпорын субьектілерінде салық салудың айырмашылығы (Қазақстанда 30 пайызға дейін жеңіл) Қазақстанды КО аясында оффшорлы аймаққа айналдыруда. КО-ның басқа мүшелері Қазақстанда салықтарды өз деңгейіне дейін көтеруді және әкімшілік шараларды күшейтуді көздеп отырған жоқ. Керісінше Қазақстан деңгейіне дейін төмендетуді мақсат етуде.

Есен БАЙНҰР