Жаңалықтар

ЕҢБЕГІН ЕЛІ ЕЛЕГЕН

ашық дереккөзі

ЕҢБЕГІН ЕЛІ ЕЛЕГЕН

Кәсіби тұрғыда білікті маманның ғылыми дәрежесі де жоғары – техника ғылымдарының докторы. Қазақ политехникалық институты мен Алматыдағы Халық шаруашылығы институтының түлегі. Оның аты «Қазақмыс» шеңберімен шектелмейді. Өйткені шекараларға бағынбайтын ұлы күш – білімділік пен сауаттылық Ержан Арыстанбекұлын шет мемлекеттердегі талай жақсы мен жайсаңға сыйлас дос әрі еңбегін жоғары бағалайтын әріптес еткен.

ҚР Президенті Н.Назарбаев өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында «Әлемдік өркениеттің барлық құндылықтары, барлық экономикалық және мәдени байлықтар виртуалды қаржы институттарымен емес, адамның еңбегімен жасалады. Сондықтан біздің әлеуметтік жаңғырту саясатының негізіне шынайы өндірістік еңбекті қоюға тиіспіз. Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясы көз жетпейтін көкжиекте ойлап табылмаған. Бұл – практикалық, прагматикалық идея. Ол маған тіпті етене жақын, өйткені мен қазақстандықтар жақсы білетіндей, өзімнің кәсіби жолымды «ақ саусақтар» секілді кабинетте де, паркетте де емес, жұмысшы-металлург ретінде бастадым. Ал бұл, атап айтсам, нағыз кәсіп болып табылады! Қанша жыл өтсе де, бұл еңбек мектебін ұмыту мүмкін емес. Бүгінде еңбек – ХХІ ғасыр жағдайындағы шешуші ұлттық фактор ретінде, жаһандық бәсекелестік жағдайында алдыңғы кезекке ілгерілетілуі тиіс. Еңбек адамының беделін көтеру қажеттігі туралы осы идеяларды мен қазақстандықтардың хаттарынан, сондай-ақ әлеуметтік жаңғырту міндеттеріне екпін түсірілетін менің Жолдауым мен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясында сөйлеген сөздеріме Қазақстанның барлық бұрыштарынан келген үнқатулардан оқып жүрмін. Қазақстан қоғамындағы лайықты еңбек тақырыбы кең көлемді пікірталас пен қолдау туғызды десем, артық айтқандық емес» деп жазған. Еңбек жолын Елбасы сияқты қарапайым жұмысшылықтан бастаған азамат – Ержан Арыстанбекұлы Оспанов та елге үлгі боларлық тұлға. Алғашқы еңбек жолы мен мансаптық баспалдағы көгілдір көлдің жағасына жайғасқан әсем қала Балқаштан басталған. Қарапайым инженер-металлург ретінде бастаған Ержан Оспанов бүгінде талайға өнеге болған білікті басшы. Өз мамандығына шын берілген маманның еңбек жолына көз жүгіртсек, жоғарыға қарай жетелеген әр қадамы аянбай тер төккен еңбекқорлығы мен мақсатқа жету жолындағы табандылығын көрсетеді. Оның өмірінде мұндай қадамдар көп болды. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін Балқаш мыс қорыту зауытына шарпыма пештерге балқытушы боп жұмысқа кірісті. Мыстың қыр-сырын жіті зерттеуге сеп болған да осы кезең. Жас жігіттің бойындағы кез келген мәселені шешудегі парасаттылық пен ұшқырлықтың ұшқынын байқаған цех басшылығы оны алдымен мастерлікке, одан кейін аға мастерлікке, сосын бөлім бастығына тағайындайды. Адал еңбегі еленген Ержан Арыстанбекұлы цехтың бас инженері, Балқаш кен-металлургия комбинатының өндірістік-технология бөлімі­нің бастығы, кейінірек Балқаш мыс қорыту зауытының директорлығына көтеріледі. Сараптамалық жұмысқа бейім оны тәжірибелі металлургтердің бірі ретінде «Қазақмыс» корпорациясының басшылығы ғылыми-техникалық департаменттің директоры, сосын «Қазақмыс» корпорациясының металлургия және өндіріс департаменті директорының бірінші орынбасарлығы лауазымын сеніп тапсырады. Көп ұзамай Е.Оспанов «Қазақмыс» ЖШС Басқармасы төрағасының корпоративтік және техникалық даму істері жөніндегі орынбасары әрі техникалық директоры болады. Бұл қызметті Ержан Арыстанбекұлы 4 жыл абыроймен атқарды.

Тоқсаныншы жылдардың басында нарықтық қатынастарға түзілген жаңа заман туды. Бұл кезең мамандардан металлургия саласын бес саусағындай білетін терең білімділікті ғана емес, экономика саласына қатысты мәселелерді жан-жақты саралайтын сауаттылықты талап еткен. Бұл 1993 жыл еді… Осы кезде Қазақ мемлекеттік экономикалық университетін тәмамдаған. Ержан Оспанов инженер-металлург дипломына экономист мамандығын меңгерген дипломды да қосып үлгерген еді. 2003 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Металлургия және байыту институтында диссертациясын қорғап, техника ғылымдарының кандидаты атанады.

Мыс өндіру технологиясының қыр-сырын жетік меңгерген Ержан Арыстанбекұлы Оспановтың кәсіби біліктілігі жоғары. Өндірістік міндеттерді тиімді шешудегі ұтқырлық әрі қолға алған кез келген шаруаны дөңгелетіп әкететін көшбасшылығы да бар. Ұжымды соңына ерте білетін қасиеті мен өзіне сеніп тапсырылған жұмысты асқан жауапкершілікпен орындауы – іскерлік қасиетінің тағы бір қыры. Адами құндылықтардың осы шоғыры өмірдегі келешек қадамдарына оң ықпал еткені сөзсіз. Оның бойындағы бірнеше қасиетті ескерген «Қазақмыс» корпорациясының басшылығы оған кәсіпорынның ең ірі «Балқаштүстімет» өндірістік бірлестігінің жетекшілігін сеніп тапсырды. Ол өзінің алғаш еңбек жолын бастаған ұясына қайта оралды. Бірақ бұрынғыдай қарапайым жұмысшы ретінде емес, бас директор ретінде. Оның осы лауазымда қызмет атқарған кезінде «Қазақмыс» корпорациясы үшін экономикалық және әлеуметтік тұрғыда аса маңызды саналатын нысан – күкірт қышқылын кәдеге асыру цехының құрылысы аяқталды. Зауыттың іске қосылуының ар­қасында Балқаш өңіріндегі күн тәртібінде тұрған бірнеше экологиялық маңызды мәселе өздігінен шешімін тапты. Ванюков агрегаттарына түбегейлі реконструкция жасалды. Осының арқасында пештердің қызмет көрсету мерзімі бір жарым есеге ұлғайтып, балқыту бойынша өнімділікті сағатына 130 тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Мұның барлығы да Балқаштағы катодтық мыс өндірісінің көлемін үздіксіз ұлғайтудың нәтижесінде іске асырылған еді. Мансап баспалдағының келесі қадамы «Қазақмыс» Корпорация­сы» ЖШС металлургиялық кешенін дамыту жөніндегі атқарушы директорлығына алып келді.

Терең сараптамалық ақыл, адамдармен қарым-қатынастағы қарапайымдылығы, тәртіптілігі мен байқампаздығы – оның бойындағы ізгі қаисеттердің жиынтығы. Ержан Арыстанбекұлы жұмысшыға да, мастер мен инженерге де бірдей қарайды. Балқаш өндірістік алаңындағы еңбек ұжымы мен балқаштықтар арасында ол өз кәсібінің білікті маманы ретінде де, қатардағы қарапайым азамат ретінде де үлкен беделге ие болып, ел сыйлайтын тұлғаға айналды. Балқаш өндірістік алаңының еңбеккерлері мен Балқаш қаласының тұрғындары Ержан Оспановты бірнеше рет Қарағанды облыстық мәслихатына депутаттыққа сайлауы – соның айғағы. Қазіргі таңда Ержан Арыстанбекұлы балқаштықтар мүддесін облыстық деңгейде қорғап жүр.

Мыс қорыту процесіне қатысты проблемаларды терең білуі, табиғатына тән парасаттылығы мен іс жүзінде көргендері ғылыми тұрғыда сабақтастыруға деген орасан зор құлшынысы Ержан Арыстанбекұлын қолдағы барға қанағат еткізбеді. Ол білімін мыс өндірісі технологиясын кешендік жетілдіру бағытында жалғастырып, оның соңы үлкен ғылыми еңбекке ұласты. Қарағанды қаласындағы Әбішев атындағы ХМИ-да Е.Оспанов металлургия саласы бойынша докторлық диссертациясын абыроймен қорғап шығып, техника ғылымдарының докторы атанды. Халықаралық информатизация академиясының академигі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, техника ғылымдарының докторы, профессор В.Малышев оның диссертациялық жұмысына білдірген пікірінде Ержан Арыстанбекұлын ғалым ретінде аса жоғары бағалаған.

Еңбек жолын ғылыммен ұштастырған металлург ғалымның еншісінде 40 ғылыми еңбекпен бірге отандық және шетелдік ғылыми-техникалық журналдарда металлургия туралы жарияланған көптеген мақаласы бар.

Бүгінгі таңда Ержан Арыстанбекұлы «Қазақмыс» корпорациясының стратегиялық тұрғыда дамуында аса маңызды қызметтердің бірі – Техникалық департаменттің шикізатын орташамерзімдік болашақта кешенді пайдалану қызметін басқарады.

Ержан Арыстанбекұлы Оспанов өз білімін экономика саласында да кәдеге асырды – Ресей Федерациясы Үкіметінің жанынан ашылған Халық шаруашылығы академиясын тәмамдап, «Іскерлік әкімшілік маманы» курсы бойынша диплом қорғады. Оның өнегелі ісіне қарап «Қазақмыс» корпорациясының тек металлургия саласында тауар өндірумен шектеліп қалмай, бүкіл республика бойынша отандық экономиканың дамуына қомақты үлес қосуға қауқарлы ғалымдарды, кәсіби біліктілігі аса жоғары тәжірибелі мамандарды тәрбиелеп отырған үлкен кәсіпорын екендігіне көз жеткізесіз.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ