ҰЛЫ ЕРДІ СӨЗ ЕТКЕН

ҰЛЫ ЕРДІ СӨЗ ЕТКЕН

ҰЛЫ ЕРДІ СӨЗ ЕТКЕН
ашық дереккөзі

“Едіге” тарихи романы хақында

Таяуда белгілі қаламгер Кәмел Жүністегінің баспадан жаңа шыққан «Едіге» тарихи романы қолымызға тиді. Кітап Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару бағдарламасы» бойынша шығыпты. Ұлытауда сүйегі жатқан ер Едігенің қайраткерлігінен, өнегелі өмірінен ептеп хабардар едік.

Ұлы дала «ұлтымды ұйыстырам» деп, ұлы мұрат жолында жан қиған Ұлы тұлғалардан кенде емес. Қазақ жеріндегі кез келген тау-тас, сай-сала елім деп еңіреп өткен ерлердің қилы тағдырынан сыңси сыр шертеді. Алтын Орда тұтастығын, Дешті-Қыпшақтағы қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт дәуренді сақтау мұратына бүкіл өмірін сарп еткен оғландардың бірі – осы Едіге.

Кеңестік кезеңде тұлғаларымызды тілге тиек ете алмаушы едік. «Үндеместерден» тығылып, пештің түбіндегі күбір-сыбырдан аса алмадық көбінесе. Ал Алаштың мұңын мұңдап, атойлап алға шыққан санаулымыз атылды, шабылды, қамау-қапастарға айдалды. Өткеніміз өшіп, кеңес идеологиясы бізге – қазаққа «көшіп-қонып, жабайы жүрген жерімізден жинап алып, ел қылғанын» үйретті. Сонау сақтан, тіпті, әріден тамыр тартқан тарихымызды теріске шығарды. Сөйтіп жүргенде Тәңір жарылқап, тәуелсіздікке ие болдық. Қолына қалам ұстаған қаламгер-ғалымдарымыз, міне, сол кезден бастап қазақты тануға, танытуға тырысуда. Осы кітапқа пікірін білдірген жазушы Қалихан Ысқақ «…Едіге туралы мынау туындысы әзірге ешкім шиырлап үлгермеген тың дүние екен. Кезінде өткеннің саясаты тарапынан жауы көп еді, егемендік алған соң дауы да кем түсіп тұрған жоқ. Біреулер ары тартады, біреулер бері тартқысы келеді, арада шындықтың беті шиырланып, оқырман дүдәмал ойға тап келетін кездері болады» деген екен. Шындығы осы. Ал, Кәмеңнің «Едігесі» – мұрағаттарда көз майын тауысып, ел ішіндегі аңыз-әпсәнәларды зерделей жүріп, жылдар бойы сомдалған тұлға.

Едіге – елі үшін жаралған ер. Ақ сүтін берген Алашының адал перзенті. Олай демеске ше?! Ел ішінен бүлік шығарып, таққа таласқан Тоқтамысты жазалау үшін Арқа арқылы қуа шыққан Әмір Темірдің қалың қолының жолындағы бейқам халықты астыртын адам жіберіп, алыс өңірлерге көшіртіп жіберуі шын жанашырлықтың белгісі емес пе?! Темірдің кеңесінен шыға сала сенімді серігі Түнболатты шақырып алып: «Ұлытау асқан қашқынды қуған ауыр қолдың бағытында қалың Найман, Арғын жатыр, ауыр қолға ас керек, ермек керек. Тектен тек жапа шегер, алысқа көшсін» – деп хабар жіберткендігі жайлы осы кітапта жазылған. Бұл жолдарды оқи отырып, дүйім елді аман алып қалған Едігенің бүгінгі ұрпағының кейбірі байлықты жиып алып, шетел қашатын «әдетіне», ұсақтығына ішің ашиды.

Кітапта Едігенің ерлік істері, қолбасылық қасиеттері тәптіштей көркем баяндалыпты. 1399 жылы Алтын Орданы күйрету үшін поляк, литва, орыс және немістің Тевтон орденінен қол жинап келген Тоқтамысқа Ворскла өзенінде шамалы әскермен күйрете соққы бергеніне кез келген жан тамсанары анық. Ұлан-байтақ шекарамызды бекітіп, бүгінде әлемдегі ең үлкен тоғызыншы ел болуымыздың өзі осындай ақиық ұлдардың арқасы емес пе?! Түбі бір түркінің түтінін түтетіп, азуын айға білеп, әлемге айбат шеккен атажұртын аман-есен бізге жеткізген батыр бабалардың батырлығын мойындайсың, масаттанасың мұндайда.

Жалпы алғанда кітапта бір ғана Едіге туралы емес, түркі әлемінің тұтас бір дәуірінің тыныс-тірлігі жөнінде әңгіме өрбиді. Бір мақалада бүкіл кітапты баяндап шығу қиын, әрине. Кітап көркем, жатық тілде жазылған. Бір деммен оқылады. Біз мақаламызда, Кәмел Жүністегін асыра дәріптеп, мақтауын келістірейін деп отырған жоқпыз. Себебі, жазушының өзі, өткені жалпақ жұртқа бізсіз де аян.

Кәмең 1962 жылы қазақпын деп бас көтерген жастармен бірге «Елін сүйген ерлер партиясын» (ЕСЕП) ұйымдастырушы деп айыпталып, Зейнолла Игілікұлы екеуі Сібірге айдалды. Елге аман келген соң-ақ қолына қаламын алды. Ғұмыр бойы «үш әріптің» қадағалауында жүріп, «Едігеге» дейін «Дос көңілі», «Көне хикая», «Көксеу», «Көксеңгірдің тасында», «Соңғы Абыз», «Ұлы пайғамбар және ұрпақтары», «Шырағдан», «Қоңыр Құлжа», «Мөрші», «Арманым оттан өрілген», «Вожак» кітаптарын, «Құба белдер» трилогиясын, «Тар заман» спектаклін жазды. Зерттеу саласында да қалам сілтеп, өлкетанушы ретінде танылды. Шет өңірінен шыққан Шортанбай жырау, Дия қажы, Қақпан ақын, Төлеубек, Хасен, Жәкен, Тәшен, Маясар, Түсетай, Сәрінжіп, Оқа ақындардың шығармашылығын іздеп тауып, жария етті. Қыздарбек, Әбди, Сембек күйшілердің, Абылай ханның күйлерін зерттеп, жазушының айтуымен «Зұлмат жылдар», «Кенесары жұртында», «Тасқа тұнған құпия», «Дойбы тас», «Қыздарбек күйші», «Шортанбай жырау», «Жәкен ақын» атты бейнетаспалар, деректі фильмдер түсірілді. Заманынан озып туған Бәйсейіт би, Жанқұтты шешен, Дүйсенбай, Қара билердің, Жидебай, Сеңкібай, Жарылғап, Ағыбай, Дәріпсалы, Сазанбай батырлардың өмір жолын, ұлағатты ісін жарыққа шығарды.

Ал, қолымызда ұстап отырған соңғы еңбегі жарыққа шықпас бұрын белгілі сөз зергерлерінің лебізін алып үлгерген екен. Кітаптың қолжазбасы қолына тигенде Қалихан Ысқақ: «Кәмел жұрт жайлап кеткен сарыжұртқа соқпайтын әдетімен Едігені өзінше зерттеп, өзінше пайымдаған екен, бұйыртса, оқырман қолына бір ғана Едіге туралы емес, өткендегі тарихи оқиға, тарихи қайраткерлер жөнінде тәуір бір шығарма тиетін шығар деп ойлаймын. Қашанда тарихтың қарыспа желіне қарсы тұратын «сорлы» қазақтың ерлігі жайында бір парақтың беті ашылған сияқты» деп ойын білдіріпті. Қалекең осылай деген шығармаға ойлы оқырман, таразы уақыт әділ бағасын берер. Біз тек орасан түркі дүниесінің заңғар ұлы, Ұлы би, батыр, ер Едіге жөніндегі кітаптың көпшілікке айтар сыры терең екенін жеткізгіміз келеді.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Қарағанды қаласы