Жаңалықтар

ӨЗЕГІН ТАРТЫП ӨТКЕННЕН

ашық дереккөзі

ӨЗЕГІН ТАРТЫП ӨТКЕННЕН

Астанада ортамызға қайта оралған «Ақ жол» мен «Шолпан» кітабының тұсакесері өтті.

Еуразия ұлттық университетінде Алаш арыстары атсалысқан «Ақ жол» газеті мен «Шолпан» журналының кітаби нұсқасының тұсаукесер рәсімі болды. Бұл рәсімге ҰҒА академигі Сейіт Қасқабасов және ақын Фариза Оңғарсынова, қоғам қайраткері Мырзагелді Кемел, алаштанушы бір топ ғалымдар арнайы келіп, жаңа шыққан кітап туралы өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Тұсаукесердің кіріспе сөзін университет проректоры, алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы Дихан Қамзабекұлы ашып, 1920-25 жылдары Ташкент қаласында шығып тұрған «Ақ жол» газеті мен «Шолпан» журналының кітаби нұсқасына ақын Ханбибі Есенқарақызы басқаратын ОҚО саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайы ұйтқы болғанын жеткізді. Құрастырушының қазақ баспасөзінің тарихын, әдебиетін зерттеушілікке жасап отырған игі қадамы екенін атап өтті.

Жиналған көпшілікке Ханбибі Есенқарақызы «Ақ жол» газеті мен «Шолпан» журналы жайлы сыр шертіп, мәнді мағлұматтар берді. Сөз арасында «Ақ жол» кітабының 1, 2 – томдарына газеттің 38 саны топтастырылғанын, әлі қолда 613 нөмірі барын сөз ете келіп, солардың бәрін жинақтаса, 30-35 том болатынын ескертті. Еңбекті шығару барысында Санкт-Петербург, Орынбор, Мәскеу, Ташкент, Алматы қалаларының мұрағаттарын, ұлттық кітапханаларын аралап, кәнігі ғалымдардай еңбектенгеніне куә болдық.

Басқосуда Қазмұхамет Күлетов редак­торлық еткен «Шолпан» журналы 1922-23 жылдар аралығында жарық көріп, онда әдеби, рухани және саяси мақалалар жарияланып тұрғаны және Алаш арыстарының ең таңдаулы шығармалары жарияланғаны тілге тиек болды. Бір айта кетері, басылым материалдарын төте жазудан қазақшаға мұражайдың ғылыми қызметкері Ғалымбек Елубайұлы көшіріпті. Әзірге жинақ 1000 данамен шығарылып отыр.

Шынында да «Алаш аманатын арқалаған «Ақ жол», «Ақ жолға» — ақ тілек», «Еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі «Ақ жол» газетінің рөлі» секілді кіріспе сөзден де көп нәрсе аңғаруға болады: ақын Ханбибі Есенқарақызы мен ақылдастар алқасының мүшесі, филология ғылымдарының докторы Дихан Қамзабекұлы және тарих ғылымдарының докторы Хазретәлі Тұрсын жазған бұл кітапқа Тұрсынбек Кәкішев, Мәмбет Қойгелді, Тұрсын Жұртбай сынды белгілі ғалымдар да атсалысқаны көрініп тұр.

Базарбек ТҮКІБАЙ

Астана