ҚАЖЫЛЫҚТА – ҚАЗАҚТАР

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ Меккеден хабарлайды:

Мекке… Пайғамбарлар жүрген мүбәрак мекен. Мойынсұнған мұсылманды фәни мен бақи дүниенiң бақытына бөлейтiн қасиеттi Құранның аяты аян болған берекелi де бейбiт қала. Қасиеттi Қағба… Күллi мұсылман жүзiн бұрып, сәждеге бас қоятын Алланың үйi. Тынымсыз тәуап етiлетiн, пайғамбарлардың атасы – Ибраһимнiң (ғ.с.) iзi қалған iзгiлiк бастауы. Қағбаға қарап та сауап жиясың. Бәрi iзгi ниетке байланысты. Қажылық… Адамға ұл, Құдайға құл болған барша мұсылманның арманына айналған құлшылық. Мүмкiндiгi болған пендеге парыз амал. Көзбен көрiп, жүрекпен сезбей, көп сөзбен жеткiзу әсте мүмкiн емес.

Жүзi басқа жүрегi бiр, түрi басқа тiлегi бiр әлем мұсылмандары ұлық сапармен Меккеге жиналды. Бай мен бағланның, патша мен пақырдың, министр мен мүсәпiрдiң басын қосқан қажылық басталды. Бәрi Тәңiрдiң алдында тең. Екi құлаш матаға оранған отандастарымыз да осында. Бейресми деректерге қарағанда, биыл парызын өтеушiлер саны 5 миллионнан асады. Сол 5 миллионнан астам адамның 5500-i елiмiзден барғандар. Оларға отандық 20 туристiк компания қызмет етуде. Жыл сайынғы дәстүрге сай, Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербiсәлi хазреттiң тапсырмасымен қажылық миссиясының құрамы жасақталып, биыл да үлкен жауапкершiлiкпен игi iске кiрiстi. Қажыларға қызмет көрсету жұмысын жетiлдiру әрi оңтайландыру мақсатында қажылық компания басшылары да осы жылы миссияға мүшелiкке ендi. Елiмiздiң Сыртқы iстер министрлiгi де Дiнбасының ұсынысын қабыл алып, бiлiктi төрт дәрiгер бөлдi. Ақ халатты абзал жандар қажыларымыздың денсаулығына жiтi көңiл бөлiп, қажеттi дәрi-дәрмектермен қамтамасыз етуде.

Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасының Аппарат басшысы Балғабек Мырзаев миссия мүшелерiнiң кеңейтiлген мәжiлiсiн өткiздi. Арнайы жұмыс тобының кезектi жиынына ҚМДБ қажылық бөлiмiнiң меңгерушiсi, тәжiрибелi маман Қанат Бекжанов, уағыз-насихат тобының имамдары, осы топтың жетекшiсi, дiни басқарманың уағыз-насихат бөлiмiнiң бас маманы Алтынбек Ұтысхан, бiлiктi дәрiгерлер, қажылық компания директорлары, журналис­тер қатысты. Басқосуда әр сала бойынша жүктелген мiндеттердiң орындалуын қадағалау, насихат тобының жұмысын жетiлдiру, уағыз тақырыбын пысықтау, қажыларға дер кезiнде ем-дом көрсету, олардың саулығын жiтi қадағалау, қажылық ережелерiмен таныстыру, күнделiктi ас-ауқатпен қамтамасыз ету т.б. мәселелер талқыланып, тиiстi тапсырмалар берiлдi.

«Дiнге, халыққа қызмет ету – Алла алдындағы абыройлы iс. Одан асқан бақыт жоқ. Сауап сабырлықпен, ыждаһаттылықпен, ықыласпен келедi. Сондықтан кейбiр үлкендi-кiшiлi қиыншылықтар кездесiп жатса, оған төзiмдiлiк танытумыз тиiс. Құрметтi әрiптестер! Қажылардың қажетiнде болу – бәрiмiзге ортақ iс. Алла алдындағы пенделiк парызымызды абыроймен атқарып, Дiнбасы тапсырмасын тыңғылықты, жауапкершiлiкпен орындап, ортақ iстi жұмыла жүзеге асыруға атсалысайық», – дедi Балғабек Мырзаев.

Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасы биыл да әр қажылық компанияға уағыз-насихат жұмыстарын жүйелi жүргiзу мақсатында имамдар бөлдi. Қажылық миссиясы қарамағындағы 100-ге жуық имам-молдалар жерлестерiмiздiң өзге дiни ағым өкiлдерiнiң жетегiнде кетпеуiн қадағалап, насихат жұмыстарын жүргiзуде. Миссия мүшелерi имамдардың уағызына қатысып, жұмысын қадағалап, оларға тиiстi нұсқаулар беруде.

ҚМДБ Аппарат басшысы Б.Әбдi­қайымұлы, қажылық бөлiмiнiң меңгерушiсi Қанат Бекжанов, уағыз-насихат тобының жетекшiсi Алтынбек Ұтысхандар миссия мүшелерiн толғандырған сауалдарға жауап қатты. Қажылық компанияларының жетекшiлерi, тәжiрибелi дәрiгерлер миссия жұмысын одан сайын жетiлдiре түсуге қатысты ұсыныс-пiкiрлерiмен бөлiстi.

Қасиеттi жерге барып, қажылық парызын өтеушi отандастарымыз елiмiздiң бiрлiгi мен ынтымағын тiлеп, екi дүниенiң бақытын жалбарына сұрауда. Бiз де өз тарапымыздан сауабы мол осынау ғибадаттарыңыздың қабыл болуына тiлектеспiз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Умра умраға дейiнгi аралықтағы (кiшi) күнәларды шаяды, ал хаж мабрурдың (шынайы қажылықтың) сыйлығы – тек жәннат», – деген. Алла тағала баршамызды құлшылығы, қажылығы қайырымен қабыл болған құлдарынан етiп, қос дүниеде қуанышымызды арттырып, жүздерiмiздi жарық еткей.

Айта кетерлiк жайт, елiмiзден жыл сайын қажылыққа барушы жерлестер саны артып келедi. Мысалы, былтыр парызын өтеушiлер қатары 4 мың болса, биылғы көрсеткiш – 5500. Олардың денi – қазақтар. «Қажылықта – қазақтар». Тақырыпты таңдаудың мәнi осы едi.

Back to top button