ЗЕКЕТ – ҚОҒАМДЫҚ ӘДІЛЕТТІҢ АЙҒАҒЫ

ЗЕКЕТ – ҚОҒАМДЫҚ ӘДІЛЕТТІҢ АЙҒАҒЫ

ЗЕКЕТ – ҚОҒАМДЫҚ ӘДІЛЕТТІҢ АЙҒАҒЫ
ашық дереккөзі

«Зекет» сөздік бойынша «тазарту, артылу, өсу» мағыналарын береді. Шариғат термині ретінде «белгілі деңгейдегі мал-мүліктің белгілі бір бөлігін Алла Тағала белгілеген кейбір мұсылмандарға мүлік етіп беру» дегенді білдіреді.

Зекет мүміндердің Алла Тағаланың әмірлеріне бас ию тұрғысындағы шынайылықтарын көрсеткені үшін «садақа» деп те аталған.

Сондай-ақ зекет ғибадаты берген адамды күнәдан арылтып, қалған мал-мүлкін әр түрлі жаманшылықтардан қорғайды және ол адамның рухани мәртебесін көтереді.

Дәулетті кісі мал-мүлкін қайдан тау­ып, қайда жұмсағаны жайында, яғни халал немесе харам табыстарынан және зекет, садақа, қайырлы амалдарға жұмсау сияқты істерінен Алла алдында есепке тартылады. Ол дәулетінің белгілі бір бөлігін кедейлерге беруге міндетті болып, байлығы тұрғысынан үлкен сынақ тосады. Сондай-ақ басқа құлшылық міндеттерімен қатар (намаз, ораза, қажылық) осы зекет деген сынақтан табысты өте алса, Алла Тағаланың разылығына бөленіп, жәннаттағы игіліктерге қол жеткізуге үміт етеді.

Зекет Құран кәрімде жиырма жеті жерде намазбен бірге аталады. Осынша көп аталуы оның маңыздылығының белгісі. Тек бір жерде ғана (муминун сүресі) намаз зекеттен бөлек түрде аталады, сонда да намаз оқығандардың зекет берушілер екендігі баяндалады. Мұның себебі «дене арқылы атқарылатын» және «мал-мүлік арқылы атқарылатын» деп екіге бөлінген ғибадаттарда намаз бен зекеттің бірінші орында әрі тең бағалы болғандығынан. «Намазды толық орындаңдар, зекет беріңдер». (Бақара с. 43.аят.)

Зекет – дәулетті адамның мұқтажға деген Алла белгілеген қарызы. Құранда: «Сұраған мұқтаждың немесе ар-намысынан себеп сұрамағанның байлықта белгілі бір хақы бар» (Зәрият с. 19 аят);

Алла елшісі (с.а.с.) «малыңның зекетін бергенде кедейдің өзіңнің малыңдағы ақысын төлеген боласың», – деген.

Сондықтан зекет нисаб мөлшерінен артық мал-мүлікке ие болғандардың кедейлерге байлықтарының белгіленген бөлігін беріп, қалған мал-мүліктерін өздеріне халал етуі болып табылады. Зекет арқылы қауымда тұрақты деңгей, әділет пайда болады. Дәулетті адамның мал-мүлкі тазарады және толығымен иесіне халал болады.

«Зекет бергендер де тазарып құтылды», – деген (муминун с.4 аят.) аят кәрима зекеттің екі дүниеде де маңызды екенін білдіруде.

Зекет – Исламның адамзатқа сыйлаған маңызды негіздерінің бірі. Зекет арқылы қоғамдағы кедей-кепшік пен жетім-жесірдің, пақыр мен мүсәпірдің қиыншылықтары белгілі мөлшерде жеңілдейді. Кәміл иман иелері дәулеттерінен зекет беріп, садақа тарату және басқа да қайырымдылық амалдарымен қиналып жүрген мұқтаждардың сауабын алып, Алла Тағаланың разылығынан үміт етеді.

Қоғамның пақыр және қиналып жүрген мүшелеріне жәрдем ретіндегі қайыр-садақалар қоғамдық үйлесімдік пен тәртіптің жалғасуын қамтамасыз ететіндігінен өкініші дүниеде, ахиретте берекенің көзі болып, адамдарды бақытқа кенелтеді.

«Жақсылықтың сыйы тек жақсылық қана емес пе ?» – деген (Рахман с.60 аят) аят кәрима бойынша зекет пен қайырымдылық істер адамдарға көптеген рахмет пен мейірім есіктерін ашып, жаманшылықтың есіктерін жабады.

Кедей мен мұқтаж адамдардың көңілін жұбатып, оларға аялы алақандай көңіл тыныштығын сыйлай білудің ең кәміл де ең үздік көріністері, әрине Пайғамбарымыздың (с.а.с) үлгілі өмірінен байқалады.

Табиғин – Абдуллаһ әл Һәрәуи Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жомарт екенін білетін еді. Бірақ тағы да күмәнсіз көз жеткізбекші болды. Бір күні Хәләб деген жерде Пайғамбарымыздың (с.а.с.) азаншысы Біләл Хабашиді кездестірді. Бұл жақсы бір мүмкіндік болды. Дереу Алла елшісі (с.а.с.) жайлы сұрай бастады.

–Уа, Біләл! Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қайыр-садақа жасауы туралы айтып берші. Сонда Хазірет Біләл былай деді: «Алла тарапынан Пайғамбар етіп жіберілген күннен бастап, дүниеден өткенге дейін Алла елшісінің (с.а.с.) көптеген істеріне өкілеттік жасайтынмын. Мәселен, құзырына бір мұсылман келген кезде оның кедей екенін көретін болса, маған білдіретін еді, мен барып қарыз алып, сол адамға жейтін және киетін нәрселер әкелетін едім. Бір күні мүшріктердің біреуі алдымнан шығып:

–Уа, Біләл! Мен баймын, мүм­кіншіліктерім мол, бұдан кейін өзгелерден қарыз сұрап жүрме, менен ала бер ! – деді.

– Мен солай жасадым. Бір күні дәрет алып азан айтуға дайындалып жатсам, сол мүшрік бір топ саудагерлермен біз жаққа қарай келе жатыр екен. Мені көре салысымен:

– Ей, Хабаши! – деді.

– Не болды? – дедім. Ол мүшрік маған жаман көзбен қарап, түрін өзгертіп, ауыр сөздермен балағаттады да, артынан:

– Айдың басталуына неше күн қалды? – деді. Мен болсам:

– Жақын қалды, – дедім. Ол:

– Төрт-ақ күн қалды. Сол күн келгенде сендегі бүкіл қарызымды алатын болайын. Мен ол ақшаларды сенің құрметіңе берген жоқпын, менің құлым болуың үшін бердім. Уақтысында бермейтін болсаң, бұрындары атқарғаның сияқты қайтадан қойларымды бағатын боласың, – деді.

Мұндай сөздерді естіген соң, әрине қатты ренжідім. Барып, азан шақырдым. Құптан намазын оқытып болған соң Пайғамбарымыз (с.а.с) үйіне, жанұясына қайтты. Мен де барып, Алла Елшісімен кездесуге рұқсат сұрадым. Рұқсат берілген соң ішке кірдім де:

– Уа, Алланың Елшісі! Қарыз алып жүрген мүшрік, ай басында ақшаларын қайтаруымды талап етті. Сіздің де, менің де төлеуге шамамыз жетпейді. Маған рұқсат етіңіз Исламға жаңа кірген тайпаларға бас сұғайын. Алла Тағала өз Пайғамбарына ризық беріп, менің орныма қарыздарымды төлегенге дейін сонда қала тұрайын, – дедім.

Пайғамбарымыздың (с.а.с) рұқсатымен шығып, үйіме оралдым. Қылышымды, қанжарымды, найзамды және аяқ киімімді алып, басымның астына қойдым. Мазасызданып, түннің жартысы ауа әрең ұйықтадым.Таңертең ерте оянып, жол жүруге дайындалып жатқанымда сырт жақтан біреудің:

– Біләл! Алла Елшісі сені шақырып жатыр! – дегенін естідім. Сол жаққа қарай жүре бастадым. Пайғамбарымыздың (с.а.с) есігінің алдында үстіне жүк артылған төрт түйе тұр екен. Рұқсат сұрап ішке кірдім. Пайғамбарым (с.а.с) :

– Біләл, сүйінші! Алла Тағала қарыздарыңды төлеуің үшін маған мал-дүние жіберді, – деді,

Мен Аллаға мадақтар айттым, шүкіршілік білдірдім. Пайғамбарымыз (с.а.с):

– Есік алдындағы төрт түйені көрдің бе? – деді. Мен:

– Көрдім, – дедім.

– Олар үстіндегі жүгімен бірге сенікі. Фәдәк бақшасының қожайыны жіберіпті. Ал енді қарыздарыңды төлей бер, – деді.

Мен Алла Елшісінің (с.а.с) айтқандарын орындадым. Жүктерді түсірдім, түйелерге жем беріп, таң намазына азан шақыруға кеттім. Пайғамбарым (с.а.с) намазды оқытып болған соң мен Бақи мазарына шығып, саусақтарымды құлағыма қойдым да:

– Кімнің Алла Елшісінде қарызы бар (алатыны) болса, келсін, – деп айқайладым. Заттарды сату, нақты ақшаға айналдыру, қарыз орнына есептеу сияқты жолдармен Пайғамбардың (с.а.с) барлық қарыздарын төледім. Алла Елшісінің (с.а.с) жер бетіндегі ешкімге қарызы қалмаған еді. Біраз ақша артылып та қалды. Кешке қарай мешітке бардым. Пайғамбар (с.а.с) мешітте жалғыз отыр екен. Барып сәлем бердім. Сәлеміме жауап берген соң:

– Не болды, не істедің? – деп сұрады. Мен:

– Алла Тағала өз Пайғамбарының бүкіл қарыздарын төледі, мүлде қарызы қалмады, – деп жауап бердім.

– Жақсы, ешнәрсе артылған жоқ па? – деп сұрады. Мен:

– Екі динар артылып қалды? – дедім.

– Олай болса, қанеки, мені сол екі динардан да құтқар, – деді.

«Оларды да садақа етіп жібер, өйткені ол екі динарды да қолдан шығарып, мені рақатқа бөлемегеніңше үйіме бара алмаймын», – деді.

Алайда екі динарды беретіндей ешкім келмегендіктен Пайғамбарымыз (с.а.с) мешітте ұзақ уақыт күтіп қалды. Соңында, екі атты адам келіп, оларға да сол екі динарға жейтін және киетін нәрселер алып бердім.

Алла Елшісі (с.а.с) құптан намазын оқытып болған соң, мені қасына шақырып:

– Жаныңдағыларға не болды? – деп сұрады. Мен:

– Алла сізді тыныштыққа қауыш­тырды, – дедім.

Мұндай жауапты естіген Пайғам­барымыз (с.а.с) «Аллаһу Әкбар» деп тәкбір айтып жіберді. Сол екі динар ақша өзінде болған кездегі қорқынышынан құтылғаны үшін Алла Тағалаға шүкіршілік етті. Сосын орнынан тұрды. Мен де артынан ердім. Бүкіл отбасы мүшелеріне бір-бірден кіріп сәлем берді. Содан кейін ғана түнейтін бөлмесіне кірді.

– Ей, Абдуллаһ (әл-һәрәуи), міне сұрағыңның жауабы! – деп сөзін аяқтады Біләл». (Әбу Дәуіт, ибн Хиббан).

Иә, Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осындай кең пейілді, керемет бір жомарттықтың өнегесі болған.

Тәубе сүресінің 60 аятында көр­сетілген Зекет алуға тиісті орындар: Пақырлар (кедейлер), Міскіндер (тақыр кедейлер), Зекет жинаушылар, Кеулін аулайтын жаңа мұсылмандар, Алла жолында (Дін қызметі жолында жүрген адамның мұқтаждығы болса, ілімі үйрену жолында, Аллаға жақындататын барлық істер), Қарызын өтей алмаған борыштыларға, Жолаушы мүсәпірлерге, «Зекет» Алла Тағаланың парызы. «Садақа» уәжіп пен нәпіл түрінде кең мағынаны білдіретін барлық қайырлы істерді қамтиды. Мысалы: қарт адамдарға көмектесу, ешкімі жоққа пана болу, науқас адамға қарайласу, білім жолында садақа жасау, мешіт, мед­ресе салу, көпір салу, жол салу, адамдар пайдаланатын ауыз су құбырын іске жарату т.б.

Жомарттық – Иманнан бастау алатын мейірім жемісі. Ал мейірім болса, басқалардағы жоқ нәрсенің орнын толтыру үшін оларға көмектесу деген сөз. Осы тұрғыда Алла Елшісінің (с.а.с) үлгі-өнеге толы хадистерінде:

«Тек екі кісіге ғана қызығуға болады. Біреуі – Алла оған дәулет беріп, соны хақ жолында жұмсаған кісі, екіншісі – Алла оған білім берген және сол білімін басқаларға да үйреткен кісі» (Әл-Бұхари, Муслим).

«Қолы ашық адам – Аллаға, жәннатқа, адамдарға жақын. Ал сараң болса, жәннәттан және адамдардан алыс, тозақ отына жақын! Ілімі жоқ жомарт- Алла Тағала құзырында сараң ғибадат етушіден де қайырлы». (Тирмизи).

«Қайыр-садақа бер де, мал-дүниеңді санай берме. Алла да саған беріп жатқан нығметтерін санап, азайтып қоймасын. Ақшаны құмырада да сақтама. Алла да сенен сақтап қояды». (Муслим).

Адамзат жаратылғалы бері қаншама ғасырлар өтсе де, қоғам өмірінде мүмкіндігінше қайыр-садақа жасауға қажеттілік әрдайым болып отырады. Қайыр-садақалар қоғамдық үйлесімдік пен тәртіптің жалғасуын қамтамасыз етеді. Сондықтан да денсаулығы жоқ науқасқа, жетім-жесірге, мұқтаж әрі күн көрісі төмен жандарға, білім жолында, пақыр мен мүсәпірге деген жомарттығымыз бен «өзгелерді -өзімізден жоғары санау» сипаты – Раббымызға деген шүкіршілік міндеттеріміз болып саналады. Шын мәнінде қолымыздағы нығметтерді мұқтаждармен бөлісетін болсақ, сол қуанышқа бөленген көңіліміз – дүниеде бақ-береке, ақыретте көмек, ал жаннатта бақытымыз болатыны сөзсіз.

Еркін КҮЗЕМБАЕВ,

«Бақалы» мешітінің имамы

Жуалы ауданы, Жамбыл облысы