ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫҢ ЖАҢА ЖҮЙЕЛЕРІ

ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫҢ ЖАҢА ЖҮЙЕЛЕРІ

ЖҰМЫСПЕН  ҚАМТУДЫҢ  ЖАҢА  ЖҮЙЕЛЕРІ
ашық дереккөзі

Елбасы биыл «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласын жариялаған еді. Ол мақаласына орай, Елбасы: «Шындығында мен даму жолының Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы атты кең ұғымға сиятын жаңа идео­логиясын ұсын­дым. Сондықтан 20 тапсырманы іске асырып қана қою жеткілік­сіз. Жалпыұлттық және аймақтық деңгейде кең көлемді идеоло­гия­лық және ақпараттық-саяси жұ­мыс жүргізу маңызды. Бұқаралық ақ­па­рат құралдарында қазірдің өзінде ақпараттық жұмыс басталып кетті. Сонымен бірге, бұл жұ­мысқа Үкімет, барлық орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, қоғамдық институттар қосы­лу­ға тиіс»,– деген еді. Осы орайда, біз жергілікті өңірлерде адал еңбекпен күн өткеріп жүрген қарапайым шаруаның еңбегін көрсетуді өзімізге мақсат тұтып отырмыз.

МАҚТААРАЛДЫҚ ДИХАНДАР

МОЛ ӨНІМ АЛДЫ

Бүгінде тек еңбекпен ғана жеміс өнетінін білетін әрбір шаруа адал еңбекпен күн көрудің жолына кіріскен. Соның бір дәлелі – оңтүстік қазақстандық шаруалардың арасында да көрініс табуда. Биыл оңтүстіктегі ағайын қызу тойға нағыз кәсіппен жетуді көздеген сыңайлы. Оңтүстік Қазақстан облысының 80 жылдық мерейтойын Мақтаарал ауданының дихандары да өздерінің нәтижелі еңбектерімен қарсы алуды ойлапты.

Кез келген ауданның экономикалық және әлеуметтік жағдайы негізінен ауыл шаруашылық саласына, оның ішінде мақта дақылын өсіріп, өндіруге тікелей байланыс­ты екені белгілі. Осы орайда, мақтааралдық еңбекшілер мақта дақылын жинап, толағай табыстарға қол жеткізіп отыр. Өткен жылы 102,0 мың га алқапқа мақта дақылы егіліп, 217,2 мың тонна мақта шикізаты өндіріліп, орташа өнімділік гектарына 21,4 центнер құраған болатын.

Ал бүгінгі күні мақташылардың қажырлы еңбегінің арқасында 241,8 мың тонна мақта шикізаты теріліп, биылғы жылы ауданға берілген 238,0 мың тонна мақта шикізатын дайындау тапсырмасы артығымен орындалды. Оның ішінде 38,6 мың тоннасы комбайндармен теріліп, жалпы жиналған өнімнің 16,0 пайызын құрап отыр. Мақта жинау науқаны толығымен аяқтала қойған жоқ. Мақта терімін мақташылар әлі де жалғастыруда.

2012 жылы барлығы 95,8 мың гектар жерге егілген мақта дақылынан орташа өнімділік гектарына 27,0-28,0 центнерді құрап, жалпы 260,0-270,0 мың тонна мақта шикізатын өндіру жоспарланып отыр.

Осынау толағай табыс күз және қыс айларының табиғи қолайсыздығына қара­мастан, тынбай еңбек еткен дихандардың қажырлы еңбегінің арқасы деп сезінген абзал.

Аталған өнімнің топталуына агротех­ни­калық шаралардың уақытылы және сапалы орындалуы, инновациялық технологияларды енгізумен қатар, мемлекет тарапынан беріліп отырған түрлі субсидиялар мен жеңілдіктердің қарастырылуы және ауданның егістік жерлерін тәуелсіз ағын сумен қамтамасыз ету мақсатында, Елбасының тікелей тапсырмасымен салынған «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» атты каналдың орны ерекше.

Мол өнім алуға болатындығына көздері жеткен шаруалар келер жылдың өнімділігіне бағытталған агротехникалық шараларды (жерді терең қопсыту, айдау, т.б.) бастап, мақта өнімділігін аудан бойынша 30,0 центнерге асыруға жұмысты бастап-ақ кетті.

Ал осынау мол көрсеткішке қол жеткізген диханшылардың еңбегі Оңтүстік Қазақстан облысының 80-жылдық мерейтойына жасаған тартуы екені сөзсіз.

«ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ – 2020» БАҒДАРЛАМАСЫ ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Соңғы жылдары оңтүстікте жұмыссыздық саны азая түскендей. Осы орайда, Оңтүстік Қазақстан облысының 5358 тұрғыны «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының аясында тұрақты жұмыс орнына орналасыпты.

Жуырда Шымкент өңірінде «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы жұмысының қорытындысы шығырылған еді. Жұмыспен қамту орталығына әлеуметтік келісімге отырған 29482 адам өз өтінішін білдірген екен. Соңғы жылдары 769 кәсіпорын 7800 әлеуметтік жұмыс орындарын ашты. Орташа жалақы мөлшері 46 мың 900 теңгені құрады. Аталмыш бағдарламаның екінші бағыты бойынша 628 адам кәсіпкерліктің негіздерін оқыды. Осы орайда, 529 адам шағын несие алып, 131-і өздерінің жеке істерін ашса, 398 адам өз істерін дамытуға қаражат құйыпты. Жұмыспен қамту бағдарламасымен айқындалған міндеттерді іске асыру барысында 2015 жылға қарай келесідей көрсеткіштерге қол жеткізіледі: жыл сайын 14-26 мың адам жұмыспен қамтылып, кедейліктің деңгейі 8,2 пайыздан 6 пайызға дейін төмендейді. Кейбір дерек көздерінде жұмыссыздық деңгейі 5,5 пайыздан аспайтын болады делінген. Бұл болса да, жұмыссыз отырған қарапайым жұртшылық үшін қуантарлық жағдай. Өйткені жалпы еңбекпен қамтылу үшін ірі кәсіпорындар мен шағын зауыттар көбірек ашылғаны абзал.

ОҢТҮСТІКТЕ МӘДЕНИЕТКЕ ДЕ ҮЛКЕН МӘН БЕРЕДІ

Жуырда облыс әкімі аппараты баспасөз қызметінің ұйымдастыруымен Оңтүстік Қазақстан облысының 80 жылдығы қарсаңында мәдениет саласында атқарылып жатқан мәселелерді талқылау мақсатында БАҚ өкілдерімен арнайы кездесу болып өтті. Кездесуде Мәдениет басқармасының бастығы К.Айдарбекова ханым соңғы үш жылда атқарылған шаруалар жөнінде баяндап берді. Облыстық Мәдениет басқарма басшысының мәлімдеуінше, бүгінде облыста 750 мәдениет және өнер мекемелері халыққа мәдени қызмет көрсетіп келеді. Олардың ішінде 433 кітапхана, 272 клуб, 13 мұражай, 8 кәсіби театр, 2 кинотеатр, 12 саябақ, 2 орталық (облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталықтары), 2 мәдениет және өнер, ойын-сауық орталықтары, 2 сурет галереясы, 1 облыстық филармония, 1 облыстық «Оңтүстікфильм» мекемесі, 1 «Оңтүстік — Цирк» мекемесі, 1 зообақ бар. Жалпы оңтүстік өңір бойынша, 2010 жылы 12487, 2011 жылы 13236, 2012 жылдың 9 айында 6450 мәдени іс-шаралар ұйымдастырылған екен. Мұның өзі оңтүстік өңір үшін үлкен жетістік екені белгілі. Қазақтың рухани-мәдени дамуына үлкен мән беруге тырысатын облыс әкімшілігінің, өңір басшысы Асқар Мырзахметов атқарып жатқан келелі істері өзінің оң нәтижесін көрсетуде.

ЖАС КЕЛСЕ – ІСКЕ…

Бүгінде оңтүстік өңірде 2 млн. 600 мыңнан астам халық қоныстанған болса, оның 30 пайызы немесе 765 мыңнан астамы 14 пен 29 жас аралығындағы жастар. Оның ішінде елді мекендердегі ауыл жас­тары 453 мың болса, қала жастары 312 мыңды құрап отыр.

Оңтүстікте бүгінде 12 жоғары және 63 арнаулы оқу орындары бар. Сол оқу орындарында 150 мыңға жуық студент білім алуда. Ал бұл өңірде 71 жастар қоғамдық бірлестігі тіркелген екен. Оның 26-сы белсенді жұмыс атқарып келеді.

Мемлекеттік жастар саясаты ел дамуының басым бағыты болып табылады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Жастар саясатын жүзеге асыруға әрқашан да ерекше назар аударуда. Соңғы үш жылда мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруда және облыс жастарына қолдау көрсету мақсатында облыста біршама игі істер атқарылып келеді.

Өткен жылдары мемлекеттік жастар саясатын жүргізуге облыстық бюджеттен 28,7 млн. теңге бөлінген болса, биылғы жылы 2,7 есеге өсіп 77 700,0 млн. теңгеге жетті.

Сонымен бірге, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тікелей тапсырмасымен құрылған облыстық «Жастар орталығында» 22 маман, ал аудан, қалаларда құрылған «Жас­тар орталықтарында» 125 жас маман жұмыс атқарып жүр.

Елімізде жүргізіліп жатқан «Дипломмен ауылға», «Жастар практикасы», «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламалары оңтүстікте оңтайлы жүргізіліп келеді. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының 1 бағыты бойынша жыл басынан бері 2138 жас тұрақты жұмыспен қамтылса, 4261 жас кәсіби оқуға жіберіліп, 2893 жас әлеуметтік жұмыс орындарына жүр. Аталған бағдарламаның 2 бағыты бойынша 2011 жылы оқудан өткен 14-29 жас аралығында 10 кәсіпкер „Максимум“ аймақтық инвестициялық орталығы арқылы 7 550,0 теңге көлемінде несие алса, 2012 жылы 51 жас кәсіпкерлік негізінде оқуға жіберіліп, 22 жас кәсіпкер несиеге ие болды.

ҚР Үкіметінің «Бизнестің жол картасы –­ 2020» бағдарламасында қайтарымсыз мақсатты гранттарға өзгерістер енгізу туралы қабылданған қаулысының негізінде «Арнайы грант» жеңімпазын анықтауға қысқа мерзімді «Бизнес кеңесші» экспресс курсынан (жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға ретінде) өту үшін 2012 жылғы маусым – қазан айлары арасында облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры бірлесе отырып облыстың барлық аудан, қалаларында «Кәсіпкерліктің жедел курсы» атты 70 семинар-тренинг ұйымдастырған еді. Бұл бойынша 2100 жас кәсіпкерліктің базалық бағыттарын тыңдайтын болады.

Гүлзина Бектасова