«ӘЛІ ДЕ ҚАЗАҚ МУЗЫКАСЫНА ҚЫЗМЕТ ЕТЕМІН», —

«ӘЛІ ДЕ ҚАЗАҚ МУЗЫКАСЫНА ҚЫЗМЕТ ЕТЕМІН», —

«ӘЛІ ДЕ ҚАЗАҚ МУЗЫКАСЫНА ҚЫЗМЕТ ЕТЕМІН», —
ашық дереккөзі

дейді Моңғолиядағы қазақ әншісі Шұға Смайылқызы

Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайында жасаған баяндамасында Президент Н.Назарбаев: «Қазақ баласы дүние­нің қай түкпірінде жүрсе де тұтас халқының бір бөлшегі екенін еш уақытта ұмытпауымыз керек» деп қадап айтып, «…қандастар тұрып жат­қан елдерде ұлттық өнердің ке­ңінен таралуына жағдай жасауымыз керек. Біз қазақтың қаймағы бұ­зылмаған көрші елдерде ұл­тымыздың аса құнды рухани мұралары сақ­талғанын жақсы білеміз» деген болатын. Моңғолия елінде де ұлттық өнердің дамуына өз үлесімді қоссам дейтін қандастарымыз баршылық. Солардың бірі, Ұланбатырдың сахналарында қазақ әндерін әуелетіп жүрген – Шұға Смайылқызы.

Кең байтақ Моңғолия өлкесі бүгінгі таңда қазақтың ең қаймағы бұзылмай, дәстүрлі мәдениетін сақтап отырған жері боп саналады. Бұл әділетті тұжырым әсіресе оның батыс жағындағы Баян-Өлгий аймағына қатысты айтылады. Бұл аймақтың 90 пайызынан астамын қазақтар құрайды, әрі олар бірнеше ұрпақтан бері атадан қалған өмір әдісін, мал бағу тәсілін, салт-дәстүрін осы күнге дейін сақтап қалған. Осы жағдай 70 жыл бойы Кеңес үкіметінің қарамағында болып, көптеген ұлттардың арасында өзіміздің ұлттық сана-сезімімізді жоғалтып алуға жақындап қалған бізден гөрі, Өлгийдегі қалың қазаққа ана тілін, дінін араластырмай, сақтап келуге мүмкіндік туғызды. Бірақ, бұл тұрғыдан атап өтетін жайт – ішкі Моңғолияның жағдайы ерекшелеу боп келеді. Мысалы, Ұланбатырда туып-өскен қазақтар моңғол халқымен етене араласып, кейбір қазақ балалары тіпті ана тілін түсінбейтін дәрежеге жеткен. Десек те олардың арасында «қазағым» деп жүрегі соғып тұрған, төл өнерін, атадан қалған рухани мұрасын еліне насихаттап жүрген қазақтар да бар. Солардың қатарына Ұланбатырдың әншісі Шұға Смайылқызын кіргізуге болады. Бала кезінен моңғол мектебінде тәрбиеленіп, моңғолша ән айтып жүрген Шұға бүгінгі таңда осы аймақтағы аз ғана қазаққа ән өнерін арнап, ұлт мәдениетін насихаттып жүрген қазақ қызы. Биылғы айдың шілде айында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институтының «Шет елдегі қазақтардың әдебиеті мен өнері» атты ғылыми жобасының аясында Ұланбатырға жасалған экспедицияда Шұға ханыммен арнайы кездесіп, сұхбат алудың сәті түсті.

– Шұға ханым, өзіңізді таныстырып, өнер жолына қалай келгеніңізді айтып өтсеңіз…

– Өзім осы Моңғолияның астанасы Ұланбатырда туып-өстім. Кішкене кезімнен моңғол ағайындардың арасында өстім, бірақ қанымыз қазақ болғаннан кейін қазақ дәстүрін, үлкен буын өнегесін жалғастыру – біздің міндетіміз деп түсіндік. Шынымды айтсам, бала кезімде моңғол ағайынның ішінде жүргендіктен, көбіне моңғол әндерін шырқайтынмын. Ол кезде қазақ тілінде үнтаспа деген болмайтын. Сол себепті қазақ әнін алғаш рет тек 5-6-сыныптарда оқып жүргенде естідім. Әлі есімде, «Гауһартас» деген көркем фильмді көріп, сол кинода шырқалған «Гауһартас» әнін тыңдап, қатты тебірендім. Бұл – менің қазақ музыкасынан алғаш алған хабарым еді. Сонда, «шіркін-ай, осы әнді айтсам, осы әнді үйренсем» деп толғандым, шешеме барып: «Осы әнді қайдан алып үйренсем болады», – деп сұрадым. Ол да: «Қарғам-ау, оны мен білмеймін ғой», – деп шындығын айтты. Есімнен шықпаған «Гаухартасты» 8-сыныпты бітірген соң Баян-Өлгийде тұратын ағайындарыма барып сұрастырдым. Бұл қазақтың көп шоғырланған жері ғой. Ондағы ағаларым: «Қазақша ән айтатын болсаң, тауып берейін», – деп іздестіре жөнелді. Ақыры «Гауһартастың» үнтаспасы да табылып, жаттап алып, оны айта бастадым…

Осылайша қазақ әні, қазақ өнері дегенде алғаш рет маған сезім ұялатқан – «Гауһартас» болды. Өзім әлі күнге дейін мұндай классикалық әндерді сүйіп орындаймын. Бірақ бұл жерде жанды дауыспен ән айту үшін, мысалы қазақ оркестрін табу өте қиын шаруа, әйтпесе жоқтың қасы. Өзім Қазақстанда ұлттық аспаптар оркестрімен жазылған минус тауып, сонымен сүйікті әнім «Гауһартасты» және Хамидидің «Қазақ вальсін» орындадым.

– Осы жақтағы қазақтар арасында­ қан­дай бағыттағы шығармаларға сұраныс бар?

– Мұндағы ұлттық өнерді қабылдайтын қауым көбіне орта жастағы адамдар. Олар сол 60-70-жылдардың, Шәмшінің және халық әндерін жақсы көреді, сондықтан мен де осы сұраныстағы Шәмшінің туындыларын және халық әндерін айтып жүремін. Әрі өзімнің қалауым да сол.

Жоғарыда айтқандай, қазақ болғасын, қазақ өнегесін, дәстүрін жалғастыру мін­детіміз болғандықтан, Бай-өлкедегі қазақ­тар­ға өзімнің жеке концертімді қойсам деп­ армандайтынмын. Сөйтіп бұл арманыма­ жетіп, наурыз айындағы мереке күні жеке кон­цертімді Өлгий қаласының сахнасына екі күн қатарынан бердім. Құдайға шүкір, ел де жақсы қарсы алды, оған біз де бір көтеріліп қалдық.

Бұдан кейін тағы бір ойлап жүрген жоспарым – Қазақстанның, Моңғолияның, Қытайдың қазақтарымен бірге бір ән жазып, бейнеклип шығару еді. Оның да сәті түсті. Осы жаққа алғаш рет 2008 ж. Қытайдағы қазақ әншілері келді. Олармен танысып, қарым-қатынас орнатып, сол Қытайдың дарынды әншілері Айнұр Қажымоллақызы мен Дәурен Нұрқожаұлымен бірігіп, алғаш рет қазақтардың біріккен бейнеклиптер альбомын (DVD) шығардық. Сөйтіп бұл үлкен мақсатымызға да жеттік.

Ендігі бір арманым – өзімді Атажұртқа таныстырсам, Моңғолияда осындай Шұға деген бір әнші бар екен ғой деп, елдің қалауынан шығып, Қазақстанның сахнасына шығып бір ән шырқасам, әншілік жолдағы тағы бір мұратыма жетер едім.

– Әлбетте, Аллаһ бұл тілеуіңізді де қабыл алсын деп тілейміз… Әншілік өнер Сізге қайдан келді?

– Әке-шешем, бүкіл туыс-туғанымның арасында өнер иелері жоқ. Тек бір-екі ақын ағаларым бар – Сұлтан Тәукеұлы және Халифа деген кісілер. Екеуі де өлең жазады, кітаптар шығарды. Сұлтан деген ағам аздап ақыл-кеңес берген болады, басқа жағынан өзім ғана жүрем.

– Сонда кішкене кезіңізде қазақ музыкасын бойыңызға сіңіретін арнайы орта болмады ма?

– Ия, сол алғаш рет «Гауһартасты» естіп алып, «шіркін-ай, не деген әдемі ән», – деп ойладым. Қарапайым халық биік деңгейдегі классикалық шығармаларды жақтырта бермейді ғой. Мен жас бола тұра осы әннің сұлулығына тамсандым… Әлі де классикалық әндерді тыңдағанды ұнатамын. Мәселен, Бибігүл Төлегенованы тамашалап тыңдап, «шіркін, осы кісімен кезігіп, ақыл-кеңесін алсам ғой», – деп ойлаймын. Бірақ, өкінішке қарай, бұл мұратқа жету тіпті қиынға соғатын сияқты.

– Шұға ханым, негізінен Моңғо­лия­дағы қазақ композиторының әндерін айтып жүрсіз бе?

– Баян-Өлгийде композиторлар көп қой. Бірақ мен Ұланбатырда туып-өскеннен кейін, ол жердің әншілері: «Бұл мен айтатын ән», – деген соң, олардың репертуарындағы туындылардан біраз алшақтау жүрем.

– Мүмкін, өзіңізге арнап жазылған Моңғолия қазақ композиторларының шығармалары бар болар?

– Менің дауысыма арналып жазылған 2-3 ән бар. Бірақ оларды Шыңжаңға барғанда: «Қажеті жоқ, музыкасы нашарлау екен», – деп қабылдай қоймаған соң, мен де аса қарсылық білдірмедім. Бірақ болашақта ол әндерді әдемі әрлеп, нақышына келтіріп орындап, таспаға жазатын ойым бар.

– Ал Ұланбатырда өзіңіз шығар­ма­шы­лық байланыс құрған қазақ композит­ор­лары бар ма?

– Жоқ, қалада жоқ қой, дәл осы маман­дықтағы адам жоқ болғандықтан, әуес­қой­лар­дың деңгейі онша болмай тұр. Ән сөзін жазатын ақындар көп, ал композиторлар жағы тапшылау келеді.

– Музыкалық білім жағынан арнайы сабақ алғансыз ба?

– Мен өзім Ұланбатырда Моңғолияның халық артисі, опера әншісі, Москва консерваториясының түлегі Бүтед деген кісіден жеке сабақ алдым, музыкалық сауатымды да сол кісі ашты, музыкалық талғамымды да теліді. Ол кісінің өз әншілік мектебі бар, сондықтан оқыту, музыкалық тәрбиелеу жағынан тәжірибесі мол, оның үстіне халық арасында танымал маман. Бірақ есейген сайын мен моңғол әндерінен қол үзе бастадым. Себебі қазақ пен моңғол әндерін салыстыра келгенде, жаныма қазақ әндері жақын келеді. Әсіресе, термелердің сөздері деген тіпті керемет дүние ғой! Қазіргі уақытта сахнада жүргенде елдің қалауы бойынша, сұраныс мол болғандықтан, эстрадалық әндерді орындаймын. Бірақ өзімнің жаным үшін дәстүрлі әндерді жақсы көріп, көлігімнің ішінде де, үй шаруашылығымен айналысып жүргенде де осы бағыттағы үнтаспаларды, термелерді қосып қойып тыңдап жүремін. Оны естіген адамдар: «Өзің жас бола тұра, қалайша кәрі кісілер тыңдайтын әндерді тыңдайсың», – деп таң қалып та, келеке етіп те жатады. Оның үстіне бізде термелердің CD таспаларын табу қиынға соғатындықтан, Қазақстаннан арнайы тапсырыс беріп, алғызып отырамын.

Алғашында осы музыкаға жетелеп әкелген адам да моңғол халқының өкілі – мектептегі музыка пәнінің мұғалімі еді. Айналамдағы адамдарда – туыстарым мен достарымда өнерпаздар жоқ болғандықтан, өзімде де өнерге аса қызығушылық болмады. Сонда мектепте өтетін концерттер мен кештерде музыка пәнінің мұғалімі мені күшпен сахнаға шығарып, «сен жақсы әншісің, сен айтуға тиіссің», – дейтін. Одан мен де қашқақтап, еш мән бермейтінмін. Дәл сол кісі мені 8-сыныптан кейін музыка мектебіне жетелеп апарды. 60 баланың арасынан сол кезде мен ғана қабылдандым. Бұл хабарды әке-шешем естігенде олар: «Қой әрі! Өнер адамы деген өте жаман болады, бұзылып кетеді! Біздің тұқымда ондай жолға түскен адам жоқ», – деген еді. Сендер қазақтың арасында жүрген соң онша сезбейсіңдер, мына жақта біз бір қазақтың жетістіктеріне қандай қуанамыз! Мен өз басым бір қазақ сыйлық алып жатса да, өзім алғандай боп қуанамын. 60 адамның ішінен жалғыз қазақ – өзім озып шыққанымда қатты қобалжып, әке-шешеме қуанып барып мақтанып айтып отырмын ғой: «Мен музыка мектебіне жалғыз өзім өттім, 60 адамнан озып шықтым, енді конкурс т.б. демей, оқуым дайын тұр, музыканың маманы болатын болдым», – деп. Бірақ әке-шешем әлгіндей бой бермей, күштеп технологиялық оқуға түсірді. Бірақ өнерге бір келген адам, одан қашып кете алмайды екен. Сонда да осы жолға қайтып оралып, кеш те болса өзімнің сүйетін кәсібіммен айналысып, қазағымның өнерін әлі де халқыма насихаттап, оның сүйіспеншілігіне бөленіп жүрсем деймін. Оның үстіне бұл жолда менің әлі аяқталмаған мақсаттарым, орындалмаған армандарым бар. Әлі де қазақ музыкасына қызмет етермін деп ойлаймын.

– Қазақстан халқы да Моңғолиядағы Сіз сияқты дарынды, батыл қыздарды танып жүргені дұрыс деп ойлаймын. Осындай қызық әңгімеңізге үлкен рахмет, Шұға ханым. Алда мол шығармашылық табыстар тілейміз.

З.ҚАСЫМОВА,

М.О.Әуезов атындағы

Әдебиет және Өнер институтының

ғылыми қызметкері,

өнертану кандидаты