Жаңалықтар

КҮНІНЕ 7 МЫҢ БӨЛКЕ ЖЕЛІНГЕН

ашық дереккөзі

КҮНІНЕ 7 МЫҢ БӨЛКЕ ЖЕЛІНГЕН

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінде жергілікті тұрғындар көптеп жұмыс істеуде

Қазақ даласын кесіп өткен Ұлы Жібек жолы тәріздес, “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” көлік дәлізі де – Батыс пен Шығысты байланыстыратын ғасырлық жоба. Бұл жоба “Ұлы Жібек жолының” заманауи көрінісі мен жалғасы болып табылмайды, ол сонымен бірге, еліміздің саяси имиджін арттыруға тікелей оң ықпал ететін, маңызы зор жобалардың бірі болып саналады.

“Батыс Еуропа – Батыс Қытай” ха­лық­а­ралық транзиттік көлік дәлізінің құрылысы басталған кезде, жергілікті жұртшылық арасында күмән мен күдіктің де көп болғаны рас. Әрине, кез келген жобаға нар тәуекелмен, бел буып кірісіп кету оңай дүние емес. Алайда, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі туралы ә деп әңгіме басталған тұстан-ақ, бұл ірі жобаға Қазақстан, Қытай, Ресей мемлекеттері жедел іске кірісіп-ақ кетті. Осылайша, Санкт-Петербург – Мәскеу – Нижний Новгород – Қазан – Орынбор – Ақтөбе – Қызылорда – Шымкент – Тараз – Қордай – Алматы – Қорғас – Үрім­ші – Ланьчжоу – Чжэнчжоу – Ля­нью­ньган маршруты бойынша басталған халықаралық көлік дәлізінің жалпы ұзындығы 8 445 шақырым болып отыр. Ел мен елді, Батыс пен Шы­ғыс­ты жалғайтын ірі жоба экономикалық тауар айналымын одан әрмен жетілдіруге септігін тигізері хақ.

Халықаралық көлік дәлізінің Ресей Федерациясы 2 233 шақырымын, Қытай Халық Рес­пуб­ли­касы 3 425 шақырымын салатын болса, біздің елімізге жолдың 2 787 шақырымы тие­сілі болғаны да белгілі. Еліміздің Ақтөбе, Қызылорда, Оң­түстік Қазақстан, Жамбыл және Ал­маты облыстарының аумағы арқылы өте­тін транзиттік жоба бойынша, аталмыш өңірлердегі жолдардың 2 452 шақырымын қайта жаңғыртуға тура келетіні тағы аян. Оны жаңғыртудың да өзіндік сыры бар. Өйткені аталмыш өңірлерде көлік жолымен жиі қатынайтын жолаушылар ол аймақтарда жолдың нашар екендігін, то­зығы жеткен жолмен қатынас жасаудың қиын екендігін жақсы біледі. Әрі тозығы жеткен жолдарды мұндай маңызы зор, ірі жобаға қосудың өзі де қисынсыз.

Мұндай ғасырлық маңызы бар ауқымды жобаның ауқымды қаражатты талап етері белгілі. Хадисте де: «Артық қаржың болса, жол жөнде» дейді екен. Сол сияқты, бес өңірдің жолын жөндеу, жол салудың бейнеті мен зейнеті тек қаржыға келіп тіреледі. Ал бұл маңызы зор ірі жобаның Қа­зақ­с­танға қатысты бөлігінің өзінің жалпы құны 825,1 млрд. теңгені құрап отыр. Осыншама қаражатты ел қазынасынан, яғни респуб­ли­калық бюджеттен бөліп қарастыру да оңай шаруа емес. Сол себепті де, еліміз Бү­кіләлемдік банк, Ислам банкі, Азия және Еуропа банктері сияқты қаржы құю саласында ең мықты қаржы құрылымдары болып есептелетін банктердің көмегіне жүгінді.

Ал, жол салушы мамандардың пікіріне құлақ түрсек, 2 жолақты ав­тожолдың 1 шақырымын салу­ға 200 млн.теңге, ал 4 жолақты авто­жол­дың 1 шақырымын салу үшін 300-350 млн. теңге көлемінде қаржы жұмсалатын көрінеді.

Көлік қозғалыстарына кедергі тудырмау үшін 1390 шақырым жол 4 қозғалыс жолағы бар І техникалық санатқа ауыстыру көзделіп, осы нақты жобаның аясында жүзеге асқаны белгілі. Олардың арасында Қызылорда – Түркістан – Шымкент – Тараз – Алматы – Қорғас аймақтары, ал 1062 шақырым учаскелерде ІІ техникалық санат бойынша жол құрылысы өз жұмысын бастаған. Өткен 2010 мен биылғы 2012 жылдар аралығында құ­ры­лыс алаңдарына 10 мың­нан астам жол-құрылыс техникасы мен құрал-жабдықтар, лабораториялар және 50 мыңнан астам адам жұмылдырылыпты. Мұның өзі жергілікті тұрғындар үшін де маңызы зор жоба болып саналды. Әрі жергілікті аймақтарда жұмыссыздық санының азаюына да өз септігін тигізіп отыр. Қолына кетпен-күрегін ұстаған қарапайым шаруа жол салу жұмыстарына білек сыбанып кірісіп кетті.

Оның үстіне, бұл құрылыстың ел үшін тағы бір тиімді, маңызды тұсы бар. Ол жол салуға қажетті құрылыс материалдарының 86 пайызға жуығы елімізде шығарылып жатқаны. Аталмыш жол құрылысында қар­қын­ды жұмыс істеп жүрген 11 мердігер ком­па­нияның 5-і шетелдік болса, 6-ы отан­дық автожолдарды салатын ірі әрі нағыз бәсекеге төтеп бере алатын ком­па­ниялар бо­лып есептеледі. Ал, аталмыш халықаралық көлік дәлізі құрылысының жұмысын атқарып жатқан компаниялардың 69 пайызы отан­дық ком­паниялар. Еліміздегі отан­дық компанияларға басым­дық көбірек берілгендіктен ол компаниялардың шетелдік компаниялардан қалыспай, өз бағыттары бойынша, сапалы жұмыс атқара білгені абзал.

Жоғарыда өзіміз мысалға келтір­гендей, аталмыш жобаны жүзеге асыру өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге септігін тигізді. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша құрылыс жұмыстарына тартылған 4221 адамның 3927-сі, Қызылорда облысы бойынша 22 624 адамның 15 686-сы жергілікті тұрғындар. Басқа өңірлерден келген жұмысшылар саны – 6658. Ал «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистралінің құрылысына тартылған шетелдік жұмысшылардың саны 579 адамды құрап отыр.

Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Замир Сағынов аталмыш жоба алғаш басталған кезде баспасөз беттеріне берген сұхбатының бірінде: «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» құрлықаралық автожол жобасының 2787 шақырымы Қазақстан аумағымен өтеді. Соның 2452 шақырымын қайта салып шығуымыз керек. Бұл жобаны 2013 жылы толық аяқтаймыз деген жоспарымыз бар. Қазіргі таңда Қызылорда, Ақтөбе, Жамбыл облыстары аумағындағы жолдың құрылы­сын жүргізетін мердігерлер анық­талды. Ал Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша мердігерлер осы айдың соңында анықталады деп отырмыз. Құрылысты жүргізетін мер­дігерлердің келісімшарттары жобаны қаржыландыратын банктерге жіберілді. Биылғы жол құрылысына жұмсалатын қаржы берілді. Жобаны іске асыруға 27 мың адам тартылды. Яғни осынша адам жұмыс­пен қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда халықаралық көлік дәлізінің құрылысын жүзеге асыруға күніне 670 вагон қиыршық тас, 570 вагон шағыл тас, 18 вагон цемент, 15 вагон битум тасымалданып жатыр. Ай сайын 1,5 млрд. теңге шамасында қаражат төленіп отыр. Сол қаражаттан мемлекет қазынасына ай сайын 300-400 млн. теңгедей салық төленуде. Жұмысшыларды тамақпен қамтамасыз ету үшін күніне 15 ірі қара сойылады, 1,5 мың литр сүт, 7 мыңға тарта бөлке нан алынады. Күніне құрылыста 105 цистерна жанар-жағармай жағылады. Осы жұмыстың барлығын ұйымдастыру, үйлестіру әрине, оңай емес» деген екен. Одан бері де үш жыл өте шығыпты. Қарқынды басталған алып құрылыс жобасы соңғы үш жылда бірқатар көрсеткіштерге қол жеткізді.

Бүгінде алып құрылыстың ай­мақ аралық жолдары өз жұмысын қарқынды атқаруда. Солардың бірі – Ақтөбе облысына қатысты. Ақтөбе өңірі бойынша, аталмыш халықаралық көлік дәлізінің 621 шақырымы өтеді екен. Ақтөбе облысынан бастап, Ресей Федерациясының шекарасына дейінгі алғашқы 102 шақырым жолдың құрылысы басталып кеткен. Жол құрылысына қажетті қиыршық тас облыс орталығынан 300 шақырым қашықтықта орналасқан Мұғалжар тауларынан тасып әкелінген еді. Құрылыс материалдарының дені жергілікті тауарлар. Ақтөбе-Мартөк бағытындағы жолда темір жол өтетін биіктігі 11 метрлік аспалы көпір салынды. Ақтөбе өңірінде тынымсыз тірлік етіп жатқан жұмысшылардың дені – жергілікті тұрғындар.

Шындығында да, ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің деректеріне сүйенсек, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің қазақстандық құрылыс аумағында 35 мың құрылысшы еңбек етіп жатса, олардың 90 пайыздан астамы – жергілікті тұрғындар екен.

Аталмыш көлік дәлізінің жұмыс барысымен танысу үшін жуырда «Жаңа Жібек жолы» ақпараттық шеруі өз жұмысын бастаған еді. Ақпараттық шеруге шыққан бір топ делегат өз жұмыстарын Қызылорда қаласынан бастады. Қызылорда өңірі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің 812 шақырымын алып жатқан аймақ болып табылады. Өзге облыстармен салыстырғанда, аталмыш магистралдің басым бөлігі де осы облысқа тиесілі.

«Облыстағы жол құрылысы атал­ған жобаны іске асыруды қолға алған жылы басталды және бүгінде құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүруде», – деп атап өтті Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Замир Сағынов мырза. Комитет төрағасының пікіріне қарағанда, жыл соңына дейін облыс бойынша 437 шақырым жолдың құрылысы аяқталуы тиіс.

Ақпараттық шеруге шығушылар өздерінің шеруін «УАД» ЖШС битум зауытынан бастады. Аталмыш зауыт «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі құрылысы басталған жылы салынған болатын. Егер бұрын елімізге битум шет елден әкелінетін болса, қазіргі таңда аталған зауыт күніне 200 тонна битум өндіріп келеді. Ал бұл осы аймақтағы жол-құрылыс компанияларының битумға деген сұранысын қамтамасыз етуге жеткілікті.

Бұдан кейін шерушілер командасы «Тодини» италияндық құрылыс компаниясының қиыршық тас зауыты мен асфальт бетонды төсеп жатқан құрылыс алаңына келді. «Тодини» филиалының директоры Фабио Альмано қатысушыларға жол жабындысының ең үстіңгі қабаты қиыршық тасты – мастикалық асфальт бетонды (ҚМА) қолданудың ең заманауи технологиясы бойынша жүргізіліп жатқаны туралы сөз болды. Бұл жабынды қарапайым асфальт бетонмен салыстырғанда, өте төзімді келеді екен.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистралінің құрылысы барысында ірі елді мекендердің үстімен өтетін жол учаскелері шетке ығыстырылатын болады. Бұл жөнінде шеру барысында Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Замир Сағынов тілге тиек етті. Комитет төрағасының айтуынша, «ауылдың орталық көшесімен ауыр жүк көліктері өтетін ірі магистраль ауыл тұрғындары үшін өте қауіпті. Сонымен қатар, тұрғындар тарапынан олардың үлкен жылдамдықпен жүріп өтетіні туралы шағымдар көп болады. Енді «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің құрылыс жобасында осындай мәселелерге байланысты 34 ірі елді мекенді айналып өту қарастырылған. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің қазақстандық учаскесін толық қайта салып болған соң, аталған жолда жүрудің рұқсат етілген жылдамдығы сағатына 110 шақырымды құрайтын болады. Елді мекендерді айналып өтудің нәтижесінде жол жүру уақыты да біршама қысқармақ», – дейді.

Ақпараттық шеруге қатысу­шылардың қатарында профессор Карл Байпақов, автожолшы Бақытжан Мұртазин, әнші Жанна Орынбасарова, Толқын Забирова, Ринат Мальцагов, Алмас Кішкенбаев бар. Сонымен бірге тележүргізуші Мейіржан Жиенәлі мен «Еуразия» бірінші арнасының тілшісі Иван Тулинов, радиожүргізуші Тимур Сержанов та шерушілер қатарында. Ақпараттық шеруге қатысушылар үш күн бойы халықаралық көлік дәлізі бойынша 100 шақырымнан артық жолды жүріп өтетін болады.

Гүлзина Бектасова