ТҮРКІ БІРЛІГІ КІМГЕ ТҮРПІ?

ТҮРКІ БІРЛІГІ КІМГЕ ТҮРПІ?

ТҮРКІ БІРЛІГІ КІМГЕ ТҮРПІ?
ашық дереккөзі

Елбасының Стамбұлдағы мәлімдемесінен кейін Ресей саясаткерлері ашуға булықты

Стамбұлда қазақ-түрік бизнес форумына қатысқан Елбасы одан кейін Еуропаны түгел шарлауға кірісті. Чехия, Австрия секілді Еуропаның дамыған мемлекеттерінде ресми сапармен болып, мемлекетаралық келісімдерге қол қойды.

Содан бергі бір апта ішінде оның Стамбұлдағы Түркі дүниесінің бірлігі, Ресей бодандығының салдары жайлы мәлімдемесі қызу талқылануда. Әсіресе, Ресей газеттері бұл мәлімдеменің астарынан көптеген түйткілдерді түртіп шығарып, түрлі байламдар жасап байбалам салуда.

Мәселен, www.km.ru сайтында Иван Гладилиннің «Назарбаев может променять Таможенный союз на Тюркский» атты мақаласы жарияланған. Иван Гладилин «Түркиядағы Назарбаевтың мәлімдемесінде антиресейлік бағыт басым. Назарбаев – Кедендік одақтың пайда болуына мұрындық болған, осы идеяны көлденең тартқан саясаткер. Ендеше оның аяқастынан жасаған сенсациялық мәлімдемесі күдік тудырады. Бұның астарында не бар? Кедендік одақ аясындағы интеграция пантүріктік бірігумен салыстырғанда Қазақстан үшін екінші планға көшіріле ме? Пантүріктік бірлік – Ресей есебінен болатынын ұмытпағанымыз абзал», – дейді ол. Дегенмен автор бұл мәлімдеме Назарбаевтың Түркияға барғаннан кейін, шығыстық меймандостыққа берген жауабы болуы да, қазақ сыртқы саясатындағы көп векторлықтың бір қыры болуы да мүмкін екендігін жоққа шығармайды. Ол мақаласын Еуразиялық интеграцияға бұл сапардың салқыны тимеуі мүмкін, алайда оның Ресеймен арадағы интеграциялық қадамдарының шын жүректен екендігі күмәнді деп аяқтайды.

Ресейдің көптеген сайттарында Лев Вершиннің «Призрак рассоединения. Зачем Назарбаев заговорил о «свободе от России» атты мақаласы жарияланды. Онда автор «Назарбаев өзі тақта отырған ұзақ жылдарда бірінші рет Ресей мен Қазақстан қарым-қатынасының тарихи тұрғыдан жөнді болмағанын мәлімдеді. Бұған дейін ондай болмаған еді. Алайда бұған дейін «Қазақстан – қазақтар үшін» деген тезиске жол бермек түгілі, ұлттық сезімнен ада Астаналық саясаткердің аузынан мұндай мәлімдемелердің естілуі – алғашқы қадамның жасалуы деп түсінген абзал» дей отырып, Назарбаевты мұндай мәлімдеме жасауға итермелеген факторларды санамалайды. Соның бірі ретінде – Батыстың, Американың қысымын атаса, екінші мәселе ретінде ресми Мәскеудің Назарбаевтың тіреуі бола алатындығына сенімді еместігін де көлденең тартады. «Мәселенің мәніне үңілсек, Қазақстан «Каримов нұсқасын» қарастыру мүмкін екендігін мәлімдеді. Демек, бұл Еуразиялық одақ идеясының құлауына бас­тайды. Сондықтан, Ресейдің бұл қадамға жасайтын реакциясы аса қатал болмауы тиіс», – деп аяқтайды ол мақаласын.

www.ia.ru сайтына сұхбат берген «Центр» ақпараттық агенттігінің директоры Алексей Власов бұл әңгіменің бір-екі айдан кейін ұмыт болатынын және қазақ қоғамы үшін ешқандай маңызы жоғын айтады «Есть простой выбор: либо мы строим экономический союз, либо непрерывно выясняем отношения»… атты мақаласында. Ал Ресейдің Қазақстанда үстемдік құрғанын, бодандық саясат жүргізгені туралы әңгіменің ежелден айтылып келе жатқанын, бұл жайында қазақ газеттері жиі мәселе көтеретінін айта отырып, Қазақстанның алдында екі жол тұрғанын тәптіштейді. Бірі – экономикалық одақ құру, екіншісі – қарым-қатынастарын үзу. Сол себепті де, бұл қашсаң құтылмайтын тұзақ екендігін сөз етеді ол.

Расул Жұмалы, саясаттанушы:

ЕУРАЗИЯЛЫҚ ОДАҚТЫҢ

ҚҰРЫЛУЫ

МҮМКІН ЕМЕС

– Белгілі бір уақытта Қазақстанның Ресейдің боданында болғаны рас. Бұл тарихи шындық. Әрине, Африка елдерінің, Үндістанның құлдықта болғанынан өзгеше бодандық болғанын жоққа шығармаймыз. Бұл мәселе біз үшін өткен тарихтан сабақ алуға қажет. Оны әсірелеудің де, бағасын төмендетудің де қажеті жоқ. Тарихи жағдаятқа дұрыс бағасын беру – қандай бір ұлттың ұлт екенін сезіну үшін, өзінің өткенін бағалау үшін керек. Президенттің бұндай мәлімдеме жасауы – әбден құптарлық. Бұған дейін бұл мәселе бізде де талай әңгіме өзегіне айналғаны мәлім. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында тарихшыларымыз бұл мәселені жазды, қозғады, Президенттің «Ғасырлар тоғысы» атты кітабында да бұған егжей-тегжейлі баға берілген.

Ресейлік жекелеген тараптардың бұны бұрыс түсінуі – олардың өз қателігі, тарихи көрсоқырлығы. Ресей ХІХ, ХХ ғасырдағы тарихи шындықты мойындамайтын болса, соғұрлым байырғы көршілерімен араларына салқындық түсе береді.

– Ресейлік кейбір саясаттанушылар бұл мәлімдеменің астарынан ілік іздеп, жалпы еуразиялық интеграцияның шындыққа айналмауы мүмкін деген қорытынды жасап үлгерді. Оған не дейсіз?

– Еуразиялық одақты айтпағанның өзінде, Кедендік одақтың өзі біздің аяғымызға бірталай тұсау болып отыр. Белгілі бір деңгейде біз экономикалық, саудалық және кедендік лауазымдарымыздан айрылдық. Сондықтан, бұның өзі біздің тәуелсіздігіміз бен егемендігімізге нұқсан келтіреді. Ресейдің саясаткерлерінің пікірінше, Кедендік одақ шын мәнісінде, бірнеше мемлекет жасақтайтын ортақ одақ емес, бұл – Ресейдің қол астына ұлттық республикалардың қайта кіруі.. Олардың түсінігі де, ойы да осыған келіп тіреліп отыр. Олар ортақ Парламент дегенді – ресейлік Парламент деп, ортақ валютаны ресейлік рубль деп түсінеді. Путин бастаған ресейлік саясаткерлердің көздегені – баяғы Ресей бастаған Кеңес одағына қайта оралу. Бұл – ресейлік мүддеге сай болар, алайда, қазақстандық мүддеге қайшы келеді. Сол себепті де еуразиялық одақтың құрылуы мүмкін емес. Қазақстан ДСҰ-ға енгеннен кейін, Кедендік одақтың өзі құрдымға кетуі ғажап емес.

Фазылбек Әбсаттарұлы,

саясаттанушы:

БҰЛ – ХАЛЫҚ КӨПТЕН

КҮТКЕН СӨЗ ЕДІ

– Президенттің мұндай құптарлық орынды сөзінен кейін халық болып қолдау білдіруіміз керек. Себебі тарих күтіп жүрген сөз емес пе еді? Түбі айтылуы, айтылған соң баға берілуі керек қой. Әншейінде хат жазғыш зиялы қауымымыздың үнсіз қалуы таң қалдырды. Тіпті ақпарат құралдарымыздың қолдарын Ресей матап тастағанына куә болдық. Президенттің осы сөзінен кейін сынға алғандар көбейіп, керісінше Путиннің жарнамасын жиі жасады. Орыстілді бас газетіміз «Казахстанская правданың» өзі Президенттің аталған сөзін баспаған сияқты. Әлемдегі барлық орыстілді интернет ресурстары өре түрегелді. Ал енді бұлардың ұлардай шулауының астары, құпиясы мынада. Ресей, Н.Назарбаевтың құрығына оңбай түсіп қалды. Оны кеш түсінген Ресей ауқымды түрде Н.Назарбаевтың сөзінен ілік іздеп шу көтерді. Астарында Түркиямен терең интеграцияға баруына қарсылық жатыр. Президент басқа жерде емес Түркияға барып, Ресей боданы туралы орынды сөз қозғады. Н.Назарбаевтың терең саясаты мынада: түрік бизнесмендерін Кеден одағының мүмкіндіктерін пайдалануға шақыруында. Бұл арада Президентіміз өте орынды, саяси маңызды қадам жасады. Себебі Кеден одағы арқылы Ресейге толықтай экономикалық тәуелді болудан сақтану үшін Түркияға арқа сүйейтінін аңғартты. Түрік инвесторлары арқылы Ресейдің экономикалық экспансиясына тойтарыс беріп, керісінше Ресей нарығын жаулап алу мүмкіндігіміз пайда болды. Еуропа Одағынан үміттері үзіле бастаған Түркия үшін де Қазақстанның ұсынысы «іздегенге сұрағандай» болды. Еуропа одағының есік аузында күттіріп қойғанына есе қайтару үшін Еуразия одағына бүйрегі бұратындықтарын да байқатқан болатын. Осыны іле Түркияның ойын аңғарған Н.Назарбаев, Еуразия одағына қосылуы ниеттерін қызу қолдады. Түркия алдымен Қазақстан арқылы Кеден одағына ықпалын арттыруын, Еуразия одағына кіру ойын сынап көрмекші деп топшылаймын. Егер де Түркия Еуразия одағына кірер болса, Түркі одағының құрылуына сеп болар еді. Себебі жартылай түркі республикаларынан құрылған Ресей Федерациясына 80 млн. халқы бар Түркияны қоссаңыз, көп ұзамай Ресей Федерациясының Түркі федерациясына айналып кету мүмкіндігі бар. Осындай тереңде жатқан саясатты президентіміз Н.Назарбаев жүргізіп келеді. Осы қауіптен қатты сескенген Ресей Н.Назарбаевтың құрығына түсіп қалғанын кеш түсініп, енді бұл процесті болдырмау үшін жанталасып, жанұшырып жатыр. Ресейдің және әлемдегі орыстілді БАҚ-тың ұлардай шулауы осының айғағы…

Есенгүл Кәпқызы