Жаңалықтар

ҚАЗАҚ – ЕҢБЕКПЕН ӨМІР СҮРГЕН ХАЛЫҚ

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚ – ЕҢБЕКПЕН ӨМІР СҮРГЕН ХАЛЫҚ

Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары ауыл халқының біразы күнкөрістің қамымен қалаларға қоныс аударғаны белгілі. Сол кезде талай отбасының отағасы өмірдің қиындығы мен шырғалаңына шыдай алмай морт кеткенде, ана байғұс пойыздарды жағалап, күндіз-түні сауда-саттықпен айналысты. Содан ба екен, бұл ауыртпалық еркектен гөрі әйелді өмірдің қатал сынына тәрбиеледі. Отбасындағы шиеттей бала-шағаны тамақтандыру, киіндіру, оларды оқыту мәселесі, бәрі-бәрі аналардың мойнына жүктелген жоқ па?

Еңбек – тіршіліктің кілті. «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» демекші, еңбексіз адам да дәл солай. Еңбексіз адам азып-тозады, өмірден өз орнын таба алмайды. Бұрынғы тәмсілше айтқанда, адамды адам еткен – еңбек. Осы кезде Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында айтылған ұтымды пікірлері мен ойлары еріксіз еске түседі. Мәселен, Елбасы жұмыспен қамту саласын дамыту туралы айта келе: «Тәуелсіздіктің екі онжылдығы ішінде жұ­мыс­пен қамту саласы аса зор өзгерістерге тап болды. Жұмыспен қамтылған халықтың саны 700 мыңнан астам адамға өсіп, 8,4 миллион адамға жетті.

Халықтың елеулі бөлігі 1990 жылдары «мәжбүрлі жұмыссыздық мектебінен өтті».

Көптеген адамдар еңбекті өз бетімен ұйым­дас­­тыру­ға, еңбек біліктілігін өз бетімен алмастыруға қабілеттілік көрсетіп, бизнесмендерге айналды. Әрине, олардың арасында мемлекет тарапынан мақ­сатты түрдегі қолдау құралдарын пайдалана білушілер де болды.

Бүгінгі күні біз индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыру үстіндеміз.

Бұл – ел болашағы үшін нөмірі бірінші мәселе», – деп атап өткен болатын.

Елімізде жұмыссыздықты азайтуға байланысты бірнеше жылға бағытталған бағдарламалар да қабылданды. «Жұмыспен қамту – 2020», «Жол картасы – 2020» сынды мемлекеттік бағдарламалардың халыққа, әсіресе ауыл жұртына берері көп. Егер біз аймақтарда бағдарламаның жүзеге асуына айтарлықтай көңіл бөлсек, ауылдағы екі қолға бір күрек таба алмай жүрген қаншама азаматтарға үлкен мүмкіндік сыйлар едік. Оған біздің әлеуетіміз де, бөліп жатқан қаржымыз да жетерлік.

Әрине, аталмыш бағдарлама халыққа арналған. Қазіргі кезде көпшілік жұрт мұның игілігін де көріп келеді. Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз қаласында тұратын Мақсат есімді азамат «Жол картасы» арқылы біліктілігін көтеріп, арнайы маман иесіне айналғанын қуанышпен жеткізген еді. Ол жергілікті жұмыспен қамту орталығының шақыртуымен орталықта үш ай білім алып, маман ретінде арнайы сертификатқа ие болғанынан бөлек, ай сайын стипендия да алып отырыпты. Бүгінде қазақтың баласына қол емес дейтін техниканың құлағында ойнап жүрген Мақсаттың жалақысы да жаман емес.

Міне, «Жол картасы-2020» бағдарла­масының тиімді тұсы. Әрине, кей өңірде бағдарламаға бөлінген қаржыны жымқыру фактілері де жоқ емес. Халықты несібесінен айырғысы келетін бәзбір пайдакүнемдер де көп арамызда. Басқа емес, жұмыссыздарға арналған бағдарлама қаржысын жымқы­рудан тайынбайтындарға не дейсіз?! Шын мәнінде, жемқорлықтың тамырына балта шабылса, біз екі бағдарламаның да қызығын 2020 жылға жетпей-ақ көретін едік, бірақ әттең дейміз еріксіз…

Бәзбіреулер «Қазақ – жалқау халық» дейді. Бұл нағыз жала! Біздің халқымыз қашан «Алмаз піс, аузыма түс» деп аузын ашып отырып еді. Қазақ сонау көшпенді өмірінде де тек еңбекпен күн көрді. Мал бақты, егін екті. Қысы-жазы бейнеттің арқасында аузын ақтан айырған емес. Алдындағы малын жесе – ет қылды, мінсе – көлік етті. Қазақ та басқа ұлттар сияқты нарық заманына бейімделуде. Қолынан келетін кәсіптің көзін тапты да. Әрине, қоғамда әртүрлі типтегі адамдар өмір сүреді. Олардың арасында нарық талабына тез үйренісіп кете алмайтындары да баршылық. Бұл тұрғыда Елбасы өзінің аталмыш еңбегінде: «Біз жұмыс­сыздардың барлығы бірдей жұмыс істеуге ұмтылмай­тындығын да көріп отырмыз. Өкінішке қарай, адамдар арасында жаңа біліктілікті меңгеруден гөрі базарда «такси» қызметін атқаруды қалайтын психология сақталып отыр. Егер біз бәсекеге қабілетті ұлт болғымыз келетіндігі рас болса, бұл психологиядан арылу қажет! Жаңа біліктілікті меңгеру және зауытқа, өндіріске бару керек. Жас та және ересек те қазақстандық бос отырып, бәрін де сынай бермей жұмыс бар жерге, нәпақа табатын жерге қарай ұмтылулары керек! Басқа елдерде адамдар жұмыс үшін алыстағы шет мемлекеттерге барып, ешбір кепілдіксіз еңбек етуде. Ал біз өз елімізде жұмыс орындарын құрудамыз, жаңа өндірістер салудамыз. Сондықтан жұмыс бар жерге бару керек. Біз былай да жинақы, көшіп-қонуды көп бастан кешкен халық емеспіз бе!» – деген болатын.

Бүгінде жұмысы бар халықтың үштен бір бөлігін «өзін-өзі еңбекпен қамтығандар» дейтін топтар құрайды. Алайда олардың санын анықтау тәсілі шартты ғана.

Бұл санаттағылардың арасында мал ұстайтын жеке аула иелері (былайша айтқанда, ұсақ фермерлер), өз автокөліктерімен жеке тасымал жасаушылар, бірнеше пәтер ұстап, соларды жалға берушілер де бар. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың елеулі бөлігін тұрақты жұмысы жоқ еңбекке қабілетті адамдар құрайды. Сондықтан бүгінгі күні өзін-өзі еңбекпен қамтыған халықты нақты экономикаға қосуға бағытталған шараларды жүзеге асырудың маңызы зор. Үкіметке жаңа нысандарын өзін-өзі жұ­мыс­пен қамтыған халық неғұрлым көп шоғыр­лан­ған өңірлерде құру туралы мәселені шешу керек. Осыған байланысты Елбасы Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігіне 2013 жылдың 1 шілдесіне дейін өзін-өзі еңбекпен қамтығандар то­бын­дағы еңбекке қабілетті халықты нақты жағ­дайларды және жұмыспен қамту саласының перспективасын ескере отырып, жұмыспен қамтуға қарай ойыстырудың әдістемесін әзірлеуге, өзін-өзі еңбекпен қамтыған халықты ай­қындау жөніндегі жаңа әдістемені ескере оты­рып, жұмыссыздық деңгейін айқындаудың әдістемесін жетілдіруге тапсырма жүктеді.

Сонымен, «Жол картасы» бағдарламасын іске асыру үшін бюджет қаржысынан 2009 жылы 191 млрд. теңге бөлінсе, 2010 жылы бұл 151 млрд. теңгені құрады. Ресми көрсеткішке сенсек, екі жылдың ішінде 392 мыңға жуық жұмыс орны ашылған. «Жол картасының» арқа­сында көптеген нысан күрделі жөндеуден өтіп, жұмыссыз қалғандар жаңа мамандық игерді. Нақты деректерге сүйенейік, бір жылдың өзінде тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық жүйесін жөндеу бойынша 862 жоба жүзеге асырылса, 3657 мектеп пен аурухана, 368 мәдениет, спорт ныса­ны, 4793 шақырым автожол, 284 шақы­рым жылу трассасы, 1029 шақырым су­мен жабдықтау желісі, 737 шақырым электр желісі жөнделді. Ал 2011 жылдың қортындысы бойынша елдегі жұмыссыздықтың көрсеткіші – 5,4 пайызға, ал биылғы жылдың тамыз айында – 5,2 пайызға төмендеген.

Тағы бір мәселе – жұмыссыздарға тағайындалатын жәрдемақы жайы. Оны алу үшін арнайы орындарда бекітілген ереже бойынша тіркелумен қатар, сол орынның ұсынған қызметіне бару және қайта жұмысшы мамандығын алу қажет. Жоғары білімі бар жастар болсын, орта жастағы адамдар болсын, оған немқұрайлы қарайды. Ол үшін халық арасында түсіндіру шаралары жүргізілуі керек.

Айтпақшы, Елбасы министрлермен болған бір отырыста экс-министр Гүлшара Әбдіхалықоваға қарата: «Өзін-өзі қамту деген ұғым нені білдіреді? Ол қалайша өзін-өзі қамтиды? Осыны айтудың дұрыс жолы жоқ па?» деген сыңайда ескерту жасаған болатын Шынымен де, «еңбекпен өзін өзі қамту деген» деген ұғым қайдан шықты? Қолданысқа қалай еніп кетті? Біле білсек, осы ұғымның ғылыми негізделген критерийі заңдастырылмапты да. Тіпті, өзін өзі еңбекпен қамтитын адамдардың 71,2 пайызы ауылдық жерлердің тұрғындары болса, осы деңгейге жататындар жұмыспен қамтамасыз етілгендер деген көрсеткіштің үштен бірінен астамын құрайды.

Ресми деректер бойынша елімізде тұрып жатқан 16,5 миллион адамның 9,2 миллионы жұмысқа жарамдылар болса, оның 55 пайыздан астамы өндіріс, ауылшаруашылық, көліктік тасымалдау мен құрылыс салаларында еңбек ететін көрінеді, яғни бұл салалардың еңбек қорының 75 пайызын құрайды екен. Қалғандары халыққа қызмет ету салалары, білім беру, сауда, денсаулық сақтау және басқару орындарында еңбек етеді. Осы көрсеткіштерді тереңірек сараптайтын болсақ, сол салаларда жұмыс істеп жүргендердің бәрі жыл бойына үздіксіз еңбек етіп тұрақты табыс таба ма деген сұрақ туындайды.

«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына үш жылдық бюджеттен 300 миллиардқа жуық қаржы бөлінбекші. Ал алдағы жылдың өзіне бағдарламаны іске асыруға 419 млрд. теңге бөлінбек. Бұл биылғы жылмен салыстырғанда 32 млрд. теңгеге артық көрінеді. Бағдарламаның діттеген жеріне жетуі үшін «Нұр Отан» ХДП-ның аймақтардағы бақылау посттарының мамандары барынша қадағаламақ.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ