КӨГІЛДІР ДУНАЙ ЖАҒАСЫНДАҒЫ КЕЗДЕСУ

КӨГІЛДІР ДУНАЙ ЖАҒАСЫНДАҒЫ КЕЗДЕСУ

КӨГІЛДІР ДУНАЙ ЖАҒАСЫНДАҒЫ КЕЗДЕСУ
ашық дереккөзі

Австрия сапарында 19 құжатқа қол қойылды

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Австрия Республикасына жасаған ресми сапары барысында Халықаралық консультативтік кеңес мүшелерімен кездесіп, екі елдің дипломатиялық қатынастарына жоғары баға берген қос тарап жиырма жылдың ішінде үлкен табыстарға қол жеткенін атап өтті.

«Әлемдік экономикалық дағдарыс қарсаңындағы Еуропадағы экономикалық ахуал және Еуропалық одақ үшін оның салдарлары» деген тақырыпта өткен басқосуда Еуразиялық одақ пен Кеден одағын дамытудың келешегі, Қазақстанның Еуропалық одақпен ынтымақтастығын қамтитын ауқымды мәселелер кеңінен талқыланды. Сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мен Қазақстанның энергетикалық әлеуетін ұтымды пайдалануда еуропалық елдердің озық тәжірибесін енгізу мүмкіндіктеріне баса назар аударылды. Елбасы өз сөзінде кеңес мүшелерімен бүгінгі кездесудің биылғы төртінші жүздесу екенін атап өтті. «Қазір бізді Еуропалық одақтағы жағдай қызықтырып отыр. Сарапшылар Еуропалық одақтағы дезинтеграция және Баррозудың Еуропалық елдер федерациясын құру, қаржы жүйелерін біріктіру туралы ұсынысы жөнінде айтуда. Бізді бұл процестердің Қазақстанға қалай әсер ететіні қызықтырады. Біз қазір Еуропалық одақпен арадағы ынтымақтастық және әріптестік туралы жаңа келісіммен жұмыс жасаудамыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Австрия – Қазақстан тәуелсіз­ді­гін алғаш таныған елдердің бірі. 1992 жылдың өзінде екі ел арасында дипломатиялық қаты­нас­тар орнатылып, көп ұзамай Қа­зақстанның Австриядағы елшілігі ашылып, жұмыс істей бастады. Елбасы Н.Назарбаевтың бұл Австрия еліне төртінші іссапары екенін ескерсек, мемлекеттер арасындағы экономикалық-саяси әріптестік пен өзара достық жалғасын үзбей келеді. Бұл мемлекет 2011 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақ­стан­ның сауда әріптестері ара­сында бүкіл әлем елдерінің ішінде жетінші орын алған. Екі ел арасындағы сауда айналымы тек өткен жыл­дың өзінде 50 пайызға артып, 4 миллиард доллардан асып түс­кен. Бұл қарқын биыл да жемісін бермек. Ағымдағы жылдың алғашқы жар­тысында өзара сауда айналымы 3 миллиард долларға жеткенін айта кеткен жөн. Негізінен Австрия мемлекетіне мұнай, мұнай өнімдерін, минералдар, металл, мақта берсек, ал біз көлік, құрал-жабдықтар, электр техникасын, дәрі-дәрмек, тамақ өнер­кәсібі өнімдерін, ішімдіктер, темекі, т.б. өнімдерді аламыз.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев пен Австрия Республикасы Федералды президенті Хайнц Фишер келіссөздер қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдары үшін бірлескен брифинг барысында: «Австрия сауда және инвестициялар жөнінен төртінші орын ала отырып, Қазақстанның Еуропадағы аса ірі серіктесі саналады. Сондай-ақ Қазақстан да Австрия үшін кешегі посткеңестік кеңістіктегі ірі әріптес болып саналады. Атап айтқанда, мұнайдың 37 пайызы Австрия Республикасына біздің елден импортталады. Қазақстанда 100-ге жуық бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Тауар айналымы өткен жылы 50 пайызға артып, 4 миллиард АҚШ долларына жет­ті. Қазіргі уақытта біздің еліміз ауқым­ды экономикалық реформаларды жүзеге асыруда. Осылайша, біз индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асырып, оған 70 миллиард доллар бөлі­ну­де. Қазірдің өзінде 15 миллиард долларға біз түрлі жеңілдіктер жасалған 400 кәсіпорын салдық. Жер беріледі, инфрақұрылым жүргізіледі, қаржыландыруға мемлекет қатысады. Біз австриялық компания­ларды ынтымақтасуға шақырамыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Екі ел арасындағы дип­ло­матиялық қа­тынастардың ор­науына 20 жыл толуына орайлас келген бұл сапар өткен уақыт ішінде Қазақстан-Австрия қаты­нас­тарының көптеген қырларын қамтитын екіжақты ынтымақтас­тық­тың берік іргетасы қаланға­нын нақты көрсетіп берді. Бұған Елбасының өзі: «Австрия Қазақ­стан­ның Еуропа Одағындағы сенімді досы әрі басымдыққа ие әріптесі болып табылады» деген бағасы дәлел болғандай.

Мұның нәтижесінде Қазақстан-Австрия экономикалық форумы нәтижесінде жалпы сомасы 170 млн. еуроны құрайтын 19 құжатқа қол қойылды. Айта кету керек, қол қойылған құжаттардың 10-ы – инвестициялық құжаттар болып табылады және олар 158,7 млн. еуроға бағаланған. Олардың қатарында «Қазмұнайгаз» ҰҚ» АҚ мен «OMV_Petrom S.A.» компаниясы арасындағы Қазақстан аумағында мұнай мен газды бірлесіп барлау және өндіру, Түркия аумағында мұнай өнімдерінің бөлшек саудасын іске асыру, шетелдегі «OMV_Petrom S.A.» жобалары бойынша ынтымақтастық, сондай-ақ, Қазақстанда мұнай-газ машиналарын жасау салаларындағы өзара түсіністік туралы меморандум бар. Бұлардан өзге, инвестициялық жобалар қатарына Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік пен «Досфарм» ЖШС-нің қан тамыры стенттері мен катетерлер өндіру бойынша Products+Features Vertriebs компаниясымен меморандумы, сондай-ақ, «Қазақстан Темір Жолы» ҰҚ» АҚ, «Қазцентрэлектропровод» және Frauscher Sensortechnik GmbH арасындағы индукциялы сенсорлық технологиялар өндіру бойынша ынтымақтастық туралы меморандум енді.

Арнайы ке­ліссөздер кезінде Австрияның озық технологиясын Қазақстан­ның энергетика саласына әкелу жөнінде ынтымақтастық жасау мүмкіндіктері қарастырылды. Әсіресе, біздің мамандарды Австрияның қал­пына келетін қуат көздерін дамыту жөніндегі тәжірибесі тәнті етті. Бұл тұрғыда Елбасы: «Мұ­ның өзі біздің Астана қаласында «Болашақтың қуатын дамыту. Энер­гетиканың жаңа түрлері» атауымен өткізілгелі отырған «ЭКСПО-2017» мамандандырыл­ған халықаралық көрмесін өт­кі­зуге берген өтінімімізбен өте үндес ке­леді», – деп атап айтты.

Ал Хайнц Фишер өз кезегінде Қазақстан мен Австрияның екіжақты қарым-қатынастарда үлкен табыстарға жеткенін атап өтті. – Біз болашақ серіктестіктің келешегі туралы кеңінен әңгімелестік. Австрия мен Қазақстан арасындағы экономикалық байланыстар жоғары қарқынмен дамып келеді. Әсіресе, энергетика саласындағы ынтымақтастық қарқын алуда. Сонымен қатар біз Қазақстан мен Австрия арасындағы әуе қатынасы санын арттыру ниетіндеміз. Біз бір-бірімізді түрлі халықаралық комитеттерге сайлануда қолдайтын боламыз. Соның ішінде, Австрия ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитетіндегі Қазақстанның кандидатурасын қолдайтын болады. Екі жыл бұрын мен Қазақстанда болдым және ол сапардан менің көкейімде керемет естеліктер қалды. Қазақстан экономикасының жылына орташа 7 пайыз бо­латын таңғаларлықтай дамуы және

да­мыған австриялық экономика әріптестік пен өзара сенімге құрылған ынтымақ­­тастық үшін жақсы фактор болып са­налады. Қол қойылған халық­аралық автомобиль жүк тасымалы ту­ралы келісім тауар айналымын жандан­ды­руға, сонымен қатар туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді, – деді Австрия Республикасының Федералды президенті.

Елбасы Н.Назарбаев Австриядағы жемісті сапарынан кейін Чехияға табан тіреді. Екі күндік сапар аясында осы елдің басшысы Вацлав Клауспен кездесіп, қазақ-чех бизнес форумының ашылуына қатысты. Форум барысында 250 миллион доллардан астам сомадағы жобаларға қол қойылмақшы. 2011 жылдың қорытындысы бойынша, екі ел арасындағы тауар айналымы 800 миллион доллардан асты. Ал Чехиядан Қазақстанға тартылған инвестиция көлемі 206 миллион долларға жуық. Сарапшылардың пікірінше, Нұрсұлтан Назарбаевтың Чех Республикасына сапары екі жақты саяси әрі экономикалық байланысты жаңа деңгейге көтереді.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ