ТҮРКІСТАНДАҒЫ ХАН КӨТЕРУ
ТҮРКІСТАНДАҒЫ ХАН КӨТЕРУ
Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайы «Түркістандағы хан көтеру» атты тарихи қойылым ұсынды. Аталған қорық-мұражай бүгінгі күнге дейін тарихымызды насихаттау жолында сан алуан жобаларды жүзеге асырып келеді. «Түркістандағы хан көтеру» қойылымы да осындай құнды жобалардың бірі.
«Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайы аталмыш театрландырылған қойылым арқылы тарихи шындықты көрсетуге күш салған екен. Театрландырылған қойылым – қорық- мұражайдың тарихи-мәдени ескерткіштері мен жәдігерлерін насихаттаудың жаңа формасы, театр мен мұражай арасын байланыстыра отырып, мәдени-рухани дүниелерді жаңғыртуға тың серпін берді. Әрі Қожа Ахмет Йассауи кесенесінің маңыздылығын арттырды.
Түркістандағы Қожа Ахмет Йассауи кесенесі қазақ хандарының таққа отырғызылып, ел билігіне кірісетін киелі орыны ретінде де белгілі. Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Түркістанда қазақ хандары таққа отырғызылды. Көршілес мемлекеттердің елшілері қабылданды. Аса маңызды мемлекеттік мәселелер талқыланған аса жоғары мәртебелі жиындар өткізілді. Ондағы Күлтөбеде үш жүздің игі жақсылары Тәуке ханның басшылығымен қазақ мемлекеттілігін нығайтудың заңды негізі – «Жеті жарғы» қабылданды. Бір сөзбен айтқанда, Түркістан – қазақ халқының ұлттық мемлекеттілігін дүниеге әкелген алтын бесік әрі оны кемелдендірген өнегелі мектеп» деп Түркістанның қазақ тарихындағы маңызын көрсетіп берген еді.
Ұлтымыздың ұлы тұлғасы Абылай ханның 300 жылдығына орай ұйымдастырылған бұл шара тәуелсіздік алған жылдардағы алғаш рет жүзеге асырылып отырған тың жоба. Мұндай тарихи жобалар қазір әлем елдеріндегі қорық-мұражайлардың дәстүрлі шарасы ретінде мойындалды. Ресейде «Бородино» мемлекеттік әскери-тарихи қорық-мұражайы Бородино шайқасының 200 жылдығын реконструкцияланған көрініс ретінде ұсынды. Украинада «Полтава соғыс даласы» мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы 1709 жылғы Полтава даласының тарихи кезеңін көрсетсе, Чехияда Славкове қаласының тарихи музейі жыл сайын «Аустерлиц даласы» тақырыбында реконструкциялық көрме ұйымдастырып келеді.
Ал «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайы ұйымдастырып отырған осынау игілікті шараның жас ұрпақтың бойында отаншылдық сананың жетілуіне ерекше серпін берері даусыз. Әрі бұл шара ұлттың егемендігі үшін ғұмыры мен күш-жігерін сарп еткен қайраткерлерімізді ардақтап, насихаттауға ұйытқы болып отыр.
Әсел ӘНУАРБЕК