ЖҮРЕКТЕ ЖЫРЫ ЖАТТАЛҒАН

ЖҮРЕКТЕ ЖЫРЫ ЖАТТАЛҒАН

ЖҮРЕКТЕ ЖЫРЫ ЖАТТАЛҒАН
ашық дереккөзі

ақын Нұрлан Мәукенұлының атына Зайсанда көше берілді

Ол құйрықты жұлдыздай ағып өтті. Тым ерте кетті. Айтары да көп еді, жазатыны да тым көп еді. Жазып үлгергені де бар, үлгермегені қаншама…

Ол үнемі өзіне Абай мен Махамбетті пір тұтты. Жанына жақын тұтқан ақындардың өлеңдерін жатқа оқыған ақын өзінің өлеңдері бір күні елдің есінде қалады деп сол сәтте ойлады ма екен?!

Оны ақын еткен қазақтың кең сахара даласы, туған өлке, жазира байтақ мекені… Ол Зайсанда туды, асқар Алатаудың етегінде көз жұмды. Оның жырлары оқырманның жүрегінде мәңгіге қалды.

Қазақ әдебиетіне сонау Күлтегіннен бастау алатын, бергісі жеті ғасырлық жыраулар мұрасынан, халқымыздың төл фольклорынан нәр алған Нұрлан Мәукенұлы алғашқы қадамынан-ақ жыраулық сарын үлгісіндегі өлеңдерімен 80-ші жылдардың басында тасты жарып шыққан гүлдей болып, оқырмандардың көзіне бірден көрінген тың туындыларымен ерекше көзге түсті.

Ақын өзінің туған елін, тал бесігін, туып өскен өлкесін ерекше сүйді, құрмет тұтты. Оның құрмет тұтқанын қаламынан туған әрбір өлеңдері дәлелдеп тұрғандай. Міне, өзіңіз қараңызшы:

Ісірібі – қара тас,

Ісмер салған үй еді.

Сілкініске жарамас,

Сынып түсті сүйегі.

Қабырғасы саманнан,

Қазандығы – меш қалып,

Суық өтті табаннан

Қара күзге кеш қалып, – дейді.

Нұрлан ақынды қатарластары кешегі Қазтуғанның, Ақтамбердінің, берісі Махамбеттің сарқыты деп санайды. Өйткені ақын жырлары біздің төл әдебиетімізге қосылған алмас жырлар болатын. Нұрлан ақынды білетіндер оның досқа адал, талантқа бай екенін еш жасырмайды. Сондықтан болар, ақынның досы да көп болатын. Сыршыл өлеңдерімен ақын достарын жұбатып, асқақ өлеңдерімен рух нұрын себетін. Мінезі жібектей есілген ақынның жырларымен қанаттанып өскен достары да Нұрландай ақын ұлды естерінен бір сәтте шығарған емес.

Осы орайда, ақынның есімін есте қалдыру үшін Зайсанда көше атауы беріліп, салтанатты жиын өтті. Зайсан ауданының орталығында өткен бұл шараға ақынның көзін көрген қаламдас достары, туыс-бауырлары көп жиналды. Олардың арасында: «Егемен Қазақстан» газетінің вице-президенті Еркін Қыдыр, «Қазақстан» газетінің бас редакторы Серғазы Мұхтарбек, тәуелсіз журналист Ермұрат Бапи, «Түркістан» газетінің бас редакторының бірінші орынбасары Жаңабек Шағатай, «Еуразия» ұлттық университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының докторы Айтмұханбет Есдәулетов, «Семей таңы» газетінің бас редакторы Риза Молдашева мен ҚазҰУ-дің экономика факультетінің оқытушысы Ажар Бейсенбекова, Бәтира Ертісбаева да бар. Сонымен бірге, ақынның анасы Дәмеш, жары Гүлмира, енесі Бикамал және туыс-туғандары да салтанатты шараға ат арытып жетіпті.

Жиын барысында сөз алған Зайсан ауданының әкімі Серік Зайнуллин: «Қазақ қашанда ел ағасына, қазыналы қартына, ақылы асқан жасына жол беріп, айтқанынан шықпай келе жатқан халық. Арғы-бергі тарихқа ой жүгіртсек, сөз ұстаған парасат иесін, елін жақсылыққа бастаған тұғырлы тұлғаны, елінің-жерінің мәртебесін асқақтатып жүрген, ұлттық үрдістің жалғасы, болашақ жас ұрпаққа жеткізу – біздің басты бағытымыз болу керек», – деген пікір айтқан еді. Әрі мұндай игілікті істердің басы-қасында үнемі облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың ұйытқы болып жүретінін де тілге тиек етті аудан әкімі.

Жиында Астана мен Алматыдан келген достары Нұрлан туралы, ақынның өлеңдері жайлы тебірене сөз қозғады. Әдемі естеліктер өрілді, жылы лебіздер айтылды. Салтанатты шарада Зайсан ауданының құрметті азаматы Б.Жапаров, ардагер-ұстаз М.Бексатов, аудандық мәслихаттың хатшысы Д.Ыдырышев мырзалар да тебірене сөз сөйлеп, ақын жайлы жүрекжарды сөздерін жеткізді.

Дәл сол күні мектеп оқушылары ақынның өлеңдерін шабыттана оқыса, аудандық мәдениет үйінің әртістері ән мен жырдан шашу шашты. Дәл сол күні марқұмның туыстары ас беріп, құран-хатым түсірді. Ас соңында жиынға жиылған көпшілік қауымға ақынның жуырда ғана жарық көрген «Бойтұмар» атты өлеңдер жинағы тарту етілді.

Ақын:

«Қанатымның астында Алтай жатыр,

Қара түнім, қасымда қалқай да тұр.

Шатынаған аяздан шабыт алып,

Шырқау көкте, жарты Айым, шалқай да тұр» деп тегін жырламаса керек.

Міне, бүгін Алтай жұрты ақын ұлын қастерлеп, туған жерінде көше атын беріп жатса, олардың Нұрландай ақын ұлдарына деген қошеметі деп сезіндік. Ақын ұлын оқырман жұрты ешуақытта естен шығармақ емес. Ол әрдайым қазақ әдебиеті көгінде мәңгі жарқырап қала берері сөзсіз…

Едіге БЕКТАС

Шығыс Қазақстан облысы