Жаңалықтар

ТЕМЕКІНІ ТАСТАҢЫЗ...

ашық дереккөзі

ТЕМЕКІНІ ТАСТАҢЫЗ...

Осыдан екі жыл бұрын қабылданған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы еліміздегі әрбір азаматтың жаны мен тәнінің сау болуын қамтамасыз етеді. Бұл саусағына шылым қыстырған отандастарға сабақ болса, игі. Үкімет бекіткен жаңа заңда да осы мәселеге баса назар аударылған.

Кез келген мемлекет азаматтарының дені, тәні, жаны сау болуына мүдделі. Өйткені елдің көркеюі, келешегінің жарқын болуы халықтың, әсіресе өскелең ұрпақтың денсаулығына тікелей байланысты. 2010 жылдың 23 қарашасында ҚР Президенті Н.Назарбаев қабылдаған «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында да осы мәселелер баса айтылған. Бағдарламаның мақсаты – еліміздің орнықты әлеуметтік-демографиялық дамуын қамтамасыз ету үшін Қазақстан азаматтарының денсаулығын жақсарту. Құжаттың өзекті міндеттері: Азаматтардың денсаулығын сақтау және санитарлық-эпидемиялық саламаттылықты қамтамасыз ету мәселелері бойынша сектораралық және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту; Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін дамыту және жетілдіру; медициналық және фармацевтикалық білімді жетілдіру, медицина ғылымын және фармацевтикалық қызметті дамыту; Денсаулық сақтау саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында Қазақстан мынадай негізгі жетістіктерге қол жеткізуге тиіс: халықтың күтіліп отырған өмір сүру ұзақтығының 2013 жылға қарай 69,5-ке дейін, 2015 жылға қарай 70 жасқа дейін ұлғаюы; ана өлім-жітімінің 100 мың тірі туылғандарға шаққанда 2013 жылға қарай 28,1-ге дейін, 2015 жылға қарай 24,5-ке дейін төмендеуі; нәресте өлім-жітімінің 1000 тірі туылғандарға шаққанда 2013 жылға қарай 14,1-ге дейін, 2015 жылға қарай 12,3-ке дейін төмендеуі; жалпы өлім-жітімнің 1000 адамға шаққанда 2013 жылға қарай 8,14-ке дейін, 2015 жылға қарай 7,62-ге дейін төмендеуі; туберкулезбен сырқаттанушылықтың 100 мың адамға шаққанда 2013 жылға қарай 98, 1-ге дейін, 2015 жылға қарай 94,7-ге дейін төмендеуі; 15-49 жас аралығындағы жас тобында АИТВ инфекциясының таралушылығын 0,2-0,6 пайыз шегінде ұстау т.б.

Денсаулық мәселесіне келгенде азаматтардың шылым мен шарап, арақты шектеуі де өте өзекті. Осы себепті жуырда ҚР Үкіметі жанынан құрылған Денсаулық сақтау жөніндегі ұлттық үйлестіру кеңесінің отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері 2013 жылдың сәуірінен бастап саудаға шығарылатын темекі қораптарына қорқынышты суреттер қоса салынатынын жеткізді. Шенеуніктер қауымы осындай суреттердің арқасында 1 млн. отандас шылыммен қош айтысады деп үміттеніп отыр. Қазіргі таңда еліміздегі темекi өнiмдерiн өндiрушiлер мен сырттан тасымалдаушылар ҚР “Темекi тартуды шектеу мен алдын алу туралы” Заңға сәйкес, жыл сайын iшкi нарыққа ұсынатын өнiмдердiң құрамы туралы Үкiметке есеп беруге мiндеттi. Сондай-ақ, 2008 жылдың 1-қаңтарынан бастап, қорап сыртындағы “Шылым шегу сiздiң денсаулығыңызға өте зиянды”, “балаларды темекi түтiнiнен қорғаңыздар”, “темекi шекпейтiндердiң өмiрi ұзақ” деген жазудағы әрiптер көлемi 30 пайызға үлкейтiлдi. Бұл – Қазақстан Халықаралық темекiге қарсы күрес жөнiндегi конвенцияға қол қойғаннан кейiнгi жаңалық. Оған дейiн адамдарға шылымның залалын ескертетiн жазу тiптi байқалмайтын. ҚР Денсаулық сақтау министрлiгiндегiлер келешекте 30 пайызбен шектелiп қалмай, 50 пайызға дейiн жеткiзудi көздеп отыр.

Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәлiметтерiне сүйенсек, әлемдегі 2 миллиард жас темекiнiң түтiнiмен уланған. Ал Қазақстандағы халықтың 27 пайызы, яғни 4 миллион адам шылымға әуес. Сол 4 миллионның 600-ден астамы қыз-келiншек болса, 120 мыңы — 13-15 жас аралығындағы жасөспiрiмдер. Отандастарымыздың басым бөлiгi 20-ға толмай жатып, темекіден “дәм” тататын көрінеді. Ең өкініштісі, елiмiзде жылына — 25 мың, күн сайын 70 пенде темекiнiң кесiрiнен туындаған түрлі дерттен ажал құшады екен. Мұндайда шылым қораптарының сыртындағы қорқынышты суреттер қаншалықты пайдалы деген күмән келеді көңілге. Өйткені бүгінде адамдардың, әсiресе өскелең ұрпақтың шылым шегуге әуестенуi басым. Қоғамдық орындарды, тіпті ауладағы балалар ойнайтын алаңқайларды көк түтінге орайтындар көп. Өкініштісі сол, темекі тартатындар арасында жап-жас қыздар саны басым. Оған жолаушыларды толтыра тиеп алып, бір-бірімен жаныға жарысатын қоғамдық көлік жүргізушілерін қосыңыз. Олардың көпшілігі көліктегі ондаған адам арасында аяғы ауыр әйелдер мен балалардың барлығына қарамастан шылым тартады. Ескерту айтсаң кейбірі тіпті дөрекілік танытып, шу шығарудан тайынбайды. Осы заңсыздықтарды қадағалап, тиісті жазасын беретін кім? Қай мекеме? Шынымен белсенді түрде күрессе, темекі тартатындардың санын азайтуға ықпал етері сөзсіз.

Бүгінде қоғамға жарнаманың тигiзер ықпалы көп. ДДСҰ өкiлдерi әлемдегi барлық мемлекеттiң үкiметтерiн темекiнi жарнамалауға заң жүзiнде қатаң тыйым салуға шақырды. Халықаралық ұйым өкiлдерi жүргiзген зерттеу жұмыстары балалар темекi тартуды неғұрлым ерте бастаса, никотиннен бас тарту соғұрлым қиынға түсетiнiн дәлелдедi. ДДСҰ ұйымдастырған бағдарламалардың бiрi — Tobacco Free Initiative жетекшiсi Дуг­лас Беттчер Жер шарын мекендейтiн тұрғындардың небары 5 пайызы ғана темекiнi әспеттейтiн жарнамалық дүниелерден аулақ екендiгiн айтады. Ал қалған 95 пайызы темекiнi насихаттаған жарнамадан күнi-түнi көз ашпайды. Егер тиiстi шаралар қолға алынбаса, ғасыр соңына дейiн 1 миллиард адамның ажалы темекiден болмақ. Негізі Қазақстанда соңғы жылдары темекі мен арақ-шарап өнімдерін ашық түрде жарнамалау жоқтың қасы. Бірақ түрлі фильмдер мен көркем дүниелерде темекі тартатындар жиі көрсетілетіні жасырын емес. Тіпті басты рөлде ойнайтын жағымды кейіпкердің өзі (жынысына қарамастан) міндетті түрде езуіне шылым қыстырады.

Темекi — адамдардың өлiмiне себеп бола тұра, заң жүзiнде тұтынуға рұқсат етiлген әлемдегi жалғыз өнiм. Медицина ғылымы дәлелдеген деректерге жүгінсек, темекі тартатындардың үштен бiрi, кейде тiптi, тең жартысы ажалынан 15 жыл бұрын өледi екен. Олардың 95 пайызынан астамы өкпенiң қатерлi iсiгiне ұшырайды. Бүгiнде Қазақстандағы емханалар мен ауруханалардың барлығында дерлiк темекiнiң зияны мен келешек ұрпаққа төндiретiн қаупi туралы айтылған ескертулер iлiнген. Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары бүкiл әлем бойынша, 1,8 миллиард жастың (10-24 жас аралығы) темекi тартатынын айтады. Өкiнiшке қарай, бұл көрсеткiш уақыт өткен сайын арта түспесе, кемiмесi анық. Өйткенi нәпақасын темекi өндiрiсiнен айыратындар тұтынушылық нарық аясын кеңейтуге, яғни кәрi-жастың жаппай темекi тартуына мүдделi. 2008 жылдың 22 қыркүйегiнде Еуропалық Комиссия темекiге қарсы күрестiң тағы бiр жобасын талқыға салды. Аталған құжатта ЕО құрамындағы елдерде темекi өнiмдерiне салынатын мемлекеттiк салықтар көлемiн шылымның бөлшек саудадағы бағасының 67 пайызына дейiн өсiру керектiгi айтылған. Басты мақсат: адамдардың денсаулығына төнетiн қатердiң алдын алу және кәрi құрлықтағы барлық елде темекiнiң бағасын бiркелкiлендiру. Қазiргi таңда Франция, Германия, Бельгия секiлдi басқа да мемлекеттерде бiр қорап шылым едәуiр қымбат тұрса, Люксембург пен ЕО-ға кейiннен қосылған көптеген елдерде темекi арзан. Немiстер мен француздар жерiнде контрабандалық жолмен әкелiнген темекi өнiмдерiнiң көбейiп кетуi осы себептi. Еуроодақ 2025 жылға дейiн темекi өнiмдерiн ашық саудадан мүлде алып тастауды мақсат етуде. Ал Ресейде мектептер мен колледждерде темекi тартқан мұғалiмдерге үлкен көлемде айыппұл салынады. РФ Тұтынушылық бақылау ұйымының жетекшiсi Геннадий Онищенко жуырда Ресейдегi әлемдiк алпауыт кәсiпорындарды “ресейлiктерге қарсы “никотиндiк геноцид” ұйымдастырды” деп айыптап, сотқа шағымданатынын мәлiмдедi. Батыстың көптеген елдерiнде қоғамдық орындарда шылым тартуға заң жүзiнде тыйым салынған. Францияда мұндай заңның күшiне енгенiне сегiз ай болыпты. Осы уақыт аралығында кафе, бар, мейрамханалардың қожайындары табатын пайда 10-15 пайызға қысқарса, жүрек пен қан тамырлары ауруынан көз жұматындар саны 15 пайызға азайыпты. Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының өкiлдерi темекi өнiмдерiн жарнамалайтын насихаттық шаралар толық әрi тұтас тоқтатылса, шылым шегетiндердiң саны 16 пайызға төмендейтiнiн көлденең тартады. Сондықтан көшелерде, бұқаралық ақпарат құралдарынан (газет, журнал, теледидар, радио, интернет сайттары, плакаттар мен билбордтар, қоғамдық көлiктердiң сырты т.б.) никотиндiк өнiмдердi аластау өте маңызды.

Еуропаның шылыммен күреске қатысты көтерген бастамасын қыркүйектiң ортасында “Темекi түтiнiнен азат Қазақстан үшiн!” ұлттық коалициясының өкiлдерi де қолдады. Салауатты өмiр салтын қалыптастыру мәселелерi жөнiндегi ұлттық орталықтың елiмiздегi iшiмдiк пен темекi өнiмдерiнiң заңды түрде сауда айналымына енгiзiлуiн жақсарту мақсатында жүргiзген сараптамалық зерттеу нәтижесiнде бiраз кемшiлiктiң бетi ашылыпты. 2009 жылы Коалиция президентi Айқан Ақанов: “ЕО кеңесiне сәйкес, темекi өнiмiне салынатын жалпы салықтық салмақ 70 пайыздан (Қазақстанда — 26%), ал акциздiң үлесi 57 пайыздан (ҚР-да — 11%) кем болмауы тиiс. Сонымен қатар 2006 жылдың 1 шiлдесiнен бастап 1 мың дана шылымға салынатын салық жүгi 64 еуроға (10 370 теңге) теңгерiлдi. Бұл көрсеткiш Қазақстанда 58 есе төмен. Бiзде арақ-шарап пен темекiдегi акциздiң үлесi небары 2,03% немесе 2 337,0 млрд. теңгенiң 33,3 млрд. теңгесi ғана. Бюджетке түсетiн кiрiстiң көлемi 1 пайызға кем” дей келе, салық салмағын көтеру арқылы бюджетке түсетiн кiрiстi 10 есеге дейiн көбейткен Таиландтың тәжiрибесiн көлденең тартады. Ал Салауатты өмiр салтын қалыптастыру мәселелерi жөнiндегi ұлттық орталықтың бас директоры Қазбек Төлебаев Үкiмет акциздiк мәселенi дұрыс жолға қойса, темекi өндiрушiлердiң тұтынушыларға қаржылық, психологиялық және денсаулыққа зиян тұрғысынан келтiретiн шығындарын өндiрiп алуға болатынын айтады. Сарапшылар пiкiрiнше, бiр қорап темекiнiң бағасын 10 пайызға жоғарылату дамыған елдердегi шылым шекпейтiндердiң санын 4 пайызға, дамушы елдерде 8 пайызға азайтады. Әзiрге темекiге қарсы күресте Қазақстан ұтылып жүр. Былтыр халықаралық Gallup компаниясы жүргiзген сауалнаманың “Соңғы бiр аптада шылым шектiңiз бе?” деген сұрағына бас изегендер саны Кубада — 40%, Қазақстанда — 35%, Эстония, Латвия, Әзiрбайжан, Индонезияда — 36%, Ресей мен Беларусьта — 37%, Литвада — 34%, Аргентина мен Қытайда — 33%,Украина мен Вьетнамда — 32%, Кипр, Мавритания мен Словакияда — 31%, АҚШ-та 24% болыпты. Ең төменгi көрсеткiш Нигерияның үлесiнде — 6%. Айтпақшы, тәулiгiне 10-12 шылым тартатындар жылдық уақыт өлшемiмен алғанда, темекiге 24 күнiн жұмсайды. «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының басты міндеті сол, әрбір саналы азаматқа саламатты өмір салтын қалыптастыру, спортпен шұғылдану, жан мен тән саулығын қатар қамтамасыз ету. Бұл саусағына шылым қыстырған отандастарға сабақ болса игі.