ДӘН МЕН ӘННІҢ ДӘСТҮРЛІ САЛТАНАТЫ

ДӘН МЕН ӘННІҢ ДӘСТҮРЛІ САЛТАНАТЫ

ДӘН  МЕН  ӘННІҢ ДӘСТҮРЛІ САЛТАНАТЫ
ашық дереккөзі

Сыр елінде дәстүрлі «Алтын дән» мерекесі өтті. Осынау мәуелі маусымның ырзықты мерекесіне өңір диқандары биыл да толайым табыспен келді. Басты дақыл-күріштен мол өнім жиналып, басқа да дақылдардан діттеген меже алынып, еңбекші қауымның ала жаздайғы маңдай тері ақталды. Озаттар ел алдында марапатқа ие болса, аудандар ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін ұйымдастырып, сабантойдың сыбағалы сәті тамаша тартумен өрнектелді.

Нартай Бекежанов атындағы драма театр­да егін жинау науқанының қоры­тын­дысы айтылып, өндіріс озаттарына марапат жасалды. Облыс әкімі Болатбек Қуандықов дала диқандарының сүбелі еңбегін жоғары бағалап, жаңа мүмкіндіктерді електен өткізді.

Аймақ басшысы атап өткендей, биылғы күз берекелі болды. Көздеген меже толық орындалып, еңбекшілер жақсы табысқа жетіп отыр. Облыстың агроөнеркәсіп кешені соңғы жылдарда қарқынды даму үстінде. Елба­сының қамқорлығымен ауыл шаруашылығына жасалып отырған бетбұрыс оң өзгерістердің өзегіне айналды.

Егіншілік мәдениеті түгелдей суармалы жүйеге негізделген өңірде биылғы жыл басында түрлі жорамалдар айтылған бола деген екіұдай пікірлер қозғалды. Әйтсе де дария диқанның қолын қысқартқан жоқ. Мемлекет Басшы­сының тікелей бастамасымен салынған “Көксарай” су қоймасы өз тиімділігін көрсетіп берді. Нәтижесінде еңбекші қауым су жайына алаңдамай, діттеген дәнін жерге сеуіп, ырзықты несібесін жинап алды.

Уақыт сарыны безбендеп бергендей, қазір егіннің көлемі емес, өнімділік қабілеті маңызды. Бұл бағытта күрішті Сырдың ұстанымы ұтымдылығын дәлелдей бастады. Оны соңғы бес жылдағы көрсеткіштер айғақтайды. Айталық, 2007 жылы Қызылорда облысында күріштің әр гектарынан орташа есеппен 41 центнерден өнім жиналса, қамбаға 245 мың тонна астық құйылған. Ал биыл бұл көрсеткіш әр гектардан 47,7 центнерден келіп, 360 мың тонна астық диқандар қамбасына түскен. Мұның қабатында мал азығы дақылдары көлемінің ұлғаюы төрт түліктің басын көбейтуге мол мүмкіндік беріп отыр.

Болатбек Баянұлы және бір елекке салып өткендей, соңғы бес жылда күріш өнімділігі 16 пайызға артқан. Сондай-ақ, 600 мың тоннадан астам мал азығы жиналса, ауыл еңбеккерлерінің тағы бір қолжетімділігі машина-трак­тор паркін жаңалаудағы оң өзгеріс деуге болады. Яғни, шаруалар бүгінге дейін қолда бар техни­касының 30 пайыздан астамын жаңалап алды.

Қызылорда өңірінде түлей түскен шаруаның бірі жылыжай құрылысы. Жергілікті шаруалар қысы-жазы көкөніс өсірудің арқасында кәсіптен нәсіп тауып, нарықтық бәсекеде табандарын нықтай бастады. Сондай-ақ, халыққа тұрақты бағада негізгі азық-түлік өнімдерін жеткізудің тиімді тетігі қалыптасты. Мұнымен шұғылданып отырған тұрақтандыру қоры ауқымды іс-шаралар атқарып келеді. Облыс орталығында жалпы сыйымдылығы 3200 тоннаны құрайтын Қызылорда әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына қа­расты қойма пайдалануға беріліп, онда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері сақталуда. Арзан өнімді тұтынушыларға тікелей жеткізу үшін Қызылорда қаласынан дүкендер желісін салу ойластырылған. Бүгінгі күнге дейін осындай 3 сауда нүктесі елдің игілігіне айналса, жыл соңына дейін олардың қатарына 9 сауда нүктесін қосу жоспарланып отыр.

Облыста құс фабрикасын салу бағыты да оңды шешім таба бастады. Осы мақсатта Жаңақорған ауданында жер көлемі белгіленіп, жаңа кәсіпорыннан халыққа қажетті құс еті мен жұмыртқа өндіріледі.

Еңбек қолы әлбетте, ауылда. Ал ауылдың абаттануы сондағы халықтың жұмыс көзі мен табыс таразысына байланысты. Соңғы жылдары Сыр елінде жаңа заманның заңғар жетістіктерін өн бойынан көрсете алатын бірнеше ауыл бірінен-бірі асып түсіп отыр. Бұл осы кезге дейін өңір тарихында болмаған өзгерістер. Міне осы өзгерістерді өрістету үшін жаңа бастамалар өмірге келуде. Бұл ретте облыс әкімі мәлім еткендей, алдағы уақытта дарияның Қараөзек бөлігіндегі су бөліктерінің жұмысын қалпына келтіру арқылы оның өзегіндегі үш ауданда мал шаруашылығын дамытуға жол ашу көзделіп отыр. Сондай-ақ, дариядан су алатын Келінтөбе, Шиелі каналдарында су тоспасын салу ықпалымен еңбек­ші қауым­ның қолын ұзартып, шаруасын дөңгелету де басты назарда. Ал мұның ықпалымен Сырдың бір байлығы-балық шаруа­шылы­ғының өрісін кеңейту жемісті болмағы белгілі.

Бүгінгі жетістіктер мен алдағы межелердің ой елегіне салынып, еңбекші қауымның ерен еңбегіне деген ықылас сезімі жеткізілген «Алтын дән» мерекесі екінші күнінде ауылы шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне ұласты.

Қала тұрғындары үшін бұл мерекесінің ең бір сыбағалы сәті осы жәрмеңке. Жылдағы үрдіспен таң ертеден басталып, түс қайтқанша толастамайтын сауда осы жолы да өзіндік сәнімен өрнектелді. Ырзықты күзге ырысты жеміс­пен келген Қармақшы ауданы биыл көш басына шығып отыр.

Басты дақыл – күріштен жиналған өнім мол. Мәселен, 2500 гектар Сыр салысын еккен «Тұрмағамбет» ЖШС гектарына 58,1 центнерден өнім жинаған. Құрамында 320-ға тарта адам еңбек ететін серіктестік 5 тонна сапалы күрішпен қатар картоп, асқабақ секілді бірнеше өнім түрлерін осы жәрмең­кеге салды. Жалпы қармақшылықтар құны 11 млн. теңгеден асатын өнімді тұтыну­шыларға ұсынды.

Жері майса Жалағаш ауданының елжан­ды азаматтары да жәрмеңкеге тас түйін дайын келген. Ең бастысы, мұнда жергілікті өнімнің түр-түрі бар. Бұл деге­ніңіз, күзгі тойға түйіншегін қамдап отыра­тын қалалықтар үшін қолайлы сәт. Баға да былайғы нарықтан төмен. Жалағаштықтар күнделікті азық-түлік өнімдерімен қатар, шөп-жем, қыстық отын қорын да мол жеткізіпті. Мұның қабатында ауданнан келген уақ малға да сұраныс аз болмады.

Сырдария ауданы жалпы құны 10 млн. теңгенің үстінде болатын тауар әкелген. Сау­да сөрелерінде талғамнан шығатын небір өнім бар. Бір байқағанымыз, Жетікөл­дегі мал бордақылайтын «Әлиакбар ата» серіктестігі жарты тоннадан асатын семіз малдың сүбелі етін жеткізген. Келісі – 1050 теңге. Сауда пышақ үсті қызып жатыр.

Осындай жәрмеңке көрігі Арал, Қазалы аудандарының да тоқшылық тойындағы тартуы болды. Аралдың алуан түрлі балығы мен құнарлы шұбаты, сапалы еті ағылған жұрттың сұранысын өтесе, қазалылықтар «РЗА» өндірген сүт өнімдері­нен бастап, шеберлер жасаған небір заттарға дейін осы мереке мәзіріне ұсынды.

Оңтүстік екі аудан да күзгі тойға аянып қалған жоқ. Ірілі-ұсақ шаруа­шылықтар түгелдей атсалысып, ауыл-ауылдан келген еңбек адамдары мәуелі мезгілдің несібесін бөлісті. Айталық, Жаңақорған ауданы 16 млн. теңге болатын өнім түрлерін әкелсе, шиеліліктер де дәстүрлі шараның шырайын келтірді.

Осылайша, дән мен әннің дәстүрлі салтанаты халықтың рухын көтеріп, қырман тасытқан қауымның жігеріне-жігер қосты.

Қуат ШАРАБИДИНОВ

Қызылорда облысы