МЫҢ ЖЫЛДЫҚ ТАРИХТАН
МЫҢ ЖЫЛДЫҚ ТАРИХТАН
сыр тартқан Мырзатай Жолдасбековтің 7 томдығының тұсаукесері өтті
Өткен аптада Алматыдағы ұлттық кітапханада көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы Мырзатай Жолдасбековтің «Күлтегін» баспасынан жарық көрген 7 томдық шығармалар жинағының тұсаукесер рәсімі болды. Бұл рәсімге Астанадан да бір топ ғалымдар мен жазушылар арнайы келіп, кітаптар туралы өз пікірлерін ортаға салды.
Тұсаукесердің кіріспе сөзін Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин ашып, автордың тек мемлекет және қоғам қайраткері ғана емес, түркі тарихын, әдебиетін зерттеуші ғалым екенін де тілге тиек етті.
Жиналған көпшілікке Мырзатай Жолдасбеков өзі туралы, өзінің өмір жолы жайында аздаған сыр шертіп, мәнді мағлұматтар берді. Сөз арасында ол өмірге келген жылын туу туралы куәлікте 1937 жыл деп қате жазылып кеткенін, негізінде 1936 жылы туылғанын айта келіп, жеті томдық кітабына ең таңдаулы шығармалары кіргенін ескертті. Пікір айтушылардың алды болып мінберге жазушы Қоғабай Сәрсекеев көтерілді. Ол автордың ғылым жолына түсетінін және одан болашақта үлкен ғалым шығатынын студент күнінен білген екен. Түркітануға қосқан үлесін зор бағалады.
Мырзатайдың түркітану зерттеулері кеңес өкіметі кезінде басталған. Өкіметтің түркілер тарихына, әдебиетіне саяси тұрғыдан көзқарастары анау айтты оң емес еді. Қызыл империяның идеологиясы оған бейіл болмайтын. Ғалымдар сол уақытта біздің әдеби тарихымыз ХVІ ғасырдан бастау алады деген тұжырымға тоқтам жасаған еді. Ал Мырзакең мұны Орхон-Енесей жазбаларына дейін алып барды.
Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков:
– Тоныкөк бабамыздың бір көзінен жас, бір көзінен қан ағып тұрып, тасқа қашап жазған бүгінгі және бізден кейінгі мың жылдық ұрпаққа жазған асыл сөздерін аударып, кітапқа бастырып шығарған кезім 1967 жыл екен. Бізді кеше оқытқан кезде тарихы жоқ, надан жабайы халық етіп көрсетті. Біз эпостардан «Қамбар батырды» ғана оқыдық. Ал «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Қобланды батырды» оқытпады. Өйткені олар байдың ұл қыздары деді. Тоныкөк: «Ей, текті Тәңірден жаралған түрік Білге Қаған, Құл шақта, отырдың таққа, сөзімді түгел естіңдер. Көкте Тәңірі, төменде қара Жер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы жаралған. Адам баласының үстінен менің ата-тегім Ұлы Қаған Естеме Қаған отырған. Олар дүниенің төрт бұрышын алған. Дүниенің төрт бұрышы оларға қараған. Азды көп қылған, кедейді бай қылған тату елге жақсылық қылған. Олар осындай білікті қағандар еді!», дейді. Ар-намысты жанитын неткен асыл сөздер десеңізші. «…Ей, түріктің бектері, халқы! Сендер таққа кіріптарсыңдар, сендер жағымпазсыңдар. Бұл әке мен баланың ынтасыздығынан, аға мен баланың қорғасқандығынан, бекті халқының жауласқандығынан сен хандығыңнан, сен қағандығыңнан айрылдың. Сонда сен не істедің? Біресе бері шаптың, біресе кері шаптың. Барған жерден не пайда таптың?..». Не деген сұмдық сөздер?! Осыларды бүгінгі ұрпақ оқыса деймін. Тарихымыздан сабақ алса, бірлігіміздің ұйтқысы болса деймін, – деп тебіренді.
Жинақтың әр кітабындағы ерекшеліктерге нақты талдауды Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Уәлихан Қалижан жасады.
Бірінші кітап «Асыл арналар» деп аталған. Онда «Орхон ескерткіштері», «Орхон ескерткіштері туған дәуір, ондағы тарихи шындық», «Орхон ескерткіштерінің жанрлық сипаты», «Қорқыт», «Қорқыт жайындағы аңыздар және Қорқыт жырлары», «Бұқаш жыры», «Солор Қазан ордасының шабуылы туралы жыр», «Бамсы-Бейрек жыры», «Оғызнама» деген тақырыптарға бөлініп, мәні мен мазмұны ашып жазылған.
«Тәуелсіздік тағылымы» атты екінші кітабында «Тіл», «Түркі әлемі», «Ақ Ордалы ел болдық» мақалалары мен «Бақыт бағалағанның басында ғана тұрады» деген тарауы бар. Бұл тарауда автор «Қазақтар қаңбақ емес көше берген», «Елінің Нұры-Сұлтаны», «Астана – бас қала», «Рух эволюциясы» сынды мақалалары бар. Сондай-ақ «Келелі кеңес құрғанда» тарауында «Ахметті ардақтап, Міржақыпты үлгі етсек», «Желтоқсан оқиға емес – құдырет» атты сараптамалары ендірілген.
Үшінші томы «Кісілік кітабы» деп аталған. Мұнда автор имандылық пен адами қадыр-қасиеттерді ерекше сөз еткен. «Намысың келе ме, келмей ме?», «Қазақтар – көк түріктердің тікелей ұрпағы», «Кісілік немесе қазақ қайтсе қалады», «Қазақ болып…», «Қазақ өз жақсысын өзгеден емес, өзінен қызғанатын халық», «Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің». Осы тақырыптармен жазылған бұл көсемсөздерде автор өз ұлтының жаман әдеттерін сөз қылып қана отырған жоқ, солардан құтылудың, өз міндерін түзеу арқылы ұлт болып қалу жолдарына ой жүгірткен.
«Асылдарым» деп аталған төртінші томы алдыңғыларымен сабақтас болса да өзгешелеу, көтерген жүгі салмақты. Мақалалардың айтары мен мақамы бөлек. «Дүлділ еді, бұлбұл еді Кенекең», «Мұстафа Шоқай», «Бауыржан», «Таластан шыққан тарланбоз», «Нұрғиса», «Шыңғыс», «Қазақ жырының Хантәңірісі», «Қалың қазақтың Өзбекәлісі». Бұлар портреттік нұсқадағы сараптама-талдау, зерттеу мақалалар жиынтығы. Тағылымы мол толғамдар екені анық.
Ал көлемі екі кітаптай болатын бесіншісін «Күндерімнің куәсі» деп атапты. Кітап өмірбаяндық, ғұмырнамалық сипатта жазылған. Өз сырын өзіне айтқандай болып көрінетін жазбаларының оқырмандарына берер тағылымы өте зор.
Алтыншы том «Шіркін, дәурен» деп аталған. Мұнда Мырзекең өз әндерін, сценарийлерін, библиографиялық көрсеткіштерін енгізген екен. Бұлар жәй ғана еңбектер емес, сезімге әсер ететін зерделі дүниелер, – дей келіп Қалижанов Уәлихан:
– 1968-2010 жылдардың арасында Мырзекеңнің 254 ірі-ірі мақаласы, эссе, зерттеу, сұхбаты жарияланыпты. Сан ал-уан, сан тақырыпты қамтитын мақалалары Мырзатай Жолдасбековтің ауқымды, қарымды, парасатты қаламгер екенін танытады, – деп ойын түйіндеді.
Автор «Мың жылдық жолаушы» атты жетінші кітабында өзі туралы әріптес қаламгерлері жазған мақалаларды, арнау өлеңдерді, құттықтауларды енгізген.
Тұсау кесер рәсімі барысында жазушылар Қоғабай Сәрсекеев, Смағұл Елубаев сөз сөйлеп, ақындар Рафаэль Ниязбеков, Бауыржан Жақып арнау өлеңдерін оқып, әншілер Гүлзира Бөкейханқызы мен тағы басқалар Мырзатай Жолдасбековтің әндері мен күйлерін орындады.
Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің бұл шығармашылық еңбектері ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» тапсырмасындағы Қазақстан тарихы жөніндегі айтқан сын-ескертпелерін іс жүзінде орындап, жастардың тарихи білімін көтеруде үлкен рөл атқарары сөзсіз
.
Көлбай Адырбекұлы