Жаңалықтар

АЛҒАШҚЫ АВТОНОМИЯ ҚҰРҒАН АЗАМАТ

ашық дереккөзі

АЛҒАШҚЫ АВТОНОМИЯ ҚҰРҒАН АЗАМАТ

Бүкіл саналы ғұмырын ұлтының азаттығы жолына бағыштаған Алаш Орда көсемдерінің бірі – Жаһанша Досмұхамедұлы. Ол 1887 жылы Орал облысы, Жым­питы болысының (Қазіргі Сырым ауданы) Бұлдырты ауылында дүниеге келген. Әкесі Досмұхамед Жайық өңіріне аты мәлім дәулетті, көзі ашық, көшелі кісі болатын. Ал анасы – Рабиға атақты Сырым батырдың елінен шыққан көргенді, ағайынға қолы ашық қайырымды жан екен. Осындай әулетте дүниеге келген Жаһанша жастайынан зерек, алғыр болып өсті.

Заманның беталысын ерте бағдарлап, келешектің кілті білімде екенін жақсы сезген әкесі Жаһаншаға ауыл молдасынан сауат ашқызумен бірге оның елден ұзап оқып, жан-жақты білім алуын жөн көрген. Арнайы мұғалім жалдап, баласының орысша тілін сындырады, болыстық орыс-қазақ мектебіне оқуға береді.

Жаһаншаның балалық шағы отар­шылдық саясаттың күйіп-өршіген тұсында өтті. Ресей патшалық үкіметі қазақ халқының ата қонысын мемлекет меншігі деп жариялап, екі ғасырға созылған күштеп тартып алу саясаты жылдарында 45 млн. десятинадай шұрайлы жерді егеленеді. Өрісі тарылып, отаршылдықтың қорлығы өткен халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтауға ел ішінен Сырым батыр, Исатай мен Махамбет сынды ерлер шығып, оларға ерген халық дүркін-дүркін көтеріліске шыққанмен, оның барлығы қан-жоса қырғынмен басылып отырды. Бірнеше мыңдаған көтерілісшілердің жүздеген қарулы солдатқа төтеп бере алмайтындығын естіп те, көріп те жүрген әке баласының не болса да әскери өнерді үйренгенін қалайды. Оқуға жөнелмекші жастың бата алу дастарханына сол заманның белгілі меценаты Ақшолақ Сарықожаұлы, Сырым батырдың ұрпағы Омар, Қуанай қазіреттермен бірге Тайсойғанның белгілі тұлғасы Досмұхамед те шақырылады. Сол уақыттан бастап әкелері аттас Халел мен Жаһанша Досмұхамед ұлдары бір-бірімен өмір бойы достасып білім мен күрес жолына бірге аттанды.

Бала Жаһанша 1899 жылы тамыз айында Орал әскери реалдық училищесіне түсіп, оны 1905 жылы алтын медальмен бітіріп шығады. Одан арғы оқуын атақты заңгер Бақытжан Қаратаевтың ақылымен Мәскеуде жалғастыруды жоспарлайды. Сөйтіп ол 1906 жылы Император атындағы Мәскеу университетінің (бүгінгі М.Ломоносов атындағы МГУ) заң факультетіне түсіп, 1910 жылы оны да алтын медальға бітіреді.

Мәскеу университеті Жаһанша Дос­мұхамедұлының құқықтық білімін өсіріп, саяси көзқарасын шыңдаумен бірге, оның азаматтық болмысының қалыптасуына зор ықпал етеді. Ол оқып жүрген жылдары Ресей Мемлекеттік Думасының мүшесі Бақытжан Қаратаев 1907 жылғы 16 мамырда Думада сөйлеген сөзінде «Мемлекеттік Дума мынаны есте ұстасын – Ресейдің өз ішіндегі… 130000 помещиктер мүддесін қорғау үшін шаруаларды киргиз- қайсақтардың жеріне көшіріп, оларды ренжітуде… Мемлекетік Думаның есінде болсын, киргиз-қайсақтар шаруалардың жер мұқтажын қанағаттандыру мақсатында жеке иеліктеріндегі жерлерді күшпен бөліп алуды қалайтын барлық оппозиция­лы реакцияларға әрдайым бүйрегі бұра қарайды. Бірақ мынаны ойласаңыздар – қазіргі таңда осынау помещиктерді құтқару үшін киргиздарды жерінен емес, үйінен, баспанасынан шығарып жіберуде», – деген жан айқайын ашық мәлімдеді. Оның Думада сөйлеген сөзі Санк-Петербургтегі «Ведомости» және қазақ тілінде басылатын «Серке» газетінде түгел басылады. Соны оқыған қазақ жастары ол кісімен кездесуге асығады. «Бұл жер мәселесін көтермес бұрын мен Дала облыстарының қазақ ауылдарында болып, жағдаймен танысып, ондағы зорлық-зомбылықты көзіммен көрдім, көтеретін мәселе өте көп», – деген депутат Қаратаев жастарды халқының жоғын-жоқтап, сойылын соғатын күрескерлік іске дайындалуға шақырды. Университет қабырғасында Жаһанша шешендік өнерге барынша ден қояды. Құдай берген қабілетіне қоса, орыс тілінде жатық сөйлеуге жаттығу арқылы ол екі тілге бірдей жүйрік шешен болып шығады. А.Ф. Кони, Н. Плевако секілді Ресейдің атақты шешендерінің өмірі мен қызметін зерттеп, шешендік өнердің қыр-сырын меңгереді. Жүйелі сөзімен, өткір тілімен елді ұйытып, көпшілікті баурап алатын. Бұл қасиетінің алдағы қоғамдық-саяси қызметінде көп пайдасы тиген.

Ресейдегі саяси жағдай, бірінші орыс революциясы және Орал қаласындағы саяси толқулар мен Оралда өткен бес облыстың қазақ оқығандары өкілдерінің бас қосулары Жаһанша Досмұхамедұлының сая­си көзқарасының тұрақты қалыптасуына, дүниетанымдық түсінігінің бағыт-бағдарын сараптауға ерекше әсер етті. Жаһаншаның бұдан кейінгі өмір жолы елдің қоғамдық-саяси өмірімен тығыз байланыста өтеді. Оқудан соң елге оралады да, Орал қаласында түрлі қызметтер атқарады.

Бағзыдан мұра болған бабалар жерінің талан-таражға түскені, жалпы отаршылдық тауқыметі ел ішіндегі ұлт оқығандарының қабырғасын қайыстырады. Осындай сын сағатта қазақтың көзі ашық, оқыған зия­лы азаматтары бас көтеріп, халыққа көшпелі тұрмыстан отырықшылыққа ауы­сып, қала салып, кәсіп, өнер үйренбесе, Ресейдің отарлау саясатына, дүние жүзіндегі тіршілік таласына төтеп бере алмайтынын ел ішіне насихаттауға қірісті. Осы мәселелерде баспасөздің атқарар қызметінің маңыздылығын түсінген Ресей Мемлекеттік Думасының мүшесі Бақытжан Қаратаев, Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш, Ғабдол-Ғазиз Мұсағалиев және басқа да азаматтар Ішкі Бөкейлікте Шәңгерей сұлтанның усадьбасында кеңес құрады. Нәтижесінде 1911 жылдың 16 наурызында тұңғыш рет «Қазақстан» деген атауды қолданып газет шығарады. Ол қазақ даласындағы ерекше құбылыс болды.

«Қазақстан» газетінің өмірге келуінен кейін араға біршама уақыт салып, 1913 жылы Орынборда «Қазақ» газеті жарық көрді. Ол туралы 1913 жылғы 16 ақпандағы санында қазақ жерінде тағы бір басылымның шыққаны жайлы, оның бас жазушысы «Қырық мысалды» жазған Ахмет Байтұрсынов, қаржылай қолдаушысы Мұстафа Оразаев деген азаматтар екендігін қазақ, орыс тілдерінде хабарлап, «біздің әлі жас оқырман қауым қуанар да басылар, бірақ біз еңбегімізді бұлдап, халыққа ренжи алмаймыз. Өйткені біздің бүйткен бұл ісіміз – ел алдында мойнымыздағы борышымызды өтеу, бұл – санаулыларға ғана бұйырар бақыт», – деп ақ жол тілейді.

Алғашқы шыққан күннен-ақ қалың елдің қолдауына ие болған «Қазақстан» газетінің айналасына қазақ оқығандарының, зиялы қауымның топтасып, газет арқылы халық арасында үгіт-насихат жүргізіп, үкіметтік дәрежедегі мәселелерге қозғау сала бастаған қадамынан отаршыл билік қатты сескенеді. Ұлттың рухын оятып, халықты рухани идеологиялық жағынан бір жерге тоғыстырар газеттің шыққанына үлкендер тәубе қылып, шүкіршілік десе, бір-бірінен сүйінші сұрап жатқандарда есеп болмады. Өзі бұрыннан үлгі тұтатын ағаларының Тәуелсіздік ұғымы басқалардың түсіне де кірмеген уақытта дербес мемлекет атауымен газет шығаруы, ел болуды көксеуі Жаһаншадай жас жігіттердің рухын көтереді, ұлттық – саяси мәселелерге көзін ашады. Отарлық құлдықтан қайткенде де құтылу, елінің оянуы, білімге ұмтылу, басқалар санасатындай ел болу ол үшін ең басты құндылықтарға айналады. Өз ұлтының бұрынғы тарихынан мемлекеттілік нышандарын іздей бастайды. Тәуке ханның «Жеті жарғысын» қазақтың тұңғыш заңдар жинағы ретінде көрсетіп, қазақтардың дәстүрлі құқық жүйесі туралы батыл пікірлі мақалалар жариялайды. «Қазақ халқында басқару жүйесі болған, ол – хандық жүйеге бағынған» деп қазақтың арғы тарихындағы бүкіл хандарды атап көрсететін көлемді ғылыми мақалалар жазады. Ол мақалалар «Несколько слов о киргизском народном праве» деген тақырыппен сол тұста Орал қаласында шығып тұрған «Уральский листок» газетінің үш бірдей санында жарияланған. Алайда бұл отаршыл өкіметке жаға қоймайды. Көп кешікпей, оны халықтан қол үздіру мақсатында Орал генерал-губернаторы Орал губерниясында тұруға тыйым салып, Том қаласына қызметке жіберді.

Жаһанша 1911-1917 жылдар аралығында әуелі адвокат, кейін Том округтік сотының Каинск уезі бойынша прокуроры болып қызмет атқарды. Осы өңірдегі және қазақ даласындағы сот істеріне қатысып, прокурор және адвокат ретінде күрделі істердің үдесінен шыға білді. Жаһаншаның сол кездегі әскери шені юстиция генералы еді. Жаһанша – қазақ жұртынан шыққан тұңғыш прокурор болды.

Том қаласында Шымкент оязы бол­ған отставкадағы генерал Константин Колосовскийдің қызы Ольгамен үйленіп, оны өзіне өмірлік жар етті. Апалы-сіңлілі Ольга және Надежда Колосовскаялармен жақын қарым-қатынаста болған В. Лениннің болашақ жұбайы Надежда Крупскаямен де таныс болғандығы белгілі.

Жаһанша 1917 жылы Оралдағы Уақытша Қазақ комитетінің арнайы шақыруымен елге келіп, саяси-қоғамдық қызметтерге белсене араласты. І Қазақ Орал облыстық съезі Жаһаншаны Мәскеуде өтетін І Бүкілресейлік мұсылман съезіне делегат етіп сайлады. Бұл тұстағы саяси тұғыры – Уақытша үкіметті қолдай отырып, Ресей құрамында қазақ елін автономиялы ел ету және осы мұрат жолында елдің ықпалды, белгілі адамдарының қолдауына сүйену болды. Ол Мұсылмандар съезінде ерекше белсенділігімен көзге түсті. Сөйтіп мұсылман істерін басқаратын «Шуро-и-Ислам» комитеті төрағасының орынбасарлығына сайла­нады.

1917 жылы жазда және желтоқсанда өткен І және ІІ жалпықазақ съездеріне Орал қазақтары атынан делегат болып қатысып, соңғы съезде Алашорда үкіметіне мүше, «Шуро-и-исламға» ІІ жалпықазақ съезі атынан өкіл болып сайланды. Өмірінің Петроград кезеңінде болашақ «Алаш» партиясының бағдарламасын түзу ісін қолға алды, Бас жер комитетіндегі, Ішкі істер министрлігіндегі, Сот министрлігінің Халық соттарына өзгеріс енгізу кеңсесіндегі, Оқу министрі жанындағы Халық комитетіндегі қазаққа қатысты істермен айналысты. Петроградтағы Қазан төңкерісін көзімен көрді. Кеңес өкіметінің алғашқы айларында В.И.Ленинге Петроград Көпшілік кітапханасында сақтаулы тұрған ислам дүниесінің асыл жәдігері – Осман халиф жиғызған Құран Кәрім нұсқасын қайтару жөніндегі «Шуро-и-ислам» комитетінің тілегін жеткізіп, бұған рұқсат алды. Қасиетті Құран-кәрім алдымен Уфаға, кейін Ташкентке жеткізілді.

1918 жылдың наурыз айында Жаһанша Досмұхамедұлы мен Халел Досмұхамедұлы Мәскеуге келіп, Ленин және Сталинмен келіссөз жүргізеді.

Ж. Дос­мұхамедов – өз көзқарастарын қоғамдық саяси іс әрекетінде нақты қолданысқа енгізе білген кәнігі саясаткер. Ол өзінің ең басты ұстанымдары ретінде екі нәрсені: қазақ халқының өзін-өзі билеу құқы, автономия және екі жақтың теке-тіресінің ортасында қал­ған қазақ халқын зорлық-зомбылық пен та­лан-тараждан аман сақтау болып та­бы­лады деп шегелеп көрсететін. Сонымен қатар Жаһаншах Досмұхамедұлы ешбір елде, еш уақытта елден ерікті түрде жиналатын көмекпен ғана елді көркейту мүмкін еместігін, ол үшін жұртты жаппай жұмылдырып, тәртіпке бағындыратын мемлекеттік машина керектігі жөнінде үнемі айтатын. Сол себептен де Орынборда өткен Жалпықазақтық съезде Жаһанша Досмұхамедов пен Халел Досмұхамедов бастаған топтың Қазақ автономиясы яғни дербес мемлекет «дереу» жариялансын деген ұстанымда болғандығы. Сондай-ақ, революциядан кейін орталықтан, орталық биліктен қол үзіп қалған, ешкімге бағынбайтын, ешкім қаржыландырмайтын түрлі әскери құрамалар мен 10 – 15 адамнан тұратын түрлі бандылық топтардың, біресе жеңіп, біресе жеңіліп шегінген әскерлердің елге салған лаңы, қарақшылық шабуылдары да елді қан-қақсатып отыр еді. Осынау аласапыран заманда Алаш арыстарының ішінде дербес мемлекет құру ісін барынша жедел қолға алып, қалған мәселелерді сол мемлекет шеңберінде тез шешуге болады деген пікір ұстанған азамат кәсіби заңгер – Жаһанша Досмұхамедұлы еді. 1918 жылы мамырда Жымпитыда өт­кен Орал облысының 4-қазақ съезінде «Ойыл уәлаяты» деп аталған мемлекеттік құрылым құрылды. Ешкімге бағынышты болмаған сол тұңғыш Қазақ Үкіметінің құрамы төмендегідей болатын:

Үкімет төрағасы – Жаһаншах Досмұхамедұлы, Премьер-министр және әскери істер министрі қызметін атқарды

Үкімет мүшелері: Халел Досмұхамедов – төрағаның орынбасары;

Дәулетше Күсепқалиев – Үкімет кеңесін басқарды;

Жанқожа Мергенов – Ішкі істер министрі;

Салық Омарұлы (Сырым батырдың ұрпағы) – жер шаруашылығы министрі;

Хазірет Сағидолла Ізтілеуов – Рухани істер министрі;

Иса Қанжасаров – Қаржы министрі қызметін атқарды.

Басқа да азаматтар түрлі лауазымды қызметтер атқарып, ұлт мүддесі үшін аянбай еңбек етті. Үкімет төрағасы мемлекеттік құрылымдарды жасақтап, түрлі министрліктер құрды, банк пен телеграф ашып, бірнеше мың тұрақты әскер ұстады, ішкі тәртіп үшін милиция жасақтады, әскери оқу орнын ашты. Сөйтіп іс жүзінде ол кісі заманауи тұңғыш қазақ мемлекеттілігінің негізін қалады.

Алаш жолындағы бүкіл қызметі алғаш рет заңды түрде осылайша рәсімделген Жаһанша сыртқы күштермен ымыраға келу, ішкі күштермен ұлттық бірлікті сақтау саясатын шебер жүргізеді. 1918 жылы қыркүйекте Уфада өткен Алашорданың шұғыл мәжілісінің шешімімен Алаш автономиясының батыс өлкелерін басқару үшін «Ойыл уәлаятының» ор­нына Алашорданың батыс бөлімшесі құры­лады. Төрағасы болып Ж.Дос­мұ­хамедов сай­ланады. Ол құрылым екі жылдай өмір сүрді. Кеңес басшылығының Алашорда мүшелеріне сенімсіздік танытатыны анық болатын. Сөйтіп Фрунзенің ұсынысы­мен Батыс Алашорда басшылары халықтан оқшауландырылып, Жаһанша бастаған бес адамнан тұратын топ Мәскеуге жөнелтілді. Алашорда бөлімшесі тараты­лып, оның жетекшілері біраз уақыт қазақ да­ла­сынан аластатылғанда, Жаһанша 1920 жылы жаз айларында Мәскеуде Бас тоқы­ма өнер­кәсібі басқармасында инс­пектор болып, қыркүйек айында аталған меке­менің жол­дамасымен Ташкентке жібе­ріліп, Түр­кістан Республикасы Халық шаруашы­лығы Орталық кеңесінің бөлім меңгерушісі болады. Ташкентте қазақ зиялылары құр­ған мәдени-ағарту «Талап» қауым­дас­тығына мүше болып, оның тапсыруымен қа­зақ тілінде ал­ғашқы қылмыстық кодекс жо­басын әзірледі. РСФСР Қылмыстық Кодексін 1924 жы­лы «РСФСР-дің жауыздық низам­намасы» деген атпен қазақ тіліне аударды. 1926 жылы өзгертулер мен толықтырулар енгізілген РСФСР Қылмыстық Кодексі оның басшылық етуімен «РСФСР-дің Қылмыстық заңы» және «РСФСР-дің Қылмыс тексеру заңы» деп аталып, қазақ тіліне аударылды. Ондағы көптеген баптар қазіргі қол­даныстағы Қазақстан Респуб­лика­сының Қылмыстық Кодексінің нор­маларына сәйкес келеді.

Кейіннен ол Қызылорда, Алматы қалала­рында әр түрлі қызметтер атқарып, 1930 жылы Мәскеуге қызметке ауысады. Сол жылы қазан айын­да тұтқындалып, 1932 жылы Воро­нежге 5 жыл мерзімге жер ау­дарылды. 1938 жылы қайта тұтқында­лып, есіл ер үштіктің шешімімен ату жазасына кесілді. Көзі тірісінде өзі жанындай жақсы көрген туған халқының еңсесі көтерілгенін көре алмай асыл азамат арманда кетті.

«Біздің мақсатымыз – ел билеуді халықтың өз қолына беру, қазақ халқы автономияға ие болып, алдағы уақытта тағдырын өз қолына алады. Қалың қазақты аяусыз қанаған патша орнынан түсті. Ендігі жерде қазақты – елдің тұрмысын, тілін, мінез-құлқын, әдет-ғұрпын білетіндер ғана басқарады. Осыған байланысты қалай болғанда да біз Ресейден автономия алуға тиістіміз»,– деп армандаған Алаштың ақиығы – Жаһанша Досмұхамедұлының туған елге қатысты арманы көп еді.

Алаш арыстарының арманы, Жаһанша атамыздың арманы – 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасы атты тәуелсіз мемлекеттің егемендік алуымен, Отанымыздың көк туының көкке көтерілуімен орындалды. Тәуелсіздік туы тұғырында мәңгілікке тұрғай!

ЖАҺАНША ДОСМҰХАМЕДОВТІҢ ӨЗ СӨЗІНЕН ЖӘНЕ ЗАМАНДАСТАРЫНЫҢ АЙТҚАН ПІКІРЛЕРІНЕН ҮЗІНДІЛЕР

Тергеуші: Сіздің Октябрь Социалистік революциясына көзқарасыңыз қандай болды?

Жаһанша: Менің жеке өзім Октябрь революциясының жауы болдым. Біз Американың Біріккен Штаттарының қоғамдық-саяси құрылысын идеал деп санадық.

Тергеуші: 37 жылы Бөкейхановпен ең соңғы кездесулеріңізде не айттыңыздар?

Жаһанша: Бөкейханов менің көңілімді көтерейін деп, әртүрлі күлдіргі әңгімелер ғана айтты.

Тергеуші: Халел Досмұхамедовке не дедіңіз?

Жаһанша: Егер ГПУ бізді тұтқындаған жағдайда, әркім ары қарай не істеу керектігін өзі шешсін дедім.

Жаһанша Досмұхамедовтің

тергеуге берген жауабынан

4 маусым, 1938 жыл

«Біздер тапқа, жікке бөлінбейміз, біртұтас халық ретінде болашақ үшін күресеміз.

Қазіргі желбіреген бостандықтың жасыл туы бәрімізді бірлікке, туысқандыққа шақырады. Қазақ шаңырағы бәріне де пана бола бермек. Сондықтан, саяси авантюристерден жолды бөгейік, қантөгіске жол бермейік. Жұрттың берекесі кетуге түптеп себеп болған нәрсе – қазақта бірліктің жоқтығы. Соған байланысты қазақты дұшпаны жекелеп бір-біріне қарсы қойып, қан қақсатқан. Бізге береке-бірлік әперетін тек әділдік. Қалың халықты тонаушыларды, момынды жылатушыларды серіктікке алмаймыз. Қазақты, басқа халықтарды аяусыз қанаған патша орнынан түсті. Қазақты елдің тұрмысын, тілін, мінез-құлқын, әдет-ғұрпын білетіндер ғана басқарады. Осыған байланысты қалай болғанда да, біз Ресейден автономия алуға тиістіміз».

Жаһанша Досмұхамедов

«Қазақ халқы демократиялық респуб­лика идеясын қолдайды, бірақ ұлттық-территориялы федерация мәселесін әзірге ашық қалдырады;

Қазақтың жеріне қазақ қана ие болуға тиіс, қарашекпенділердің көші тоқтатылып, монастырь, архиерей, шіркеу, дворян жерлері қазаққа қайтарылсын;

облыстағы рухани істер уақытша Орынбор мүфтилігіне қарасын;

қазақша кітап, газеттер шығарылып, білім мәселесін талқылау үшін мұғалімдер съезін шақыру керек».

Орал облысы қазақтарының І съезінің қарарынан

Орал, 19-22 сәуір, 1917 жыл.

«Алашорда» көсемдерінің ішінде жұртты сөзбен ерітіп әкететін айрықша екі кісі бар. Бірі – Міржақып Дулатұлы; Бірі – Жаһанша Досмұхамбетұлы. Міржақып – жазу сөздің шебері. Жаһанша – ауызша сөздің шебері. Міржақыптың сөз әдістері жатық, майда шығады. Жаһаншанікі ірі шығады.

Сәкен Сейфуллин, «Тар жол, тайғақ кешу» романынан

«Біз тағы да «өңін айналдырған» ұлы державалық үстемдік пен құлдықтың орнауына, сондай-ақ қазақтардың та­ғыда ұлы державалық ұлттың саяси қызметшісі мен қолшоқпарына айналуына барлық жан-тәнімізбен қарсымыз»,

Ж.Досмұхамедов

К.Жәленов

И.Қашқынбаев

Х.Досмұхамедов

«Өз әкеммен салыстырғанда, біз Жаһаншах атамызды артығырақ жақсы көрдік. Себебі ол кісінің өзі балаларға сондай мейірімділікпен қарап, ерекше ықылас танытатын. Ұзын бойлы, аққұба, шашы өте қайратты, даусы өте зор адам еді. Күлгенде бар жан-дүниесін ақтарып, шынайы күлетін мінезі жұмсақ адам болды. Ал біздің әкеміз оған қарама-қарсы бойы орта, мінезі тұйық кісі еді. Біз өз әкеміздің қас-қабағына қарап, еркелей алмайтынбыз, ал Жаһаншах атамыз болса бірімізді көтеріп, бірімізді арқалап, балаша қуанатын. Сондықтан ол кісі келгенде үйдің іші шуаққа толып, әкеміз де жұсарып шыға келетін. Нендей басқосу болсын, Жаһаншах атамыздың қатысуымен думанды тойға айналатын, себебі ол кісі жұртты аузына қаратып, отырған ортасын еріксіз билеп алатын».

Қарашаш Халелқызының «Воронеж жылдары туралы естелігінен».

Бүгін сағат 19:00-де Астана қаласындағы Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында Алаш Орда көсемдерінің бірі, белгілі заңгер Жаһанша Досмұхамедұлының

125 жылдық мерейтойына арналған салтанатты кеш өтеді.

Жаһанша Досмұхамедұлы 1887 жылы Орал облысы, Жым­питы болысының Бұлдырты ауылында дүниеге келген. 1899 жылы Орал әскери реалдық училищесіне түсіп, оны 1905 жылы алтын медальмен бітіргеннен кейін 1906 жылы Император атындағы Мәскеу университетінің (бүгінгі

М.Ломоносов атындағы МГУ) заң факультетіне қабылданып, 1910 жылы оны да алтын медальға бітірген Ж. Досмұхамедұлы қазақтың тұңғыш прокуроры, әділет генералы.

«Біздің мақсатымыз – ел билеуді халықтың өз қолына беру, қазақ халқы автономияға ие болып, алдағы уақытта тағдырын өз қолына алады. Қалың қазақты аяусыз қанаған патша орнынан түсті. Ендігі жерде қазақты елдің тұрмысын, тілін, мінез-құлқын, әдет-ғұрпын білетіндер ғана басқарады. Осыған байланысты қалай болғанда да біз Ресейден автономия алуға тиістіміз»,– деген Жаһанша дербес мемлекет құру ісін барынша жедел қолға алып, 1918 жылы мамырда «Ойыл уәлаяты» деп аталған тұңғыш аймақтық автономияны жариялайды. Үкімет төрағасына сайланған Жаһанша Досмұхамедұлы, онымен қоса әскери істер министрі қызметін атқарды. Үкімет мүшелері: Халел Досмұхамедов – төрағаның орынбасары; Дәулетше Күсепқалиев – Үкімет кеңесін басқарды; Жанқожа Мергенов – Ішкі істер министрі; Салық Омарұлы- жер шаруашылығы министрі болды.

«Мемлекеттік билік әзірше үстемдік құрған кезде, қазақ халқы өзін аман сақтап қалу үшін Мемлекеттік аппаратқа қол жеткізуі тиіс» деген пікірді ұстанған Ж. Досмұхамедұлы мемлекеттік құрылымдарды жасақтап, түрлі министрліктер құрды, банк пен телеграф ашып, бірнеше мың тұрақты әскер ұстады, ішкі тәртіп үшін милиция жасақтады, әскери оқу орнын ашып, іс жүзінде заманауи тұңғыш қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаған тарихи тұлға. Алашордашы ретінде 1938 жылы атылып, 1956 жылы ақталады.

Дайындаған Ж. БАҚҚОНДЫҰЛЫ